Қазақ жерінде азалы күн жарияланды. Бейбіт күнде осындай шешімнің қабылдануына бұл жолы да Қарағандыдағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты Костенко атындағы көмір шахтасындағы апат себеп болды. Жыл ішінде екінші рет қайталанған қайғылы оқиғаның құрбандары бұрынғыдан да көп. Бүгінгі таңда олардың саны қырықтан асып кетті.
Еске сала кетейік, апат өткен сенбіге қараған түні, 28 қазанда болды. Қарағанды филиалы директорының бірінші орынбасары Геннадий Силинскийдің айтуынша, өрт тірек секцияларының артында тұтанған. Төтенше жағдайды жою жоспары дереу енгізілгенімен, бұл шара шахтадағы жарылысқа тосқауыл қоя алмады. Оның салдарынан батыс және шығыс блоктардағы телекоммуникацияларға зақым келді. Соққы толқынының таралу диапазоны екі шақырымнан асып, бұл жағдай құрбандардың соншалықты көп болуына әкеліп соқты. Кеніште жалпы 1400-ден астам қызметкер жұмыс істейді екен. Бұл сәтте онда 252 адам болыпты. Билік 46 адамның қаза тапқанын растағанын ескерсек, Костенко атындағы шахтадағы бұл апатты Қазақстан тәуелсіздігінің бүкіл тарихындағы құрбандар саны бойынша ең ірі өндірістік апат деп санауға болады. Қазіргі таңда оқиға орнында 55 құтқарушы, 12 техника, психологтар жұмыс істеп жатыр. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Сырым Шәріпханов із-түзсіз жоғалғандарды тірі табу мүмкіндігінің аз екенін айтты. «Бірақ біз үмітімізді үзбейміз. Барлығы табылмайынша, құтқару жұмыстары тоқтамайды», – деді ол. Геннадий Силинский де құтқару жұмысы тәулік бойы, вахталық режимде жүргізілетінін жеткізді. Оның айтуынша, апат барлық шахталарда болады. Бірақ Костенко шахтасында мұндай үлкен апат оның бүкіл тарихында тіркелген емес. Кеншілерді іздестіру жұмыстарына кен орындарындағы газдың ластануы, оттегімен тыныс алу аппараттарының жұмыс уақытының шектелуі және жергілікті өрттерді сөндіру кедергі болып жатыр екен. Оқиғадан кейін Қазақстанның құқық қорғау органдары «Тау-кен жұмыстарын немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болғандардың отбасына көңіл айтып, 29 қазанды Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Мемлекет басшысы сондай-ақ әкімдік пен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясынан отбасыларына материалдық көмек көрсету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Үкіметке республиканың тау-кен металлургия секторындағы ірі кәсіпорын және Arcelormittal трансұлттық металлургиялық тобына кіретін ArcelorMittal Temirtau компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды міндеттеді. Бүгінде Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» акционерлерімен кәсіпорынның
меншік құқығын мемлекет пайдасына беру туралы алдын ала келісімге келгенін хабарлап отыр. Қарап отырсақ, соңғы бірнеше жылда Арселлор Миттал шахталары ірі апаттар алаңына айналғандай. Биылғы жылдың өзінде осындай оқиға екі рет болыпты. Тамыз айында тіркелген «Казахстанская» кенішіндегі конвейер өртінде бес кеншінің мәйіті табылған еді. Былтыр қарашада Ленин атындағы шахтада өрт шығып, онда да бес адам қаза тапқан болатын. Жалпы, шахта тарихындағы осындай ірі апат 2006 жылы тіркеліпті. Сол кезде де метан жарылып, 41 кенші қаза тапқан болатын. Ресми мәлімет бойынша, Қарағанды облысындағы сегіз шахта мен металлургиялық зауытқа иелік ететін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының нысандарында соңғы 15 жылда 100-ден астам адам ажал құшыпты. Билік кеш те болса көптің көкейіндегі шешімді қабылдады. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, меншік иесінің ауысуы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының міндеттемелеріне әсер етпейді. Ол сонымен қатар қожайынның ауысуы компаниядан барлық жауапкершілікті алып тастайды деген болжамдар мен қауесеттерді де жоққа шығарды. Солай болуға да тиіс. Алайда, осы уақытқа дейін компаниядан қандай да бір жауапкершілік талап етілді ме? Осы жолы да апаттың мән-жайы мен себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр екен. Мұндай ұйымдар бұрын да талай жасақталған. Алайда олар нені анықтап, қандай шаралар қабылдағаны, кімді жазалағаны белгісіз. Өкінішке қарай, бүгінде бұл жөнінде еш дерек жоқ. Белгілісі тек жыл сайын болатын апаттар, олардың құрбандарының саны. Осы орайда «бұл елдің заңы, оның орындалуын қадағалайтын құзырлы орындары қайда?» деген заңды сұрақ туындайды. Шын мәнінде, бұл қарапайым ғана еңбек пен техника қауіпсіздігі сақталмауының салдары ғой. Осыны талап етпей, қадағаламай Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті қайда қарап отыр? Әкімдіктердегі өнеркәсіп және еңбек инспекциясы басқармаларының не ойлағаны бар? Бір емес, бірнеше рет болған оқиғалардан сабақ алатын уақыт жетсе керек. Әлде расында бізде адам өмірі құнсыз ба? Әлде адамды ең басты құндылық ретінде айқындаған Негізгі заң қауқарсыз ба? Осы сауалдардың жауабы саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың «мемлекет өзін активтерді «бәсекелестік ортаға» әкелуге тырысатын тиімді меншік иесі немесе күшті ұйымдастырушы ретінде қарастырмайды» деген тұжырымында тұрған сияқты. Әшімбаев мырза да апатқа жабдықтардың сыни тозуы, білікті мамандар мен экономикалық көзқарастың жетіспеушілігін себеп етеді. Десе де оның бұл ретте сыбайлас жемқорлық және мемлекеттік органдар тарапынан бақылаудың жоқтығы жағдайдың нашарлауын айтарлықтай қиындата түскендігі, өнеркәсіптік және еңбек қауіпсіздігі мәселелерін Үкіметтің қадағалау кепілдігінің жоқтығы – айтылуы қажет мәселе. Сол секілді білікті инженерлік кадрлардың жетіспеуі, олардың мүлде дайындалмайтындығы жайлы базынасы да апатқа ықпал еткен факторлар екенін мойындамасқа шара жоқ. Расында тек қана шетелдік инвестицияны тартып, өндірісті дамыта алмаймыз. Бұл ретте мемлекет өз жеріндегі өндірістің тағдырын өзгеге тұтасымен сеніп тапсырмай, оны үнемі жіті қадағалап, кем-кетік мәселесін шешуге атсалысуы керек. Өйткені, өндіріс өзгенің иелігінде болғанымен, ондағы адамдар – біздің елдің азаматтары, ал табысы – елдің несібесі. Өкініштісі, біздің Үкімет мұны мүлде ұмытып кеткен сияқты. Осылайша «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожаның болмауы, шетелдік компаниялардың ойына келгенін жасауына алып келіп отыр. Шахталардағы көбейіп кеткен жарылыстарды осындай бақылаусыздық, жазасыздықтың салдары демеске шара жоқ. Тоқ етерін айтқанда, мәселе тек Митталда тұрған жоқ. Ол тек «жаман үйдің» иесін билеген қонақ қана. Мәселе оның өндірісті басқару құқы онда еңбек ететін адамдардың алдындағы міндеттермен шектелетінін еске салып, талап етудегі Үкіметтің әлде жігерсіздігі, әлде самарқаулығында болып тұр. Егер атқарушы билік осы әлсіздігімен жұмыс істей алмаса, Қазақстанның шахталары қожасының ауысуынан еш мән жоқ. Олар келіп, кетіп, ал мәселелер қала береді. Сондықтан ең басты талапты Үкімет өзіне қойып, барлық саладағы сыбайластықты жоюға, қатал тәртіптің орнығуына, заңдылықтың үстемдік құруына күш салуы керек.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»