12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Мақсат ТҰРЛЫБАЕВ, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары: «ҰЛТТЫҚ САНАҚ — БІРЕГЕЙ ДЕРЕК КӨЗІ»

– Мақсат Қайратұлы, 2021 жылы Қазақстанда үшінші жалпы ұлттық халық санағы жүргізілді. Оның түпкілікті қорытындылары бойынша тақырыптық жинақтар шығару енді ғана қолға алыныпты. Мұның себебін қалай түсіндіресіз?

– Ұлттық халық санағы 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында жүргізілді. Сол жылдың желтоқсанында Ұлттық статистика бюросы алғашқы алдын ала қорытындыларын ұсынды. Бұл халық саны, жыныс-жас құрамы, қала мен ауылда тұратын адамдар саны туралы деректер болды. 2022 жылдың шілде айында санақтың қысқаша нәтижелері аймақ, ұлт, дін және тілді білу деңгейі бойынша жарияланды. 2022 жылғы тамыздан бастап санақ нәтижелері бойынша ағымдағы статистиканы қалыптастыру басталды. Бұл орайда туу және өлім-жітім, сондай-ақ халықтың көші-қоны (тұрақты тұруға келген/ кеткендер саны) туралы деректер есепке алынады. Сіздің сауалыңызға орай әлем елдерінің көпшілігі, санақтың негізгі кезеңдері, қорытындыларды дайындау және өңдеу мерзімдері, нәтижелерді жариялау бойынша БҰҰ ұсынған белгілі бір әдістемені ұстанатынын айтар едім. Бұл Қазақстанға да тән. Осының негізінде біздің Ұлттық статистика бюросы халық санағын дайындау, өткізу және өңдеу мерзімдерін реттейтін іс-шаралар жоспарын жасады. Нәтижелерді жариялаудың соңғы мерзімі – 2023 жылдың төртінші тоқсаны. Орташа алғанда, көптеген елде деректерді өңдеу бір жылдан үш жылға дейін созылады. Мысалы, Беларусь пен Әзірбайжан 2019 жылы коронавирустық пандемиядан бұрын да халық санағын жүргізіп, сәйкесінше 2021 және 2022 жылдары нәтижелерін ұсынды. Ресей Федерациясы мен Тәжікстанда да біздегідей екі жыл бұрын халық санағы өтіп, оның қорытындысы биыл шығарылып отыр. Біз санақ нәтижелерінің қорытынды жинақтарын 30 қазанда жариялай бастадық және қараша айында апта сайын барлық материалды stat.gov.kz

– Цифрландыру халық санағын бұрынғыдан гөрі жеңілдеткен болар? Жалпы соңғы санақтың басты ерекшелігі де анкетаны онлайн толтыру мүмкіндігі болды. Мұны пайдаланғандар көп болды ма?

– Расында да, 2021 жылғы халық санағы кезінде алғаш рет жұмыс екі жолмен яғни, sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн және планшеттер арқылы интервьюерлердің сауалнамасы жүргізілді. Санаққа барлығы 19 186 015 адам қатысты. Олардың 11 миллионы интервьюерлермен сұхбаттасса, 8 миллионнан астамы сауалнаманы онлайн түрде толтырды. Біздің онлайн қатысушылардың үлесі басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болды. Мысалы, Еуропада онлайн түрде санақтан өткендердің орташа пайызы 30-31 пайыз болса, Беларусьте – 22 пайыз, Ресейде бар болғаны 8 пайызға жетті. Алынған ақпарат деректер ауқымы кең екенін түсінуіміз керек. Өңдеу, тексеру және реттеу кезінде форматтық-логикалық бақылау, сондай-ақ интеграция – планшеттер мен онлайн жолмен алынған мәліметтерді салыстыру арқылы жүзеге асырылды. Сондай-ақ, қайталанатын жазбаларға қосымша тексеру жүргізілді.

– Соңғы санақ деректері бойынша Қазақстан халқының нақты саны қанша? Бұл өсімнің себебі не және халық санының көбеюі қай аймақтарда байқалды?

– Егер екі санақтың – 2009 бен 2021 жылдардағы нәтижелерін салыстыратын болсақ, қазіргі демографиялық құрылымды көрсететін бірқатар тенденцияларды анықтауға болады. Ел халқының саны 3 миллионнан астам адамға, яғни 20 пайызға өсті. Бұл санақаралық кезеңдегі табиғи өсіммен байланысты. Халық санының ең жоғары өсімі республикалық маңызы бар үш қалада байқалды. Санақ кезінде елордада ең көп өсім байқалды. Соңғы 12 жылда Астана халқының саны екі есеге өсіп, 1,23 миллион адамға жетіпті. Алматыда халық саны 2 миллионнан асты, осылайша мегаполис тұрғындарының саны 630 мың адамға өсті. Ал Шымкент халқының саны 430 мың адамға артып, 1,1 миллион адам болды. Сондай-ақ, облыстарда халық санының көтерілгені байқалды. Атап айтар болсақ, бүгінде Алматы және Түркістан облыстарында 2,2 және 2,1 млн адам, Солтүстік Қазақстан облысында ең азы – 540,7 мың адам тұрады. Санақ статистикасына жаңадан құрылған өңірлер кірмегенін ерекше атап өткім келеді. Санақ жүргізілген кезде Қазақстанда 17 облыс болды. Әрине, бүгінде бұл үш облыстағы сан санақ мәліметтерін ескере отырып, қайта есептелді. Соңғы мәліметтер, нақтырақ айтқанда 2023 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша қазақстандықтардың саны 19 967 964 адамды құрады. Жалпы, республика халқының саны 20 миллион адамға жуықтап қалды. Бұл көрсеткішке осы қараша айында жетеміз деген болжам бар. Бұл айтарлықтай маңызды оқиға.

– Ал, осы санақаралық кезеңде халықтың жас құрамы қалай өзгерді?

– Халықтың орташа жасы аздап өсуде. Соңғы санақты ескеретін болсақ, орташа жас 31-ден (2009) 32-ге дейін (2021) артты. Басқа елдермен салыстырғанда қазақстандықтар өздерін әлі де жас ұлт санай алады. Мәселен, Еуропа елдерінде орташа жас 39,5-тен (Македония, Норвегия) 46,5 жасқа дейін (Германия, Италия, Греция) болса, АҚШ-та – 38,5 жас, Қытайда – 38,4 жас деңгейінде. «Ұлттың қартаюы» тенденциясы ТМД-дағы бірқатар серіктестерімізге де тән. Арменияда орташа жас – 36,6 жас, Ресейде – 40,3, Беларусьте – 40,9, Украинада – 41,2 жас. Санақаралық кезеңде 0-ден 15 жасқа дейінгі балалар саны да айтарлықтай өскенін айта кеткен жөн. Егер 2009 жылы олардың үлесі сол кездегі халықтың жалпы санынан 24,1 пайыз болса,(3,9 млн), соңғы санақтың қорытындысы бойынша 29,4 пайызға (5,6 млн) жетті. Қарт тұрғындардың, яғни 65 жастан асқан азаматтардың үлесі де өсті. Олардың саны 7,1 пайыздан 8,2 пайызға дейін артты(1,6 млн адам).

– Халықтың жыныстық құрамы қалай болып жатыр? Бұл санақта да сол баяғы ерлерге қарағанда әйелдер көп екені анықталды ма?

– Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде әйелдер саны шынымен де көп. Нақтырақ айтсақ, 2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша 536,3 мыңға артық. Ерлердің үлесі – 48,6 пайыз (9 324 840 адам), әйелдер – 51,4 пайыз(9 861 175 адам). Алдыңғы санақпен салыстырғанда ерлер саны 1,6 миллионға, ал нәзік жыныстылар 1,5 миллионға өскен. Мәселен, Қазақстанда әрбір 1000 әйелге 946 ер адамнан келеді. Бұл жерде назар аударарлық факт: демографиялық сипаттамаларға байланысты ерлер саны туғаннан бастап 36 жасқа дейін әйелдерге қарағанда көп болса, содан кейін олардың арақатынасы азая бастайды. Әйелдер қауымының басым бөлігі Алматы қаласында (тұрғындардың 5,7 пайызы,яғни 1 095 738 адам), Алматы облысында (тұрғындардың 5,6 пайызы, яғни 1 078 647 адам) және Түркістан облысында (тұрғындардың 5,3 пайызы, яғни 1 013 402 адам) тұрады. Ең азы Солтүстік Қазақстан облысында (тұрғындардың 1,5 пайызы, яғни 279 842 адам), сондай-ақ Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында ( тұрғындардың шамамен 1,8 пайызы, тиісінше 341 376 және 344 448 адам). Ерлер мен әйелдердің арақатынасы тек екі облыста – Қызылорда және Түркістан облыстарында жоғарырақ, мұнда 1000 әйелге сәйкесінше 1006 және 1027 ер адамнан келеді.

– Жаһандық үрдіс – урбанизация Қазақстанға әсер етті ме?

– Дүниежүзіндегідей біздің елімізде де урбанизация деңгейі өсіп келеді. Санақ деректері бойынша 2009 жылмен салыстырғанда Қазақстандағы қала халқының үлесі 56 пайыздан 61 пайызға өсті. Бүгінде ел халқының 11,7 миллион адамы қалаларда, 7,4 миллионы ауылдық жерлерде тұрды. Республикалық маңызы бар қалаларды есепке алмасақ, ең урбандалған аймақ – Қарағанды облысы, онда аймақ халқының 80 пайызы қалалық жерлерде тұрады. Екінші орында Ақтөбе облысы (74 пайыз), үшінші орында Павлодар облысы (70 пайыз). Түркістан облысы ауылдық жерлерде тұратын халық саны бойынша көш бастап тұр – халықтың 75,7 пайызы немесе 1,6 миллион адам ауылда өмір сүріп жатыр. Жалпы, соңғы 10 жылдағы статистикалық мәліметтерге сәйкес, ауыл тұрғындарының қалаға кетуі Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында айрықша байқалған. Бұл аймақтарда 77-ден 100 мыңға дейін адам қалалық жерлерге көшіп келген.

– Ал, халқымыздың ұлттық ерекшеліктері бойынша қандай деректер айқындалды?

– Санақ қорытындысы бойынша елімізде 124 ұлттың өкілі тұрады. Қазақтардың үлесі 63,1 пайыздан 70,4 пайызға дейін өсіп, абсолютті мәнде 13,5 млн адамға жетті. Алдыңғы бестікке 15,5 пайызбен орыстар, 3,2 пайызбен өзбектер, 2 пайызбен украиндар, 1,5 пайызбен ұйғырлар кіреді. Қуаныштысы сол, санақ қорытындысы бойынша әрбір төртінші қазақстандықтың жоғары білімі бар екендігі анықталды. Сол секілді мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына баратын балалар саны бес есе өсіпті. Қараша айының соңына дейін «Тұрғындар» (1-2 том), «Ұлттық құрам, дін және тілді білу», «Білім», «Халықтың табысы мен өмір сүру көздері»,«Халықтың көші-қоны», «Халықты жұмыспен қамту» (1-2 том), «Неке және отбасы», «Үй шаруашылығы», «Халықтың тұрғын үй сипаттамасы» салалары бойынша тоғыз жинақ шығады. Кез келген адам бұл жинақтарды біздің веб-сайттан көре алады. Олар сондай-ақ, талдаушылар үшін барлық қажетті деректерді егжей-тегжейлі зерттей алатын құнды дереккөз болады. Халық санағы 318-ден астам әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша бірегей деректер береді. Мысалы, халық санағының статистикалық мәліметтері болған жағдайда ғана сіз тілдерді, оның ішінде шетел тілдерін меңгерген халықтың нақты санын, қай дінді ұстанатынын, қаншасы азаматтық некеде екенін, т.б деректерді біле аласыз. Сондықтан да жалпы ұлттық санаққа қатысқан әрбір азамат мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлау мен әзірлеуге елеулі де құнды үлес қосты деп батыл айтуға болады.

– Естуімізше, 2025 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Бұл бағытта қандай дайындық жұмыстары жүргізілуде?

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық статистика бюросы 2025 жылы өтетін ауыл шаруашылығы санағын өткізуге дайындық жұмыстарын жүргізуде. Республикада соңғы рет ауыл шаруашылығы санағы 2005–2006 жылдары өткен болатын. Мұндағы басты мақсат жерді пайдалану, егін, мал басы, ферма көлемі, техниканы пайдалану және фермерлердің демографиялық сипаттамалары сияқты әртүрлі аспектілер туралы ақпаратты жинау. Өйткені, санақ саясатты әзірлеу, ресурстарды бөлу, ауыл шаруашылығын жоспарлау және сектордағы тенденцияларды бақылау үшін құнды деректер береді. Бұған дейін біз ауылшаруашылық санағын өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы бойынша бөлек екі кезеңде жүргіздік. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, енді осы екі саланың мәселелері біріктіріліп, бір мезетте өткізіледі. Халық санағы секілді бұл жұмыста да заманауи цифрлық технологияларды қолдану, яғни веб-сайтта сауалнамаларды онлайн толтыру жоспарлануда. Бір айдан кейін қалған респонденттерге (онлайн сауалнаманы толтырмаған) планшеттерді пайдалана отырып интервьюерлер арқылы жүзеге асырылады. Санаққа ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, шаруа және фермер қожалықтары, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер, бау-бақша және саяжай кооперативтері, ауылдық және қалалық жерлердегі жеке қосалқы шаруашылықтар қамтылады. Сұрақтар жұмыс күші, мал басы, пайдаланылатын жер, егістік алқаптар, өңдеу орындары, өндірістік инфрақұрылым, ғимараттар және тағы басқа салаға қатысты мәселелерді қамтиды. Сонымен бірге, Еуропалық Статистиктер конференциясының ұсынымдарына сәйкес, БҰҰ FAO ұйымы дайындық кезеңінде пилоттық ауыл шаруашылығы санағын 2024 жылы өткізу қажеттілігін айқындап отыр. Тоқетерін айтқанда, санақ ісі бұл ұлттық дамуымыздың дұрыс, әділ, өркениетті бағытта жүруінің басты кепілдігі. Сондықтан бұл іске барлық қазақстандық қолдау білдіріп, белсене ат салысуы керек.

А.ТҰРМАҒАМБЕТОВА, «Заң газеті»

Президент Касым-Жомарт Токаев возложил цветы к монументу ”Отан Ана”

Президент Касым-Жомарт Токаев принял участие в церемонии возложения цветов к монументу "Отан Ана".

Ерболат Досаев Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады

Алматы әкімі Ерболат Досаев 9 мамыр мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне барып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтады.

Ресей үкіметі отставкаға кетті

Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин үкіметті отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды.

Мереке күндері ауа райы қандай болады?

Синоптиктер алдағы үш күнде - 7-9 мамыр аралығында Астана, Алматы және Шымкентте ауа райы қандай болатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.