Үстелдің оң қолы жағындағы бауы бұратылған ақ телефон шар ете қалды. Кішкентай төрт бұрыш плазмалық дисплейіне қарады да тұтқаны көтерген. Ондағы көрінген нөмірден министрліктен екенін біліп тұр. – Қайырлы күн! – Қайырлы… – Бибі Жексембиновна, басшылық сіздің жұмыстан босату жөніндегі өтінішіңізді алып келуіңізді сұрап жатыр… Мына сөз төбесінен мұздай су құйып жібергендей әсер етті. * * * Соңғы кезде үрей иектеді, ешкімнен именбейтін басы, тіпті, өз үйіне кіруден тайынады. Кеше жолын тосып, алдынан тергеуші ұшырасты. Басқан ізін аңдып жүргенін түсінді. Қанша бейтарап көрінуге тырысқанымен, көзқарасынан айыптау ызғары білінеді. – Сонымен экс-министрмен бірлесіп, қанша қаржы жедіңіздер? – Қаперсіз қалпы, табалай жымиды. – Бір тиын да жеген жоқпыз! – Өңі қашып, сыздана қалды. – Ортақ табысты қалай бөлісіп тұрдыңыздар? – Көзін сығырайтып, иегін сәл алға ұмсынды. Бұның жүрегі атқақтап кетті. Онысын аңғартпауға тырысып, полицияның жүзіне оқты көзін қадады. – Енді көшенің ортасында сұраққа ала беретін болғансыз ба? – Жанары сүзетін шамшыл өгіздің көзіндей шатынады. – Сіз күдікке ілінген кісісіз, сондықтан қолайлы жердің бәрінде сұрақ қойыла береді. – Ол да бедірейе шүйлікті. – Егер, бұлтақтасаңыз – мойныңызға тағы бір қылмысты іліп берем. Кісі өлімін ұмытпаңыз… Беті сазарып, Бибі тілден айырылды. Бұдан әрі сөзін тыңдауға құлықсыз екенін ұқтырып, жанынан айналып өтті. Аяғын аннан бір, мыннан бір басып, үйіне тапырақтап қалай жеткенін білмеді. Телефон шалып, сыр бөлісетін де ешкім қалмады. Кешегі жылтырап жүргендердің бәрі жау болып кеткен. Комодтың алдына сөмкесін қойып, енді көйлегін шешуге ыңғайланғанында смартфоны «әндете» жөнелді. Беймәлім нөмірге бір қарады да саусағы сенсордағы жасыл шеңберді басты. – Сен қатын, менің байымды тартып алғаныңмен қоймай, ақыры өлтіріп тындың! – Әй-шәй жоқ шаптыға шыққан шарқая дауыстан жүрегі ұстап қала жаздады. – Балаларымның көзі жәудіреп жетім қалды! Ана сапалақ екеуің түбіне жеттіңдер. «Аққа – құдай жақ» қой, ақыры тұтқындалды, енді менің қос қолым жағаңда кетеді! – Сіз кімсіз, не деп тұрсыз? – Діріл араласқан даусы сенімсіздеу. Кім екенін қу іші біледі. – Салдақы, күндесіңді ұмытқан екенсің! Жердің тесігіне кірсең – шашыңнан ұстап суырып, көкке ұшсаң – бәшпайыңнан тартып алам! – Баяпар үн құлағын жарып жібере жаздады, айқай-ұйқайдан қорықпай салғыласа жөнелетін бұрынғы айбыны жоқ. Сондықтан қызыл шеңберді баса қойды… Қаны миына шапшыды. Тез-тез киімін шешті де, ваннаға беттеді. Сәл іркілсе біреу ұстап алатындай асықты. Себезгіден салқын суды төбесінен ағызып, біраз бөгелді. Құйрығына шала байланғаны аян. Талай қатерден айналып өткен айлалы басы бұдан да шығуы тиіс. Бірақ бұ жолы қылмысы қоюырақ. Алайда оны жан баласына тіс жарып айтпайды. Ас бөлмесіне өтіп, кофе әзірлеп ішкен. Кенет есіктің қоңырауы көкектің үніне басты. Ақырын мысықтабандай көзтесіктен қарады – ешкім көрінбейді. – Кім екен бұл? – Сауалына жан пенде жауап қатпады. Әрі-бері босағаның аузында бүгежектеп, қайта ас үйге беттеді. Сәлден соң қайыра қоңырау соғылды. Аяғының ұшымен барып, тағы да көзтесіктен қарады – бос кеңістікті көрді. – Бұл кім?! – Даусы жарықшақтана шықты. – Мен қазір полиция шақырамын, площадкідегі бейнекамера сені түсіріп тұр. Жердің тесігіне кірсең де, талпақ танауыңнан оп-оңай тауып алады! – Нық, табанды сөйлеуге тырысты. Алайда ешкім «ләм» демеді. Енді қыпылы бар көңілге үрей араласты. Қорқа бастады. Ақылы апшып, бар тапқан амалы – қорғаушысына хабарласты. Абонентті шақырған мембранадағы үнді тыңдап тұрып, саусақтарының дірілдегенін, демалысының жиілегенін аңдады. Әлден уақытта «иә» деген таныс дауыс жауап қатты. – Самат, маған тұс-тұстан шабуылдаушылар көбейіп кетті. Біреуі, міне, есіктің аузында тұр. – Аптыға сөйледі. – Сабыр, сабыр… – Ар жақтағы адам өрекпіген көңілін басуға тырысты. – Тездетіп келмесең, өзіңнен басқа сенім артар ешкім қалмады. Жыларман халдегі әйелдің сөзі үзіліп-үзіліп шықты. Қалталы бикеден алатын қаламақысы есіне түскенде, жігіттің жүрегі тыпыршыды. – Жауын жаумай су болып, алдын ала дүрлікпе. Қазір жарты сағаттың айналасында жетемін. – Жақсы, күтем… * * * Қарсы беттегі үйдің кіре берісінде шам жарқырайды. Бұл мойнын созып қарады да, дәл біреу өзін қас қақпай аңдып тұрғандай перденің қалтарысына бұғынды. Үрейден кеудесі дүк-дүк соғады. Әр-әр тұста көше шамдары нәрсіз сарғаяды. Айнала тып-тыныш, қыбыр еткен жан жоқ. Өз үйінде сырт көзден тығылып тұрып, тағдыры бір қылбұрауға маталған ежелгі досын ойлады. Екеуі Алматыда институтты бірге бітірді. Бес жыл қатар жүргендіктен, көңілдері сондай жақын еді. Өмір ауанымен екі жаққа кеткенімен, байланыстарын үзген жоқ. Бұл күйеуге тиді. Араларында бала болмағандықтан тоғыз жылдан соң ажырасты. Бес жыл бойдақ жүрді. Заман ауанымен басын анда да соқты, мында да соқты. Жақсы өмір іздеді, ақыры көпшіліктің ауған легімен Астанаға ат басын бұрды. Еті тірілігінің арқасында жұмысқа ілікті, ақырында жеке кәсіпорын жетекшілерінің легіне қосылды. Сонда жүріп екінші күйеуімен танысқан еді… Ауыр күрсінді. Артынан біреу тесірейе қадала қарап тұрғандай шалт қимылдап, ту сыртына мойнын бұрды. Ешкім жоқ. Өз үйінен өзі секемденетінді шығарды. Әлдебір елес жүргендей… Үнемі босағаға сүйеніп, өлген күйеуінің сүлдері үн-түнсіз сілейе көз тігетіндей селк етеді. Қорқыныш қамай түсті. Қолындағы телефонына қарады. Саматпен сөйлескелі де 20 минут өтіпті. Нөмірін терді. Төртінші дыбыстаудан кейін көтерді. – Жолдасың ба? – Иә, жақындап қалдым… Тыныштық па? – Біреу аңдып тұрған сияқты. – Әбіржіме, далада емес, үйде отырсың ғой… қорықпа… – Жақсы… – Байланыс үзілді. * * * Астананың қақ ортасындағы кітапхана тікелей министрлікке бағынышты мекемелердің бірі саналады. Оған «академиялық» деген мәртебені де өкілетті орган алып берген. Сондықтан оның басшысының ауысуы жұмыс тәртібіндегі жағдай. Бірақ Бибі осы қызметінен кеткелі күллі өмірінің мәнінен айырылғандай хал кешті. Оған соңғы бес-алты жылда елдің алдында, үлкен қайраткерлермен жақын жүргені, ақсары өңі алаулап, орталық теледидарлардан сұхбат бергені, үш жүз кісілік мекемені шырқ үйіріп, уысында ұстағаны бәрі елес сияқты. Бақ деген сорлы бастан ұшқанда көзге көрінеді екен. Қоңырау екі қайыра көкекше шақырды. Селк ете қозғалып, босағаға таянды. – Кім?.. – Мен ғой… – Қорғаушыны дауысынан таныды. Бүйрек бет, мұртты жігіт табалдырықтан аттасымен әйелді құшақтап, кезекпе-кезек бетіне бетін үш мәрте тигізді. Бұл – соңғы уақыттағы қалыптасқан бекзадалардың амандасу мәдениеті. – Көңіл-күйің қалай? – Жүзіне қарады. – Несін сұрайсың… Екеуі залға қарай беттеді. Қатар диванға жайғасты. – Қай жақтан келесің? – Жаңа бір клиент шығып… – Мені де «клиент» деп атайсың ба? – Бибінің сөзіне екеуі де езу тартты. – Жоқ, сен, «айырықша клиентсің»! – Әйелді иығынан құшақтап, бауырына басты. Бибі мен Саматтың таныстығына үш жылдың ар жақ-бер жағы. Тірлігінің сөлекеттігін аңдаған кітапхана директоры осы қорғаушыны заң бөліміндегі адамдары арқылы тауып, сыпайыгершіліктегі достарға айналған. Ылғи жақсы шараларға шақырып, соңыра оңаша қонақ етіп, бойын үйрете берген. Кейін сөзін де, әзілін де өткізетін жақын көңілжықпас жандар болып шықты. – Мен шәй демдейін. – Жігіттің қолын иығынан алып, орнынан түрегелді. Оның жұп-жұмыр бәдені, қиылған аш белі Саматтың сұғына тамыздықтай тамып, қомағай көңілдің құшырын қоздырды. Қорғаушы дастарқан басында қамауда отырған экс-министрдің әйелімен қаншалықты жақын екенін тәптіштей түсті. Бұрын да олардың тым етене адамдар екенін білетін, бірақ сұрауға қисыны келмейтін. Енді қалай сауал қойса да, еш сөкеттігі жоқ. – Институт бітіргеннен соң араларың алшақтап, байланыс үзілген еді ғой. – Мен ажырасқаннан кейін оны өзім тауып алдым. Ол кезде ректор еді. Содан соң тым жақын болып кетпесек те, Құлтас мені қолдап, көмектесіп отырды. Өмірімді басқа арнаға салу мақсатында елордаға аттандым. Ол іссапармен Астанаға келген сайын кездесетінбіз. Сөйтіп жүргенде қайыра күйеуге шықтым. Өзімнен төрт жас кіші жігіт жолықты, ең қиыны – үш бірдей баласы болатын. Сонда сәл қынжылыңқырап қалғандай байқалды. Артынан еріммен де дос болып, жақсы сыйласып кетті. Бірақ, ежелгі екеуара жақындығымызды арқа тұта ма, кейде көпе-көрінеу ашығырақ сілтеңкіреп жібереді… Әйел мұңайыңқырап бөгелді. Көз нәлінде кірбіңнің кіреукесі кілкіді. – Бір күні тағы Астанаға табан тіреді. Көңілі желпіне телефон соқты. «Үлкен қуанышым бар, өзіңмен бөліскім келеді» деді. «Онда кешке үйде күтеміз» деп, телефонды жауып қойдым. Бибі сол уақыттың ауыр салмағын жүйкесімен сезіп, үн-түнсіз қалды. * * * … Үшеуі дастарқан басында отырды. Уақыт түн жарымына таянып қалған. Күткен меймандары сарсылта, тым кеш келген еді. Құлтас сәл қызыңқырап алған, Бибіге еміне әукесі салбырайды. Кейде жонынан аңдаусызда сипап қояды. Ал оның күйеуі Талғат езу тарта, қалыптағыдай сыңай танытады. Бірақ, іші-алай түлей. Талғат – парламентте сектор мең герушісі. Мансапты азаматтың райын байқаған соң Бибі көп бұлталақтамай тиіп алған. Жігіт те әуелгіде «үй алғанша баспаналы, ақшалы келіншекпен әуей бола тұрамын» деп тұспалдаған. Қарағандыдан салт басты, сабау қамшылы қоныс аударып, еш проблемасы жоқ әйелмен бірге күн кешіп жатыр еді. Өзін-өзі алдаусыратып жүргенінде уақыт жылжып, үш жылға таяныпты. – Маған министрлік креслоны уәде етті, – деді Құлтас шашы қобырай, аузы қисая. Қарашұбар өңі ішкі құбылысын байқатпайды, тек сығыр көзі күлмің қағады. Алдындағы екеуі тілден айырыла жұтына қарайды. Олардың жүзінен «кім?» деген сауалды тап басып оқыды. – Дөкейдің өзі… – Құтты болсын! Керемет жаңалық екен. – Бибінің үні жарқын-жарқын естілді. – Өте тамаша, жарайсың! – Талғат атып тұрып, қолын қысты. – Мемлекеттік нақты саланы басқаруға қолым бір жетсе, саған керемет жұмыс тауып берем. – Езуі жайыла әйелге үңілді. – Ал, сен, – Талғатқа мойнын бұрды, – онсыз да жаман отырған жоқсың, министрліктегі қызмет саған олқы соғады. – Сол қолымен арқасынан қақты. Қызара бөрткен мысық мұрын, құж бетті, қара көпей бәрін жарылқап жатыр. Оған Бибінің ақсары өңі алабұртып, жанып түсті. – Кез келген ақшалы жерді берші, шыр көбелек айналдырайын. – Маржандай тізілген тістерін көрсете езу тартты. – Жаным, келші, осы батылдығың ғой… – Құлтас курстасын құшақтап, бетінен сүйді. Жаңа күшіктеген иттей таймаңдаған сары әбілет көзін жұмып, шалықты сәтті жан-тәнімен сезінді. Қақ орталарында ерінің отырғанына айылын жимады. Екеуі оны ерен көрмей, ашық әңгімеге көшкен. – Шіркін, қайта жастық шағымыз оралса ғой… – Қасақана әлде өресіздіктен шектен асып, шалықтай сөйледі. Мұнымен не айтқысы келгенін Талғат тап басып топшылай алмады. Нәтінде әуезші Құлтас гитараны алып, ән салды. Ән арасында Бибі екеуінің қайта-қайта құшақтары айқаса берді. Бұдан әріге шыдамаған ері үйден шығып кетті. Өзінің қадірқасиетін енді шын түсінгендей… Үш баласының алдындағы сатқындығы өзегін өртеді… Көкірегі қарс айырыла күрсініп, темекісін тұтатты. Қызу әңгімелескен ежелгі достар оның жеті түннің ішінде сыртқа беттегенін қаперлеріне алмады. «Шылым шегіп жүрген шығар» дегенге сайды. Өз қызықтарымен өздері болып, шадыманның шарпуына шомған пәтшаһарлар Талғатты, шамасы, бір сағаттан асқанда жоқтады. – Күйеуің қайда кетті? – Құлтас үй иесін іздеді. – Әлгінде тысқа беттеген… Екеуі құлықсыздау орындарынан көтеріліп, балконнан тысқа алаңдай қарады. Есік алдынан, төңіректен оны байқай алмады. Қараңғылықта көзкөрім маңның аясы тар, сосын, ұзаңқырай шықты. Айнала құрылыс, біраз әуреленіп жүріп, дәл іргедегі жұмысы тоқтаған үйдің бірінші қабатында асылып тұрған жерінен тапты. Әйел шыңғырып, бетін баса қойды.
Құлтас мәйіттің маңына таянбай дереу полиция мен жедел жәрдем шақырды. Сол күні екеуі таң атқанша көз ілмеді. Заң адамдарының сұрағына түсінік беріп, мән-жайды бастан-аяқ баяндады. Ешқандай ұрыс-жанжал, ілік-шатыс болмағандығын неше мәрте қайталады. Марқұммен бірге тұрып жатқан ашыналы жандар екенін ұққан полиция қайғылы оқиғаны отбасына өздері хабарлады. Талғаттың сүйегін соңынан аласұра іздеп жеткен бала-шағасы алып жөнелді. Сөйтіп, Бибі бәрінен оңай құтылды. Екі-үш күн сең соққандай сенделіп жүрді. Бірақ артынша іле-шала ілескен жақсы жаңалық, елеусіз кірбіңдерді тез ұмыттырды. Құлтастың айтқаны рас екен, көп ұзамай алқа топтың алдында қолпаштап, министр лауазымына бекітіп,
креслосына отырғызды. Араға ай салып, әлдебір коммерциялық мекемеде менеджер қызметінде жүрген әйел академиялық кітапхананың директорлығына тағайындалды. Министрліктің құзыретіне қарайтын қоластында оншақты мекеме бар еді. Мынау – солардың бірі, бірі болғанда – негізгісі. Сол-ақ екен таймаңдаған сары әйел бір күнде Астананың айталтағы болып шыға келді. Бақ деген бас та, жас та талғамайтыны рас екен. Ар-ұждансыз ұсақ пенделерді иектеді. Бірақ олар, кездейсоқ қонған тәж дәулетті ұшқанда бірақ білді. * * * … Бір минут әлде екі минуттай келіншек сүлесоқ қалпы Саматқа қарады. Кеудесінде қайнаған қайғысын іркуге шамасы жетпей үн-түнсіз басын изеп, сосын солқылдап жылап жіберді. Қорғаушы ұмтылып кеп, әйелді құшақтап, иығынан сипалады. – Ештеңе етпейді, бәрі өткінші, әлі ұмытылады, – қоңыр үнімен баяу сөйледі, – бәрі жақсы болады. Көресің әлі – бәрі жақсы болады. Саматтың бойында қайырымдылық мол еді, кейде оңай олжаға әуестігі де бар. Жалғызбасты келіншектің тығырыққа тірелген мына қайғысын сезінгенде, мейлінше көмектесуге бекінді. Шамалыдан соң Бибі түзу отырып, көз жасын сүртті. – Бұл менің әлсіздігімді байқатты, менің тарапымнан кеткен осалдық… әбден шаршадым… – Жо-жоқ, еш оғаштығы жоқ. – Қорғаушы тігісін жатқыза сөйледі. – Мен бәрін түсінемін, соңғы аптадағы иініңе түскен ауыртпалық, еменді де қайыстырар… – Иә, бұл – өте ауыр сынақ болды. – Келіншек жасына булыға міңгірледі. – Өзіңнен басқа сүйеушім жоқ, жалғыз қалдым. Айналамның бәрі – жау… Бір күнде бәрінен айырылып, тойтиып қалу – қандай қиын. Қорғаушы тілін тістеп, басын шайқады. Әйел қайта сөзін жалғады. – Мен сені не үшін шақырғанымды білесің бе, Самат? – Сұраулы кепте жігітке назарын тоқтатты. Көзі қызарған назалы кеспірі жандүниесін қозғады. Арада үнсіздік орнады. – Міне, мынау… – Ол әлдебір бүктелген газеттің қиындысын ұсынды. – Мында Құлтастың біржола ұзаққа қамалғаны айтылған. Тым құрмаса үй қамағына ауыстырар деп күткем. Яғни, бәрі бекер. Енді маған бұрынғыдай өзімді ықпалды әйел ретінде көрсетуімнің еш реті жоқ… – Газеттегі хабарламаның бәрі әр кезде ақиқат бола бермейді. – Қолына қағазды алған қорғаушы сенімсіз түрде қомпылдай сөйледі. – Бірақ сен маған барлығы жөнінде ағынан жарыла айтып берсең, жақсы болар еді деп ойлаймын. Бізге дәл қазір керегі – ақиқат. Басқа ештеңе бізді құтқара алмайды. Қорғаушының жүзіне іштей наразылық кескінмен қараған келіншек әрі-сәрі толқыды. – Сен маған иланбай отырсың ба? – қорғаушы қоңыр үнмен қайыра сабырлы қалпы тіл қатты, – сөйте тұра мені өзің шақырдың, солай емес пе? Не үшін?..
– Өйткені, мен Құлтастың істеді деп мойнына таққан айыптарына сенбеймін, – әйел баяу ғана сыбырлады. – Мен сені ақылды, тығырықтан шығарар ақиқатты табады деп ойлаймын. Сосын… – Не?.. – Өзіңді үлкен жүректі, қайырымды азамат деп санаймын. Қорғаушы жігіт шыбындаған аттай мақсатсыз басын шұлғыды. – Бұл өте жақсы… иә, бұл өте жақсы байлам. Тыңдашы, мен Құлтасты білмеймін, бірақ сенің жазығың жоғына шынайы сенемін. Әйткенмен, іс насырға шауып барады. Егер маған сені құтқару керек болса, онда мен бәрін білуім керек. Тіпті, саған қарсы келеді, залалын тигізеді деген фактілерді де назардан тыс қалдырмауымыз керек. – Сенің бәрін қалтқысыз түсінетінің қандай жақсы, – тағы да сыбырлай үн қатты. – Сондықтан сен маған осы кітапхана қабырғасында жүргендегі тірлігіңнің бүге-шігесіне дейін қалдырмай айтып бересің бе? Ең басынан бастап… – Менің көзіме шұқымайсың деп сенемін, – деді Бибі креслоға жайласып отырып жатып. – Мен бір нәрсені білгім келеді, неге оның ең сенімді адамдары өздерін басқаша көрсетті? – Бәрі мұндайда өз қара басын арашалап, алып қашады. – Айнымастай жүргендері бопыр ақша, биік абырой, жақсы тұрмысты қуғандықтарынан ғой. – Солай… Өзің қанша мәрте ақша апарып бердің оған, қандай шаралардан «үнемдедіңдер»? – «Жедіңдер» деп айтайын деді де тез аузына келе жатқан сөзді түзеп жіберді. – Кө-өп… бірнеше мәрте… Тәуелсіздіктің 25 жылдығында, кейін 30 жылдықта көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның арасында нешеме тірліктер бар. Қаптаған кітаптар шығардық, шығатын кітаптардың тізімін мен жасадым, сметасын мен әзірледім… Әрине, өз несібемізді ұмытқан жоқпыз… Сол жолы министрлік деңгейінде жазушылар пулы бекітіліп, Бибі өзіне ұнайтындарды тізіп алып еді. Оларды бірнеше делегацияға бөліп, Еуропа мен Америкаға, Канадаға сапарлатты. Тіпті, осы аралықта ортаңқол деңгейде жазатын өзінің ауылдас құрбысын жатпай-тұрмай насихаттап, «классик» жазушыға айналдырып үлгерді. Тек соның кітабын шығартты, аудартты, тек соның шығармашылық кештерін өткізді, тек соны ділмәр ретінде сөйлетті… Ақыры жұрт оны елдің бетке ұстар жазушысы екен деп қалды. Сөйтіп, руханиятқа сатқындық жасағаны ең ауыр күнә екенін әлі қаперге алмай отыр. – Есік қағып, аңдып жүрген кім деп ойлайсың? Мынаны естігенде әйел селк ете қалды. – Бүгін үйге таяу маңнан тергеушіні көрдім, көшенің бойында сұраққа алсын… – Сен оны көрдің, ал мынау есігіңді қағып жүрген тергеуші емес қой. – Сұраулы кейіпте қарады. – Емес… – Яғни, соңыңа түскен басқа біреулер бар. – Ана әйел де қоңырау соқты ғой, соның салып қойған адамы шығар… – Қай әйел? – Өлген күйеуімнің әйелі… Оның ажалын менен көреді. – Ол да бар, бірақ үшінші біреулер ізіңе түсіп жүрген сияқты… ойлан… – Кім болуы мүмкін?.. – Келіншек өзі тап басып айта алмай, мүдірді. – Сенің тірлігіңе қатысы бар кез келген адам… Әйел көзін төмен сап, алтын жүзікті сүйрік саусақтарын сипалай бір уақ ойлана іркілді. – Сені әйелің іздемей ме? – Кенет әңгіменің әлпеті күрт өзгерді. – Қорғаушы қаламақыға өмір сүретін болғандықтан, жұмыс уақытын күндізгі мезеттермен ғана шектеп қоймайды, түн қатып та жүре береді, бұған әйелім үйренген. – Онда жөн екен… жай болып кетті, қона сал. Қорғаушы Бибіні «аңдушылардан қорқып отыр ма?» деп ой түйді. Қамқор ниетпен оңаша үйдегі жалғызбасты келіншектің қасында қалып қойды. Оны еркін билеп-төстеуі үшін айлакер әдейі соған итермеледі. Ертеңгілік шәй-суын беріп шығарып салды. – Түстен кейін офиске кел, арамыздағы қатынасты заңдастырып алайық. – Босағадан аттай бере Самат бүгінгі шаруаларын пысықтады. – Жақсы. * * * Уәделескен мезеттің мөлшері таянғанда Бибі бара жатқанын ескертпек ниетпен телефон соқты. – Ал-ло… – Құлағына бөтен ер адамның қатқылдау үні жетті. – Кешіріңіз, мен Саматқа қоңырау шалып тұр едім, шатасып кеттім бе, әлде?.. – Сіз кімсіз? – Ме-ен, клиент… – Төте сауалдан абдыраңқырай үн қатты. – Өкінішке қарай енді басқа адвокат іздегеніңіз жөн. Ол жарты сағат бұрын жол апатынан көз жұмды. Миы шың ете қалды. – Ке… кешіріңіз, сіз кімсіз? – Тілі күрмеле кекештенді. – Інісімін. – Арты қайырлы болсын бауырыңыздың. Телефонның ар жағынан біреу дауыс сап, жылап жатқандай естілді. Бибі қос қолдап шекесін ұстап, отыра кетті. Енді шынында да иен аралда жалғыз адасқан жандай сезінді. * * * Сол күні ешқайда шықпады. Бірақ соңғы сегіз жылдағы істеген ісін неше мәрте сүзгіден өткізді, жадындағы жарқын тұстарды көз алдынан көшірді. Жасаған қылмыстары, қылмысты қойып, қасақана момын жандарға істеген қиянаттары өте көп екен. Өктем өмірден қалағанын алу үшін «ә» десе, «мә» дейтін дөкір мінезіне енді қиналды. Бәрінің бетін қайтарғанына кісімсіп жүретін. Аңдап байқаса – ер кісілер «әйел адаммен дауласып, абұйыр табам ба?» дейді екен, қоластындағыларды «басшымен ырылдасып қайтем?» деген тоқтам тежеген тәрізді. Тікелей министрдің өзі қолдап, қолпаштап отырғандықтан, осы қарапайым тұжырымды уағында түсінбепті. Әйтпесе мұның да езуін тіліп, тоқтататындар бар ғой. Өзі тек басқалардан ұятсыздау, бетсіздеу болыпты. «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады» деген пайымның пәлсапасымен бетпе-бет ұшырасып отырған жәйі бар. Қазір солардың біреуіне сөз айта ала ма екен, төбе шашын жұлып қолына берсін. Міне, ертең тергеуге шақырады, «істеген қылмысы ауыр» деп саналса, істің тыңдалуына дейін қамақта ұстау жөнінде прокурордың шешімі шығуы әбден мүмкін. Тергеуші оны жасаймын десе, жасайды – қолында. Үнемі жымиып жүретін домалақ жүзді, қой көзді Талғаттың кескіні елестеді. «Бала-шағасының бар екенін біле тұра, неге оны жанына жақын тартты? «Отбасымнан ажырастым, сосын осы жаққа қызмет ауыстырдым» дегені жадында. Өзі тектес адамның ұшырасқанына бір жағы қуанған, ал енді ақырында күллі қарғыс пен лағнетке қалды. Бұл бәледен басын арашалай алмайды». Әбден талығып барып көзі ілінген. Бұрынғысынша кітапхананың ішінде жүр екен, өзі аштырған залдар жарқырап тұр. Өзі құрған пулға енгендер жиылыпты. Кенет сөреде жинаулы тұрған кітаптар құсқа айналып, парақтарын-қанаттарын қағыпқағып ұшты да, бұған қарай тап берді. Келіп бетінен шалғысының ұшымен сойып-сойып өтеді. Басын бүркеніп, бұқпантайлай берді. Жиналғандардың ешқайсысы ара түспейді. Бұл көмек күте шырылдайды. Сөйтіп, булыға өз дауысынан өзі шошып оянды. Кеудесі атқақтап соғып жатыр екен. Көрген түсін қайта санасында тірілтті. Байыптап қараса, қайсыбір залды заман жағымпазының құрметіне қойғандай. Өңшең арсыздау шалапайларды қолдапты. Әдеттегідей таза еңбекқорлығымен қалам ұстап жүрген момындар сыртқақпайлана берген. Экономикалық қылмысы бір бөлек екен де, руханиятқа жасаған қастандығы – ұлтқа жасаған үлкен қиянат болыпты. Кезінде өзі «классикке» айналдырған құрбысы бұрынғы қарқынынан айырылған, бинтін бұрап қойған қуыршақтай сәт сайын екпіні саябырсып барады. Ауыр күрсінді. Кеудесін мысық тырнап жатқандай. Бұлар «бірінші – экономика, содан кейін саясат» деген ұранмен өмір сүрді. Сөйтсе, ең бірінші мәдениет болуы тиіс екен. Иманнан жұрдай май былғағандар алақанын жалап қана қоймай, уысын толтыра аптыға асапты. Мәдениет саласының өзін сондай мәдениетсіздер басқарып кеткен екен. Таяуда құзыретті органның мәліметі назарына ілікті, елдегі сыбайластардың көшін ағарту жүйесі бастап тұр… Ана облыстағы білім басқармасының басшысы, мына облыстағы білім басқармасының басшысы, ана қаладағы ағарту саласының жетекшісі ұсталып жатқанынан ел хабардар… Өзі ше? Мамандығы бойынша мәдениеттің өкілі, адамдығы бойынша кім? Кенет әлдеқайдан «Балаларымның көзі жәудіреп жетім қалды. Енді менің қолым жағаңда кетеді» деген баяпар әйелдің үні талығып жетті… Жаздың түні қысқа деуші еді – ұза-а-ақ, сібірлеген селкеу байқалмайды. Әрі дөңбекшіді, бері дөңбекшіді. Босағада біреу сүйеніп тұрғандай сезініп, басын жастықтан жұлып алды… Әбден сарсаңға салып барып, таң атты. Он екі мүшесі салдырап, зорға түрегелді. Шәйін ішіп, бойын ретке келтіріп, қапылған жұрттың арасына беттеді. Күні бойы сабылып жүріп, автотұрақта көлігінен шыға бергені сол еді, кенет құлақшекесінен зілмауыр соққы тиді. «Бақ» дегенге ғана шамасы жетті де, сылқ етіп буынын жоғалтты. Сол замат жұдырық сілтеген әбілет сүйемелдей үлгеріп, оны қайыра машинасына отырғызды. Сырт көз байқамады, байқаса да, ұға алмай қалды. Артқы креслоға жайғастырып, есікті жапты да, білегіне скотч орап тастады. Аузын да желімдеді. Сосын машинаға мінді де, жосылта жөнелді. Ағызған қалпы бірнеше көшені қиып өтіп, бірнеше көшеге бұрылып, кітапхананың алдына таянды. Бұрынғы директордың көлігін танитын күзетшілер, алабақанды ашып жіберді. Машина жүйткіп отырып, VIP қонақтарға арналған есіктің алдынан өтті де, ғимараттың артындағы аулаға қарай айналды. Жан-жағында ағаш өскен алаңқайға адам аяғы келмейтін еді. Бұл маңда төңіректі бақылайтын камера да жоқ. Терезелері тастай қараңғы ақ түсті «Тойота камри» сырт көзге күмән тудырмайтындай оқшау барып тоқтады. Ішінен шыққан жүргізуші байсалды қалпы артқы есікті ашып, жайғасты. Бір жақ бүйіріне қисайған әйелді дұрыстап отырғызды да: – Айқайлап, баяпарланып ақымақтық жасама! – деді нығарлап. Қатты соққыдан әлі есін жия алмай кілгірген қолы байлаулы әйел тіл қатпады. Көзінің алды қарауытып, айналаны дұрыс көрмеді. Ымырт жайлап, кеш батып бара ма, қанша уақыт өтті – оның бәрін қаперлей алмайды. – Қара басыңды арашалап, шефқа қарсы айғақ беруші болма! Кітапхананың қаржысы бойынша өзің жауаптысың, жауапкершілікті өзің мойныңа аласың! Ұқтың ба?! Әйел басын изеді. Оның ернін жымқыра жабысқан скотчты жұлып тастады да, нойыс дүлей бас бармағы мен сұқ саусағының арасына жағын қысып, кірісін зорлап ашып, әлдебір ылжыраған нәрсені аузына тығындады. Жағымсыз дүниені дәмінен біле қойды – манго. Қыстап, саусағымен өңешіне қарай әрмен итерді. Булыға ауа жетпей жұтынғанда қылқ етіп, өтті де кетті. Бұл жеміске Бибінің аллергиясы бар еді, енді шамалыдан соң ісініп, алқымы қысып, тұншығады. Әрмен қарайғы халі белгілі – қылғынып өледі. Миын байбаламдық ойлар бунап, бұлқынып көрді – әл-дәрмені құрыды. Мына дөкір жендет күшпен өңешіне қарай тығып жатыр… Осы кезде машинаның есігі ашылып, әлдекім келгендей болды. Одан арғысы жадында жоқ. Сырттағы беймәлім кісі қаперсіз отырған білеуітті иығынан өзіне тартып, әй-шай жоқ жұдырықпен жағынан қонжитты. Ол әйелді тастай салып, көзі шапыраштана ербеңдей ұмтыла бергенде, екінші қайыра құлақшекеден соққы тиді. Машинадан шыққанында сол жақ шықшытынан және бір соққы кетті. Сылқ етіп, шөккен түйедей тізесі бүгілді. Желкесінен бүріп етпетінен жатқызды да, қолын артына қайырып, кісен салып үлгерді. – Тырп етпе! Қозғалсаң, атып тастаймын! Машинаның ішіне үңіліп, булығып жатқан әйелді көрді. Ол қылғына аласұрады. – Қай жеріңіз? Қазір, қазір… – Білегіндегі скотчты бәкісімен қиып жіберді. Әйел сөйлей алмай дөңбекшиді. Сосын телефонын алды да: – Достық көшесі, «Керуен» сауда орталығының автотұрағына жедел жәрдем керек, адам хәл үстінде, – деді. Одан кейін сол жақ иығындағы рациясын алып, қылмыс үстінде қолға түскен күдіктінің барын, соны әкетуге наряд пен көлік жіберуін сұрады. * * * Тікелей өзі жүргізетін қылмыстық іс болған соң, ертеңінде әйелдің жағдайын білмек ниетпен ауруханаға барды. Ақ халат жамылып, палатаға кіріп келген лейтенантты көргенде есін енді жия бастаған Бибі селк ете қарады. «Мына бәле мында да келді ме?» деген сауал миына сақ ете қалды. – Қалыңыз қалай, әбіржімеңіз, – деді тергеуші. Көзі бозарып, шажырқайдың безіндей айналған әйел үндемеді. Оңаша жатқан оның бойын үрей буып барады. – Сіздің көрер жарығыңыз бар екен, сәл мүдіргенімізде бәрі кеш болар еді. Осы сөз дімкәс жанның жүрегін ептеп жібітті. – Кім маған шабуыл жасаған? – Сыбырлай сөйледі. – Арнайы тапсырмамен келген кісі өлтіруші. Әйелдің өңі қан-сөлсіз бозарып, әрі-сәрі хал кешті. – Сіздің манго жемісінен аллергияңыз барын кім білетін еді? – Бибінің өңіне қадала қарады. – Сол жұмсап, әдейі жегіздіріп, жан тапсырғаныңызша қарап тұруды міндеттеген. Науқас айналасындағы саусақпен санарлық таныстарын тез сүзіп өтті. Жеңсік дүние мангоны жеп, алғаш аллергиясы ұстағанында қасында Құлтас бар еді. Дәл осылай жедел жәрдем шақырып, жанын аман алып қалған. Дәрігерлер бұл жемістің қатерлі екенін ескертіп, енді қайыра жемеуді мықтап шегелеген. Бұдан досы хабардар, басқа ешкім білмейді. Осы жай миына сақ ете түсті. – Сол адам сізді өлтіруге тапсырыс берген. «Қамақта отырған экс-министр неғұрлым өзіне қатысты бәледен құтылу үшін сенімді кісілеріне тиісті адамдардың көзін жоюды жүктесе керек. Курстасының да қарсы айғақ беріп қалуы әбден кәдік екенін ескеріп, алдын ала дымын білдірмей үнін өшіруге ұмтылған. Жұмсалған жаналғыш ізін жасырып кетудің жайын ойлаған. Ешкім көрмесе, Бибі өз ажалынан өлгендей болып шығар еді… Әлгі қаражүрек жаны үзілгеніне көзі жеткеннен соң, мұны рөлге отырғызып, тайып тұрмаққа ниеттенген…». Толғақты қалпы жаман ойларға бой ұрды. Қорғаушы Саматтың да ажалы кездейсоқ емес екенін енді пайымдады. Әрине, ол сотта Бибінің мүддесін қорғар еді. – Басқан ізіңізден қалмай, күндіз-түні аңдыған. Қапысын тауып, ұрынған кезі сол еді. – Әккі тергеуші күрделі істің куәгерлерін өзінің де назардан тыс қоймай бақылауда ұстағанын іркіп қалды. – Қоғамға белгілі танымал қорғаушының сіздің үйге келгенін, түнеп қалғанын білді. Содан кейін оны өлтіруге шешім қабылдаған… – Полиция батыл болжамын бүкпеді. Әйелдің тұла бойы қалтырады. Тергеушінің тап басып айтқанына қайран. Тағы бір адамның ажалына себепкер болғанына жүрегі езілді. * * * Ауруханадан айығып шыққаннан кейін, ешқайда кетпеу жөнінде қолына қағаз ұстатты. Іс ұзақ тергелді. Араға айлар, жыл түсті, қайта жаңа айлар басталды. Ақыры экс-министр 8, айналасындағылар 7, 6, 5 жылдан арқалады. Бес жылға кесілгеннің бірі – Бибі. «Нақақтан кетіп бара жатырмын» деп айта алмайды, кітапханашының күнәсі бар еді… Оны іштей мойындаған… Жан-жағына жыланша басын қайқаңдатып, қаһарымен қара суды теріс ағызған күндері көзінен бұл-бұл ұшты… … Уақыт өз ауанымен жылжи берді. Одан кейін де орталық кітапхана әдеттегідей жоспарға сай жұмысын қызу жалғастырып жатты. Кездесулер, жаңа шығармалардың тұсаукесерлері, кітап көрмесі, шетелдік іссапарлар, форум, конференция… Директордың алдында тұрған жеке телефоны сыңғырай жөнелді. Қызмет бабымен күніне неше мәрте шылдырлайтын. Алтын жүзікті сүйрік саусақтар тұтқаны көтерді. – Сәлеметсіз бе? – Дауысынан жазбай таныды, министрліктегі өздеріне жетекшілік жасайтын басқарма басшысы. – Қайырлы күн! – Басшылық жұмыстан босату жөніндегі өтінішіңізді алып келуіңізді сұрап жатыр… Директор жүрегіне біз қадалғандай сұлық отырып қалды. Көкейінде өзін осы қызметке ұсынған сенатор тұрды…
Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ
Оқиға ойдан құралған, ұқсастықтар
болса кездейсоқтық деп
санағандарыңыз жөн.