12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

МОЛАДАҒЫ МАНЕЖ

Жанәсіл торы атын қайта-қайта тебініп, Ақшоқының басына шыққанда күн арқан бойы көтерілген еді. Аз қалды деп ойлады жігіт. Шағын мотордың жағары бітіп, мылқау болғалы үшінші күн. Құдықтан шелекпен су тартып, жарыққа жарымай қалғандарына қарамастан, орталыққа барып, жермай әкелуге қолы тимеді. Қарақасқаның үйірін іздеп, бел талды-ау дегенде Тұзкөл маңынан әзер тауып, айдап әкелген. Енді, міне, бүгін таңнан торыны ерттеп келе жатқан беті. Орталық дегені екі киіз үй, бірінде Әсет әйелімен тұрады, екіншісінде малшыларға керек заттар, таспа, жермай, киіз секілді заттар сақталады. Совхоз осы жерге жеткізіп, бірнеше ферманың осы маңда отырған шопандары керегіне қарай алып, көк дәптерге қол қойып кетеді. Қажетін қамтамасыз ететін осы екі үйдің неге орталық аталып кеткенін ешкім білмейді. Баяғыдан солай… Әсет өзі құралпы, отызды орталап қалған, бір-екі жас үлкен болар, тек бұнымен құрдасындай қалжыңдасады. Ақжарқын жігіт. Келіншегі Айнұрдың да қолы ашық, үйге қонаққа келе қалса бұның Армантайын айналып-толғанып, тәттіге тойдырып, мәз етеді. Көп жыл сарыла күткен перзенті есіне түскенде Жанәсілді бір тәтті сезім қытықтап өтіп, қанжығадағы тоқ дорбаны қолымен бір сипап қойды. Келіншегінің салып бергені. Әсеттің екінші ұлы – Марат бұның Арманымен бір күнде туған, құдай қаласа, келер айда үшке толады. Қой сойып, сірне жасап, екі қуанышты бірге атасақ деген ойы бар еді, соған Әсеттерді шақыра кетпек. Маратжан жесін деп дорбаға құрт-май толтырған Қалима «Айтуды ұмытпа!» деп қайта-қайта тапсырған. Оның да сыры белгілі, Айнұр келсе біраз әңгіменің тиегін ағытып, шер тарқатып қалады. Жаз жайлау қыс қыстауда саяқ жүретін малшы әйелінің жағдайы белгілі, зерігеді ғой. Бұл екі шоқының ортасында тұрған орталыққа жетіп, ет жаятын бақанға шылбыр байлағанда да жыбыр еткен жан байқалмады. Әуп еткен ит те жоқ. Малшылар келсе, абалап берекені алады деп шәуілдек ұстамайтын Әсеттің өзі еді. – Ау, Әсеке, талтүске дейін ұйықтаймысың! – деп үй сыртынан дауыстаған. Тым-тырыс. Апырай, үйінде жоқ болып, ұзақ тосып қалмасам нетті, әдетте әйел-баласы болса да отырғызып, шаңырақты иесіз қалдырмаушы еді деген ой сумаң еткен. Үй алдына барып еді, есік бастырылмапты. Жанәсіл: «Ау, кім бар?» – деп қайыра дауыстап, есікті шалқасынан ашқан сәтте мүңкіген иіс қолқасын қапты. Алақанымен мұрнын баса қойды да, үйдің ішіне үңілген. Босаға алдында Әсет көлденең жатыр, жүзі аспанға қарап, көзі аларып кетіпті. Одан арыда Айнұр етбетінен құлаған екен. Жүрегі жамандық сезген Жанәсіл досын бас салған, – Әсеке. Әсет! Әсеттің денесі қатып қалыпты, кеуде тұсы қан-жоса, бауырынан аққан қан топыраққа сіңіп күреңітіп жатыр. – Айнұр! Жанәсіл төрге салынған төсек үстінде ішкөйлекшең жатқан, әлдекімнен құтылғысы келгендей керегеге жармаса жантәсілім еткен, жайылған шашы күреңітіп ұйысқан келіншекті аударған. Қорқыныш торлаған жүзін қан жуып, тілі шығып кетіпті. Жанәсіл оны тастай бере манежға ұмтылды. Маратжан шалқасынан екен, көзі жұмулы. Бір қарағанда ұйықтап жатқан іспетті… тек өңі көкшіл тартыпты. Алақтап жан-жағына қарап еді, үлкен ұл Қанат көрінбеді. Ол қайда? Жігіт бақырып жіберген, басы айналып, көзі қарауытты. Далаға әзер сүйретіліп шығып, топырақ құша өкірді. Орнынан әзер тұрып еді жүрегі айныды, үй ішіндегі мәйіт иісі мұрнынан кетпей қойды. Сәл ес жиып, Жанәсіл сүріне-қабына атына жүгірген. Қолы дір-дір етіп, қанжығадағы жермайға арналған канистрын әзер шешіп, анадайға атып жіберіп, екінші бастағы бауды тартып еді, толық шешіле қоймады. Жігіттің оған қарар мұршасы жоқ, атына қарғып мініп, борбайлата қамшы басты. Он шақырым жердегі ауылға жетіп, хабар бермек. Орта ойрандап қаша жөнелген жамандықты қуып жеткісі келгендей торы да етекке қарай екілене шапты. * * * Жігіт ауылға хабар беріп, бір-екі қарияға ағайындарына естіртіңіздер деп табыстап, қайта кері шапқан. Ал, аудандық ішкі істер басқармасының жұмыс тобы жиналып, бір көлікке тиеліп келген де қас қарая бастаған еді. Ұзынқұлақ жеткізген болуы керек, ол уақытта жақын маңдағы малшылардың да біразы осы жерге келіп алған болатын. Тай-құнан мінген бес-алты бала да жүр. Қолына шағын шабадан ұстаған адамның үйге кіріп-шыққаны тез болды. – Мәйіттердің осылай жатқанына кемі екі күн болған, – деді ол қара мұртты капитанның қасына келіп. – Еркекке оншақты рет пышақ салған, ал әйелді чем-то тяжелым… Баланы не тұншықтырған, не буындырған… анықтаймын ғой. – Да?! Жақсы. Анықта, – әлгінің үйге кіріп, оқиға орнын қарар ойы жоқ. – Не, сіз кіріп көрмейсіз бе? – деді Жанәсіл шыдамай. – Керек адамдар көріп жатыр, сен немене қыстырылып тұрсың? – деді капитан бұған алара қарап. Аузынан арақ исі бұрқ ете қалған. Бұлардың неге кешеуілдегені түсінікті болды. – Енді мал емес қой… – Слушай! – капитан саңқ еткен, мұрты едірейіп кетіпті. – Сен маған қалай жұмыс істеу керегін үйретпекпісің?! Бұл бірдеңе дегелі жатыр еді, ұзын бойлы жас лейтенант шынтағынан алып, былай әкетті. – Ашуланбаңыз, аға! Бәрі дұрыс, қараймыз, – ол қойындәптері мен қаламын ыңғайлады. – Мәйіттерді тапқан, хабар берген сіз ғой, қалай таптыңыз, не үшін келіп едіңіз? Жанәсіл лейтенанттың сұрағына түйіле жауап беріп отырды, көз алдынан манежде жатқан Марат кетпей қойған. Өздері бір жасына сыйлаған ағаш бесік енді сәбидің табыты болып жатыр. Жанәсіл сырғыған жасты тоқтата алмады. Үй ішіне кіріп, көргенін, кімнің қалай жатқанын айтты, одан лейтенантқа ілесе сыртқа шығып, кішкентай қолшам жарығына қосыла үңіліп, маңды шолды. Екі-үш машинаның, адам, топырлаған ат тұяғының ізі. Лейтенант әр көргенін қағазына мұқият сызып, түртіп жүрді. – Лейтенент! Капитанның дауысы. Бұлар опергруппа басшысының жанына барған. – Сен былай істе, осында жүрген малшылардың бәрінен түсінік ал. Әсіресе, мынаны жақсылап тексер, – капитан Жанәсілге саусағын кезеді. – Білем мен бұл конокрадтарды, өз бәлесін өзгеге жапқанға шебер. Жанәсіл шамданып бірдеңе демек еді, лейтенант ақырын ғана қол қырымен тысқары итерді. – Ұқтың ба?! Ал маған ауданға бару керек, көлік апарып тастап, қайтып келеді. Давай, молодой, работай. Капитан айтарым бітті дегендей маңғаз кейіппен шалт бұрылып, көлікке қарай кете барған. Тексеріп болдым, керекті анализдерді алдым, сурет те түсірдім деген сарапшы да соған жабыса кетті. Оны да түсінуге болады, маман жетіспеген соң өзі сарапшы, өзі фотограф. Әр оқиғаға барып, мұрнынан шаншылып жүреді. Жанәсіл мен екі-үш ересек адам таң бозарғанға дейін лейтенанттың жанынан бір елі қалмады. Жас жігіт мұқият екен, жарықпен отырып әр көліктің ізінің бедерін салды, әр жылқының тұяғының таңбасына үңіліп жүр. Бір жазып тұрғанын байқап қалды: алдыңғы оң аяғының тағасы жоқ деп түртіп қойыпты. – Бұл ана Қасен деген қойшының дөненінің ізі ғой, кеше ғана түскен, – деп сыбырлап еді, сызып тастады. Малшы ағайында бір қасиет бар, бөтен малды тұяғынан айыра береді және соған қарап қай беткейде қай күні жайылғанын топшылай алады. Жанәсіл бастаған малшы қауымның лейтенентқа көп көмегі тиді. Ал мәшине ізінде бұлардың шаруасы жоқ, жас лейтенант өзі бірдеңе етіп, оқып алар. Оның үстіне көлік көп те емес, жанармай әкеп тұратын көкқасқа, арыбері өтетін, директор, ветбраштың тырылдақтары ғана. Мәйіттерді әкететін көлік келгенде бұлар әбден шаршап еді. Тәулік бойы тыным таппаған Жанәсіл лейтенанттың қолын қысып тұрып: бар үміт өзіңде, інім. Мына қанішерді табу керек, – деген. – Табамыз, аға, алаңдамаңыз. – Атың кім, бірдеңе біліп жатсам хабарын беремін? – Лейтенант Нұрланов, – жас жігіт қысылып, күліп жіберді. – Ғабитпін, аға. – Жақсы, Ғабит. – Сау болыңыз. * * * Лейтенант екеуі бір аптадан соң, аудандық бөлімдегі тар кабинетте кездесті. Ғабит бұны жылыұшырай қарсы алған. – Қош келдіңіз, отырыңыз, – деп орындық ұсынды. – Сізді шақырған себебім өткендегі түсінігіңізді бір пысықтап алу керек болып тұр. – Мақұл. Бұның айтқан сөздерін енді тықылдақ машинкаға терді. – Суыт жүрісті ешкімді көрмедіңіз бе? – Жоқ. – Таудағы жұрт бірдеңе байқаған шығар? – Оны білмедім, інім, өзім осы оқиғадан соң үйден шықпадым, оңала алмай жүрмін… досым еді ғой… – Жанәсілдің дауысы дірілдеген. – Марат баламыз еді ғой… Осы кезде есік шалқасынан ашылып, капитан кірген. – А-а, конокрад, келген екенсің ғой, – деп бұған ежірейе қарады. – Конокрад болып әкеңнің малын ұрлап па едім? Жаны күйіп отырған Жанәсіл шырт ете түскен. Капитан түйіліп келіп көз алдына саусаған безеді: – Тілі ұзын өзінің… Жанәсіл жүзін тайдырмады. – Ну, ну, – деді капитан өзін-өзі сабырға шақырғандай болып. Содан Ғабитке бұрылған. – Қалай? Лейтенант иығын қиқаң еткізді. Капитан бұны иегімен меңзеп еді, Ғабит басын шайқады. – Түсінікті. Бұл – висяк. Тездетіп істі жап та, ана Меркедегі жоғалған бес қойдың мәселесімен айналыс… Капитан қысқа әмір етіп, шығып кетті. Жанәсіл Ғабитқа аңтарыла қараған: – Жапқаны несі, жаным-ау, істі жапқаны қалай? – Айғақ, дәлел жоқ, не қылмыс қаруы табылмады. Мәйіттер екі-үш күн жатып қалған, үй маңындағы ізді жұрт таптап тастаған. Сарапшының берген қағазы «пышақ салды, бірдеңемен ұрды» дегеннің төңірегінде. Ілік жоқ, бір аптадан бері басым қатты, аға, – деді Ғабит шаршаңқы түрмен. – Сонда… – Жо-жоқ, әзірге жаппаймын. – Ғабит жымиып, есік жақты меңзеді. – Сіз ол кісіге бекер ренжисіз, мінезі арсың-гүрсің болғанымен, жақсы адам. Жанәсіл тыржың етті. Ғабит күлген. – Марат неден қайтыпты? – бұл өзін қажаған сұрақты қойған. – Асфикция, ауа жетпей тұншығып қалған. – Қалай? Ғабит иығын қаусырды. Жанәсіл: – Ең құрығанда сол құртақандай баланың неден өлгенін анықтамай істі қалай жаппақсыңдар… Екеуі үнсіз қалды. Сәлден соң бұл тізесін сарт еткізіп, орнынан тұрған. – Мен де таза ауа жұтайын, – деп Ғабит ілесе шықты. Есік алдында тұрып қалтасынан «Примасын» шығарған. Ұсынып еді, Ғабит басын шайқады, шекпеймін дегені. Бұл сіріңкесін жағып, шылымын тұтатып, құшырлана бір-екі сорды. – Былай етейік, аға, – Ғабит бір шешімге келгендей кейіп танытты. – Мен ертеңге көлік сұрайын, қылмыс болған жерде кездесіп, екеуміз тағы бір шолып шығайықшы… – Е, бәсе… Таудағы жұрттан бір сұрау алмай, аралап шықпай-ақ істі жаба сала ма, Әсеттің әулетін қырып салған қанішер жазасыз қала ма деген ой жанын жегідей жеп жүрген Жанәсіл қуанып кеткенін жасыра алмады. – Жақын маңдағы қойшыларға хабар берейін бе? – Қажет емес, әуелі өзім бір мұқият сүзіп шығайыншы… Одан кейін аралармын. Екеуі қол алысып қоштасты. * * * Ғабит ертеңіне тау ішіне брезент жаппасы бар уазикпен келді. Үй маңын басқызбайын дегендей алыстау тоқтаған. Рөлдегі месқарын, сержант шопыр әудем жерде тосып тұрған бұларға келіп амандасқанға ерініп, жолаушысын түсіре сала, менің жұмысым осы ғана дегендей рөлге сүйеніп, ұйқыға кріскен. Ғабит папкасын құшақтаған күйі бұларға аяңдай жақындады. – Ассалаумағалейкүм. – Уағалейкүм, – Жанәсіл бойы сорайған лейтенантты кәдімгідей іштартып қалып еді. – Есенсіз бе? – деп Қалима бас изеген. – Былай жүріңіз. Олар екінші үйдің көлеңкесіне шағын дастарқан жайып қойып еді, тергеуші баланың қарны ашар, шөлдер деп Қалима түнде сүрден асып, шалап әзірлеген болатын. Ғабит ыңғайсызданған. – Таңнан жолға шығады, оразасын ашып үлгере ме екен деп мына жеңгеңнің жаны қалмады. Аз ғана дәм ғой, ауыз ти, – деп Жанәсіл дастарқанға бастай берген. – Ана бала ше? – деп көлік жаққа мойын созып еді, есікті айқара ашып тастаған шопырдың қорылын сақ құлағы естіді. – Мейлі, ұйықтай берсін, шаршаған ғой. Ғабит жапырақтап туралған еттен бір-екі асап, термостан құйылған шайдан бір шыны ғана ішті. Мына жерде ас батпасы анық, Жанәсілдің өзінде де тәбет жоқ. Лейтенант асығыс бет сипай: – Рақмет, жеңеше. Іске кірісейік, аға, – деп орнынан көтерілді. Ғабит бірден үй маңын қайта қарай бастаған. Қаралы хабарға жиналған қауым, Әсеттің «ой, бауырымдап!» жеткен ағайыны айналаны біраз таптап-ақ тастаған екен. Ол сәтті Жанәсіл ешқашан ұмытпас. Түн ортасында жүк көлігіне тиеліп әзер жеткен шешесі, бауырлары дауыстап жоқтау айтып жатқанда қаршадай Қанат мең-зең күйде сенделіп жүр еді. Шам жарығымен байқап қалған бұл, Қанатжан, деп бауырына тартқанда баланың сұрағаны «Жанәсіл аға, Марат қайда?» – болды. Әке-шешені емес, бауырды іздеген баланың дауысындағы үрей мен діріл жанын бордай езген Жанәсіл оны құшақтаған күйі ұзақ жылаған. Өзі ата-әжесіне кеткен аз уақытта ормандай жұрты тып-типыл болғанын бала жүрегі сезсе де, сене алмай, бұған ілесе жыламады. Жұқа алашаларға оралып, әкететін көлік келгенше іргеге қарай қойылған үш денені Қанатқа көрсетпеп еді. Баланы біраз алдаусыратып, жүк көліктің кабинасына ұйықтатқан болатын. Көзі ілінген Қанат ауыр күрсініп, демі үзілердей қатты өксігенде жан-дүниесі тағы алай-түлей болды… – Аға, өткенде сіз үйге тіреле тоқтаған көліктің ізін көріп пе едіңіз? Әр тұсқа үңіліп, өзіне ғана аян бірдеңені іздеп жүрген Ғабиттің сұрағы ойын сейілтті. Қанды күні есі кетіп, ауыр жағдайдан ебіл-дебілі шыққан Жанәсілде әр нәрсені түюге қайдан мұрша болсын. – Байқамаппын… Қанша үңілсе де, ол ізді таба алмады. Өшіп кетіпті. Ғабит қойындәптеріне үңіліп орталыққа әкелетін жолды кезді, салып алған суретіне бір, іздерге бір қарайды. Соңғы күндері біраз жеңіл көлік келіп, таптап тастаған жолдан көңілге демеу болар ілмек таба алмағаны салыңқы қабағынан байқалады. – Мүмкін ол ит атпен келген шығар? – Жанәсіл бұл сұрақты қойса да, өздігінен қуыстанды. Мал баққан ағайынның қайсысын мұндай қаныпезерлікке қиярсың. – Мүмкін, мүмкін, – деп Ғабит жерге үңіле берді. Бұның сөзін елемегеніне Жанәсіл іштей қуанған. Тергеуші шыр айнала қарап жүріп, отыз-қырық қадамдай жерде ақсөңке болып шашылып жатқан отынның арасынан бір ағашты тауып алды. Айналдыра қарап тұрып, бұны ымдап шақырған.

Жанына барып қарап еді, шағын келсаптың келтегі екен, жуан басы қызыл-қоңыр. – Осымен ұрған болды, – деді Ғабит. – Мынау қан. Сосын Қалимаға қарап: – Жеңеше, бір шүберек тауып бересіз бе? – деді. Қалима тамақ орап әкелген сәтенін алып келіп еді, келтекті соған мұқият орап, ұйқысы қанып, зерігіп отырған шопырды шақырды да, көлікке салып қоюды тапсырды. – Мынада қылмыскердің саусақ ізі бар болуы мүмкін, абайлап ұстаңыз… Сыртты ет асым уақыттай зерттеген соң дәптеріне әлденені түртіп жүрген Ғабит ішке бет алды. Қалима екеуі ілесе кірген. Өткендегі иіс шала кетіпті, көрпе-жастық қан-жоса күйі шашылып жатыр. Мына көріністі көрген Қалиманың жүрегі тағы қозғалды, бетін басып, бебеулей жылап қайта далаға атып шыққан. Жандарым-ай, – деп күңірене жоқтағаны естіліп тұр. Әсет пен бала-шағасы қаза тапқан соң жұмыс тұрып қалмасын деп директор орталыққа Бейбіт деген жігітті уақытша жіберген екен. Ол мұнда жолағанға қорқатын секілді, екінші киіз үйден шықпайды. Кешке қарай атына мініп, он шақырымдағы ауылға тартып отырады. Кеше бұл жолай соғып, ертең милиция келеді дегенде «Аға, сіз күні бойы осы жерде жүретін болсаңыз, мен ертең келмей-ақ қояйыншы, жаным тіртіркеніп жүр. Солярка-керосин сұрағандар болса, ана бөшкелерден алар» – деп бұлар таңда көлеңкесінде отырған киіз үйді меңзеген. Бейбіттен басқалар да бір әулеттің жаны шыққан маңға жуығанға қорқақтайтын секілді, жермай сұрап келген ешкім жоқ. – Әсет мына тұста, әйелі төрде жатты, ә, аға? – Иә, – деді бұл ақырын ғана. – Сонда қылмыскердің келгенін біліп, Әсет есікті ашқан ғой… – Солай шығар. – Жанәсіл Ғабиттің ойын түсіне алмай тұр. Қисыны келіп тұрса бұдан несіне сұрайды. – Демек… ол бірінші Әсетті өлтірген, бірнеше мәрте пышақ сұққан кезде қарсыласып та үлгермепті… демек… сөйлесіп тұрып салған, – Ғабит бұның жүзіне барлай қарады. – Екеуі жақсы таныс болған. Өте жақсы таныс… Капитанның «Мынаны жақсылап тексер» деген сөзі ойына сап ете қалған Жанәсілдің миы шың ете қалған. Мына бала қайда апара жатыр, бастығының ығына жығылып тұр ма, сығырая қарап не айтқысы келеді? Көп ой денесін тітіркентсе де, сыр бермеді. – Әсет құлаған соң, әйелі шыңғырып жүгірген, сол кезде ол мына жердегі келтекті алып, салып қалған. – Ғабит босағаның оң жағында тұрған кішкентай келіден әлдене алғандай болып, сермеп қалды. – Келіншек әуелі шалқасынан құлаған, сосын еңбектеп ары қашқан. Сол кезде қылмыскер бірнеше рет басынан ұрған. Ол тағы бірнеше мәрте қолын сермеді. – Ал, одан кейін… – Ғабит манежге бұрылып, тұрып қалды. – Осы жері түсініксіз. Балаға неге тиісті? Ол тағы бұған қараған. – Соны біз де түсінбейміз, үлкендерді өлтірсін делік, кішкентай балада несі бар? Дені сау адамның ісі емес қой. Ғабит үндеме дегендей саусағын шошайтты. – Сау емес… Дұрыс айтасыз, сау адамның ісі емес! – Ойланған күйі бұған қарады. – Сіздің логикаңыз мықты, Жанәсіл аға, өте мықты. Таң қаламын. Жанәсілдің бойын тағы бір түсініксіз діріл кезген. – Баланы неге өлтірді? – деді Ғабит кенет сұстанып. – Неге өлтірдің? – Немене? – Жанәсілдің ашуы бұрқ еткен. – Жо-жо, аға, ренжімеңіз, – деді Ғабит жұлып алғандай. – Қылмыскерше ойлап көріңізші, түн ішінде, қаракөлеңкеде баланы не үшін өлтіресің, көрсе де, таныса да ештеңе айтып бере алмайды ғой? Не үшін? Ғабит бұған қараған: – Бала қалай жатты, есіңізде ғой, шалқасынан, иә? – Иә. – Қолмен қылқындырмаған, аузын алақанмен баспаған, өйтсе мойнында, бетінде із қалар еді… Ғабит манеждің аяқ жағында жатқан құсжастықты алды. Содан соң ағаш бесікке төніп, тұншықтырғандай болды. – Міне, былай. Итеріп құлатып, жастықпен баса салған?! Ғабиттің өңі қуарды, жастықты тастай сала сыртқа шығып кеткен. Лейтенанттың айтуымен бір түннің сұмдығын көз алдынан өткізген Жанәсіл состиып біраз тұрып қалды. Бұл сыртқа шыққанда Ғабит бір тізерлеп қойындәптеріне жазу жазып отыр екен. – Бүгінге болар, аға, – деді басын көтерместен. – Қылмыскерді бұл маңнан іздеп уақыт жоғалтпайын… Қылмыс болған түні біраз шопанмен тілдескен Ғабит тұжырым жасаған секілді. Блокноттың бетін парақтап, бір тұсын бұған көрсетті: – Өткендегі із мынау ғой, суретін салып алғаным қандай жақсы болған. Сарапшы ерте кетпесе, гипс құймасын да жасап алар еді, енді осыны місе тұтуға тура келеді. – Ғабит өкінгендей болды. – Еске сақтап алыңыз, кім білсін, осы маңға тағы бір келер… Жанәсіл блокноттағы бірнеше сызыққа бірдеңе ұғатын адамша үңілді. Әйтеуір көшкенде мінетін Газ-69, ЗиЛ-дардың жер жентектеп қалдыратын ізіне ұқсамайды. – Жеңіл көлік. Не, Жигули, не Москвич, – деді лейтенант жымиып. Жанәсіл жас милиционердің адам ойын сан құбылтып, оның ойлағанын оқи алатын зердесіне сүйінді. Қалима екеуі оны шығарып салып, аттарына мініп, өздері отырған беткейге қарай жүріп кеткен. * * * Келер таңда бұл малды өріске жіберіп, көмекшіге біраз тапсырма беріп, түнде алдына салынған аздаған жем-шөппен тұрған торыны қайта ерттеді. Кеше Ғабитпен қоштасқан кезде бір ой түйіп еді, соны тексеріп көрмек. Біссімілда деп атына жеңіл қонған соң батысты бетке алып, жүріп кетті. Бір колхоздың малшылары таудың беткейін, сай-саласын арасы 5-6 шақырымнан ала қоныстанады. Тау ішіне кірген көлік болса, солардың бірі көрмеуі мүмкін емес. Атты қинамай аяңдап отырып Кеңбұлақтағы Ерменнің үйіне барып еді, өзі жоқ, қатын-баласы ғана бар екен. Аздап сөйлесіп, шайға қарамастан нан ауыз тиді де, қайта атқа қонды. Бұл үйге бергі он күнде қонақ келмепті. Ешқандай көлік те көрмеген. Басқасы орталықтан тым алыс, бірдеңе біле қояр ма екен деп, ойланып тұрды да, сол тұстағы саймен орталыққа қарай беттеді. Сай аузына жете бергенде ат тізгінін кілт тартып, тұра қалған. Көзі алдамапты. Майда шөпті жапырған қос сызық келесі шаттағы Қотырбұлақтан бері сызылып жатар. Бір тұс көрінеді, бір тұс көрінбейді. Жанәсіл әуелі өз бағыты – төмен қарай жүрді. Із бір шақырымдай жоғары жатқан орталыққа апаратын қара жолға барып қосылып, жоғалды. Содан, жоғары, бұлақ басына қарай ат басын бұрды. Өзіне әкелер сайы ғана жайдақ, арғысы кедір-бұдырлы қожыр тасқа айналатын Қотырбұлақтың басында аздаған тал-дарақ, бір-екі түп қайың бар, жайлауға келген соң көрші шопандар сол жерге жиналып, бір қозының басын мүжитін кейде. Одан кейін қарбалас тірлік басталып, бұл жер елеусіз қалатын. Тау ішінде қайнар, бастау көп болғандықтан, мұнда мал суаратындар да кем. Басы ауған жаққа өретін аяқты түлік болмаса, ұсақ тұяқты қойшылар етекке қарай жаймайды. Оларды шөбі қалың бет кейге салып қойып, биіктегіні үйден көздеп отырған әлдеқайда оңай. Із тура Қотырбұлаққа алып келе жатыр. Төтесінен салсаң орталыққа дейін бес шақырым шамасы, кей тұсы тастақ адыр-адырмен салт жүрген адамға бір сағаттай жол. Ал саймен қуаласаң ол қашықтық тағы үш-төрт шақырым ұзарады. Жанәсіл бұлақ басында түсіп, атын бұтаға байлады. Содан мөп-мөлдір суға беті-қолын жуып, мойнына су жүгіртіп, рақаттанып алды да көсеп ұрттады. Сосын айналаны барлай бастаған. Көліктің осы тұсқа тоқтағаны анық. Домалап жатқан төрт-бес шишаның бірін алып иіскеп, түбіндегі жұрнағын алақанына сілкіп еді, әлі исі мүңкіп тұр. Бір аптаның ары-берісінде осы маңда біреулер тойлатқанын шиша ғана емес, шашылып жатқан қалбыр, газет, шұжық қағаздары да байқатады. Күн сорған бір-екі қызанақ та мыж-мыж болып жатыр. Жанәсіл қиыршық, шағал құмды арнаны бойлай жүріп еді, көлік бір тұсты басып өткен екен, жағадағы саздауытқа дөңгелек таңбасы анық түсіпті. Үңіле қарағанда Ғабит көрсеткен суретке ұқсайтындай көрінді. Жаманат осылардан келгенін іші сезгендей. Ғабитке барып айтса ше… Қателессем босқа сандалтам ғой, деп бір қойды. Қайтсем екен деп тұрғанда өртеңде жатқан жапаларды байқады. Біреудің ірі қарасы осы жерді бір-екі рет суат еткенге ұқсайды. Атына мініп, сиыр ізімен жүре бастағанда-ақ бағыты – қырсық Қалиақбардың қашары екенін түсінген. Екі-үш шақырым өрлей отырып, Қалиақбардың үйінің үстінен түсті. Бұл өзі күжірейген, томаға-тұйық, қызық кісі. Адамға жұғымы жоқ. Не той-томалаққа барып, жұртпен шүйіркелесіп жатқанын көрмейсің. Не үй аралап қыдырмайды. Саяқ. Кәкең абалап алдынан шыққан тайыншадай төбеттеріне шәй деместен алақанымен күн қағып, бұған тесіле қарап тұрды. Жанына жетіп, «Ассалаумағалейкүм», – дегенде де ернін жыбыр еткізіп, ұзын сәкіге отыра кетті. Бұл аттан түсіп, жанына жайғасқанда: – Не ғып жүрсің? – деп күңк еткен. Киіз үйдің есігінен бұл қайсың дегендей жылт етіп бір қараған қатпақара қатыны да қайта көрінген жоқ. Бұлардан үйге кір, дәм тат деген мәзірет болмайтынын білетін Жанәсіл бірден шаруаға көшкен. – Мына орталықтағы оқиғаны естіген шығарсыз? – Қалиақбардың жүзінен не иә, не жоқ дегенді байқай алмады. Естімеуі мүмкін емес деп ойлады Жанәсіл. – Сол сұмырайлардың ізі мына Қотырбұлаққа әкелетіндей, ол маңнан суыт жүрген адам, көлік көрмедіңіз бе, Қалеке? – Е, жоғ-а, ол жақта нем бар? – Қалиақбар сұрайтын нәрсені тапқан екенсің деген кейіппен ежірейе қарады. – Әсет байғұстың әйелі мен баласын да өлтіріп кетіпті, – деді Жанәсіл мынаған әсер етер дегендей. Қалиақбардың аузынан обал болыпты-ау деген сөз шықпады. – Жарайды, Қалеке, сіздің сиырларыңыз сол бұлаққа түсіп жүрген соң бірдеңе байқады ма, – деп келіп едім. Бұл шылбыр-тізгінін реттеп атына мініп жатқанда Қалиақбар бопты дегендей қолын бір сілтеді. Иттері абалап шығарып салған. Келген ізімен кері кетіп бара жатқан Жанәсіл кенет атын анадайда жатқан ақтылы қойға қарай, өрге салды. Төмен қарап еді, киіз үй мен жаппаның ортасында бұның ізінен қарап қалшиып тұрған Қалиақбарды көрді. Кескін-келбетіне көзі жетпесе де, жақтырмай тыржиып тұрғанын елестетіп, басын бір шайқап, тебінді. Бұл қиялай жүре отырып, дәу төбенің басына атын шалдырып қойып, аткөрпесін төсеніп жатқан көмекші шопанның дәл тұсынан шыққан. Мұны көрген Ермек атып тұрып, қос қолын соза амандасты. – Қайдан жүрсіз, аға? Мана үйге бара жатқаныңызды алыстан байқап, торы атты шамалап едім, жаңылмаппын, – деп мәз. Әуелі атын, сосын ғана адамын танитын малсақ қазақтың ескі әдеті ғой. Жанары жылтыраған көмекшінің зеріккені көрініп тұр. – Бір шаруамен Қалекеңе жолығып едім, жөнді жауап ала алмадым, – деді бұл ер басына сүйеніп. – Енді ол кісіні білесіз ғой… қызық адам өзі… – деді Ермек аттағы бұған шалқая қараған күйі ыржиып. – Не шаруа еді? – «Мына Қотырбұлақ басынан бөтен адам байқамадыңыз ба?» деп сұрағам. Жоқ деп қысқа қайырды. Мүмкін сен бірдеңе білерсің? – деді Жанәсіл бозбалаға сығырая қарап. – Білгенде енді… бөтен ешкімді көрмедім. Жанәсіл бұның күмілжігенінен күмән алды. – Сонда? – Енді… – көмекші шопанның түрі бұзылып сала берген. – Айтпа деп еді, аға?! – Кім? – Жеңгең біліп қойса менің басымды, ал мен сенің басыңды жұламын деп еді… – Кім деймін? – Жанәсіл ақырып жібергенін байқамай қалды. Бозбала төмен қараған. – Әй, – деді Жанәсіл. – Сен орталықтағы қырғынды естідің бе? – Иә, өткенде шет жағасын естігем, барып келейін деп едім Қалиақбар аға жібермеді. – Естісең, Әсетті солар өлтірген болуы мүмкін… – Астапыралла! Олай демеңіз, аға, ол кісілер өйтпейді. – Қай кісілер? – Зоотехник аға, бетбраш бар, тағы бір бөтен адам бар. Екі сұлу қыз бар… – Қыз? – Иә, аға, ауылдағы Бәтима тәтенің қызы ше, біреуі сол. Мә, сұлу ғой. Барсам бәрі тойлатып отыр, қыздар мас, былқ-сылқ етеді, – бозбала жаңағының бәрін ұмытып бір қиялға беріле бастаған. – Қандай көлік? Жеңіл мәшине ме? – Аха, – көмекші басын шұлғыды. – Жигули, москвич? Ермек күлді: – Ой, ондайыңызды білмеймін, аға. Менен қасқа сиыр қашан туады, қара саулықтың қозысын қашан ит-құс алды дегенді сұрасаңыз, зулаймын. Ал жегули, мәскібішіңізді білмеймін, әйтеуір, бұрын ол көлікті көрмеппін. Ой, тойлайды, а, аға, бастықтар?! Ана екі сұлуды айтсаңызшы… Жанәсіл оның сөзін шала естіді, ойы басқа еді, осынша адам жүріп анадай қылмыс жасауы мүмкін емес, жасаса да осы уақытқа дейін бір сыбыс шығар еді. Бір адам білсе – құпия, екі адам білсе – жария. Демек, қылмыскер басқа. Сонда бұл күні бойы босқа салпақтаған болып тұр. Ғабиттің де бір жұмасы далаға кетті. – Жарайды. Жақсы, – деді жіп ұшынан айырылғанына көңілі нілдей бұзылған бұл атын тебініп. – Аха, жақсы, – деді таңдайы енді қызып келе жатқан бозбала аңтарылып. Жапандағы жалғыздықтан бір сәтке құтқарған адамның кеткенін қаламайтындай, үнінде қимастық бар. – Қап, – деп ойлады Жанәсіл торы атты ілбітіп бара жатып. – Қап, уақыт шығын болғаны-ай. Қызметтегі адамдар қылмысқа бармайды. Сонда да… сол күні ол көлік орталыққа барғаны анық қой… не үшін барды? Кімді көрді? Бұны қалай да Ғабитқа айту керек. Ол жігіт пысық, бәрін тез анықтайды… * * * Көңілі жай таппаған Жанәсіл келесі таңда ішкі істер басқармасы алдында сенделіп, Ғабитты тосып жүрді. Жұмысқа келе жатқан жігітті анадайдан көріп алдынан шыққан. – О, Жанәсіл аға, ассалаумағалейкүм. Қайдан жүрсіз? – деген жігіт жайдары. – Сені іздеп келдім, білгенім бар еді… Екеуі ішке кіріп, баяғы тар кабинетте тілдесіп, бұл екі күнде естіген-білгенін түгел жіпке тізгендей етті. – М-м, ауданда көлік көп емес қой, мен де өткеннен бері тізім бойынша ақырындап машиналарды қарап жүрмін, – деді Ғабит бір қағаздарын асығыс қарап. – Сіз айтқан зоотехник Белгібаевтың шынымен ескі москвичі бар екен, қашасының ішінен көргем. Дөңгелегі тозып, қаңқасы қурап тұр. Ол емес. Ал ветврачтың машинасы жоқ. Екеуі қайта тығырыққа тірелгендей болды. Ғабит ернін жымырып біраз отырды да, оқыс телефонға жармасқан. Аңтарыла қараған бұған көзін қысып қойды. Тұтқаны ұстап құлақ түріп отырып, бір мезетте: – О, Әсел, сәлем, – деп даусын соза әлдекіммен амандасты. Арғы жақтағы қыз өкпе айтып назданды ма, бұл: «Ой, сені қалай ұмытамын, просто қол тимей жүр, кездесеміз ғой… әрине, әрине…» – деп жатыр. Қыздың сөзін тыңдап, сәл үнсіз қалды. Сосын: «Ой, қойшы, менің де өкпелейтін жөнім бар, өткенде тауға барып әбден тойлатыпсыңдар ғой», – деді. Тыңдап, күлді. – Кім айттысы несі, білем ғой… жігіттер айтып жүр, сендей сұлудың әр қадамы аңдулы ғой, қызғанады екен. Сәл құлақ түріп: – Иә, иә орталыққа барып, одан былай Қотырбұлаққа түсіп әбден тойлатыпсыңдар, сенің сылқылдаған күлкіңнен тау әлі масайрап тұр дейді. Айтпақшы, қасыңда тағы бір подругаң болыпты ғой, сен сияқты емес, әрине, но тоже сұлу дейді. Қыз сампылдап бірдеңе айтып жатыр. – А-а, Жанар ма еді, орыс класында оқыған Жанка ма? – деді Ғабит бұған қуанған кейіппен. – Орталықта да тойлаттыңдар ма? … А-а, құр бензин сұрадыңдар ма? Сосын… Тағы біраз үнсіз қалды. Сосын күліп: – Сен ондайды қойсаңшы? Мен қызғанам ғой, қасыңдағы кім еді әлгі… анау еркексымақтардың мұрнын бет қыламын бір күні. Не тойлатып жүрсіңдер? А-а. Туған күн бе? Бағланның қалалық досының?! Соның машинасымен сайрандадыңдар ма? Қыздың сөзін Ғабит тездетіп алдындағы қағазға жазып ала қойды. – Жөн, жөн. Жарайды, Әсел, жұмыста зерігіп отырып, өзіңді сағынып отырып телефон шалғаным ғой. Бір класс төмен оқыған щеголдар деп кемітпей, өзің де хабарласып тұр. Сәл тыңдап. – Жақсы, жақсы. Жұмыстан кейін хабарласамын. Пока, – деп трубканы қойды. Сосын үстелді сарт еткізді. – Міне, аға, осечка қайда… Әрсеновтың өз көлігі жоқ болғанымен, атасының атында машина бар екен ғой… – сәл ойланып отырған Ғабит сұстанып шыға келіп еді. – Жақсы, сіз енді жүре беріңіз. Мен жаңағы Әсел, Жанарлармен шындап сөйлесейін. Мұндай сәтте Ғабиттың тастүйін болатынын, оған оралғы болмау керегін Жанәсіл өткенде түсінген. Қоштасқан ишара білдіріп, шығып кетті. Бірден тауға тартсам ба деп тұрып, ол ойынан айныды. Түйіннің шешілуіне аз қалғанын іші сезеді. Содан осы ауылдағы туысының үйіне бір күн қонбаққа бел буды. * * * Зоотехник пен ветврач тергеліп жатыр екен деген хабар таңғы қораз даусымен бірге тарады. Жанәсіл оразасын ашпастан басқармаға қарай тартқан. Кезекші ішке жібермей қойды. Кіреберісте жылағаннан көзі ісіп кеткен екі қыз отыр екен. Бұл бір сағаттан аса тосты. Кезекші қайта-қайта қоңырау шалған соң, әзер дегенде Ғабит шықты-ау. Түнімен ұйықтамағаны ұйпа-тұйпа шашынан, шаршаңқы жүзінен көрініп тұр. Сонда да бойында бір жеңілдік бар секілді. – Осылар ма? – деді Жанәсіл оның созылған қолына жармасып. – Әзірге, мойындаған жоқ. Бірақ тобымен Әсетке барғанын бәрі растап отыр. Бастысы көлік табылды, протектор соныкі. Сізге көп рақмет, Жанәсіл аға. – Ғабит мұның қолын сілкілей берген. Лейтенанттың қимыл-әрекетінде бір сенім пайда болған секілді. – Жарайды, мен кірейін, жұмысымды жалғайын, аға. Сіз келіп тұр деген соң… Рақмет, аға. Асығыс қоштасқан Ғабитке барып «беттеріне түкірейін, иттердің» дегісі келген, оған рұқсат бермесін сезіп, тілін тістеп қалды. Жазықсыз болса ше? Ол ілып сіз жүгіріп жүрген соң айту парызым, күдіктілерді жіберетін уақыт кеп қалды. Дәлелдей алмадым. Барғандары, бензин сұрағандары рас. Оны бәрі айтып отыр. Бірге барған, бірге қайтқан. Бәрін осы көлік үй-үйіне жеткізіп салған. Кеше түнде Бағланның Алматыдағы досы Кеңесовті де алдырдым. Оллаһи-биллаһи деп ант-су ішіп отыр. Бағлан екеуі үйге келген, ұйықтаған. Кешқұрымда ауыл арасында ызғытып жүрген көлікті көрген адамдар да бар. Сіз ағайын арасынан басқа ештеңе естімедіңіз бе?шке кіріп бара жатқанда дәлізде отырған екі қыз: «Ғабит, біздің не кінәміз бар, үйге қашан қайтамыз?!» деп сұрап жатысты. Лейтенанттың оларды елемей өтіп кеткенін Жанәсіл көріп тұрды. * * * Екі күннен кейін бұны Ғабит шақырды. – Аға, – деді. – Әсеттің ақы иесі боҒабиттің амалы таусылғаны көрініп тұр. Дедукция бойынша осы топтың бір қатысы барын, топ ішінде дәл Белгібаев пен Әрсеновтың бір нәрседен қуыстанатынын сезеді. Дәлелі жоқ. Орталыққа барғанда көлік қай тұсқа тоқтады? – дегенге сайрандатып барғандар шашыраңқы жауап берді, бірі алыс тұрдық десе, енді бірі үйдің дәл жанына бардық дейді. Бұл байлам бола алмайды. Оның үстіне бұлардың бірі аудандағы басшыларға туыс екен, сыбырлап, ескерту жасаушылар көбейді. Кім екенін айтпайды, жазықсыздарды жіберсеңдерші қинамай, өздеріңе қиынға соғады дегенді жалпылай емеурінмен жеткізеді. Капитан Серікбаевтың бірбеткейлігі арқасында үш тәулікке жауып отыр. Мінезі алақұйын капитан өте тәжірибелі ізкесуші, Ғабиттің бір ілік тапқанын сезеді, тек қызметкерінің заңнан аттауына жол бере алмайды. – Өзіңіз ойлап көріңізші, аға, тауда тағы бір бөгде адамдар болған шығар? – Кім білсін? – деді Жанәсіл иығын қиқаң еткізіп. – Бұлардың Әсетке қастық жасайтын жөні де, себебі де жоқ! Қызбен сайрандап жүргендер орталыққа күндіз барыпты, ал қылмыс түн ішінде болған. – Ғабит өз-өзімен сөйлесіп отырғандай. – Соларын әйелдері біліп қойып, ойбайға басып жатқан көрінеді. Жанәсіл үндемеді, «Жеңгең біліп қоймасын деді» – деп Ермек айтты емес пе, біледі. Сауап. Оны досы мен бала-шағасының өлімі туралы ой ғана мазалап отыр еді. Кіп-кішкентай Маратты… – Әлгі келтектен еш қайыр болмады ма? – соңғы үміті осы сауалда еді. – Оны облысқа жібергем. Оларды білесіз ғой, жарты ай жүріп алады. Оған дейін ұстап отыруға болмайды… – Ғабит басын төмен салды. – Оның үстіне, бір апта далада күн астында жатқан, жел қаққан, шық басқан ағаштан саусақ ізі табыла қоймас… Жұққан қан Айнұрдікі екенін сіз де, мен де сарапшысыз-ақ біліп отырмыз. Жанәсілдің ішінен бірдеңе үзіліп кеткендей болды. Үнсіз ғана орнынан көтеріліп еді, теңселіп кетті. Ашудан қызараңдап, қоштаспастан есікке беттеген. Ашқаны сол еді, арғы жағынан Белгібаев пен Әрсенов бетпе-бет келді. Қолдарын артқа ұстаған екеуді күзетшілер Ғабитке әкелген екен. Жанәсіл оларды барлай бір қарады. Жүздерінде имену, қорқу байқалмайды, бостандыққа шығатындарына сенімді секілді. – Әй, иттер, Әсетті өлтірген сендер болсаңдар, мойындасаңдаршы, нақақ қан бәрібір жібермейді? – деп тістене сөйлеген. – Не оттап тұрсың? – Әрсенов шақ ете қалған. – Адам өлтіретін малғұндарды жақын жерден тауыпсың, Жанәсіл?! Осыдан ісім сенімен болсын. – Шауып ал! Қотырбұлақ басында өле ішіп, ойнас құрып жүргендеріңді көрген адам бар. Ашу буған Жанәсіл ветврачты бас салған. Мұны күтпеген күзетші де, диалог қалай болар екен деп куәгерді шығарып жіберуге асықпаған Ғабит те сасқалақтап қалған. Қарулы Жанәсіл буындырып барады, Әрсеновтың жүзі нарттай болды. Екеулеп жүріп қойшы жігіттің қолын әзер босатты. – Көрсе не болыпты, өзің ойнас құрмап па едің… Сығымдалған кеңірдегі ауа өткенде жыбырлап сала берген Әрсенов жөтеліп қалды. – Әй, лейтенант, мынауың үшін жауап бересің әлі! – Бағлан шаңқ еткен. – Көрінген қойшыға қол көтертіп… Куәгерің болса әкел, жоқ болса жібер басымызды қатырмай! – Көрінген қойшыны көрсетем саған… – Жанәсіл енді оған ұмтылған, қапсыра құшақтаған күзетшіден шыға алмады. – Иттер, сендерден келді, басқа ешкім емес… Араққа тойып есіресіңдер… – Көрдің ба, әкең… – Әрсенов қалш-қалш еткен. – Көрдім. Мен көрмесем де дәл сенің ішіп алып көшеде мәшинемен ойқастап жүргеніңді көргендер бар! – бұл сөз Жанәсілдің аузынан ашумен шығып кетіп еді, әйтпесе ауылдың әңгімесін қайдан білсін. Нақақ айттым-ау де ес жия бергенінде Әрсенов: – Оттапсың! Рульде Бәкең болған…– деп қалды. Ғабит ветврачқа жалт қарады. Сосын Жанәсілді шығарып жіберуге асықты. Оның ойындағы қылмыс мозайкасында жаңа бояулы кесек пайда болып, Әрсеновтың неден қуыстанатынын түсініп еді. * * * Ветврач босатылды. Оның да, қыздардың да, алматылық қонақтың да жазықсыз екені дәлелденіпті. Ғабит қылмыстың бар эпизодын ашып, ешкімнің шүбәсін қалдырмады. Оқиға былай болған екен. Бағлан Белгібаевқа алматылық досы қонаққа келеді. Студент кезінде бірге оқып, бір жатақханада тұрып, бір тілім нанды бөліп жепті. Мұндай мейманға жалғыз қызмет еткенді олақсынып, Әрсеновты қосып алады. Түн ішінде Әсел мен Жанарды шақырып думандатып, келесі күні дүкеннен арақ-шарап алып, тауға шықпақ болады. Бағланның машинасы ескі, жарамайды. Содан Әрсенов атасының жигулиін айдап шығады. – Бензин аз екен, – дейді жигулиді алдыңғы орындығына жайғасып алған Бағылан панельге үңіліп. – Барып-қайтқанға жете ме? – дейді артқы орындықта қос сұлуды қыл мықыннан қысып отырған қалалық. – Жетеді. Жетпесе орталықтан құйып аламыз, – дейді Әрсенов. Осы оймен Қотырбұлаққа бара жатқанда әуелі орталыққа соғып, Әсеттен жанармай сұрайды. Мұнда көбіне жермай болатынын, моторлардың басым бөлігі дизель болғандықтан бензин аз ғана бөлінетінін айтып, Әсет бермейді. Айдалада малшыларға жермай үлестіріп отырған байғұс біреудің білдей қызметтегі бұлардың бетін қайтарғаны, бикештердің көзінше төмендеткені шаншудай қадалады. – Әкеңнің дүниесі емес қой, 5-6 литр берсеңші, – дейді бұл. – Оны қайтып жабамын, өтірік қол қойып бер деп кімге жалынамын? – дейді Әсет. Жұқалтаң ветврачтың Әсетке батыңқырап сөйлей алмай тұрғанын көрген Бағлан да көліктен шығып араласады. – Өй, сорлы, сол да сөз бе?! Берсеңші! Басынан сөз асырмайтын өжет Әсет: – Бағлан, сен олай былшылдама, – деп морт кетеді. Қызметке тағайындалғанына аз уақыт болса да шопандардан бір-екі марқа жеп, өзінің бес-он қойын баққызып, қызмет құдіретін сезініп қалған Бағланды біреу бастан сойылмен салып қалғандай болыпты. Өй, әкең! – деп Әсетке ұмтылғанда жігіт жанжалдаспай шегіне беріпті, бастықтың бетіне келме деген жазылмаған ережені орындағаны болса керек. Аласұрған Бағланды Әрсенов итермелеп, көлікке отырғызады. Болғаны осы. Содан Қотырбұлақ басына барғанда да Бағлан Әсетті бір-екі мәрте есіне алып, сыбапты. Әсел мен Жанардың сылқ-сылқ күлкісі, жылы мықыны баурап әкетеді. Бұлар арақ пен махаббат қызығына мас болып, Әсетті де, бензинді де ұмытады. Оның үстіне жанармай ауылға дейін еркін жететініне, тіпті, артылатынына көздері жеткен еді. Әбден тойлатып, құмарлары тараған, қатты қызған топ қас қарайғанда ызғытып ауылға қайтады. Бес-алты рөмке ішсе қалбалақтап қалатын Әрсеновке сенбей, рөлге Белгібаев отырады. – Қой, көке, бір жерде майып етерсің, – деп қарқылдап күледі. Қыздарды дүкен жанынан түсірген Бағлан артқы орындықта қылжиып отырған досын үйіне жеткізіп, одан қиқалаңдаған Әрсеновты әйеліне табыстап, мен көлікті апарып қояйын деп кетіп қалады. Ол өз үйіне барғанда кілеттегі дәу қара пышақты іле кеткен екен. Ішін қыжыл мүжіген, шаламас Бағлан өз пиғылын жасыра білген екен. Өтірік күле жүріп ойыңды жүзеге асыру қызмет аңсаған адам үшін аса керек қасиет… Ветврачты тастаған соң оның атасының үйіне емес, қайта тауға тартады. Бұл жеткенде түнгі он жарым, он бірдің шамасы екен. Киіз үйге тіреле тоқтаған көліктің дауысы мен жарығынан оянған Әсет майшам жағып, киініп сықырлауықтың ілгішін ағытқанда пышағын білеген бұл баса-көктеп кіреді. Әсеттің алғашқы сөзі: – Сен бе? Түн ішінде не ғып жүрсің? – болыпты. – Мен! – дейді зоотехник тістене жақындап. – Сен кімді басынып жүрсің? Әсет бірдеңе деп аузын аша бергенде, бұл ішіне пышақ сұғады, қолына жармаса берген жігіттің жағасынан ұстап тұрып тағы бірнеше рет салады. Қарулы Әсет білегін сығымдап, пышаққа жармасқан күйі құлап бара жатқанда оны тастай салып, шыңғыра көмекке ұмтылған Айнұрды қолына ілінген келтекпен ұрады. – Айнұрды ұрған келтектің сараптамасы келді, сенің саусақ ізің бар, мойындасаңшы?! Жазаң жеңілдейді ғой… – деп Ғабит қулыққа басқанда буыны кетіп, сорасы ағып отырып сөйлеген Бағлан мас болғанын қайта-қайта айта берді. Бұның айтқанына салсаң биополярлық аффект жағдайында, яғни араққа әлсіз ағзасы тез масайып, бұрынғы ашуын асқындырып жіберген болып шыға келеді. Ғабит болса оның Әсетті өлтірген соң үрейден ес жиып алғанына, мына сұмдығымды ешкім біліп қоймасын деп Айнұрды тірі қалдырмайын деп қасақана ұра бергеніне сенімді. – Баланы неге өлтірдің? – дегенде қылмыскер: ол шудан оянып, шырқырай жылап маған қолын созып тұр екен, ұстап алатын секілді… шошып кеттім, содан жыламасыншы деп жастықпен бастырғам, тұншығып қалады деп ойлаған жоқпын… – деп жауап берді. Демек, қылмысының әр сәті көз алдында. Оның үстіне із жасыруға барын салыпты. Қылмыстан кейін ол пышақ пен Айнұрды ұрған келтекті далаға алып шығады да, ағашты алысқа лақтырып жібереді. Пілте шамды өшіріп, есікті жауып, екінші қостың ішінен жарты канистра бензинді тауып, көлігіне қотара құйып, ауылға тартады. Көлікті Әрсеновтың атасының есігінің алдына тастап, кілтін есік шегесіне іліп, үйіне кетіпті. Түн ортасы, ел ұйқыда болған соң көлікті кім қай кезде айдап әкелгеніне ешкім мән бермеген. Белгібаев үйіне барған соң пышақты жуып, сүртіп, орнына қояды да нар үстінде қорылдап жатқан досының жанына жантая кетеді… Әсеттің отбасы қаза тапты деген хабар тарағанда қыз-жігіттерге «Орталыққа барғанымыз, жанжал туралы тістен шығармаңдар, бәріміз бәлеге қаламыз» деп тапсырады. Өздерінің таудан тыныш түскендеріне сенімді топ, Бағлан мен Әсеттің ерегесі туралы тіс жармайды. Тек Ғабит күрмеуді шеше бастағанда ғана бикештер де, Әрсенов те болған жайды жайып салыпты. Олар да дәмдес болған Бағыланның айуандығынан шошып отыр: сұмдық-ай, бензин жоқ дегені үшін бала-шағасымен бірге қырып тастайды деп кім ойлаған, – деп жаға ұстапты. – Сонда сен бес литр бензин үшін үш адамды, адам болғанда бүлдіршінді де өлтірдің бе? – деген лейтенант кінәсін мойындаған қылмыскердің алдына целофанға оралған қара пышақты сарт еткізіп тастай салған Ғабит ашудан қалш-қалш етіп. Анау үндемеді. Маған енді бәрібір дегендей бедірейіп отыр. Өткендегі үрейі де, өкініші де сейілген секілді. Лейтенанттың есіне Жанәсілдің «Дені сау адамның ісі емес…» деген сөзі түскен. Зоотехник арақ пен мансап буына масайрамаса, Әсеттің әулеті тірі қалар еді… Кішкентай Марат дәу азамат болар еді. Сау емес… * * * Қаза болғандардың қырқын берерден бір күн бұрын Жанәсіл ағайынын ертіп зиратқа барды. Екі үлкен үйіндінің қасындағы кішкентай төбешікті манеждің шарбағымен қоршап, тізе бүгіп, бет сипады.

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...