Медиация жаңа термин көрінгенімен, дала демократиясына сай халқымыздың салты да, тұрмысы да татулықты сақтап, бірлікті нығайтуға бағытталғанын тарихтан бағамдау қиын емес. «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді» деген қанатты сөздер де жадымызда. Ағайын арасындағы дауды татулықпен шешу, түрлі кикілжіңдерді бейбіт жолмен реттеу біздің би бабаларымыздан қалған тамаша үрдіс.
Сол тарихи құндылықты жаңғыртып «Медиация туралы» заңның тәжірибеде қолданылып келе жатқанына он жылдан аса уақыт болыпты. Осы уақыт аралығында медиация институты үлкен даму баспалдағынан өтті. Әрі бұл ілгерілеудің бастауында сот саласы тұрғанын ерекше атап өткен жөн.
Медиацияның не екенін, медиаторлардың немен айналысатынын жетік білмей тұрған азаматтарды жаңа институттың маңызына сендіру, артықшылығына көзін жеткізу оңай болған жоқ. Ол үшін ең алдымен ақпараттық, насихат жұмыстары қолға алынды. Республикадағы барлық сот ұжымдары, судьялар жаңа заңды таныстыру, тиімді тетіктерін түсіндіру бойынша кешенді шараларға мұрындық болды. Бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе отырып медиацияның қолданыс аясын кеңейтуге жағдай жасалды. Екіншіден, кәсіби және кәсіби емес медиаторларды көпшілікке таныстырған да, халық пен медиаторлар арасында алтын көпір болған да – соттар. Елге сөзін өткізе алатын, тараптарды татуластыруға ықпалы, қабылеті бар жандарды медиаторлыққа тартып, олардың танылуы үшін сот ғимаратынан арнайы бөлме, бұрыштардың берілгеніне де жұртшылық куә. Осының бәрі өз кезегінде медиация ұғымының халық санасында біртіндеп орнығуына себепші болды.
Үшіншіден, сот саласы әкімдік, кәсіпкерлер палатасы, кәсіподақ ұйымы, ассамблея өкілдерімен меморандум жасауға бастамашы болып, екі жақты келісімнің нәтижесінде әр өңірде ардагерлер алқасының, Билер кеңесінің құрылуына, мықты медиаторлар шоғырының қалыптасуына ықпал етті.
Төртіншіден, медиацияның қолданысын кеңейтетін заңдық механизмдердің енгізілуіне сот жүйесі бірден-бір себепші бола білді. Өйткені, кез келген заңның артықшылығы мен кемшілігі тәжірибе барысында білініп, сыналады. Сондықтан, медиация рәсімдерінің көбеюіне, медиаторлар құзырының кеңеюіне қатысты өзгерістердің басында да соттар тұр деп нық сеніммен айтуға болады. Осындай кешенді іс-шаралардың арқасында бүгінде медиацияны қолданып мәмілеге келушілер қатары да өсе түскен.
Бірақ соған қарамастан, маңызды институттың артықшылығын жұртқа түсіндіру, таныстыру жұмыстары бір сәт те тоқтамауы керек. Өйткені, медиацияны тәжірибеге енгізудің өзі қарапайым халықтың даулы істерін жедел, тиімді, оңтайлы шешуге бағытталған. Ал жеделдік пен теңқұқылықтың, еріктілік пен құпиялықтың кілті медиацияда екені түсінікті.
Медиацияның маңызы – ел ішін даудан сақтауынан, азаматтар арасындағы даукестікті төмендетуінен көрінеді. «Дау қуған бәлеге жолығады», «Дауласқан елде бірлік болмайды» дегенді бабаларымыз тегін айтпаған. Сондықтан, біз бұл институттың басты артықшылығын елдегі татулықты, ынтымақты сақтауымен байланыстырғанымыз жөн.
Медиация – уақыт жағынан да ұтымды. Мұны дауын медиатордың, судья-татуластырушының, адвокатының көмегімен шешкендер жақсы білсе керек. Себебі, дауды сот арқылы шешу көп уақытты қажет етеді. Сот актісі қолға тигенше апта, ай емес, тіпті жыл өтуі мүмкін. Ал нағыз пайда табар, табысын еселер уақытта дау қуып сотта жүру ешбір азаматқа абырой мен береке әкелмейді. Осы тұрғыдан алғанда екі тарапты теңдей тыңдай отырып, даудың тоқ етер түйінін тарқатып, ортақ мәмілеге келтіретін медиатордың келісімі қос тарапқа да ыңғайлы. Дауды сот арқылы шешкісі келгендер жұмыстан сұранып, басшының көзіне түседі, негізгі шаруасын тастап, табысынан ажырайды, отбасын ұмытып, шаңырақта салқындық туындауына себепші болады. Одан гөрі бітімге келсе осы кедергілердің біріне де кездеспейтінін тәжірибе көрсетіп отыр.
Сонымен бірге, сот процесі өткенде сот актісінің дер кезінде орындаларына кепілдік жоқ. Ал медиациялық келісімде бажды қайтарып алуға мүмкіндік туып қана қоймай, қос тарап өз қалауымен ортақ келісімге келетіндіктен өзара бекітілген талаптың да орындалуы тез.
Сотта өзіңнің дұрыстығыңды дәлелдеу үшін қаншама құжат жинап әуре түсетінің белгілі. Медиаторлардың көмегіне жүгінгендер қағазбастылықтан арылады. Өйткені тараптар арасынлағы келісім өзара сенімгерлік сипатында өтеді.
Медиациясының құпияны сақтауға, жауаптылықты арттыруға көмектесетіні, жүйкеге салмақ түсірмейтіні де негізгі артықшылығы болса керек. Тәжірибе барысында өз тиімділігін толық дәлелдеген медиация институтын әрі қарай жандандыру баршамыздың парызымыз.
Дәурен Тілеубаев,
Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының төрағасы