Ел тұрғындарының сотқа деген сенімін арттыруда жүйе жұмысында жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың маңызы зор. Себебі, олардың барлығы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын әділ қорғау мақсатын көздейді. Бұл ретте әкімшілік әділет жүйесінде жасалған өзгерістерді ерекше атауға болады. Мәселен, қарапайым азаматтар мен мемлекеттік билік органдарының арасында орын алатын жария құқықтық дауларды реттеу жүйесі халыққа барынша жағдай жасайды.
Тағы бір оңтайлы өзгерісті сот саласының цифрлануымен байланысты айтуға болады. Мысалы, қазіргі күні сот жұмысына жасанды зерде элементтері қарқынды түрде енгізілуде. Олар сот практикасының ашықтығын арттырып, істердің жедел қаралуына ықпал етуімен құнды. Ал кез келген жұмыс барысының ашық болуы мен жеделдігі азаматтарда оң көзқарас қалыптастырады.
Роботтандыру элементтері, аумақаралық соттылық, т.б. өзгерістердің қай-қайсысы болса да жүйе жұмысына серпін беруде. Аумақаралық соттылық сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған. Заман ағымымен үйлесе жаңғыртылған ақпараттық технологиялар қоғамды сот төрелігіне жақындатты. Дамыған елдермен салыстырғанда қазақстандық соттардың неғұрлым қолжетімді екенін халықаралық сарапшылар жоққа шығармауы осының дәлелі. Мысалы, бізде баж салығының мөлшері аз, істердің қаралуы тез.
Ел президенті өзінің халыққа арнаған жолдауында қоғамның соттарға деген сенімін орнықтыру басымдығы бар мақсатқа айналуы керектігін және бұған мемлекет пен судьялар корпусының өз күштерін жұмылдыруы арқасында ғана қол жеткізуге болатынын айтқан еді. Осы ретте сот шешімдерінің сапасын арттырудың маңызы зор десек, бұл тұрғыда да бірқатар маңызды шаралар іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда сот актілерінің сапасына қойылар талап қатаң. Судьялар өздері қабылдаған сот актілерін сотқа қатысушыларға түсіндіріп, олардың көңілінде күмән-күдік қалдырмайды, яғни, істің әділ шешілгеніне көздерін жеткізеді.
Халық үмітінің ақталуы, олардың әділеттілікке деген сенімділігі судьялар қызметімен тығыз байланысты екенін жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан, азаматтардың сенімін арттыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі сотқа келіп түскен шағымдардың судьяларға автоматты жүйе арқылы бөлінуі. Бұл судьялардың қалаған сот ісін алып жүргізуіне жол бермейді. Соттар жұмысын ұйымдастыру деңгейі де жылдан-жылға жақсарып жатыр. Оған ел соттарының заманауи талаптарға сай жабдықталуы дәлел. Бүгінде соттар қызметі халыққа халықаралық стандарттарға сай көрсетілуде деуге толық негіз бар.
Жалпы алғанда, сотқа деген сенімнің қолжетімді сот төрелігі, судьяның беделі, сондай-ақ, түсінікті сот шешімі арқылы қалыптасары анық. Осы себепті, үшінші билік өкілдеріне жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр. Десек те, сенім үддесінен шығу біздің басты міндетіміз.
Дуния-Зада Кеншимова,
Ақтау қалалық №2 сотының судьясы


