Заңның үстемдік құруы сот төрелігінің әділ атқарылуына тікелей байланысты. Сондықтан, сот билігінің тәуелсіздігі мен әлеуметтік мәртебесі конституциялық заңмен бекітілді. Судьялардың кәсібилігі мен тәуелсіздігін арттыру, соттар жұмысына заманауи форматтарды енгізу, жалпы сот жұмысын сапалы ету тұрғысында жүзеге асырылып жатқан реформалар жүйеге жаңа серпін беруде. Ең бастысы салада қолжетімділік пен ашықтық, жариялылық қамтамасыз етілген. Яғни, мемлекетіміздің кез келген азаматы өз құқығын сот арқылы қорғай алады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңына сай орын алған өзгерістер мен толықтырулар сот ісін жүргізуді оңтайландырып қана қойған жоқ, сонымен қатар, жүктеме мен басы артық рәсімдерден арылтты. Бүгінде сот өндірісіне қатысушылардың іс туралы жедел ақпарат алуына, шығарылған сот актілерімен танысуына, т.б. барлық жағдай жасалған. Осының нәтижесінде халықпен кері байланыс орнату деңгейі көтерілді. Ашықтықты қамтамасыз етуде сот кабинеті, сот құжаттарымен танысу, сот істерін қарау кестелері, SMS-хабарлама, дыбыс-бейнеге жазу, т.б. жүйелерін, атқару парақтарының электронды нұсқада дайындалуын айрықша атауға болады.
Ең бастысы судьялардың құзыреті кеңейтілді. Мысалы, судьяның іс материалдарын жинап, зерттеу бойынша шаралар қабылдауы, өз бастамасымен сот тапсырмаларын беруі, сондай-ақ, дәлелдемелерді талап етуі өз кезегінде істің барлық мән-жайын анықтап, шындыққа көз жеткізуіне, сол арқылы әділ сот төрелігін орнатуына мүмкіндік берді. Елімізде дау шешудің баламалы институттары дамып жатыр. Бітімгершілік институтының дамуында соттардың үлесі зор.
Соттардың мамандандырылуы сот ісін жүргізудің тиімді негізін қалады. Әсіресе, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылданып, әкімшілік соттардың құрылуы халықтың көңілінен шықты. Әкімшілік әділет институтының қалыптасуы жария-құқықтық даулардағы қарапайым азаматтар құқығының мінсіз қорғалуына жол ашты. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар мен жеке тұлғалар арасында туындайтын даудағы теңсіздіктер жойылуда деуге толық негіз бар. Жария-құқықтық дауларда қарапайым азаматтар мүддесінің жоғары тұруы мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін нығайтты.
Ашықтық кез келген қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Реформалардың басты нәтижесі де осында. Саладағы реформалар негізінде Жоғарғы Сот іске асырып жатқан жобалар заң үстемдігін орнату, азаматтарға тең мүмкіндік жасау мақсатын көздейді. Ал сот жүйесінің жеті түйіні бағдарламасы шеңберіндегі «Мінсіз судья» жобасы судьяларды іріктеудің жаңа талаптарын енгізді. Соттағы нәтижелі реформалар саланы арнайы заң арқылы даусыз істерден арылтып, күрделі істердің сапалы қаралуына мүмкіндік берді, бұл өз кезегінде жұмыстың тиімділігін арттырды. Аумақаралық соттылық жемқорлыққа жол бермейді. Сот ғимараттарындағы қызмет сапасын жақсарту мақсатында фронт-офистер ашылды. Олар құжаттарды қабылдау, өз-өзіне қызмет көрсету, цифрлық кезегі бар заманауи залдармен жарақтандырылды. Соттағы кез келген жаңашылдық тек соттар үшін емес, ел тұрғындарының игілігі үшін жүзеге асырылуда.
Мұхит Мұқашев,
Маңғыстау облысының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының судьясы