12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

КӨРІПКЕЛ

Баянауыл баурайындағы бұлттар көз ұшында бұлдырап, төрткүл төңіректі тұмшалап тұрған таңғы мұнар қырат-қырқаның төбесінде қалқып барып, буға айналып тұнық ауаға сіңіп жатты. Мың сан сәуле шапағын шашып көтеріле берген күн апта бойы сарсылып, қылмыскерлерді таппай жүрген полиция қызметкерлерінің жүзіне де жылы шырай кіргізген еді. Астанадан, облыс орталығынан келген тәжірибелі тергеушілер мен із кесушілер, криминалистер Найзатас пен Кемертастың тұсына келгенде еріксіз таңырқасты. Осында келе жатқандағы табиғат сұлулығы тіл айтып жеткізгісіз еді. Бір бұрышта бір бүйірін жел-құз мүжіген таңғажайып тас тұр. Сүйірлеу келіп иілген сол алып тастың етегіне шағын көлшік пайда болыпты. Мынадай әсемдікті ертегілер елінен де табуыңыз қиын. Апта бойы кәнігі күдіктіні таба алмай сарсылған тәртіп сақшылары көлшік суына түсіп, айналадағы ажарлы көріністерге сүйсіне қарап бір сергіп қалды. Одан әргі жол Торайғыр, Жасыбай, Сабынды көлдеріне ұласты. Сүргін жүрістен сақшылар сергімесе шаршайтын түрі көрінбейді. Сырлы сапар жалғаса түскенін қалайды. Бірақ, алда өте күрделі де жауапты іс күтіп тұр еді. – Жақсы серуеннің соңында жақсы нәтиже де болуы керек. Осымен бүгінгі демалысты қорытындылайық, – деді кең иықты, ұзын бойлы қараторы кісі. Иығындағы әскери шенін айғақтайтын жұлдыздар оның осы топтың басшысы екенін айтқызбай-ақ ұқтырып тұр еді. Оқалы жаға, алтын погонды кісі – Астанадан арнайы келген аса маңызды істерді жедел іздестіру басқармасының белді қызметкері. Қалың қабақ, сүңгі сес бағыныштыларын бір уыс етіп кеше оқыс жадыраған. Осындай ғажап өлкеге өзінің де табаны алғаш тиіп отырғандықтан сұлу табиғатты тамашалағысы келді ме, әлде жігіттерді ширатып алғысы келген болар бір күнді демалысқа арнаған. Енді, міне, сол дәмді демалыс аяқталып келеді. Уақыт шіркін зырылдап қалай өтіп кеткен десеңші. Алда оларды күрмеуі қиын түйінді шешу міндеті күтіп тұрды. Шалғай аудандағы ішкі істер бөлімінде өте ауыр қылмыс орын алған еді. Әлдебір күдікті түн жамылып келіп кезекші офицерлерді, қатардағы полиция қызметкерлерін өлтіріп, қоймадағы автомат, пистолет, тағы басқа да қаруларды сыпырып кеткен. Мұны кім жасауы мүмкін? Әрине, қандықол қарақшының ісі. Бұған ол алдын ала мұқият дайындалған. Соңына ешқандай із қалдырмай кетуі соны айғақтайды. Із кесушілер әбден сарсаңға түсті. Қылмыстық топ мұншама қару-жарақты не істемек? Оны қандай мақсатқа жұмсамақ? Қаруларды сату үшін ұрлады ма? Әлде террорлық мақсатқа пайдаланбақ па? Қай-қайсысы болса да бүкіл облысқа салмағы ауыр тигелі тұр. Бұл үшін Астанадағылар жергілікті ішкі істер басқармасындағылардың басынан сипамайды. Әсіресе, төңкеріс, терроризм мақсатында қаруды пайдаланса, талай адамның иығындағы алтын погон сыпырылып түсіп, өздері темір торға қамалуы да мүмкін. Басқа-басқа емес, тәртіп сақшыларына шабуыл жасау, оларды өлтіріп кету, қаруларды алып кету үлкен, кешірілмейтін қылмыс. Сондықтан осы қылмысты ашу үшін Астанадан бастап облысқа дейінгі шенділер өре түрегелген. Беті домбығып ісінген қараторы бастықтың бүгін қабағы түюлі. Кез келген сөзге бұрқ етіп ашуланып шыға келеді. Сондықтан шені төменгілер оның ығын ала сөйлейді, көзіне түспеуге тырысады. Бақтияр Тоқмолдаев кәсіби дағдысы бойынша төңіректі тінте қарап, айналасының аңдысын аңлап бақты. Оқиға болған түні бөлімнен кеш қайтқандарды, кезекшілермен хабарласып тұруға міндеттілерді қанша сөзге тартқанмен, олардан көңіл көншітетіндей жауап табылмаған. Қас қылғанда «көрдім, білдім» деген бір адам табылсайшы. Жіптің ұшы қолға ілінбеген соң Бақтияр Спанұлы түнермегенде қайтеді? Облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Серік Әлібайұлы әскери тәртіп бойынша қолын шекесіне апарып, сәлемдесу ырымынан соң өзінше түйін жасап: – Бақтияр Спанович, маңайға шолғыншы жіберсек қайтеді? – деп тапқырлық танытқысы келіп еді генерал-майор: – Отставить! – деп тыйып тастады. Серік Әлібайұлы өз қарамағындағыларға қатаң, талапшыл бастық. Әріптестері одан ығып жүреді. Соның өзін бір ауыз сөзбен тыйып тастаған соң өзге төменгі шенділер жұмған аузын ашқан жоқ. Әншейінде Бақтияр Спанұлы да өзін мақтағанды, өзінен біреу ақыл сұрағанды ұнатушы еді. Күні бойы шекесі шибарқыттанып тұрған соң ба бұл жолы шарт кетті. Мұндайда сөзбұйдалыққа салына бермей, қылмойын фужерлерге ақкөбік шампан құю тиімдірек. Соны білетін көмекші аққайнар ашып, фужерлерге жағалай құя бастады. Көбігі секіріп ойнап тұрған шампанның қышқылтым иісі қымыздай ұнап барады. Бақтияр Спанұлы ал-кел жоқ фужерді көтеріп, тастап жіберді. Осыдан соң сәл жадырағандай болды. Басқалар да «бәсе, осылай болу керек еді ғой» дегендей, уф деп демалысты. Қырық қабат құрсауды қанша жерден құрса да қылмыскерлер жердің түбіне түсіп кеткендей ұстатпай-ақ қойды. Ал, жоғарыдағылар «қалайда тез табыңдар» деп күн сайын төбені ойып, тығыз тапсырма беруден танар емес. Осы тұста іздестірушілер тобына облыстық тергеу комитеті тараған соң ұлттық қауіпсіздік комитеті бастығының бірінші орынбасары Сабыр Қожатайұлы да келіп қосылған еді. Мән-жайға қаныққан Сабыр Сабеков аудандық ішкі істер бөліміндегілерден: – Сіздерге өкпелеп жүргендер бар ма еді? – деп сұраған. – Қазір полицияға өкпелі емес кім бар дейсіз, – деді аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Жандар Керімұлы. – Әрине, – деп қоштады Сабыр Қожатайұлы, – полицияға наразылар көп. Өйткені, сіздер дұрыс жұмыс істемейсіздер. Халықпен санасуды ұмыттыңыздар. Сіздерге алдыға келгеннің бәрі қылмыскер көрінеді. Сосын олар сіздерден қашып жүреді. Полковниктің бұл сөзіне аудандық ішкі істер бөлімінің бастығынан бастап барлығы намыстанып қалды. Сабыр Қожатайұлы сұрастыра келсе, таяуда ғана қатардағы бір полиция қызметкері жұмысынан босатылған болып шықты. – Сол сержантпен сөйлесіп көрсек қайтеді? – деді Сабыр Сабеков астаналық бастықтан. – Қайдағыны қайдан шығардыңыз, Сабыр Қожатаевич, – «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» дегенді естімеп пе едіңіз? – деп Бақтияр Спанұлы оған ожырая қарады. Сонда да Сабыр таяуда ғана қызметтен босаған сержантпен сөйлескісі келді. Кім білген, бір ілік табылып қалар. Мұқибек Мұратұлы айналасына аса мұқият қарайтын адам болып көрінеді. Қияқ мұртты, қыр мұрынды сұлуша жігіт. Полициядағы қызметтен босап қалғанына өкінетін секілді. Сұрастыра келгенде Мұқибектің қызметтен кетуіне болмашы ғана кінәсі себеп болған. Мұндайда оған қатаң сөгіс беріп, сынақ мерзімімен жұмысында қалдыруға да болатын еді. Бірақ, подполковник өзгелерге сабақ болу үшін оны жазалағысы келген. – Атқарып жүрген қызметіңе қайта оралғың келе ме? – деп сұрап көрді Сабыр одан. Мұқибектің көзі жайнап кетті. – Әрине! – Онда бізге көмектессең қайтеді? – Қалай? – Мына қылмысты ашуға көмектессең, мен сенің бұрынғы қызметіңе қайта оралуыңа жәрдем беремін. – Распа, жолдас полковник! – Уәде – Құдайдың аты! – Ендеше, мен ертең келейін. – Келістік. Ол кеткен соң полковник ұзақ ойға шомды. Мұқибектің бір білгені бар ма? Әлде жұмысқа қайта орналастырамын деген соң тәуекелге бел буды ма? Сабыр неде болса ертеңді күтпек болды. – Иә, қалай? Жақсы демалдың ба? Іске кірісеміз бе? – деп сұрады полковник өзіне келіп тұрған Мұқибекпен сәлемдескен соң – Кірісеміз. – Неден бастаймыз? Мұқибек мүдірді. Қипақтағанына қарап полковник оның бірдеңе айтқысы келіп тұрғанын сезді. – Полковник мырза. Қарудың қай жерде жасырулы жатқанын бөлімдегілер әзірге білмей-ақ қойсын! – Келістік. Полковник Сабыр Сабеков пен бұрынғы сержант Мұқибек Мұратұлы бір көлікке мініп, ауылдан шығып бара жатты. – Сіз білесіз бе, осы полковник қиялилау адам сияқты, – деді Бақтияр Спанұлы олардың соңынан қарап тұрып Серік Әлібайұлына. – Маған да солай көрінді. Біз генерал сіз бастап, полковник мен қоштап, қылмыскерді таба алмай жүрміз. Ол қайдағы бір сержантқа арқа сүйейді, – деді Серік. Мұны тыңдап тұрғандар қыран-топан күлкіге қарық болды. Ауылдан біраз жер ұзаған соң Мұқибек көлікті жолдан шығарып, қыратқа қарай жүруді сұранды. Әлдебір жерге келгенде: – Осы тұсқа тоқтаңыз, – деп полковникке қарады. Жерге түскен Мұқибек «осы маңда болуы керек» деп иығын қушитып, көзін жұмып, қолдарын сермеп «жебеушісінен» жәрдем сұрап тұрды да бір бұтақтың түбіне отыра кетті. Полковник бұтақ түбінде жаңадан қазылған жердің топырағы қопсып жатқанын байқады. Екеулеп қазғанда шүберекке ораулы екі автомат шықты. – Қалғандары қайда? – деп сұрады Сабыр. – Полковник, бүгінгі аян бойынша көрсеткендері осы ғана. Қалғанын ертең көрерміз, – деді Мұқибек. Сабыр Қожатайұлы табылған екі автоматты тап бүгін ізшілдерге алып баруға болмайтынын түсінді. Сөйтіп, екеулеп екі автоматты қайта орнына жасырды да топырақ үстіне бұта үйіп кетті. Ертесіне екеуі басқа бағыт бойынша сапар шекті. Мұқибек мұнда да қаруды мұқият тыққан екен. – Осымен барлық қару түгенделді ме? – деп сұрады одан Сабыр. – Жоқ, полковник мырза! Ендігі бір бөлігі сол полиция бөлімінің еденінің астында жатыр. – Оны қайдан білесің? – Аталарым аян берді емес пе? Сабыр Қожатайұлы сезікті сержантты мұндай ауыр қылмысқа қимады. Қалбаң қағып жүруі, жәутеңдеп қарауы бойындағы бір шарасыздықты танытады. Өзі де әбден жүдеп кетіпті. Көзі шүңірейіп, жақ еттері сүйегіне ілініп тұр. Ол мұндай кешірілмес күнәға қалай барды? Оны жан азабына түсірген қандай жағдай? Сырт қарағанда сержанттан психологиялық ауытқу байқалмайды. Әйтсе де оның күрделі күйзеліске түскенін кәнігі полковник іштей ұғынып тұрды. Сұрастыра келсе, Мұқибек Мұратұлының керім келіншегі, Алланың берген екі-үш ұл-қызы бар екен. Ертең сотталып кетсе, оларға кім қарайды? Осыларды ойлап полковник түні бойы көз ілмей шықты. Дегенмен, кінәлі адам жазасын алу керек. Ертесіне ол бөлімге тұнжырап келді. Қылмыскерді алыстан іздеп жүрген топ мүшелері оның салбыраңқы жүзіне, кіртиген көзіне мән беріп те жатпады. Тағы да іздестіру шараларының жаңа жобасын жасап, барлық жол бойына тосқауыл қою керек деген ұйғарымды талқылап жатқан еді. – Тосқауыл қоюдың қажеті шамалы. Қылмыскер табандарыңыздың астында тұр. Сіздер оны көрмейсіздер, – деді Сабыр. – Айдалаға барып жүрген мына кісіні жын иектеп кеткен-ау, шамасы, – деп қалды генерал-майор. Шені жоғарылар шық еткізіп дыбыс шығарса да жарбаңдап күле беретін әдетіміз бар ғой, бұл жолы да жиналғандар күлкіге қарық болып қалды. – Иә, күліңіздер. Әбден күліп алыңыздар. Бірақ, қылмыскер алыста емес, көз алдарыңызда жүр, – деді ұлттық қауіпсіздік қызметінің полковнигі. Жиналғандар оған енді таңырқай қарасты. – Қызметтен босатқан сержант Мұқибек Мұратұлын алдырыңыз. Қылмыскерді сол тауып береді, – деді Сабыр. Жә дескен із кесушілер, мен дескен тергеушілер таба алмаған қылмыскерді жұмысынан босап қалған сандалбай сержант тауып бермек пе? Бұл өте күлкілі болып көрінді. Сонда да іздестіру тобының Мұқибекті осында алдырғаннан басқа амалы қалмады. Өткендегі жолмен келген із кесушілер мен тергеушілер Мұқибектің көрсетуімен екі жерге тығылған қаруларды тапты. Бір-екі пистолет пен автомат кезекшілер отырған бөлменің еденінің астында жатыр екен. Қарудың барлығын көтеріп кете алмаған қылмыскер еденнің онсыз да босап тұрған тақтайын көтеріп жіберіп, қаруды қуыста қалдырып кетіпті. – Сенің көріпкелдігіңе күмәнім қалмады. Енді қылмыскерді көрсетші, – деді Сабыр «көріпкелге» қарап. Мұқибек мелшиіп тұрып қалды. – Міне, операция осымен бітті, – деді Сабыр Қожатайұлы сыртқа шығып бара жатып. Оның шарасыздықтан көздері бақырайып отырған Мұқибекті көргісі келмеді. Сыртта ол аудандық ішкі істер бөлімінің бастығымен ұшырасып қалды. «Адамға сонша азап беруге бола ма екен? Оның да отбасы, туған-туысы, дос-жарандары бар ғой. Солардың беттеріне қарай алмай қалған сержант жан күйзелісінде осындай әрекетке барғанын қалай түсінбейсіңдер?» деген сөз полковниктің жанарында айқын көрініп тұр еді. Подполковник бүгежектеп төмен қарады. «Қылмыскердің алдын бөгеудің орнына, оларды өзіміз жасап аламыз кейде. Ойланбай асығыс шешім жасағандар осылай артық қыламын деп тыртық қылып алып жатады» деген ой Сабыр Қожатайұлының көкейінен көпке дейін кетпей қойды. Сол күні ауа райы бұзылған. Шығыстан шаңдатып жел көтеріліп, соңы суық жаңбырға ұласты. Жылы кабинада келе жатса да полковниктің өн бойы тоңазыды…

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...