Дауларды реттеудің қолданыстағы тетіктерін жетілдірудің және азаматтардың бұзылған құқықтарын қорғаудың басым бағыттарының бірі – татуластыру рәсімдерін дамыту болып табылады.
Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңының 3-бабында көрсетілгендей медиацияның мақсаттары:
1) дауды (жанжалды) шешудің медиация тараптарын қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу;
2) тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету болып табылады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 4-бабына сәйкес, дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу азаматтық сот ісін жүргізудің міндеті ретінде айқындалып, оны жүзеге асыру мақсатында соттарда татуластырушы-судьялар институты енгізіліп, татуласу үшін жағдайлар жасалуда.
Татуластырушы судьяның басты мақсаты – тараптардың арасындағы жылы қарым-қатынасты сақтап, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен шешу болып табылады.
Сондай-ақ, татуластырушы судьяның қарауына тек қана талап қою іс жүргізу тәртібімен қаралатын талап қоюлар бөлініп беріледі. Татуластырушы-судья, оған талап қою келіп түскеннен кейін бес жұмыс күні ішінде туындаған құқықтық қатынастарды реттейтін құқық нормаларының жиынтығын тексереді және көрсетілген мерзімде талап қоюды қайтару не қабылдаудан бас тарту туралы мәселені шешеді.
Бұл ретте бірнеше әңгімелесулер өткізілуі мүмкін екені ескеріле отырып, татуластыру рәсімі үшін – 10 (он) жұмыс күні, сотқа дейінгі хаттама жасалған кезде – 15 (он бес) жұмыс күнінің ішінде әңгімелесу күні тағайындалады.
Шақыртуда тараптардың белгілеген уақытқа дейін (күніне) дейін соттың қатысуынсыз дауды келісім, сонымен бірге сотқа дейінгі хаттама толтыру арқылы медиатордың, адвокаттың нотариустың қатысуымен бітімгершілік рәсімінде шешу құқығы түсіндіріледі.
Медиация жеке және (немесе) заңды тұлғалар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтын даулар бойынша істер жатады.
Сот қарауында жатқан, оның ішінде атқарушылық іс жүргізу сатысындағы материалдар бойынша, жеке және (немесе) заңды тұлғалар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтын дауларды (жанжалдарды) реттеу бойынша медиация туралы шарт іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға негіз болып табылады.
Сонымен қатар, 2023 жылы татуласу рәсімдері қолданылмайтын азаматтық істердің санаттары азайды. Олар:
-әке болуды анықтау туралы; әке болуды даулау туралы істер;
-мемлекеттік білім беру тапсырысы және мемлекеттік білім беру гранттары бойынша берешекті өндіріп алу туралы істер;
-алимент төлеуден босату туралы істер;
-ипотека шарты бойынша кепілге қойылған мүлікті өндіріп алу туралы және тағы да басқа істер;
-салық заңнамасы саласындағы мбұзушылықтарға байланысты даулар (заңды тұлғаны тіркеуді(қайта тіркеуді ) жарамсыз деп тану туралы, шот-фактуралар бойынша операцияларды жарамсыз деп тану туралы);
-мүлікті тыйым салудан босату туралы;
-меншік құқығын тану туралы;
-АПК-нің 54-бабының 2-бөлігінде көрсетілген тұлғалардың мүдделеріне қатысты істер бойынша прокурорлардың талаптары;
-қайтыс болған ерлі-зайыптылардың үлесін анықтау туралы;
-жекешелендіру шартын ішінара жарамсыз деп тану туралы;
-мемлекеттік және құқық қорғау қызметі туралы заңнамны қолдануға байланысты мемлекеттік органдарға жеке тұлғалардың талаптары бойынша даулар туралы.Мысалы, жеке тұлғаның(қызметкер, бұрынғы қызметкер, мемлекеттік қызметші) Облыстық полиция департаментіне бұйрыққа дау айту, жұмысқа қайта алу және т.б.даулар бойынша.Себебі аталған даулар бойынша дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасау көзделмеген;
-жауапкер мемлекеттік орган болып табылатын мүлікке меншік құқығы;
-мемлекеттік органдардың мемлекеттік органдарға талаптары бойынша;
-өнім берушіні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы;
-азаматтық хал актілерін тіркеуді алып тастау туралы;
-ата-ана құқығынан айыру туралы, ата-ана құқықтарын қалпына келтіру туралы;
-ата-ана құқықтарын шектеу туралы;ата-ана құқықтарын шектеуді жою туралы;
-бала асырап алудың күшін жою туралы; бала асырап алуды заңсыз деп тану туралы;
-мұраны қабылдау және оны мұраны қабылдады деп тану мерзімін қалпына келтіру туралы, басқа да мұрагерлік даулар;
-мемлекеттік органдардың жеке тұлғаларға мемлекеттік және құқық қорғау қызметі туралы заңнаманы қолдануға байланысты даулар бойынша, жоғарыда аталған тармақта көрсетілген дауларға қатысты;
-жер құқықтық қатынастарынан туындайтын даулар(мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қою туралы және т.б.)бойынша;
-қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартылған тұлғалардың мемлекеттік органдарға, мемлекетке материалдық залалды және моральдық зиянды өтеу туралы талаптары бойынша;
-қаржы заңнамасын бұзуға байланысты даулар;
-зейнетақы заңнамасы саласындағы даулар;
-жәрдемақыларды, өтемақыларды өндіру туралы;
-конкурстық міндеттемелер мен конкурс , аукцион және сауда-саттықтың өзге де нысандары негізінде туындайтын міндеттемелер бойынша (оның ішінде олардың жарамды, жарамсыз деп тану туралы);
-лицензиялау қызметіне байланысты даулар(адвокаттық лицензиядан айыру және т.б);
-қоршаған ортаны қорғау туралы істерден туындайтын даулар бойынша;
-көлік құралын басқару құқығынан айыру (тоқтата тұру) туралы даулар бойынша;
-тыйым салынған заттарды жою туралы істерден туындайтын талаптар бойынша;
-мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйге меншік құқығы туралы даулар бойынша істер болып табылады.
Соттар тараптарға дауды процестің барлық сатысында реттеуде жәрдемдеседі, яғни талап қою соттың іс жүргізуіне түскен күннен бастап, іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғанға дейін тараптар дауды бейбіт жолмен реттей алады.
Жалпы алғанда, татуласу рәсімін қолдану — тараптар арасындағы моральдық және материалдық шығындардың азайып, дау-жанжалсыз өзара ортақ шешім тауып, қарым-қатынастың жақсы жағдайда қалуына септігін тигізеді.
Қызылорда қалалық сотының судьясы
Айгерім Қаршыға Алшериевна