12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Ләззат БИСЕНОВА, Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы: «МАҚСАТЫМЫЗ — ӘКІМШІЛІК ӘДІЛЕТТІҢ ТҰҒЫРЫН НЫҚ ОРНАТУ»

– Өзіңіз басқарып отырған әкімшілік соттың бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай?

– Көпшілігіңізге белгілі 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне еніп, жарияқұқықтық дауларды қарайтын жаңа әкімшілік соттар ашылды. Биыл шілде айында жаңа кодекс аясында біздің де жұмыс жасай бастағанымызға екі жыл толады. Бұл соттың ерекшелігі, мұнда жауапкер тек әкімшілік, мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлға болып табылады. Егер азамат әкімшілік органның, лауазымды тұлғаның өзіне ауыртпалық түсіретін актісімен немесе іс-әрекетімен және оның әрекетсіздігімен келіспесе, осы әкімшілік сотқа жүгіне алады. Сот ісін жүргізудің мүлдем жаңа түрі болғандықтан, алғашқы жылы соттылыққа қатысты, одан өзге де сұрақтар туындаған еді. Қазіргі уақытта әкімшілік істер бойынша бірізді сот практикасы қалыптасты деп сеніммен айта аламын. Әкімшілік сотта қазіргі уақытта 8 судья сот төрелігін іске асырады. Олар тәжірибелі, білікті, өз ісінің майталмандары. Біздің басты міндет – халықтың сот жүйесіне деген сенімін одан әрі арттыру, жаңа кодекстің әлеуетін толық пайдаланып, әкімшілік әділеттің тұғырын нық орнату. 

– Әкімшілік әділеттің қоғамға, қарапайым халыққа тиімді тұсы қандай?

– Әкімшілік әділеттің халыққа берер пайдасы көп, себебі, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің әрбір нормасы азаматтардың құқықтарын толық және жан-жақты қорғауға бағытталған. Мысалы, кодексте әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады деп көрсетілген. Белсенді рөл атқара отырып, судья сотқа қатысушылардың түсініктемелерімен, олар ұсынған дәлелдемелермен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді және өз бастамасы бойынша қосымша дәлелдемелерді жинай алады. Азамат сотқа құқықтары мен заңды мүдделері бұзылғандықтан жүгінеді, алайда заң нормаларын толық меңгермегендіктен талапты нақты қоймауы, іске тиісті жауапкерді тартпауы мүмкін. Мұндай жағдайда судья азаматқа құқықтық көмек көрсете алады және судьяның бұл өкілеттігі осы жаңа заң нормаларымен бекітілген. Сонымен қатар, судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айта алады. Осы норманы қолдану барысында, сот әкімшілік процеске қатысушыларға даулы қатынастарды реттейтін заң нормаларын түсіндіре алады және бұл өз кезегінде тараптарды татуластыруда өте маңызды рөл атқаратынын көрсетіп отыр. Сөз кезегінде айта кетейін, бұрын мемлекеттік органдардың талап қоюшылармен бітімгершілікке келуге заң тұрғысынан құқықтары болмаған еді, қазір жаңа кодекс билік органдарына дауды азаматтармен татуласу арқылы шешуге толық мүмкіндік беріп отыр.

– Қазір қандай сипаттағы әкімшілік істер көбейді, қандай істердің көрсеткіші төмендеді?

– 2022 жылғы 6 айда сотқа келіп түскен істердің басым көпшілігі сот орындаушыларының әрекетін (әрекетсіздігін) даулау, салық даулары және жер даулары болып келеді. Осы істер бойынша барлығы 150 шешім шығарылған, оның ішінде 91 немесе 60,6% бойынша талап қанағаттандырылған. Биылғы жылы сотқа түскен істердің ішінде жоғарыда атап өткен істер санатына үй даулары қосылды. Әкімшілік істер бойынша барлығы 171 шешім шығарылған, оның ішінде 96 немесе 56,1% бойынша талап қанағаттандырылған, яғни, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың шығарған шешімдерінің жартысынан көбінің күші жойылған. Сонымен қатар, атап өтетін жайт былтыр да, биыл да қаралған істердің әрбір үшіншісінде тараптар бітімгершілікке келген немесе даудың шешілуіне орай талап қоюшылар арыздарын кері қайтаруды сұраған.

– Кадрлардың біліктілігі мен білімін қалай бағалайсыз?

– Судьяларға қойылатын талаптар, іріктеуден өткізу, тағайындау мәселесі ҚР Жоғарғы Сот Кеңесінің құзыретіне кіреді. Заңнамаға сәйкес судьяларға қойылатын талаптар жоғары. Ал, сот мамандарының білімдерін тексеруді қызметке алу алдында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік жүзеге асырады. Мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңында көрсетілген. Мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын мемлекеттік лауазымдарға тағайындауға құқығы бар лауазымды адам (орган) уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қойылатын үлгілік біліктілік талаптарының негізінде уәкілетті орган бекітеді. Айтайын дегенім, судьяның да, сот маманының да білімі мен біліктілігін тексерудің заңда көзделген белгілі бір тәртібі бар. Жалпы, мемлекеттік қызметке адам саналы түрде келу керек, себебі, оның басты міндеті – халыққа қалтқысыз қызмет ету. Өз кезегінде бұл қызмет терең біліммен қатар зор жауапкершілікті, мықты табандылық пен шыдамдылықты қажет етеді. Бұдан басқа, қандай мамандық иесі болсын, өз ісінің кәсіби маманы болу үшін барлығымызға үнемі ізденісте болу, білімін жетілдірумен айналысу, өзін-өзі дамытып отыру өте маңызды.

– Әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?

– Сот саласына қатысты барлық әріптестерімді кешегі өткен мерейлі мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Оларға зор денсаулық, отбасында бақ-береке, қызметте абырой тілеймін. Сонымен қатар, халықтың сенімін ақтап, азаматтарымыздың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуде талмас талап пен сарқылмас күш-жігер тілеймін. Әрқашан әділдіктің биік шыңынан көрініп жүре берейік!

Сұхбаттасқан Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ, «Заң газеті»

МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ РЕЙДТІК ШАРАЛАР ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында және оны өткізу кезінде қауіпсіздікті...

Алтын ұрлап, айыпты болды

Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар қала...

Көршісінің үйінен тоңазытқыш ұрлаған жас жігітті полиция ұстады

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының полициясы көршісінің үйіне ұрлыққа түскен...

КЕЗЕКТІ ПОЛИЦИЯ СЫНЫБЫНДА ЖАСТАР ӨЗ ОТАНЫН СҮЮГЕ АНТ БЕРДІ

Отырар аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, Шәуілдір ауылында орналасқан...

«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы

"Құқықтық тәртіп" атты жедел алдын алу шарасын өткізу мерзімінде...