Көбіміздің сана түкпірімізде Кеңес Үкіметі тұсында тыныштық пен тұрақтылық орнаған деген пікір қалыптасқан. Түн жарымына дейін халық қала көшелерінде еркін қыдырыстап, серуен құратын. Үй мен пәтер есігін бөгде біреу қаға қалса, қорықпастан есік ашатын дәуір білінбестен өте берді. Дегенмен, сол кездерді мамыражай тыныштық заманы деп айтудың өзі қисынсыз болатын. Кеңес заманы тұсында да қылмыс атауы үрей мен қорқыныш бұлтын қоюлата түсетін. Оны естіген кез келген патриоттың төбе шашы тік тұрады. Талай жерге дейін естілетін үрейлі қылмыстық оқиғалардың жиі болатыны ащы болса да шындық еді. 1972 жылдың наурыз айы. Павлодар облысына қарасты Ермак қаласының жергілікті милициясына белгісіз ер адамның зорлығына ұшыраған 8 жасар қыздың анасы шағым айта келді. Осы оқиғадан хабардар болған із кесушілердің ізденісі көпке дейін ешқандай нәтиже бермеді. Ауыр қылмыстың куәгерлерін табу мүмкін болмады. Сонымен қатар, қатты қорқып қалған қыз өзіне шабуылдаған «ағайдың» түртүсін сипаттап бере алмады. Аудандағы бұрын сотты болғандармен жүргізілген тексеру амалдары да мардымды ешбір жаңалық әкеле қоймады. Олардың арасында әйел, қыз зорлағандар жоққа тән еді. Ауыр қылмыстық іс көпке дейін кібіртіктеп тұруға мәжбүр болды. Қалаға жақын орналасқан елді мекендер де тексеру мен бақылаудан тыс қалмады. Бір апта өтер өтпестен аудандық бөлімге тағы да бір зорланған жас қыздың анасы келіп тұр. Қылмыс «сценарийі» алдыңғы қылмысқа өте ұқсас еді. Елсіз мекенге апару… «әлдебір қызық көрсетем» деген сылтау… Онан арғысы белгілі. Бес күн өтпей жатып тағы да бір шағым… Осы оқиғаны жергілікті милиция басшылығы қанша күш салып жасырын ұстауға тырысқанымен, зорлықшының «көп сериялы қылмысы» туралы хабар бүкіл қаланы шарлап кетті. Ермак қаласы аса күшейтілген тәртіпке көшті. Кешкілік тұрғындар өзара бас қосып, осы тақырыпты қаужайтын. Көпшілігі кішкентай қыздарын ерте жарықта мектеп ауласынан өздері күтіп алып, үйге алып қайтатын болды. Қала милициясы дәрменсіз күйде қалды. Маньяк қателік жібермеді. Жедел топ бірнеше сериялы зорлау оқиғасынан соң жәбірленуші қыздардан құнды ақпарат жинай алмады. Тек естігендері: «Зорлықшы – жас жігіт, қысқа қырқылған шашы бар…». Бар болғаны осы-ақ. Күдіктінің бет-әлпетінен айрықша белгілер байқамаған. Не тыртық немесе мең болмағаны тәжірибелі із кесушілердің өздерін әбден састырды. Келесі бір қыз зорланған соң Ермакта дүрбелең туды. Іс насырға шапты. Тіпті, ата-аналар балаларын мектеп, бала-бақшаларға жібермей, өздері жұмысқа шығудан бас тартты. Осы бір «көтеріліс» 4-жасар Надяның зорланып, буындырылып өлтіріліп, мәйіті автостанция дәретханасынан табылғаннан соң басталды. Сол күні Ермакқа Алматыдан ІІМ-нің күшейтілген жедел тобы да жеткен болатын. «Мәселе былай, – деді жедел топтың жетекшісі. – Ертең ертемен аттанамыз. Жергілікті құқық қорғаушылар қолдан келгенше көмек береді. Бірден айтайын, біз өз бетімізше жұмыс жасаймыз. Біз қолға алған операцияға жергілікті милицияны араластырмауға тиіспіз. Қандай да бір жіптің ұшы қолға іліксе, дереу маған баяндаңдар! Ешқандай идеяны, болжамды, сұрақты жергілікті әріптестерге ұсынуға болмайды! Мұның бәріне тыйым саламын әрі істі өз мойныма аламын! «Жергіліктілердің» әлі күнге түк бітіре алмауы неге екені маған ұнап отырған жоқ…» деп ол шорт кесті. «Сіздіңше осыны жылдам ашамыз деп ойлайсыз ба?» деп қалды топтағы ең жас қызметкер. «Аға лейтенант, біздің бұдан өзге қандай жолымыз бар еді?» деп топ жетекшісі сұраққа сұрақпен жауап қайырды. Бөтен аймақтағы жұмыс төркіні «бұдан да жаманы болған, бірақ сирек…» деген ойды қозғады. Бір жағынан тәжірибелі із кесуші пессимистік пиғылға негіз қалаған жоқ. Ал жергілікті милиция мамандары шағын қалашықтағы отбасылық жанжал, пәтер ұрлығы, арақтың кесірінен болған өлімді ашуға машықтанып алған. Табан астынан «жыныстық қатынас маньягі» пайда бола кеткені олар үшін төбеден жай түскенмен бірдей еді. Бір сөзбен айтқанда, тәжірибесі аздау олар не істерлерін білмеді. Қатты дағдарды. ІІМ-нен келген әбжіл мамандар ақылдасып отыр. «Жергілікті маньяк өз іс-әрекетіне дұрыс есеп беретін дені сау адам тәрізді. Себебі, оқиға орнына күмән туғызатын бірде-бір зат қалдырмаған. Оның үстіне «іске» аса құлшыныспен келді. Тек басындағы бір ғана «ауытқуы» – мектеп жасындағы қыздарға тіреле бергені. Ермактың ой-шұңқырын білуіне қарағанда жергілікті болуы кәдік. Ол әзірге қалада. Жігіттер сеніңдер, біз оны ұстаймыз!» деген қорытындыға табан тіреген «командировкаға келгендер» іске құлшына кірісіп кетті. Жедел топ қауіпті қылмыскерді тұтқындау үшін ең негізгі жорамалды алға тартты. Егер ол негізсіз болып шықса, екінші кезектегі жұмыс іске қосылады. Екі топ бойынша жұмыс жүргізген алматылық із кесушілер күрделі жағдайға орай бірден төрт болжамды бетке ұстап қызу іске кірісті. Жедел топтың жетекшісінің ұсынуымен үшінші «еркін іздеу» тобы жасақталды. Олар азаматтардың әйел, қыз зорлау тұрғысында шалған қоңырауын зерттеп, болмаған оқиғаның өзін тексеруге дейін барды. Жедел топ уәкілдері әрбір ақпарат пен шағын детальдың өзін жіті қадағалап отырды. Екі тәуліктен соң ІІМ жедел тобының жетекшісіне «қылмыс картинасының» сұлбасы көріне бастағандай болды. Ермакқа барлаушылар келді. Олардың келіп жеткені туралы жергілікті милиция хабарсыз болатын. Себебі, белгілі. Құқық қорғаушылар кесірінен сақтасын, өздерінен өздері секем ала бастаған еді. Ермактық милициядан ақпараттық «саңылау» кетуі мүмкін деген күмән да жоқ емес. Алматыдан келген милиция қызметкерлерінің бастамасымен Ермакта азанғы 6-дан түнгі 12-ге дейін тәуліктік кезекшілік тынымсыз жұмыс жүргізді. Күшейтілген көше патрульдері аяғынан тік тұрды. Іздеу жұмыстарының жалғасы екі аптаға дейін созылған болатын. Осы мерзім ішінде Алматыдан жеткен із кесушілер он беске жуық жыныстық қатынас түрінде жасалған аса ауыр қылмыстарды ашып үлгерген еді. Осындай ауыр қылмыстар қатарында 40-жастағы азаматтың 8 жасар қызбен бірге «көңілдестік» жасап тұрғаны анықталды. Қара сақалды азаматтың өзі партия мүшесі, «танымал» адам болған. Із кесушілер оны жергілікті милицияның «үлесіне» қалдырып, өздері жақын қалған «түйінді» шешуге бар ынтасымен кірісе берді. Алайда олардың көкейінде «неліктен жергілікті қылмысты іздестіру қызметкерлері атышулы маньяктан көз жазып қалып отырған? Қылмыстың жылдам ашылмағаны несі?» деген сауал тұрды. Бұл сауалға кейінірек жауап табылды. Белгілі бір генерал ағамыз айтқандай: «Біріншіден, сол кездегі қоғам көзінің «сабын көбігінен» ашылмауы еді. Олай дейтініміз, бізде ондай «құбылыс» болуы мүмкін емес деген жаңсақ ұғым. Екіншіден, әлі күнге дейін әр аймақта орын алып отырған кландық жүйе. Осындай қатып-семген істерге ІІМ-нен кәсіби мамандар арнайы шақырылып түйінді шешетін…» Ең бастысы істің ауқымы емес, нәтижесі, көбіне-көп сол мақсатта жетістікке қол жеткізілетін. Бұл жолы да солай болды. Осы бір атышулы қылмыс турасында әңгіме қозғала қалған жағдайда сол кездегі капитан, майор шеніндегі бүгінгі генералдар қылмысты ашудың тәсілі мен амалы жөнінде «тіс жармауды» жөн көретін. Зорлықшы қандай тәсілмен қолға түсті деген сауалға олар мардымды ештеңе дей алмады. Басы ашық бір нәрсе – ол жас қыздарға «қырғидай тиген» жанның әйтеуір қолға түсуі. Кәсіби мамандар шоғырынан тұратын із кесушілер екі тәуліктен соң Макаров дегеннің ізіне түсті. Басшылардың бұйрығы бойынша оны біразға дейін қолға түсірмеу тапсырылды. Кезекті құрбанына беттеген оның қылмысын нақты дәлелдермен мойнына қою міндеті жүктелген болатын. Алайда кезекті қылмысына беттей қоймаған оны жедел топ мекенжайын анықтау арқылы қолға түсіруге мәжбүр болды. Құқық қорғаушылардың тінту жұмыстары біраз айғақтарды алдыға жарқыратып тастады. Зорлықшы тұрған пәтерден қыздардың аяқ-қолын матаған жіп, арқан, орамал, вазелин майы сынды біраз заттар табылды. Кішкентай қыздарды зорлаған арсыздың жасы жиырма екіде болып шықты. Аса жиіркенішті қалып танытпайтын оның сыртқы келбетінен бұрын сотты болғанын айыру қиын еді. Бар-жоғы бұзақылық үшін сотты болған ол түрмеден босап шығысымен кішкентай балаларға деген «махаббаты» оянғанын аңғарған. Тергеу ісі жылдам әрі қатал жүргізілді. Осындай жұмыстар барысында қылмыскер «ауруға» шалдықпас бұрын мысық жануарын зорлағанын қымсынбастан айтып салды. Жап-жас қыздардың «ағатайлаған» жалынышты дауысына тас жүрегі дір етпеген қатыгез маньяк соңғы құрбаны төрт жасар Надяға өз үйінің подвалында білгенін істеп, буындырып өлтіріп, үлкен қол сөмкеге салып қаладағы автостанция дәретханасына апарып тастаған. Міне осы ауыр оқиға бүкіл Ермак қаласының аяғынан тік тұруына түрткі болды. Тергеу барысында белгілі болғаны Макаров тіпті қаладан кету мақсатымен поезға билет алып, чемоданын жинап отырған екен. Алда-жалда қылмыскер ретінде күдікке іліксем құтылуға қажет болар деген оймен тапаншасын тығып алып жүрген. Кейінірек, өзінің айтуынша, жайдан-жай «менттарға» беріле салғысы келмеген. Ақыры өлетінін сезсе соңғы демі қалғанша қарсыласуға бекіген. Көп ұзамай адамдықтан безген хайуанды милиция қызметкерлері қала көшелерімен алып өтіп, оқиға болған жерге беттеген сәтте сырттан бақылап тұрған жұрт оны түтіп жеуге даяр тұрған. Әсіресе, әйелдер тұра ұмтылып, жап-жас жауызды «жыртуға» құлықты еді. Сот-медициналық сарапшылар Макаровқа жүйке-жүйесі сау, дені дұрыс деген анықтама берді. Өзімен бірге отты қару алып жүруі оның ақыл-есінің қалыпты екенін айғақтағандай. Қылмыскер өзінің іс-әрекетінде жиіркенішті құбылыс бұғып жатқанын өте жақсы біле тұра, осындай қылмысқа саналы түрде беттеген. Сондай қадамға барған ол қылмыс болған жерден ізін жасырып отыруды мықтап жадына түйген. Тергеу түбегейлі аяқталып, іс шұғыл сотқа жіберілген соң көп ұзамай милицияға жағымсыз хабар келіп жетті! Естіген естілерден ес кетті. Жергілікті прокуратура мен соттың қателігінен Макаровтың жасаған ауыр қылмыстары үшін ату жазасына мүлдем басқа адам кесілген.
Арман ЖУСАНБАЙ