12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ПЕРІШТЕ ЖЕРГЕ ТҮСКЕНДЕ

Қарашаның қатты желі былай тұрсын, дымқыл тартқан қара жер қазуға мүлдем келмеді. Оның үстіне, қар ұшқыны да күшейіп, жел көтеріліп барады. Екеуі алма-кезек жерді күрекпен тепкілегенімен, тереңге бара алмады. Сырттан бақылап тұрған қарауыл «Әлдекім көріп қалмасын» дегендей жан-жағына алаңдай қарайды. Тек қимылсыз жатқан дене ғана. Тіршіліктің белгісі білінбейді. – Бұдан әрі қаза алмаймыз, тым қатты. Оның үстіне, қар жауып тұр. – Тездетіңдер, алыстан жарық көрінеді. Қимылсыз жатқан денені тайыз шұңқырға екеулеп әкеп лақтыра салды. Қыңқ еткен дауыс шыққандай, бірақ оны ешкім елеген жоқ. Асығыс ылғал топырақты үстіне үйе берді. * * * Ескі көпір астынан табылған дене көпшілікті дүр сілкіндірді. Осыдан бес күн бұрын жоғалған он алты жастағы қыздың денесі. Дене мүшелері бөлшектеніп, суға лақтырылған. Әр жерден әр бөлігі табылып, жиналған соң сараптамаға жіберілді. Айуандықпен зорланып, кейін қатты соққы нәтижесінде жан тапсырған. Өлген қыздың денесі бөліктерге бөлініп, із жасыру үшін ағын судың әр тұсына тасталған. Бұл – бір жылдың ішінде орын алған он бірінші қылмыс. Аспаннан жан алғыш «Әзірейілдің» өзі түсіп, әйел затының өмірін кезекпен жалмап жатқандай. Есейген бойжеткен, қыз-келіншектер адам санасы жете бермейтін қатыгездікпен өлтірілген. Облыстан оперативтік топ құрылып, арнайы жұмыстар жүргізілсе де нәтиже жоқ. Себебі, қылмыскер мәйітті оқиға болған жерден мүлдем басқа жерге әкеліп көмеді. Ешқандай айғақ та, куәгер де жоқ. Бір жылдың ішіндегі бұл сұмдық қылмыстан соң қыз-келіншектер далаға жалғыз шығуға қорқатын болды. Қала ішіне бұлт үйірілгендей, кез келген адамнан күдіктеніп, бейтаныс адамды қылмыскер деп санады. Ал жас қыздың өлімінен соң, шағын қаланың әкімшілігі Республикадан ең мықты деген тергеушіні сұратуға мәжбүр болды. Алматыдан арнайы келген Болат Хамитов ең мықты тергеушінің бірі. Ол адамжегіш маньякты, талай қандықол қылмыскерлерді ұстаған кезде операциялардың басында өзі жүрді. «Осыншама қыз-келіншектің қанын жүктеген адамды таппай Алматыға оралмаймын» деген уәдемен келген ол, дереу іспен танысуға көшті. Істің басында жүрген майор Тұрғанбаев жаңа тергеушіге мән-жайды толықтай баяндады. Барлығын мұқият тыңдап болған соң Хамитов зардап шеккендердің суретіне үңілді. Кез келген жүйкесі әлсіз адам мұндай сұмдықты көре алмас еді. Барлығы қорлап өлтірілген. Үйіне қайта оралмай, жоғалғандар есебінде тұрған тағы жеті адам бар. – Соңғы табылған қыздың жақындарымен сөйлестіңіздер ме? – Иә. Марқұм биыл он бірінші сыныпта оқыған. Құрбысының айтуынша кешкілік үйірмеден соң, көрші сыныпта оқитын жігіт оны үйіне дейін шығарып салмақшы болған. Алайда қыз әрі қарай өзім жетемін деп қоймаған соң, жарты жолдан бұрылған. Содан үйіне жетпеген. Енді міне, денесі табылды… – Жігітпен сөйлестіңдер ме? Мүмкін жолда біреуді көрген шығар? – Сөйлестік. Ешкімді де көрмеген. Болат ұзақ ойланды. Барлық қыздың суреті ілулі тұрған тақтаға қарады. Бұған дейінгі тәжірибесінде қылмыскерлерді бірнеше жыл аңдып, соңына түсіп, қателеспей қолға түсірген еді. Бір ұққаны, қарапайым, момын көрінген адам ең сорақы маньяктың өзі болуы мүмкін дегенге сену қиын. Ал мына қыз-келіншектерді қатыгездікпен өлтіріп жүрген адам, ешкім күдіктенбейтін, күнде көріп жүрген, отбасы, балалары бар қарапайым адам болуы мүмкін деп те ойлады. * * * Қыз есін жиғанда айналасы қараңғы түнек. Тынысы тарылып, қозғалуға да шамасы келмеді. Суықтан денесін мүлдем сезбей қалған. Ақырын қозғалып еді, бетіне ылғал топырақтар түсе бастады. Ол жердің астында жатқанын сезді. Не болғанын есіне түсіргісі келмеді. Жанталаса қолымен топырақтарды лақтырып, кеудесін көтерді. Ызғар ауаны терең тыныстап, айғайлай бастады. Әлдекім естіп қоймады ма дегендей жан-жағына қарап еді, бейіттің ішінде жатқанын көрді. Екі қолымен бетін басып еңірей жылады. Жыртылған киімі сүйретіле орнынан тұрды. Қас қарайған. Үйіне қарай бағыт алғысы келді, жоқ, ол жаққа болмайды деп өзін тоқтатты. Басқа жаққа, мүлдем ешкім білмейтін басқа жаққа кетуі керек. Ол басы ауған жаққа қарай жүре берді… «Барлық қаза болған және жоғалған әйелдер кешкі сағат 21.00-ден соң үйлерінде болмаған. Бірі жұмыста кешіккен, бірі қонақтан жалғыз шыққан, ал енді соңғы қыз мектептегі үйірмеден шыққан. Сондықтан осы мезгілден бастап түнгі рейд жүргізілу керек, барлығымыз жүреміз. Екіншіден сағат 21.00-ден соң нәзік жандыларға көшеге шығуға қатаң тыйым салынады. Қылмыскер ұсталғанша олардың өміріне қауіп төнбеуі қажет. Осы уақытқа дейін әйелдерді қырғидай қырып келгеніне қарағанда әйел затына деген өшпенділігі болуы мүмкін. Егер қылмыскердің отбасы болса, әйелін ұрып немесе сабауы мүмкін, мұны да назарға алған дұрыс». Жаңа келген тергеушінің жұмысқа бірден кірісуі істі сәл де болса алға жылжытқандай. Кешкілік топ құрылып, қаланың әр бөлігін бақылау басталып кетті. Бірақ бұл жағдай қандықол қылмыскерге кедергі бола алмады. Нағыз айуандық ешкім күтпеген адамнан шығады деген рас екен. * * * Жолдасы жұмыстан кешіккен келіншек тағатсыздана сағатқа қарады. Асығып жүріп нан алу мүлдем есінен шығып кеткен. Отағасы келген кезде ас дұрыс болмаса ашуланатынын білген соң, жеті жасар Ертайға кішкентай інісін қарап отыруды тапсырып, жұқа шарқатын оранып, аяғына жеңіл галошын сүйрете жақын маңдағы дүкенге қарай жүгірді. Тоғыз ай толғағы жақындап қалған келіншек ақырындап жеткен дүкен жабық тұрған соң, келесі дүкенге бет алды. Әншейінде жанып тұратын көше шамдары да сөнулі. Барынша ентігіп жылдам жүріп келеді. Кенет арс ете қалған иттің дауысынан селк етті. Дереу сәбиім аман ба дегендей ішін сипады. Жүрегі әлденеге қобалжулы. Артына жалтақ-жалтақ қарайды. Әлгі ит қайта үрген кезде жан-жағына қарап үлгеруге шамасы болмады. Өзіне қарай төнген қара көлеңкеден қашып үлгермеді.Ал анасын іздеп терезеге алаңдаған Ертай оның енді қайтып келмейтінінен бейхабар еді. Әйелінің үйіне оралмағанын көрген күйеуі бірден милицияға хабар берді. Дереу топ жасақталып, іздеу басталды. Әйелдің дүкенге жете алмай жоғалғаны, қылмыскердің жақын маңда жүруінің белгісі еді. Енді ғана жауған ақ ұлпа қардың астынан әйелдің жүрген ізі көрінеді. Жарты жолда із тоқтап, жан-жаққа бөлінеді. Нақты табу қиын, егер қылмыскер жаяу болса, аяғы ауыр әйелді көтеріп кету қиын. Сондықтан ол көлікпен жүруі мүмкін. Тергеушінің ойы нақтыланғандай. Жол жиегінен көліктің ізі көрінеді, алайда қателесуі де мүмкін. Таңға дейін қар жауатын болса, бұл іздердің ешқайсысы да қалмайды. Қала сыртындағы бірнеше қабатты бұзылған үйге кіруге ешкімнің батылы жетпейді. Шыңғырған әйелге ұзақ қарап тұрған ішіндегі біреуі: – Өшір үніңді, – деп гүр ете қалды. Түрі анық көрінбесе де, дауысы таныс. Өксігін баса алмаған әйел оны таныды. Иә, бұл Атымтай. Көрші Жәмиләнің күйеуі. Көп сөйлемейтін, тұйық адам. – Атымтай аға, бұл сіз бе, өтінемін, мен ешкімге айтпаймын. Тым болмағанда ішімдегі сәбиім үшін… Ол әлі періште ғой… – Аға, мүмкін оны жіберерміз. Аяғы ауыр әйелді қайтеміз, баласына обал… – Жап аузыңды, ол бізді танып қойды. Істі тезірек тындыру керек – Бірақ, аға… – Ешқандай аяушылық жоқ. Біз қаланы жезөкшелерден тазартамыз… Қараусыз қалған үйге ешкім кірмейді. Ол жерді иектейтін қаңғыбастар. Не табылар екен деп кірген сондай маскүнемнің бірі аяқ астында жатқан әлденені итергісі келіп тепкіледі, болмаған соң кедергі болған тасты көтеруі сол, астындағы адам қолын көріп жүрегі зу етті. Мүмкін тірі болар деген үмітпен үйіндіні дереу ала бастағанда өлі денені көрді. Не істерін білмей айғайлай жүгірген маскүнем басын ұстай қаша жөнелді. Мәйіт – түнде жоғалған әйелдікі. Аса қатты азапталған. Ішіндегі нәресте жоқ, шамасы қылмыскерлер ішін жарып, сәбиді алғанға ұқсайды. Аяқ-қолы бөлшектенбесе де, қорлықпен жан тапсырғаны көрінеді. Шаранадағы періште де қанышерлерден анасын арашалап қала алмады. * * * Шырылдаған сәбидің үні құлағының түбінен естілді. Алдында бала құшақтаған әйел тұр. Қолындағы нәрестені өзіне ұсынады. Ол жәймен ғана қолына алып нәрестеге үңілгенде қанға былғанған кішкентай денені көрді. Баланың шыңғырған дауысы тоқтар емес. – Сәбит, Сәбит, тағы да жаман түс көрдіңбе, – деген әйелінің дауысынан шошып оянды. Суық терге малынған күйі аяқ-қолы дірілдеп кеткен. Тағы да баланың жылаған дауысы естілді. Бұл жолы түсі емес, өңінде. Өз сәбиі. Кішкентай ғана ұлы. Ол орнынан тұрып бесікке жақындады. Сәбиді жұбатып, бетіне қарағысы келіп еді, бесіктегі баланың орнында қанға малынған шақалақ. Өз көзіне сенбей тысқа шықты. Құлақтан кетпейтін баланың ащы шырылынан құтыла алмай екі құлағын басты. Өздігінен өкіріп жылады. Қайда барса да, жатса да, тұрса да көз алдынан қанға малынған шақалақ кетпей қойды. Сол күні түнде әйелдің ішін тірілей сойып, баланы суырып алған кезде ол тыпырлап жатқан еді. Кішкентай ғана сәби, бейкүнә періште. Ағасының айтқанын орындамауға батылы жетпестен, шақалақты алып кетті. Жансыз дүниедей лақтыра салды. Жып-жылы нәрестенің денесін суық жерге аяусыз тапсырған кезде өзінің үш айлық ұлын елестетті. Бұл ібіліс пен періштенің шайқасы тәрізді. Тек бұл жолы зұлымдық жеңгенімен, бейкүнә сәбидің бейнесі көз алдынан кетпей қойды. Қанға малынған қолдарын қанша сүрткенімен, тәніне кеткен жазықсыз адамдардың қанын санасынан кетіре алмады. Оның әр күні тозаққа айналды. Өңі мен түсін, өлі мен тіріні ажырата алмайтын халге жетті. Күйеуінің бойындағы өзгерісті байқаса да, не болғанын түсінбеген әйелі барлығы ішімдіктен деп ойлайды. Күңгірт қараңғылық толық түсе қоймаған уақытта, күйеуін іздеп таба алмаған соң қораға кіруі сол, алдында ілініп тұрған жансыз денені көріп есінен танып түсті. Қылмыскер өз-өзіне қол жұмсады. Жасаған күнәларын көтере алмады. Оның қылмыскер екендігін ешкім білмей кетер ме еді, егер әйелі қалтасындағы хатты таппағанда. Ол милицияға бірден баруға асықпады, себебі жазылған хатқа сенгісі келмеді. Алайда өз жұбайының жазуын білетін. Хатты көрген тергеуші бірден іздеу жұмысына кірісті. Қала ішінен табылған мәйіттерді айтпағанда, қала сыртындағы арық жағасынан төрт әйел адамның денесі табылды. Өлексенің бұзылғанына қарап, әлдеқашан болған қылмыс екенін анықтауға болады. Тағы бір көрсетілген орын бейіт ішінде. Тергеушілер бұл жерді көп іздеді, қазылған жердің орны болса да, дене жоқ. Бұл қалай болуы мүмкін? Қазылған шұңқырға үңілген тергеуші «тоқтаңдар» дегендей нұсқау берді. Жерге үңіле қараған ол қан іздерін байқады. – Бұл жерге адам тірілей көмілген болуы мүмкін. Тезірек оның кім екенін анықтауымыз қажет. Інісінің қазасынан соң, ағайындылар тынышталды. Ештеңеден хабары жоқ әйел күйеуін қылмысқа қимайтынын айтып жылады. Бір сөйлемде «Біз мұндай әрекетке қаланы жеңіл жүрісті жезөкшелерден тазарту үшін бардық» деп жазған. Бұл сөз оның қылмысқа жалғыз бармағанының дәлелі еді. Тергеушіні де алаңдатқан осы сөйлем. Бұл жағдайдан соң қылмыскердің екі ағасы, айналасындағы достары, барлық адам күдікке ілінді. Олардың әр қайсысымен кездесіп, әңгімелесуге Болаттың өзі кірісті. Сыбайластарын жасырып қалғанына қарағанда, қылмысты жақын адамдарымен бірігіп жасауы мүмкін деген күдіктен арыла алмады. – Атымтай Жанғабылов, 1975 жылы дүниеге келген, одан кейінгісі Тұрымтай Жанғабылов, 1977 жылы дүниеге келген. Қылмыскердің екі ағасы, әкесі ертеректе қайтыс болған, шешесі тірі. Тұрғанбаев мырза осы кісілерді бақылауға алып, үйлеріне барып сөйлесуіміз қажет. – Құп болады. Қайсысынан бастаймыз? Әлдекімдердің келе жатқанын алыстан байқаған Атымтай лезде үйіне кірді. Ол тергеушілердің өзіне келетінін білген еді. Үйге кіргеннен-ақ ештеңені қалт жібермеген Болат сұрақты ойламаған жерден қойды. – Неліктен ініңіз әйел затына сонша өшікті деп ойлайсыз? – М-мен оны білмедім, ол әйеліне қатты сөйлеп те көрген емес. – Ол хатында сыбайластары бар екендігін айтқан. Сіздің ойыңызша ол кім болуы мүмкін? Күдікті бұл сұрақтарға мардымды жауап бере алмады. Аяушылық сезімін тудырып, көзіне жас алғысы келді, бірақ мұнысымен тергеушіні сендіре алмады. Атымтайдың келіншегі кібіртіктеген күйі тергеушілерге бір, күйеуіне бір жалтақтай қарайды. – Күйеуіңіз бауырларымен қарым-қатынасы қалай? – Өте жақсы… Бауырлары оның айтқанын тыңдайды. – Яғни, айтқанын орындайды дейсіз ғой? Әйел күйеуіне қарады. Оның сұсты жүзінен қорқыныштың белгісі білінеді. Бөгде адамдарға ит үруін тоқтатар емес. Әлдене айтқысы келгендей. Ауладан алыстамай-ақ «қыңқ» еткен дыбыс естілді. – Итті өлтірді… – Оны қайдан білесіз? – Білемін. Қатыгез адам ең бірінші өшін жануардан алады. Тұрымтай ағасындай емес, сәл ашылып сөйлеуге тырысты. Оның қылмыскер інісі туралы айтқандары сенімді көрінсе де, тергеушіге әсер етпегендей. Түпкі бөлмеде жоқтауын тоқтатпаған кәрі анасын көрген Болат онымен де сөйлескісі келді. Бала қандай болса да анасы үшін судан ақ, сүттен таза. Баласы кедергі болуға тырысқанымен, тергеуші айтқанынан қайтпады. Қартайған әйелдің көздеріне тура қарады. – Тоғыз айлық толғағы келген әйелдің ішін жарып, нәрестесін тірілей көметіндей балаңызға не болды деп ойлайсыз? Әйел дереу жоқтауын тоқтатты. Өксігін баса алмай біраз отырды да, тергеушіге қарады. – Лағнет атсын сендерді, менің баламды қылмыскер деп. Жалған, жалға-а-ан.. – Өзі мойындап, өзіне қол жұмсады. Міне хат. Жазуын танып тұрған шығарсыз? Ол үндемеді. Одан сайын дауыстап жылады. – Кеткендеріңіз жөн, – деді Тұрымтай. Барлық күдікті деген адамдар тергелді. Тұрғанбаев ендігі тергеушінің әрекетін білгісі келді. – Мына адамдардың қылмысқа қатысы бар деп ойлайсыз ба? – Әзірге нақты айту қиын. Оны білудің бір ғана амалы бар. Ол бейіт басында көміліп, кейін жоқ боп кеткен қызды табу. * * * Бұл сұмдық оқиғадан кейін де біраз уақыт өтті. Өлілер қатарына қосылған қыз, өзінің тірі екенін жасырғысы келді. Сол себепті үйіне бармады. Оның аман қалғанынан барлығы бейхабар еді. Егер оның тірі екенін білсе, әлгілер оны тауып алып, азаптайды. Енді ол азапқа төзе алмайды. Қылмыскердің өзіне қол жұмсағаны Самалдың да құлағына жетті. Бірақ қандықол жалғыз емес, үшеу болатын. Ағайынды үш жігіт. Сол күні жұмыста ұзақ отырып қалғанын өзі де сезбеген. Қарашаның ызғар түніне қарамастан үйіне қарай жаяу асыққан қыз артынан ілескен ер адамды бірден байқады. Көше тыныш, айғайласаң адам естімес, ол адымын жылдамдатып қашамын дегенше алдынан екеуі шығып, қызды көліктеріне салып әкетті. Қарсыласқанға қарамастан басынан ұрып, қаланың шетіне апарып, арам ойларын жүзеге асырған соң бейітке әкелді. Есінен танған қыз барлығын білді. Қылмыскерлер де қызды жансыз жатыр деген оймен тайыз қазылған шұңқырға лақтыра салған еді. Енді сол оңбағандардың бірі өзіне қол жұмсаған. Тағы екеуі бостандықта жүр. Самал олардың түрін көрді. Егер көз алдына әкелетін болса қателеспейді. Бірақ қыз тасада қалды. Милицияға барып мойындауға батылы жетпеді. Егер заң өзін қорғай алмаса, әлгілер өзін тауып қорлайтынына сенді. Бейіт басына көмілген қыздың жоқ екендігі ағайынды қылмыскерлердің де құлағына жетті. Ендігі қызды бірінші болып кім табады. Қала сыртында орналасқан әпкесінің үйінде тығылған қыз бір жамандықтың жақындағанын сезгендей алаңдаулы. – Әпке, мүмкін мен басқа жаққа кетермін? Ешкім білмейтін. – Қашқанда қайда барасың? Сені бұл жерден ешкім іздемейді. Алаңдамай тыныш отыр. – Әлде әлгі тергеушіге барып барлығын айтсам, ол мені қорғайтын шығар? Иә, солай жасағаным дұрыс болар. Кешкілік әпкесі кезекшілікке кеткен кезде Самал үйде жалғыз қалды. Есігін кілттеп, перделерді жауып, тіптен жарықты да қоспайды. Оның бұл үйде екендігін жан баласы білмейді. Алайда бұл Самалдың ойы еді. Қыздың тірі қалғанын естігенде Атымтай өзін қоярға жер таппады. Себебі, көшеден кездескен кездейсоқ қыздың кім екендігін білмесе де, кішкене қаланың ішіндегі әңгіме кімнің де болса құлағына тиеді. Қыздың кім екендігі анықталған соң, бейіттен шыққан қыз қаланың ішіне кірмейді, егер милицияға бармаса, ол қаланың шетіне кетуі мүмкін деген болжам. Ал қаланың шетінде кім тұрады? Оны табу қиын болмады. Жалғыз тұратын нағашы әпкесі. Нақты үйді білу үшін бірнеше күн электр шамын қараған кейіппен ағайынды қылмыскерлер айналадағы үйлерді ұзақ торуылдады. Жалғызбасты әйелдің күнде бір мезгілде үйінен шыққанда әлдекіммен қоштасатынын байқады. Жасырынған қыз осы үйде болуы мүмкін деген шешімге келді. Қас қарайған сәтте көше шамдарын істен шығарып, үйге қарай беттеді. Тергеуші Хамитов істі қолға алған соң, қыздың баруы мүмкін деген жерлерді тұжырымдап, күндізгі уақытта көмекшісін әлгі үйге жіберген болатын. Есікті ешкім ашпаған соң, қайта баруды ойлады. Есіне әлдене түскендей, көмекшісін ағайындылардың үйіне жіберіп, өзі қала сыртындағы үйге қарай қайта бағыт алды. Майор Тұрғанбаев алдымен ағайындының үлкені Атымтайдың үйіне, оны таппаған соң кіші інісі Тұрымтайдың үйіне барды. Екеуі де үйінде болмады. Қайда екенін ешкім айта алмады. Үнемі қас қарая ағайындылар «аңшылыққа кеттік» деген сылтаумен үйінде болмайды. Түпкі бөлмеде отырған кәрі шешей бұл жолы баласын іздеп келген адаммен өзі сөйлесуге ниет білдірді. «Әйелге деген өшпенділік – анаға деген өшпенділік. Ұлдарым әкеден ерте жетім қалды. Мен ол кезде тым жас болатынмын. Балаларыңа әке боламын, барлығын өз мойныма аламын деп келген ер азаматтың көкірегінен итере алмадым. Атымтайым ол кезде 13 жаста болатын. Не көргенін қайдам, қолында нан кесетін пышағы бар, әлгі адамды жаралап үлгерді. Мені қызғанғаннан солай етті деп ойладым. Кейін әлгі адамды әлдекімнің қолынан қаза болды деп естідім. Бірақ менің балам қылмысқа бармайды, ол қандықол емес..» Әйел балаларын қылмыскер емес деп сендірсе де, ана жүрегі олай емес екенін біліп тұр. Сол себепті әлдеқашан айтылуға тиіс әңгімені енді ғана айтты. Майор дереу Болаттың бағытына қарай бет алды. Алдымен есік, сонан соң барлық терезе түртілді. Сырттағы адамдар үйде адам бар екенін сезгендей. Күзгі жапырақтай діріл қаққан қыз жанын алуға Әзірейілдің өзі келгендей шарасыз күй кешті. Кенет барлығы тынышталып қалды. Әлгілер кеткендей. Жо-оқ, олар кетпейді. Ешкім жауап бермеген соң есіктің өзегін жұлмалап ашуға тырысты. Көп ұзамай есік ашылды. Торға түскен балапандай діріл қаққан қызды лезде қолға түсірді. Қарсыласуға шамасы жоқ, әйтсе де бар дауысымен «көмектесіңдер» деп айғайлап үлгерді. Сол бір ғана дауыстың өзі жеткілікті еді. Тергеуші дауыс шыққан жаққа қарай елең етті. Адымын жылдам басып, үйге қарай жүгірді. Айнала қараңғы, ешкім көрінбеді. Қолына қаруын алып үйге кірді. Ешқандай дыбыс естілмейді. Кенет есіктің артынан әлдекім қатты затпен басынан ұрды. Жылы қан маңдайын жуып кетсе де әлгі адаммен алыса кетті. Кенет тапанша атылды. Қылмыскерлер қашып үлгермеді. Атылған оқ Тұрымтайдың иығына тиген. Қатты дыбысты естіген майор Тұрғанбаев лезде үйге жетті. Жаралы жатқан інісіне қарамастан Атымтай қаша жөнелді. Лезде күшейту тобы, дәрігерлер шақырылды. Тергеуші де, қыз да аса қатты зақымданбаған. Жаралы қылмыскер дереу тұтқынға алынды. Көп ұзамай Атымтай да ұсталды. Қылмыскерлер барлық қылмысын мойындады. Он бес жанның өмірін қиған ағайынды Жанғабыловтар сот шешімімен өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Бұл оқиғадан соң көп ұзамай қылмыскер жігіттердің анасы дүниеден озды. «Қылмыскерлердің анасы» деген сөзді көтеру қай анаға болса да оңай емес. Ағайындылардың отбасы, қалада ұзақ өмір сүре алмады, басқа жаққа қоныс аударды.

Бақыт ЖАЛИЕВА АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...