Мемлекттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен Тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандылығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Мемлекттік рәміздер – мемлекеттік мызғымас негіздерінің бірі. Азаматтар патриотизмінің көрінісі, бүкіл қоғамды біріктіретін факторы, кез келген ұлт пен мемлекеттің болмысын қалыптастырудың құрамдас бөлігі.
Отанды қастерлеу, туған елге деген шынайы құрмет – Мемлекеттік рәміздерді қадірлеуден басталады. Ата Заңымыздың 34-бабында: «Әркім Республиканың мемлекеттік рәмізін құрметтеуге міндетті» деп жазылған. Өйткені, олар халқымыздың мақтанышы, біздің ең киелі құндылығымыз. Бір сөзбен айтқанда, ұлтымыздың рухани құндылықтарын қадірлеу – мемлекеттік рәміздерге деген құрметтен, оны мәртебе тұтудан басталады.
Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – елге, жерге, Отанға деген құрмет. Осыны еліміздің әрбір азаматы сезінуі тиіс.
Ахтанов Марат, ТО Әділет департаменті әкімшілік бөлімінің басшысы


