Сот жүйесін дамытуда және тиімді жұмыс жасауда реформалар тоқтаған емес. Оның ішінде соттағы татуласу институттарының орны бөлек. Себебі бүтіндей сот жүйесі дауласқан тараптардың өзара ымыраға келгенін құп көреді. Қазіргі таңда сотқа дейін татуласу рәсімдері сотқа да, тараптарға да тиімді етіп «Сотқа дейінгі хаттама» ұсыну арқылы бітімге келу қолға алынғанына бір жылдан асты.
Жалпы «сотқа дейінгі хаттама» жобасының қарастырылуы тараптарды ортақ келісімге келтіру мәселесіне заңды тұрғыда жан-жақты мән берілгенін көрсетеді. Сотқа дейінгі хаттаманың дауды бейбіт шешудің бірнеше тиімді тұстары бар. Біріншіден, хаттама толтыру тараптарға соттың құқықтық көмек көрсететінін білдіреді. Сотқа талап қою келіп түскен соң сот тараптарды заңға сәйкес татуластыру рәсіміне қатысу үшін шақырады. Сонымен бірге, тараптарға сотқа дейінгі хаттаманың үлгісін ұсынады. Осы ретте судья азаматтарға дауды бейбіт жолмен шешудің баламалы тәсілдерінің мүмкіндіктерінен хабардар етеді.
Екіншіден, тараптар сотқа дейінгі хаттамаға өздерінің уәждерін, талап-тілектерін, сонымен қатар іс бойынша дәлелдеме құжаттарын ұсынады. Азаматтық процестік кодекстің 73-бабына сәйкес дәлелдемелерді тараптар және іске қатысатын басқа да тұлғалар бірінші сатыдағы сотқа олар сотқа дейінгі хаттаманы жасай отырып, талап қоюды қабылдаған кезде ұсынады, онда тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың олар өздерінің талаптарының немесе қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасауға және істі сотта қараған жағдайда оларды пайдалануға ниет білдірген дәлелдемелерді ашу, ұсыну және алмасу бойынша әрекеттері көрсетіледі.
Үшіншіден ақылға қонымды әрі ойлануға тиімді уақыт. Осыған дейін сотқа дейінгі татуласу рәсімдері талап қою келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүргізілетін болса, сотқа дейінгі хаттама жобасы қолға алынғалы бері ол он күнге ұзарды. Себебі, бес жұмыс күні ішінде тараптарды шақыру, олармен сұқбат жүргізу, бітімгершілікке келу бойынша ойлану, өздерінің ұсынысын келтіру уақыт жағынан көптеген қиыншылықтар тудырған болатын. Ал он жұмыс күнге ұзарғалы бері осы процедураларды жасау үшін уақыт жеткілікті. Сонымен қоса егер сотқа дейнгі хаттама жасалатын болса, әңгімелесу күні 15 жұмыс күні ішінде тағайындалады.
Төртіншіден сот шығыстарын реттеуге үлкен мүмкіндік. Егер тараптар татуласудың қандай да бір түрімен дауды аяқтайтын болса, талап қою үшін төленген мемлекеттік баж сот ұйғарымымен өзіне кері қайтарылады. Сонымен қоса егер тараптар өзара келіскен болса өзге де сот шығыстарын дауламауға немесе оның мөлшерін азайтуға құқылы. Осы ретте татуласу рәсімдерін жүргізу барысында талап қоюшы өзінің талабының бір бөлігінен толықтай бас тартуға немесе талап мөлшерін азайта алатынын ескерген жөн.
Бесіншіден артық шығындардан, дауласқан тараптардың бір-біріне деген жеккөрушілік сезімінен сейілтеді. Өйткені, тараптар сот отырыстарына бірнеше мәрте қатысу үшін жол жүруге, сараптама жүргізуге, басқа да дәлелдемелер ұсынуға шығындалатыны белгілі. Бұл жерде дау сотқа дейін реттелетін болса, шығын мөлшері айтарлықтай аз болатыны сөзсіз.
Сондай-ақ тараптарға бұрыңғы қарым-қатынасты сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Осы жасалынған жаңашылдықтар дауды мейлінше азайтуға, қоғамда татуластық пен тұрақтылық орнатуға бағытталғанын ескерген жөн.
А.Абдулла
Қызылорда қалалық сотының судьясы