12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ПӘКІСТАНДЫҚ АЛАЯҚТЫҢ ЛАҢЫ

«Тегін ірімшік қақпанда ғана жатады» деген нақыл бар. Мұны есте ұстамайтын кейбір аңқаулар қапылыста өз қолымен бергенін заң арқылы даулап, ізденіп шарқ ұрып жатады. Өмірден еш сабақ алмағандар алаяқтар үшін өз шеберлігін байқаудың, табысқа кенелудің «сара жолы» болып саналады. 2004 жылдың соңғы айларында полицияға Алматының ауқатты тұрғындарынан алаяқ азаматқа қатысты арыз қарша борады. Оның себебі мынада… 2000 жылдан Алматыда коммерциялық мақсатпен кәсіпкерлерге компаньон болып жүрген Даниш 2004 жылдың басында қырсық айналдырып ақшасыз қалды. 2004 жылы шілде айында американдық «АН СНАМ» компаниясының президенті Мартин Кверкпен танысқан суайт оны тақырға отырғызу жоспарын ойластырады. Маңғаз әрі қалталы Мартин дәл алдында ағылшын тілінде көсіліп сөйлеп отырған пәкістандық алаяқ отырғанынан мүлдем бейхабар болатын. Жанын ашытып, жүрегін жібітті. «Екі бірдей балам қаназдық дертімен сырқаттанып, емдетуге қаражат таба алмай отырмын… Сүйіктім болса ана дүниенің қонағы…» деп бөскен ол Мартиннен қарызға қомақты қаражат сұрайды. «Өтеуіне Алматыға Австралиядан әкелінетін өте сапалы ет өнімдерін арзан бағамен мұнай компаниясына өткізем. Сол ақшадан қайтарамын…» деген уәжін айтады. Екі тәуліктен соң Даниш «Рахат-Палас» қонақ үйінде орналасқан аталмыш компанияға келіп Мартиннен 27 660 долларды шытырлатып тұрып санап алады. Осылайша екеуі ет өнімін сатып алу – сату ж о л ы м е н түскен табысты Мартинге әкелетін болып уағдаласады. Даниш келесі тәулікте «Опт торг Компани» фирмасынан әр келісін 290 теңгеден 2 миллион 900 мың теңгеге тоңазытылған 10 тонна ет сатып алып, келісім бойынша сатып алушы компанияға апарады. Алайда олар төменгі сапалы ет өнімін сатып алудан бас тартады. Мұны естіген Мартин тиісті ақшасын талап ете бастайды. Әккі алаяқ оның аптығын басып, етті Алматы асханаларында өткізбекке сөз байласады. Қыркүйек айының басына дейін аталған ет өнімдерін сатып үлгерген ол 3 миллион 749 мың теңге табыс табады. Көңілі байыз таба бастаған Даниш 2005 жылдың шілде айында Мартинге «Етті аздап өткізе бастадым, өкінішке қарай, екі балам да қайтыс болды. Жерлеуге қаражат қажет. Тағы бір көмек қолыңды созып жібер. Көтерме бағамен қант сатып алып сатуды қолға алдым. Ақшаңды біржолата қайтарам…» деп өтірік жылап тұрып, Мартинді сазға екінші рет отырғызады. Бұл жолы Даништің алақанына 22 мың 700 АҚШ доллары түсті. Соңынан сан соғып қалған Кверк Даништен көз жазып қалады. Осылай құныққан Даниш Кашани бір жылдан соң 2004 жылы шілде айында бір фирмада жұмыс істеген Ольга есімді келіншекке жолығып қалады. Кәсіпкерлікпен айналысатын Ольгаға ол Алматыдағы БҰҰ (Біріккен Ұлттар ұйымы) өкілдігінен жарамсыз деп танылған 15 дана «Тойота Ленд Крузер» автокөлігінің әрқайсысын 1500 доллардан 15 500 долларға сатып алуды ұсынады. Ол үшін алдымен тиісті сомманың 30 пайызын төлеу қажеттігін ескертеді. Он тәуліктен соң рәсімдеуді жүзеге асырамыз деп «қатырады». Қуанған Ольга болса оңай олжаға белшеден батуға аңсары ауа түседі. Ол бірден бұл туралы туысы Богдановқа айтады. Ол болса алақанын ысқылап «жұлдызды сағаттарын» күтуге келіседі. 2005 жылғы шілденің аяғында аталған көліктерге «қол созым тұр» деп тыпыршыған Ольга Жандосов көшесіндегі пәтерінде сырттан келген суайтқа Богдановтан алған 4100 АҚШ долларын санап берді. Қолына қомақты ақша түсе бастаған Даништің «қабілеті» ашыла түсті. Тамыз айының алғашқы күндері ол Богдановқа Қазақстандағы БҰҰ-дан жарамсыз деп танылған 1997 жылғы шығарылымдағы 18 дана «Тойота Ленд-Крузер» көлігі қосалқы бөлшектер үшін 4950 АҚШ долларына сатылатынын мәлімдейді. Ольганы сыйлайтын Богданов еш қаперсіз Даништің қақпанына түседі. Алақанын ысқылаған Даниш сатып алушы бір-ақ адам болуы, ол үшін жалпы көлік құнының 30 пайызын алдын ала төлеу керектігін қадап ескертеді. 6100 АҚШ доллары көлемінде қаражат құйылған соң ғана көліктерге құжаттар толтырылатыны айтылады. Тиісті соммалар қолына түскен соң өз қажетіне жаратып жан бағып жүрген Даниш келісімшарт туралы ләм деместен жүре берді. Арада екі ай уақыт көзді ашып жұмғанша өте шығады. Құрғақ уәдеге «тойып» болған Богданов Даништі тауып алып, жеке сөйлеседі. Қулығына құрық бойламаған Даниш тағы да көзін бақырайтып қойып Богдановты алдап соқты. «Уақыт ұттырып алғанымыз рас. Алайда құжаттардың бәрі рәсімделген. Енді тек қана Ольганың атына сенімхат толтыру үшін тағы 200 мың теңгеге зәру болып тұрғаным…» деп мүләйімсіді. Богданов қарындасының қамын ойлай тұрып тәуекелге тағы бел буды. Осылайша Богданов қалтасының түбін ақтарып тұрып Данишке 1500 АҚШ долларын санап беруге мәжбүр болды. Сырттан келген суайттың торына бірнеше рет топ ете түскен Богданов 7600 АҚШ долларын ақыры қайтара алмай қалды. Осы аралықта ізін жасырып бой тасалап жүрген ол уәдеден «тау тұрғызып» талайды тақырға отырғызып үлгерді. «Дәніккеннен құныққан жаман» дегендей, жеңіл ақшаға әбден дәндеген Даниш Кашани қыркүйек айында сәтін тауып Лариса есімді келіншекпен танысады. Танысқан адамдарының алдымен қаржылық әл-ауқатын жете зерттейтін ол, ақшасы жоқ болса текке уақыт ұттырмай тайып тұратын. Ал Л.Иванованың қолында ақшасы барын алдын ала біліп, әйелдің Канадаға виза аштыруға ниетті екенінен хабардар болады. «Таугүлдегі» Ларисаның пәтеріне келген Даниш көп күттірмей «қырыққабаттай» дестеленген ақшаны уыстайтынын бағамдаған болатын. Алғашқы кездесуінде ол Канадаға ұшатын ұшаққа билет пен визаға деп 1105 АҚШ долларды алып кетеді. Келесі жолы тағы оралған ол Канадаға сақтандыру полисінсіз ұшам деу әурешілік екенін әупірімдеп түсіндіріп, Ларисаны қосымша 2500 доллар шығынға батырады. Әшейінде «ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеймін» деп жүрген Лариса бұл жолы да қайдағы бір суайттың қолына 327 мың теңгені салып жібереді. 2004 жылдың қара суығын арқалап қараша да жетеді. Осы кезде бүрісіп Ларисаға жеткен Даниш «актерлік шеберлігімен» тағы тәнті етеді. «Құжаттарың дайын тұр, жақында қолыңа тигізем…Алайда өз жағдайым мәз болмай тұр. Әйелім жарықтық қайтқалы, екі ұлым сырқат. Қаназдықпен ауырады…. Канадаға емдетуге мен де барар ем…. Ол жақтағылар 30 мың АҚШ долларын сұрап отыр. Ескі таныстарым арқылы 27 мыңын таптым. Небәрі 3 мың жетпей тұрғаны. Қарайласа алар ма ең… Қайтарам ғой…» деп жалынышты кейіппен Ларисаның көзіне көз сұғын қадай түсті. Ойында бөтен ойы жоқ келіншектің жаны ашып, жүрегі сыздады. Не болса да екі баланың тағдырын ойлап Данишке сол жерде-ақ 3 мың АҚШ долларын еш куәландырусыз бере салды. Өзінің жазасыз тайраңдай береріне бек сенімді болған Даниш Кашани Лариса Иванованы тағы алдады. Ол Канаданың Калгари қаласына тіке ұшатын рейс болмағандықтан Торонто қаласы арқылы ұшатындарын жеткізіп, ол үшін тағы 90 мың теңге қажеттігін айтты. Иванова болса Данишке сеніп тағы 90 мың теңгені санап береді… Ардан безген Даниш айласы мен аярлығын пайдаланып Ивановадан алдап тағы 524 000 мың теңгесін қағып алып, жалпы оны 1 миллион 933 мың 140 теңгеге шығынға батырып кетеді. Сұрқиялық пен сұмпайылық, ұятсыздық пен ұждансыздық бойында тоқайласқан Даништі тоқтату мүмкін еместей еді. Ол «тағы, тағы, тағы да» деген тойымсыздық оқпанын толтыруды көкседі. Оны толтыру әсте мүмкін емес еді. Осылай заңсыздықпен баюды көксеген ол Старадубцованы 5200 АҚШ долларына, Кимді 3 миллион 356 мың теңгеге, Мухамедиеваны 634 мың теңгеге, Бариеваны 170 мың АҚШ долларына, Дулинаны 50 мың теңгеге алдап тайраңдап жүрді. 1965 жылы Пәкстанның Карачи қаласында туылған, ұлты ирандық Даниш Кашани жоғары білімді, заңгер, экономист, бірнеше шет тілін меңгерген, бұрын сотталмаған, бизнес тілі мен қарым-қатынас жасаудың білгірі болған. Ол ұзақ сайран сала алмады. 2005 жылдың аяғында Алматы қаласы ІІД алаяқтыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері алаяқты жалдамалы пәтерінде қолға түсірді. Тергеу барысында кінәсі толық дәлелденген Кашани Алматы қалалық сотының үкімімен жеке мүліктері тәркіленіп 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Арман ЖУСАНБАЙ

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...