12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

МЕН КІММІН?

Кеше түндегі естіген оқиғамды ұмытып қалмайын деп бірден жазып отырмын. Таңғы беске қарай клубтан шығып, үйге келе жатқан кезде дыбыстық жазбаға да жазып алғам. Бірақ ондағы дауысым, бірде естіліп, бірде естілмей, көмескі шығыпты. Оның үстіне, жол бойы құсып келдім. Кеше клубта не ішкенім есімде жоқ. Шамасы біраз сілтеп қойсам керек. Үйге келсем пәтерімді біреу астаң-кестеңін шығарып кетіпті. Сақтап жүрген ретро журнал-газеттер түгел жыртылған. Қабырғада қара бояумен жазылған белгісіз біреулердің аттары. Ең сорақысы, ас үйде химиялық заттарға арналған тосаптар тау болып үйіліп жатыр. Сосын мұздатқыштағы төрт шелек шошқаның майы. Химиялық қосындыларға қарасам күкіртқышқылы мен нитроглицирінді қосып, жарылғыш зат жасағысы келген. Ал майдың не үшін қажет болғанын түсіне алмадым. Полицияға хабар бердім. Олар келгенше… Жә, әңгіме онда емес. Бірден кешегі оқиғама көшейін. * * * Апта соңы болған соң, жұмыстан шығып, сәл сергиін деп Астанадағы жергілікті барға кірдім. Бар дегенім жартылай кешкі клуб екен. Бір жағында би алаңы, екінші жағында сырахана үстелі. Костя деген бармен жігіт қуана қарсы алды. Бес күндік газет жұмысы әбден титықтатып жіберген, сыраны сіміре жұттым. Бойым босап, сыра өз орнына қонғаннан кейін, жан-жағыма барлай қарадым. Ондай кезде әңгімеге құмармын. Жалпы ішімдіктің сиқыры сол ғой, сені мына қоғамнан бөліп тастайтындығымен ерекше. Ағылшын детективіндегі мәйіт сияқты. Бақсам, ұзын сырахана үстелінде жауырындары күжірейіп, төрт-бес еркек отыр. Әрқайсысы өзінше жалғыз. Біреуі менің психотерапевт дәрігеріме ұқсайды екен. Маңдайында үш әжім сызығы, желкесі терлей береді. Терлеген сайын сүртетін арнайы алқызыл орамалы бар. Маған ол дәл менің дәрігерім сияқты сөйлейтіндей көрінді. «Ұйқы режимін сақтаңыз.Түнде көп жұмыс істемеңіз. Әйтпесе жүйкеңіз шыдамайды». Дәрігерге барғаныма көп болған жоқ. Әрі кетсе бір-ақ апта. Қыс бойы түнде жұмыс істеймін деп, ұйқысыздыққа шалдыққам. Енді қайта ұйқы тәртібімді реттеу керек. Сол үшін ғана… Қасыма қоңыр түсті «Dolce» сөмкесі бар қыпша бел, сарғыш шаш, сұлу әйел жайғасты. Ерніне жаққан қызыл далаптың исі ма, жоқ әлде сылдырлаған жылтыр көйлегінің исі ма, жанға жағымды самал әп-сәтте мұрнымды қытықтап өтті. «Бұл иіссу емес» дейді ішім күбірлеп. Не үшін олай ойладым екен, білмеймін. Бірақ бұл иіссудан да бөлек бірнәрсе еді. Иіссудан бәрібір спирттің қосындысы шығып тұрады. Бәлкім жақпа май. Жақпа май да мұндай емес. Бұл бөлек нәрсе… – Жас жігіттің іші неге пысып отыр екен? – деді ол өзіне лонг-айлендке тапсырыс беріп. – Жас емеспіз, – дедім мен сыртымнан кәрі көрінетінімді алға тартып. Оның үстіне сақал қырмағаныма үшінші апта. – Олай емес. Әрі кетсе жиырма алтыдасың, – деді ол жымиып. Дәл тапты. Жиырма бестемін. – Мен төлеймін, – дедім мен барменге ескертіп. – Өзі джентльмен! – деді әйел бұл қылығыма разы болып. – Оқасы жоқ! Сәл үнсіздік. Сөйлесетін адам табыла қалып еді, аузым жабылып қалды. Менде үнемі солай. – Немен айналысасыз? – деді әйел өзі сөз сурыртпақтап. – Журналистпін. – О, керемет. Каналда? – Жоқ. Газетте. – Жазушы-журналиспін деңіз. – Солай десе де болады. Өзіңіз? Музыка қосылып кетті де, сұрағымның соңы естілмейі қалды. – Айтсам сенбейсіз. – Сенбейтін дүние қалды ма бұл өмірде. Құдайдан басқа, – дедім даусымды қаттырақ шығарып. – О, керемет. Маған сіздің астарлап сөйлегеніңіз ұнап жатыр… Өз зауытым бар. Сабын зауытым… – Сабын жасайтын зауыт па? Музыка жаңғырып естітер емес. «Жүріңіз» дегендей ол қолымен ымдады. Біз темекі шегетін бөлмеге барып әңгіме жалғадық. – Қай жердегі зауыт? – дедім мен журналистік әдетіме басып. – Кешіріңіз. Мен сұхбат бермеймін, – деді ол қайта жымиып. Жымиса бетіне бедерлене кететін қос ойығы – әйелдің ең сұлу деталі ма деп қалдым. Күміс кездікпен ойып салғандай нақыштанып тұр. – Бәсе, салған жерден иіс суыңыз арбап еді. Иіссу емес, сабын деңізші. – Сабын дегенде қалай… анау айтқандай сабын емес. Білесіз бе, әйелдер еркектің барлық қателігін кешіреді. Тек иіссу мен сабын иісін бірдей деп айтқанға дейін, – деді ол темекісін басып өшіріп. Біз клуб сыртындағы жазғы алаңқайға шықтық. Тамыз кеші талықсып, болмашы салқын самал еседі. Іштегі музыканың тарсылдаған даусы қорыққан кездегі жүрек даусы сияқты, құлақ астынан ғана естіледі. Жұмыстан шаршаған адамдар автобуста, сүлесоқ кетіп барады. Олар айқышқа шегеленген Иса мен оның серіктерін есіме салды. Біз оңашада тұрған ағаш үстелге жайғасып, әртүрлі тақырыпта әңгіме қаузадық. Маған оның күлгені және шылым шеккен кездегі бір сәт ойланып қалатын бейнесі ұнады. Қазір қалада жаныңа жағатын дүниені кездестіру де сирек қой. Адамды ештеңемен таңғалдыра алмайсың. – Сонымен, маған сіздің кәсібіңіз қызық боп тұр, – дедім мен үш шишаны босатқаннан кейін. Ол да беті қызара түсіп, әңгіменің шиеленісер тұсына келгенбіз. – Маған да сіздің мамандығыңыз қызық. Жазушылық… – деді ол қып-қызыл еріндерін тістеп, – Давай, былай істейік. Мен сізге өз кәсібім туралы ең қызық нәрселерді айтам, сіз де маған солай айтып бересіз. – Бізде не қызық болуы мүмкін… – Т– с– с ! – деді ол саусағымен ернімді басып, – әрқашан бір қызық табуға болады… Және ең соңында ғана аты-жөнімізді айтамыз. Осы сәтте ғана оның әлі атын сұрамағаным есіме түсті. Қалай бір сағат бойы әңгімелесіп, атын сұрамауға болады. Бір қызығы сол – ол да менікін сұрамапты. Соған қарағанда бір ойлағаны бар шығар. Адамның атын білу міндетті емес қой. Қазір кім кімнің атын сұрап жатыр дейсің. Кездесесің, қоштасасың… Қалыпты дүние. Осылай деп өзімді жұбатып қойдым. Ол орнынан баяу тұрды да, сахнада тұрғандай бір-екі рет ізет көрсетті. – Әңгімемізді «Сенем – сенбеймін» деген ойын форматында өткізсек қалай? – деді ол тағы иіліп. – Түсінбедім? – Мысалы… Сіз сенесіз бе… Сәл үнсіздік. Ол басын ұстап тұр. – Сіз сенесіз бе, менің он алты адамды өлтіргеніме? Осыны айтты да, ол қайта орнына келіп жайғасты. Әлгі екі арада қайта есін жиып алғандай, маған сынай қарады. Ойын басталып кеткен сияқты. – Жоқ, әрине. – Бинго! Бұл шынымен солай… Бір факты кетті… Сенің кезегің… Ол куизде отырғандай үстелді тарс еткізді. Мен ештеңе түсінбегем. Сыртымнан сондай біртүрлі көрінсем керек, ол күліп жіберді. – Рас па? – дедім мен оның жүзіндегі сабырлықты көріп. – Бұл уже екінші факт болады… сенің кезегің… Ол алдындағы сыраны түбіне дейін сіміріп салды. Мен не дерімді білмей, қипақтап отырмын. Ойыма ештеңе түсер емес. – Біздің бастықтың екі көңілдесі бар. Соған сенесіз бе? – дедім әлдебір уақытта. – Сенем. Бірақ бұл өсек. – Зато қызық факты ғой. Менің жұмысыма қатысты. Ереже бұзылып тұрған жоқ. – Жақсы. Есеп бір де бір… Сіз сенесіз бе, жаңағы он алты адамның барлығын сабынға жаңа иіс алу үшін өлтіргеніме? Оның көздері қызарып кеткен. Жаңағы мен көрген әсем күлкіден бір де бір із жоқ. Дәл бір басқа адам сияқты. Кеш тоңази бастады. Денемді белгісіз бір салқын леп сипап өткендей болды. Үнсіз отырып қалғаным есімде. Тақырыпты бекер қозғадым ба екен. Әлде әзілдеп отыр ма. Ойым астаң-кестең. Бәлкім масая бастаған шығармын. Бірақ масайсам оның сөздерін естімейтін едім ғой. Әзірге бәрі дұрыс. – Таң қалмаңыз, – деді ол арқасын кеңге салып. – Сіз ойланып алғанша өз өмірімнен шағын аннотация келтіре отырайын. Осылай деді де, ол сөзін бастап кетті. * * * «Бәрі жеті жасымда басталған болатын. Ол кезде біз Павлодар қаласының, Қызылжар дейтін ауылында тұрдық. Әкем қарапайым шаруа адамы. Мал бағатын. Мен әкемнің жалғыз қызы болдым. Содан ба, үнемі көршінің екі қызымен бірге ойнайтынмын. Әсіресе, екінші қызы менімен түйдей жасты. Әсия екеуміз жақсы құрбы болдық. Ол сондай мейірімді еді. Үнемі маған қамқор болып жүретін. Бір күні, осындай ғажап тамыз кешінің бірінде сайдан сиыр айдап келе жатып, шөп арасынан қаптаған қарғаларды көрдім. Олар қарқылдап, айналаны басына көтеріп, әлденеге жанұшыра таласып жатты. Барсам, сіз сенбейсіз…. (осы сәтте ол екі бетін ұстап, рөлге кірді) жан құрбым Әсия жатыр. Екі көзін шоқып кеткен… Кейін белгілі болғандай, оны ауылдағы Саша деген бір педофиль өлтіріп кетіпті…» Ол шылымын тамызып, белгісіз бір жақтарға ұзақ қарап отырды. Қаланы түн басып келеді. – Сіз сенесіз бе, мен өз жұмысымды ұнатпаймын, – дедім мен, оның айтып отырған дәйектеріне шүбә келтірместен. – Сенемін. Бірақ бұл факты емес. Бұл – шындық. Шындығыңыз үшін қабылдай салайын, – деді ол темекісінен көз алмай. – Тағы менің кезегім бе? Ол мырс етті. Менің ойыма «Фаустағы» Мефистофелдің бір сөзі оралды: «Мен жамандық жасаймын деп, жақсылықжасаушымын». Иә, дәл солай. Неге бұл сөз оралды екен ойыма, білмеймін. Аз ішу керек. – Сіз сенесіз бе, адам не ойласа, сонысы терісінен иіс боп шығып тұратынына? Мәселен… – Сенем, – дедім мен алғаш рет. Дауысым батыл шықты, білем, әйел іркіліп қалды. – Мәселен, негативті ойларды көп ойласаңыз, ол бойыңызға жайылады да, теріңізден шығып тұрады. Бұл ғылыми дәлелденген. Ал мен өлтірген он алты адамның ешқайсысы жаман адам болған жоқ. Бәрі Әсия сияқты мейірімді болды. Содан болар, біз өз иіс брендімізді жылдам қалыптастырдық. – Үстіңіздегі иіс сол ма? – дедім мен дауысым дірілдеп. – Жоқ. Бұл ол иіс емес. Бұл арнайы өзіме ғана дайындалған иіс. Мен адамдардың иісін сеппеймін. Бұл жасминнің исі. Сіздің кезек? Мен тағы ойланып қалдым. Айтқаннан гөрі, тыңдағаным дұрыс шығар. Түріне қарасам, айтып отырған әңгімесінде бір өтірік жоқ сияқты. Өтірік болса да адам мұндай нәрсемен ойнамас, сірә. – Көп ойланады екенсіз. Сіз тағы ойланып алғанша, мен жаңағы әңгімемді жалғастырайын. * * * Сіз ойларсыз, Әсияны көріп шошып кетті деп… Жоқ, керісінше. Ол өлі күйінде сондай сұлу болды. Әсіресе, оның иісі, терісінің иісі… Мен өмірімде мұндай иіс иіскеп көрген емеспін. Кейін университетті «биотехнолог» мамандығы бойынша аяқтадым. Адам анотомиясын бастан аяқ зерттедім. Санамды әлемде жоқ иіс жасау арманым биледі. Өз брендімді қалыптастырсам, бәрі маған табынса деген арман көкірегімді күн сайын тырмалап жатты. Ақыры, бәрін тамырынан басайын деп, Франциядағы парфюмнің отаны – Грасс қаласына бардым. Әлемнің ең ұлы исі «Шанел – 5» компаниясында жұмыс істедім. Ондағы иістерге сан жетпейді, білесіз бе. Сондағы бес жылдық тәжірибемде түсінгенім, иіс деген – адамның өзі қалаған иллюзиясы. Мысалы, жасмин мен лаванданы қосып құлпынай иісін алуға болады. Нақтырақ айтсақ, құлпынайдың өз иісін емес, жай ғана иллюзиясын. Біз құлпынайды жеген кезде 400 мың жасуша қосылып, бізге сол дәмді иммитациялайды. Ал, жаңағы екі қосынды тек түпсанадағы сол дәмге иллюзия жасайды. Әлем иллюзияға толы. Біз иіспен өзімізді де, өзгелерді де алдаймыз. Сөйтіп мен жоғары біліммен 90-жылдары Қазақстанға келдім. Журналист ретінде ол кездегі елдің хәлін менен жақсы білетін шығарсыз. Әкем мал соңында жүріп қайтыс болған. Тірісінде бір жақсылық жасағым келіп еді, үлгермедім. Өз қиялыммен әлемді кезіп жүріп, өмірдегі ең жақын адамымның қабірін сипап қалдым. Бірақ бұл да мені өз мақсатымнан айныта алмады. Сол бір аумалы-төкпелі шақты пайдаланып, иіссу шығаратын фабрика аштық. Маған демеушілер табылды. Тек менің өз жасаған істеріме көңілім толмады. Қалай айтсам екен… ол кездегі иіссулар сондай қарапайым әрі үйреншікті еді. Ал, мен тарихта қалатын иіс жасағым келді деп айттым ғой. Ондай иісті тек адамның балғын терісінен ғана алуға болатын еді. Әрине, біздің өндірісте тауықтан да, шошқадан да эфир майын алуға болады. Бірақ адамның майы – бұл бөлек әңгіме. Мен оны Әсияның терісін иіскеген сәттен-ақ түсінгем. Сөйтіп не керек, қалаған иісімді алуға аңсарым ауып жүрді. Дәл осы жерде мына маңызды детальды ескерген дұрыс… Біз білетін әлемнің ең танымал парфюмдері 18-ғасырға дейін Грасс қаласында өндіріліп келді. Кейін Мысыр, Үндістан, Қытай елдері де сан-алуан иістерді шығара бастады. Неге сол елдерде ғана парфюм өндірісі дамыды деп ойларсыз? Өйткені, дәл осы мемлекеттерде ғана жасминнің алып алқаптары бар. Жасмин гүлі – барлық біз білетін танымал иістердің негізі. Яғни, партитура ойнау үшін бірінші кезекте «нота кілті» керек десек, сол кілт – жасмин. Ал мен иіс музыкасының негізін өзгерткім келді. Түсінесіз бе, негізін…?! Барлық иісті басынан бастаймыз…. Бір күні газет оқып отырсам, бір маньяк 7 қызды өлтіріп, денелерін әр жаққа көміп кетіпті. Оқиға Алматы қаласында орын алған. Дәл сол сәтте басыма ғажап идея келе қалды. Неге маған сол маньякты полицейлерден бұрын тауып, келісімшартқа отырмасқа. Және бір қызығы неге сол сияқты бірнеше маньякпен келіспеске. Олар денеден қалай құтылу керектігін біледі, ал мен өз керегімді аламын. Әрі полицейлер тауып жатса, менің қатысым болмайды. Бұл өте сенімді… қалай айтсам екен… (ол сәл ойланып қалды) гениальный жоспар еді. Осылайша мен сол тұстағы барлық атышулы ганибалдар, маньяктар, бәрімен жеке-жеке келісімшартқа отырдым. Олар басында өздері үшін өлтірсе, кейін менің тапсырысым бойынша өлтірді. Иә, иә дәл солай. Сізге 1990 мен 2000 жылдар арасындағы онжылдықта маньяктардың көбейіп кеткендігі қызық боп көрінбей ме? (Ол мырс етіп күліп алды). Дәл солай, көбі біздің тапсырыс… Әрине, ол жерде қаншама адамдар жазықсыз өлді. Кейбіреуі тіпті тәжірибеге жарамсыз боп шықты. Ондай кезде біз мәйіттен жылдам арылуға тырысамыз. Немесе алып тоңазытқыштарға бөліп-бөліп салып тастаймыз. Барлығын жеке-жеке айтып отырғаныма кешірім сұраймын. Сізбен салыстырғанда мен өз ісімді сондай жақсы көремін, сол үшін нақтылап жатқаным ғой. Әбес көрмеңіз…» Араны ұзақ үнсіздік жалғады. Ол мені көзімен атып отыр. Жарты сағат бұрын ғана бір-бірін түсінетіндей табысқан екі адам, енді аңдысып отырмыз. Өз ойыма өзім сене алар емеспін. Қырсыққанда телефоным да өшіп қалыпты. Аудио-жазбаға ма жазып алу керек еді. Шынымен де Францияда болса, ұзақ уақыт бұл саланы зерттесе, иіс жайлы бәрін білетін болғаны ғой. Түсім бе, өңім бе? Ол «дәретханаға барып келейін» дегендей көзімен ымдады. Қыз кете бере орнымнан көтерілгенім сол еді, денемді басқара алмай, қайта орныма сылқ еттім. Аяқ-қолымнан жан кетіп барады. Дәл бір ұйқыда бастырылып жатқандаймын. «Бұл не?! Кім істеді?! Неге мен тұра алмаймын? Не болып жатыр?» Қолымды сәл көтеріп, үстел үстін сүртіп жүрген даяшыны шақырмақ болып едім, телефонына бір қарап, ол да өз жайымен жүре берді. Ал мен әлсіреп барамын. Оң аяғымнан бастап жан кетіп, беліме дейін жетті. Бір-екі рет айғайламақ боп едім, дауысым қарлығып, өзіме де естілер емес. Дәл сол сәтте ғана мен бұның бәрі жаңағы белгісіз әйелге қатысы бар екенін түсіндім. Және бағанадан бері айтып отырған әңгімесінде бір өтірік жоқ. Шарапқа бірдеңе қосқан шығар. «Біткен жерім осы! Жоқ, осы емес! Маған тырмысу керек. Даяшыны шақырып алу керек немесе көшеден біреуден көмек сұрау керек. Анау дәретханадан келмей тұрып, мына жерден жылдам қашып кету керек. Әйтпесе, шаруам бітті…» Ойым ғана анық. Ал денем өзіме бағынар емес. Нақтырақ айтсам, бұл дене менікі емес. Мен бұл денеден әлдеқашан айырылып қалғандаймын. Осыдан оншақты жыл бұрын қолым сынып, отаға кірген едім. Дәрігерлер күрделі ота болған соң, толық наркоз беріп, ұйықтатып тастады. Дәл сол сәттегі дәрінің бойыма біртіндеп жайылғаны сияқты, мына белгісіз күш те менің әр тамырымда шырқыраған жанымды қуалап жүр. «Жо– жоқ! Берілуге болмайды. Алдымен сабыр ету керек. Терең тыныс ал! Жағдайды қайта бір ой иелегінен өткіз. Сен мұнда келдің… анау әйелмен сөйлестің… сендер жақсы отырдыңдар… сабын зауыты туралы әңгіме басталғанға дейін… иә дәл солай. Жо-жоқ, сонда ол сенің теріңнен де жаңағы өзі айтқан эфир майын алғысы келе ме?! Жожоқ. Менің қаным жарамайды. Қақпанға түскен жерім осы». Сағат түнгі он екіні маңайлаған. Бардан шыққандар қарқылдасып, көліктеріне отырып, кетіп қалды. Мен ғана жанған шырақтың астында жалғыз отырмын. «Неге мені біреу келіп құтқармайды? Неге елемейді? Сонда бұлар көзім ғана қимылдап отырған мені байқамай ма?! Құтқарыңдар! Құтқарыңдар!» Әйелдің бейнесі қайта көрінді. Көздері сайтанның көздері сияқты қызарып кеткен. Көйлегінің түсі де бағанағыдай жылтыр сұр емес. Алқызыл. Оттай жанып тұр. Бір сәт бағанадан бері мен сөйлескен әйел – әйел емес, өрімдей жас қыз екен деймін. Он сегізден енді асқан бойжеткен. Жо-жоқ, бұл жерде бірдеңе дұрыс емес. Не мен есімнен адастым, не мынау әлгі үш әріптің өзі. Бойжеткен езуінде мысқыл күлкі, иығымнан қағып қойды. – Білем. Сені көп сұрақтар мазалап жатқан болар. Бірден айтайын, ешкім саған көмекке келмейді. Тырмыспа. Ол темекісін жақты. Қараңғы көшелердегі жарыққа қарап, тағы ойға батты. – Мен жаңа иіс іздеп жүрмін, – деді алыстан көзін алмай. – Түсінесің бе, жаңа иіс. Бұрынғы иіс мені шабыттандырмайды. Сағатына қарап: – Сенде үш сағат бар. Аман қалуға… Сұрақтың жауабын тапсаң – мені көрмейсің. Таппасаң ертең полицейлер «25 жасар журналист жігіттің денесі өлі күйінде табылды» деген ақпарат тарататын болады. Ол темекісін күлсалғышқа басып, көзіме тура қарады. – Мен кіммін? Осылай деді де көз алдымнан әп-сәтте ғайып болды. Ол кетісімен, мен де денем босап, алып ұйқыға кеттім. Таң ағара, есімді жисам, тақтай орындықта жатыр екенмін. Шатқаяқтап үйге тарттым. Жол бойы құсып келемін. Келе салып, осы естелікті жазып отырмын. «Шынымен ол кім? Мені неге өлтірмек болды? Бірақ неге өлтірмеді?» Кенет жыртылған ретро журналдың бетінен сегіз жасар қыздың суретін байқап қалдым. «Әсия Мамырова. 1987 жылы Павлодар қаласы, Қызылжар ауылында педофил құрбаны болған. Қасындағы 7 жасар Шәкен Тұмаров есімді бала аман қалды» деп жазыпты. «Жоқ, мүмкін емес! Әсия, Әсия! Бұл сол қыз ғой. Кешегі әйел айтқан. Ал, қасындағы Шәкен Тұмаров деген бала ше? Ол кім? Кешегі әйел кім? Мен кіммін?»

Жантас ЕРКІНҰЛЫ

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...