Маңғыстау ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тасымалдау көлігі (инватакси) алынды, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі. Көлік қызметін тірек-қимыл жүйесі және көру қабілеті бұзылған 1- топ мүгедектігі бар (99 адам) жандар пайдалана алады. Олар әлеуметтік нысандарға бару қажеттілігі туындаған кезде инватакси қызметіне жүгіне алады.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тапсырысымен тамыз айында жарияланған мемлекеттік сатып алу конкурс жеңімпазы «СемАЗ» ЖШС арнайы көлікті жеткізіп берді.
Айта кетейік, мекеме 2014 жылы желтоқсан айында алған инватакси 2020 жылдың мамыр айынан бері жарамсыз саналып, осыған байланысты арнайы көлік қызметін көрсету мүмкіндігі болмаған еді.
Айта кетейік, инватакси бірінші кезектегі тәртіппен жұмыс немесе оқу кестесіне сәйкес мүгедектігі бар жұмыс істейтін және білім алатын азаматтарға беріледі. Мүгедектігі бар өзге адамдарға инватакси қызметтері олардың жүгіну тәртібімен ұсынылады. Инватакси жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын қызмет мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы әкімдіктермен көрсетіледі.


