12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ИНТУИЦИЯ

                                            Маңдайдағы көз

–Досыммен таныстырайын, мүмкін ол сенің тағдырың шығар, – деді Гүлниса.

     Оның басқа ұлт екенін де білмедім. Жасым отызға таяп қалған, ол кезде жалғызбастымын. Кәрі қыз деген атаудан үрке бастамасам да, уақыт жылжып өтіп бара жатыр деген ой санама сыналап ене бастаған сыңайлы. Бірақ айнаға қарасам жүзімде үрей тудыратын бір нышан болсашы. Әп-әдемі кезім, жастық шіркінге не жетсін. Бұл әлде қазақ қыздарына тән тектік белгі шығар, қазір ойласам, тап солай сияқты. Бірақ жас шамаңды өзің ойламасаң да ауық-ауық еске салып қоя беретін туған-туыстар, таныстар бар дегендейін. Гүлниса мені бір жігітпен таныстыруға ертіп апарғанда 29 жаста едім. Әлі ойымда, жаз кезі болатын», – деп бастады ол әңгімесін.  

           Ұлдананың ойына жиырма жыл бұрынғы естелік бекер түспеген тәрізді. Ютубта смартфонның бетіне күнде қалқып шыға келетін әлдебір ақбар түрткі болды-ау білем. Ол маған бір мәтінді түзетіп алуға жұмыстан соң жолай соққан. Ағылшын тілінен қазақшаға аударған жарты бет мәтінді кейде телефон арқылы хабарласып, түзетіп алатын еді. Расында өзі де ана тілін терең білуден кемдігі жоқ. Бірақ өте мұқият, әр іске талабы күшті болғандықтан әрі мені тіл маманы деп қабылдағандықтан маңызды бір сәттерде жазуының үстінен бір қаратып алуды жаны қалап тұратын. Бұл жолы ол көптен кездеспегенімізді айтып, жұмыстан қайтқанда үйге соқты.

–Кешкі сағат алтыда офистен шығып, Гүлнисаның танысына келдік. Достық даңғылының бойымен жаяу жүріп жеттік. Алматы құлпырып тұр. Күн жарық. Гүлниса үшінші қабаттағы пәтердің қоңырауын басты. Жасы 60-тың шамасындағы егделеу әйел есік ашты. Гүлниса оның үй қызметшісі екенін алдында айтқан. Қызметші әйел біз іздеп келген кісі үйде жоқ деп сәл күте тұруды сұрады. Оны жарты сағаттай күттік. Қызметші әйелдің аузынан бұдан бөлек бір сөз шықпады.

Гүлниса екеуміз былғары диванға кеп жайғастық. Аласа журнал үстелшесіне қызметші әйел темір жайпақ табақпен екі стакан апельсин шырынын әкеп алдымызға қойды. Мен егде әйелді көріп отырдым. Оның көзінен өзіме бір құрбан ретінде қарағанын сезіп қойдым.

–Құрбан?! О, менің дегбірім қалмай барады, – дедім мен Ұлдананың сөзін оқыс бөліп. –Бөтен үйге келудің арты не болар екен деп ойлап отырған едім. Алайда әңгіме мүлдем басқа бағытқа бұрылып бара жатқан сияқты!

– Жарты сағаттан соң ана кісі келді. Үстіндегі қысқа жең жазғы көйлекпен жұмысынан оралды. Киім киісінде мін жоқ. Гүлниса үнемі жымиып отыратын қыз. Екеуі орысша сөйлесіп отырды. Егде әйел де, ана жігіт те әдемі адамдар. Бірақ көздері суық. Мұздай. Төбеңнен өтіп кетеді. Әлі күнге олардың көздері есімнен кетпейді.

– Көз демекші, меніңше, сенің өзіңде үшінші көз бар сияқты. Мұны ғылымда түйсік дейді. Немесе ішкі дауыс, бұл интуиция.

–Оны көрген беттен миыма жоғарыдан мұздай боп бір ой ағып келді. Тірі адамды тітіркендіріп жіберетін жаман ой. Лезде бұл пәтерден кеткім келді.  Көзіме елес келді сондай. Сөйлескен де жоқпыз. Оның қарағаны жетіп жатыр. Көзінен-ақ оқыдым. Көзінде бәрі жазылып тұр. Ол келген соң бөлмеде максимум он минут отырдық.

– Көз – адамның айнасы. Ол кім болды сонда? – дедім мен енді мүлдем сабырым қалмай.

 Ұлдана төбе шашы тік тұратындай не сезді, оның жаны неден түршікті, бір көрген бейтаныс адамнан неліктен тіксінді, соның сырынан қарадай шошына бастағам. Себебі оның сол сәттегі секем-сезігі аумай-төкпей маған ауып кеткенін аңдадым.

– Барса келмес, кірсе шықпас есік екенін қайдан біліп қойдың?! – дедім мен ышқынып, дауысым жарықшақтанып.

–Оның көзіне бақырайып қараймын. Ол мені бағып отыр. Гүлнисамен бір-екі ауыз сөйлесті. Мынау адам сояды, менің денемнен бұған орган керек деп ойладым.

Ұлдананың аузынан осы бір тосын сөз шығуы мұң екен, шайыма шашалып қалдым.Гүлнисаның жұмбақ танысының қылмыскер екеніне шүбәм болмаса да, нақ осындай сұмдық қара таңбаны күтпеген сияқтымын. Бәлкім оны бір қыздарды алдап, ұзамай жылатып тастап кететін неке алаяғы болмаса әйелдердің арқасында күн көретін ловелас көрдім бе екен.

–Астафыралла!

–Жалдамалы пәтер болса керек. Кіреберісінен-ақ айнадай пәтерде бір кіршік жоқ. Стирально чистый, – деді Ұлдана.

Негізінде біз екеуіміз қазақ тілін шұбарламай сөйлейміз. Әуелде ауылда өсіп, қалаға кәмілетке толған соң келген буын, біз ана тілге қиянат қылудан аулақпыз. Ұлдана тегі мұнтаздай таза дегенді айтқысы келген болар. Бірақ оның орысшалап жібергені әлгі кісінің хирург екенін дөп басып айтқаны ғой деп қабылдадым. Менің еш күмәнім қалмады. Мына адамның мамандығы кім екенін тіпті оны көріп-білмеген мен де түсініп қойғандаймын. Құдай сондай сорақылықтың иелерін көріп-білгізбей-ақ қойсын.

– Бір түйір шаң-тозаң жоқ, терезе шынысы шыбын тайып жығылардай жалтырайды. Пәтердің энергетикасынан, аурасынан дереу қашып кеткім келді. Мүлдем тіл қатыспадық десе де болар.

–Жасы нешеде?

–Жасы 35-тердегі әдемі жігіт. Ұлты белгісіз. Әйелдің де ұлты белгісіз. Кесек, ірі, еркек пішінді әйел. Гүлниса дене сымбаты Голливуд киножұлдыздарынан асып кеткен. Бойы ұзын, белі қылдай. Шашы иығына толқындана төгіліп тұрады. Керім сәнді киінеді. Қымбат бағалы бренд заттарға ерекше құмар. Сұлулық салонынан шықпайды. Қаланың қызы. Айтатыны ақша. Шетелге жиі барады.

–Оған артынан бірдеңе айттың ба?

–Жоқ. Тек онымен араласпай кеттім. Жұрт күнкөрістен қиналып, тиын санап жүргенде ол қыздың аста-төк дәулеті біржосын күдікті көрінді. Бірақ осы оқиғадан соң Гүлниса туралы ештеңе білгім келмеді. Біржола үнсіз кетістім. Тамыз айында еңбек демалысын аларда жұмыстан босату туралы арызды қоса жаздым. Сөйтіп, бір айдың ішінде Астанаға көшіп кеттім.  

–Ол сонда сенің сол сәттегі көңіл-күйіңді түк байқамады ма? – деп сұрадым мен қайран қалып. –Иіс алмас, ұшып-қонған көбелек сияқты бойжеткен бе?

–Гүлниса сол жағымда диванда отырды. Кеттік, мені үйде күтіп отыр дедім оған.

–Анау қасапшы ше? Сендердің тез кетіп қалғандарыңа ол қалай қарады? – деп сұрадым, ол Ұлдананы шығар есікке жеткізбей бас салып ұстап алардай қинала сөйлеп.

–Аталарымда әулие бар екен. Артынан бір құдайдың құдіретімен,  ата-бабаларымның ақ-адал, ізгі қасиеті, ар-иманы, рухы желеп-жебеп бір қатерден аман алып қалды деп ойладым, жеті шелпек пісіріп, аруақтарына дұға бағыштадым, – деді Ұлдана.

–Ұлдана, қап, бұл әңгімені дастарқан басында айтпауымыз керек еді. Қара энергия асқа сіңбесін. Қазір мен тұзбен тазартып жіберейін, – дедім мен орнымнан ара шағып алғандай ұшып тұрып. –Қазір духовкада балық піскенше бұл әңгімені де айтып боласың.

Бір шөкім тұзды алып, дастарқанның үстіндегі тағамдарды бір айналдырдым да, кранды ашып, суға ағызып жібердім. Ұлдана менің сөзіме келіскендей басын изеп қойды.

–Сен одан қалай қорғана алдың? Оның адамдықтан ауып кеткен жыртқыш көзқарасынан қаймығып, дүлей үрей билеп ығысып кетпедің бе?

–Сен сол сәтті көз алдыңа елестетіп отырсың ғой. Оған мен сенен қорықпаймын деген өткір көзбен қарадым. Ол да мені түсініп қойды. Ол қарағанда менің ауруларымды жіті көзбен зерттеп отыр деп ойладым.

–Демек, адамның өзін-өзі сақтау түйсігіне ештеңе жетпейді. Құдай түйсіксізден сақтасын. Періштесі қақты деп әдетте жас балаға қарата айтқанымен, адам баласы есейіп өскен сайын қорғаушы тылсым күш одан алыстап кетпейді деп ойлаймын. Тек ересек адамдар саналы түрде жамандыққа ұрына берсе, олардың періштелері түңіліп, безініп кетеді, сірә.

–Бейтаныс пәтерден шығуға асықтым. Үйге жеткеніме қуандым, – деп әңгімесін жылдам аяқтады Ұлдана. – Күйеуім кеше алыс рейске кетті. Асықпай отырғаным сол.

Екеуміз қабарып піскен балық етін күріш қосып жедік. Қабырғадағы сағат тілі түнгі онға жылжығанда Ұлдана такси шақырып, үйіне кетті.

Ол кеткен соң әлгі оқшау әңгіменің әсері тарқамай қойды. Кішкентайынан балаларыма құдай сақтансаң сақтар деген танымды ырым-тыйым арқылы беруді бір сәт ұмытқан емеспін. 

Қара базарда адам органдарын саудалаумен айналысатын топтарда хирург мамандар бар екені есімнен шықпай қойды. Оның үстіне мықты кәсіби мамандар екені даусыз. Олар да анадан туған, бейкүнә бала болып ойын ойнаған, жас болып жайнаған. Олар қайтіп қасапшы маньякқа айналды. Ақша пір болған заманда қылмыстың қай түрі болмасын түбі орға жығады, бірақ олар ештеңеге сенбейтіндер ғой. Материалдық дүниеден басқаны місе тұтпайды. Олар өлерінде нені сезіп-біледі екен? Өкіне ме?

Ұлдананың басынан кешкен оқшау оқиға, әйткенмен жан қуаты интуиция арқылы сезінген, нақты дәлел болмаса да солай деп ұйғарған түйін маған айналама зейін сала қарауды үйретті. Кейде лифтіге түрі күдікті жанмен бірге кірмейтін болдым.

Көп ұзамай үлкен ағатайымның студент баласы туралы алып-қашты сыбысты естіп ұйқым бұзылды. Негізінен берекелі отбасында өскен, бөгде мінезі жоқ Бектайдың оқыс қылығы адам айтқысыз жұмбақ көрінген. Ол туралы күдікті сіңлімнен естіп мазаландым.

                                 Қабылан

Біз төрт ағайындымыз. Екі ағам елде тұрады, сіңлім екеуміз Ақмола астана болмай тұрып, Арқалықтан көшіп келгенбіз. Сіңлімнің үлкен баласы Арыстан Австрияда магистратурада оқиды, кенже ұл мектептің жоғары сыныбында оқып жүр. Қабылан өз жасына қарамай өте оқымысты бала. Негізінен детектив және фэнтези кітаптарды сүйеді. Ол үйге бара қалсам Қабыланның кітапқа телміріп, басқа дүниеге мойын бұрмай отырғанын көремін. Кейде өзінен-өзі мырс-мырс күліп отырады. Өткенде барсам, аудиокітап тыңдап отырды. Тик-токтан шолтаң ете түсетін видеоларды маған көрсетіп қоятыны бар. Әсіресе, ит туралы деректерді көп көреді. Қазір елдің бәрі шетінен режиссер болуға ұмтылып, блогер болуға құштар.

Бекарыс туралы ести сала, мазам қалмай сіңлімнің үйіне жетіп бардым. Амандық-саулықтан соң әуелі креслода отырып Қабыланға сынай қарап отырдым. Бұл балаға қиын істі тапсырғаным қалай болар екен деп екі ойлы болып абдырап отырмын.

Ол смартфоннан роликтердің астына жазып тастайтын бір комментарийді оқып беріп мәз болып күлді. Әуелде өз ойыммен отырып, дұрыс естімей қалып, кәне, қайта оқышы деп сұрадым. Себебі жаңылтпаш тәрізді шаппа-шап естілген. Тіпті әлгі сөйлемнің стихиясы әлдене ұршықша дөңгеленіп, құйындай үйіріліп соғып өткен сияқты сезіндім. Қабылан миығынан күліп, смартфонға қайта үңіліп қарамай-ақ, әлгі оқығанын лезде жатқа айтты.

–Малюет Малевич Черный квадрат за шторой за черной там Демон распят.

Әлеуметтік желілерде еріккен небір аналитик, небір ойшылдар, айқыштар отырады екен-ау. Анекдот атаулыны керемет шығаратын халық емей кім. Қазақша аударса әріптердің аллитерациялық үйлесім ырғағы бұзылып, ыдырап кетеді деген кәсіби деңгейде ой жылт ете түсті. Әрине, мұнда әзіл мен мысқылдың керім жараса қалғанын, шындықты мазақ қылып беруін мейлінше бағалап үлгердім. Қабыланға қосыла күлдім. Оның үстіне қара түспен бояй салған төртбұрышты, әншейін абстрактілі деуге ғана татитын шимай суретті шедевр деп жарты әлемге жариялап жіберген өнертануға әсте келіспеуші едім.

–Қабылан, анаң келмей тұрғанда басын ашып алатын бір күрделі әңгіме бар. Тек бұл мәселе екеуміздің арамызда ғана қалатын аса құпия болуы тиіс. Тісімнен шығармаймын деп уәде бересің ғой?

–Апатай, мәселе мән беруге тұрса, әрине… – деді Қабылан.

Қабылан мені апатай деп атайтын. Қаланың баласы үшін таңсық көрінсе де, ол әрнені өз атымен атағанды өте жақсы көретін. Нағашы апа, нағашы ата, апа, ата, ана, әке, ағатай, әпке деп туыстық атауларды бұзбай атауға дағдыланған бала.

–Әңгіме Бекарыс туралы, – дедім мен.

Қабылан менің бетіме жалт қарады, сірә көкейімді түсінбей қалды. Үлкен ағамның баласы сіңлімнің үйінде тұрып оқитын. Ол университет бітірген соң шетелде магистратура оқуға ниеттеніп жүрген.

–Бекарыс универден соң ресторанда официант болып жұмыс істейді, үйге тек қонаға келеді. Бір пәтерде тұрып, бір-бірімізді сирек көреміз, – деді Қабылан.

Көзінен неліктен бұл әңгімені қозғады дегендей қатты таңырқағаны білінді.

–Қабылан, қалай деуші еді, ай-кью дей ме? Сен сондай білімді, зерек, интеллект деңгейі биік бала болған соң осы іске тартып тұрмын. Детектив кітаптардың түбін түсірдің. Қысқасы, біз екеуміз тыңшы болуымыз керек.

–Апатай, шын айтасың ба?

     Қабыланға маған сен деп айта бер деп үйреткенмін. Баяғы ата-бабаларымыз «сен» деп сөйлеген, «сіз» деу кейіннен басқа халықтан енген. Мұны лингвист, тіл маманы болғандықтан анық білемін. Жыраулар беклер мен хандарға «сен» деп сөйлеген, билеуші хандар ақылман абыздарды бойына тең көрген.

   Қабылан өте ақылды бала болғандықтан бұл сауалды маған қалжыңсыз қойды. Тегі мені бұлай деуге не нәрсе мәжбүрлеп тұрғанын түсінуге тырысып, дәлірегі, алдын ала айтқызбай-ақ жорамалдауға қызығушылық таныта қалғанын аңдадым.

–Шерлок Холмстың дедуктивтік әдісін қолданып, екеулеп шындықты білуіміз керек, – дедім өзімнің қаражаяу емес екенімді көрсетіп.

–Шерлок Холмс жұмбақ қылмыстарды индуктивті әдіспен ашқан, – деп түзеді мені Қабылан өзінің өте білімді екеніне дақ түсірмей. –  Ол өте ұсақ детальдарды қалт жібермей, соларды терең зерттеудің нәтежесінде түйін жасаған.

–Бектайдың басқан-тұрған ізін бақыла, күдікті бірдеңе көрсең видеоға түсіріп ал, қағаздарын қара, блокнотын білдіртпей ашып көр. Философия факультетінде оқитын студент болған соң оның жазуға бейім екенін білесің. Күнделік жазбалары болуы…

           Қабылан шыдамсызданып менің сөзімді бөліп жіберді.

–Апатай, бұл қылмыс қой. Жеке адамның өміріне қол сұғуға болмайды, заңның арнайы бабы бар. Аңдып жүргенімді сезсе, ол мені жек көріп кетсін бе? Ол түн сайын шаршап келіп ұйықтап қалады.

–Біздің Бекарыс бір күмәнді іске ұрынған тәрізді. Оған мен қастық ойлаймын ба екен. Біз екеуміз оны құтқаруымыз керек, – дедім қызынып. – Сондықтан оның немен айналысып жүргенін білу аса маңызды. Ал сен болсаң онымен бір пәтерде тұрасың, туған бөлең әрі ол сенен небәрі үш жас үлкен.

    Қабылан иығын қомданып қойды. Бұл оның келіскені. Осы мезетте сырттан қоңырау соғылды. Қабылан барып есік ашты. Сіңлім жұмыстан соң дүкенге соғады, үйге азық-түлік толы сөмкесімен артынып-тартынып кірді. Қабылан анасының қолындағы заттарды алып, тоңазытқышқа салды.

                                                      Кесіртке

Бекарыс 2 курс студенті. Өзі қатарлы жастар сияқты ол да оқудан тыс уақытта ресторанда даяшы болып қызмет атқаратын. Ол өте көрікті жігіт, бойы теректей биік, ақсары жүзді, сәл қоңқақ мұрын, көзі отты. Ең бастысы тез көзге шалынып, текті атаның баласы екені бір көргеннен байқалып қояды. Харизмасы оның үнемі жолы бола кетуіне ықпал ететін. Ресторанға кешкі 6-да келіп, түнгі 1-ге дейін істейтін. Оның алдына қойған биік мақсаты бар, соның үшін өзіне-өзі шектеу қоя білетін. Басқалар тәрізді қызбен қыдырыс, шылым, шарап, түнгі клуб сияқты өмірдің қызықтарына теріс қарайтын еді. Тегінде біздің тұқымның балалары, ұлдан туғандары да, қыздан туғандары да білім-ғылымға аса құлықты екені сүйінішті. Олар өзара жарысқандай бірінен-бірі асып түсетін ірі оқуларды таңдайтын.

Сіңлім маған Бекарыстың осы тәрбиелі мінезінен жаңылып, түнгі клубтарға кетіп және өзінен жасы әлдеқайда үлкен әйелмен жүріс жүре бастағанын айтып дабыл қаққан еді. Ол әйелдің жасы 30-дан асқан дегенде тіпті шоршып түстім. Оның он тоғыз жасар бозбалада не ақысы бар? Айтуынша, кірпік жапсырған, үрленген жасанды ерні дүрдиген, кеудесі қайқиған, бояуы баттасқан көзімен кісіге менсінбей қарайтын, денесіне жабыстырып киім киісі біртүрлі оғаш, макияжы айқайлап тұрған әйел.

«Оны қайдан көрдің?» – деп сұрағанымда Гүлшат соңғы кездері ол әйел машинасымен Бекарысты түн үйге ауа әкеліп тастайтынын көргенін айтты. Бір жолы жерге түсіп, біздің бауырымызға крокодил терісінен тіккен бүдірлі сөмкесін ашып, доллар алып ұсынған. Кіреберіс маңы жарық жанып тұрғандықтан бірінші қабатта тұратын сіңлім жарығы сөндірілген терезенің пердесінен сығалап қарап анық көрген. Бекарыстың келер мерзімін аңдып ояу жатқан. Сіңлім Бекарыс долларды алмай басын шайқап, оның қолын ысырып тастағанда ризашылықтан көзімнен жас шығып кетті деді. 

Мен ол әйелге сырттай «Кесіртке» деген лақап ат қойып алдым. Крокодил дәу кесіртке ғой. Бауырымның басын айналдырып, кесірлікпен таскенеше жабысып, қарадай оқытып алды ма деп қорықтым. Қазіргі заманда балгерге бару, дуалап алу жын атады дегенді ютубтан талай көргемін. Эзотерикамен әуестеніп, магиямен айналысатын жұрт қарасы сұмдық көбейгенін кітап саудасындағы қаптаған экзотикалық атаулардан білемін.

Бекарыс жалданған ресторанда Кесіртке әкімші болып қызмет атқарады екен, расында сол ресторанның иесі деген жорамалды сіңлім сұрастырып біліп алыпты.

Сонымен әу баста сіңлім мәлімдеген уытты мәселені оның ұлына тапсырғанымды одан неге жасырғанымды айтсам, ол кенже баласы үшін жаны шығып кете жаздайтын. Қабыланды бұл іске араластыруға сіңлім қарсы болар еді деген күдікпен одан жасырдым. Ал баланың істегені білінбейді.

Бір күннен кейін Қабылан өз ісіне кіріскені көрінді. Мен одан ватцап арқылы Бекарысқа қатысты қысқа мәліметтер ала бастадым. Бұдан бөлек фрилансер болғандықтан, яғни, қазіргі тілмен айтса өз бетімше жекелеген тапсырыспен жұмыс істеп отырғандықтан бір күні кешкісін «Модельяни» атты ресторанның маңында бірнеше сағат қарауылдадым. Алтын уақытым рәсуа болғанына ішім удай ашыса да Кесірткені өз көзіммен көруге асықтым. Сіңлімнің суреттеуімен ол әйелді тап басып танимын ба, кім біледі. Интуиция алдамайды деп сендім. Балауса бойжеткен тәрізді киінген недәуір жастағы әйелді көрсем, ең бастысы, оны көргенде жақтырмау, жиреніш, өкпе, реніш, жазғыру сезімі оянса… сол болғаны.  

                                  Бастырық  

Көп ұзамай Қабыланнан ұзынды-қысқалы мәліметтер ала бастадым. Ең әуелгі жазу шынымдай айтсам, жүрегімді зу еткізді.

«Өлімнен соң бір емес, қос энергия қалады, оның бірі рух, бұл адамның энергетикалық егізі, дәлірегі, өзінен аумайтын көшірмесі,  құдды өзі, міне ол мәңгілік сақталатын сұлба, ал екіншісі оның жаны, жан өлмейді, тән өлген соң жаңа денеге барып енеді».

«Бұл не?» – деп жаздым мен ватцапқа.

«Бекарыстың смартфонына келген хабардың фотокөшірмесі».

«Ол сектаға кіріп кеткеннен сау ма?».

«Оны білмедім».

    Қабылан фотоға түсірілген екінші жазуды ілес жіберді.

«Жан тағы да жаңа тән іздейді, бала туарда ата-анасын өзі таңдайды, оған тағы жаңа рух беріледі де, сол рухқа оның күллі өмір жазылып қояды».

           Әлеуметтік желілерде мұндай көзқарас аз кездеспейді. Әр кәллада бір қиял, кәрі құрлық жер бетінде өмір сүретін адамзат небір теорияларды саралауға шебер. Ақиқат біреу, оның тылсым сырын тіршілікте танып білу мүмкін емес. Бірақ құдайсыз ештеңе жоқ.  

 «Оқып болған соң өшіріп таста».

«Таңғы 5-те оянып, оның смартфонын еппен алып кеттім».

       Екі күннен соң Қабылан фотоға түсірілген ұзақ мәтін салды. Компьютерде терілмеген, қара сиямен қолмен жазылған. Оны екі мәрте оқыған соң он алты жасар баланы осы іске бекер байланыстырғаныма өкіне бастадым.

   «Тосын бір жабырқау күйде, біресе санам айқын, біресе болған жайтты жадымда сақтай алмай қиналып, елегзіген күйде бір жерде жалғыз өзім сопайып тұрмын. Тұнжыраңқы төңіректің зілбатпан қысымынан булығып, тұншығып бара жатқанымды сезінемін. Секунд озған сайын түнеріп, шыбын жанымды қоярға жер таппай сенделуге көштім.Сұрланған сұп-сұр жер, бұрын-соңды сезінбеген беймәлім шарасыз хал, көкейімде үдемелі түрде жөңкілген жауар бұлттардай көшіп, бір қара ой баспалап мені шыр айнала берді, біресе есімнан айрылып, біресе санам айқын болып құбыла бергені несі?! Айналама анықтап қарасам, өзім тұратын қала, өзім тұратын көше, өзім жүретін аула. Алайда бұл бейнелер келесі бір сәтте шайылып, бұлдырап елеске айналып кетті. Меңіреу, мылқау, соқыр тұман албастыдай басып, көзді шел басқан тәрізді ұлғайып, әлемді тұтас торлап бара жатты. Көк жалқын мұхиттардың түсі жасылданып, тұңғиығына тартып бара жатқандай елеске тұтылып, тұншығып бара жатқанымды білемін.

   Ең сұмдығы, бұл қалада тірі жан жоқ, көшелерінде түк жарық жоқ, биік үйлердің қарауытқан терезелері көр аузындай үңірейеді. Соның бәрінің ортасында мен тұрмын. Тәуліктің қай кезі екені тағы белгісіз, түстеп танып болмайды. Іңір қараңғылығы түскен сияқты. Түннің өзі біртүрлі қызық, айнала қара бояуға батып тұрса да, жарықсыз көшелерді, үңірейген, бедірейген жансыз терезелерді айқын көріп тұрмын. Тіршілік нышаны жоқ қап-қара әйнектердің арғы жағынан тізіліп кілең өліктер қарап тұрғандай тітіркенемін. Олардың бәрі де аяғымен жер баса алмайтындай, аяқтары салбырап, жерге жете алмай ентігіп тұрған тәрізденді. Елестер секунд сайын өзгеріп жатыр. Аяқтарын нық баса алмай, жер мен көктің ортасында, ауада ілініп тұрғандар тоғайдағы тұзаққа түскен бейкүнә құстар тәрізді шиқылдайтын, үһілейтін сияқтанып, қайта қара түнекке жұтылып кетті. Артынша олардың шарасынан шыққан көздері кәдімгі үкінің көзіне ауысып кетті. Біресе олар бастары төмен салбырап үңгірлерде ілініп, мүлгіп тұрған жарқанат сипатты көрінді.

Мұның бәрін де ой көзімен анық көріп тұрмын. Бұл сонда не, тозақ па? Жоқ, мен бұл жердің қандай орын екенін білетін сияқтымын. Әлдебір екі ортадағы, шекарадағы аралық жер деймін. Бірақ маған ол жерде жан төзгісіз ауыр сезілді, өте азапты халге тұтылдым, өте жаман күй сана-сезімді улап, баса-жаншып өлтіріп барады. Мұндай кепті ешуақытта бастан өткерген емеспін. Бұл бір шексіз жан азабы болатын. Бітпейтін, ешқашан аяқталмас, таусылмауға үкім етілген, мәңгілік деген тылсым сөзге байланған ұғым. Тығырықтан шығар жол табылмайтын, түңіліске толы, ең маңызды нәрседен біржола айрылу, жоғалтуларға толы, сұмдық ышқыныс. Мұндай азапты жер бетінде ешкім сезініп көрмегенін сол сәт түйсінгендеймін.

   Мен өзімнің кім екенімді білмей аңырып, миы айналғандай тұра бергеніме өте қапалымын. Мұнда қалай тап болдым? Ары қарай не болмақ? Айнала неліктен жан төзгісіз сасық? Жүрек айнытатын мүңкіген иіс мейлінше үдеп, неге тұмандай тұтып, жаулап барады? Жауабы табылмайтын өткір сауалдардан басым айналды. Әйткенмен, бір білерім, қалпына келмейтін бірдеңе істеген сияқтымын. Өте қорқынышты, түзелмейтін бірдеңе. Бірақ соның не екенін есіме түсіре алмадым, түк түсіне алар емеспін. Айналам бос кеуек сияқты, тұнжыр кеңістік, қуыс, бос нәрсе, мағынасыздық, шарасыздыққа тұнып тұр. Одан құтылу, қашып кету мүмкін емес. Оның атауы жалғыздық. Маңымда ешкім жоқ болғандықтан туған жалғыздыққа құсамайды бірақ. Бұл жалғыздық менің өз ішімнен, жан дүниемнен атқылап шығып жатыр. Бұл жалғыздық ішімді оттай өртеп, қарып бара жатыр. Отта тұрған қара қазан сияқты іші бауырым күйіп, шыдатпай бара жатыр. Не болғанын есіме түсірейін десем, жадымның сол сәті өшіп қалғанын ұқтым. Не істеу керек? Есімнен сол бұлыңғыр сәтті біреу жұлып алып, өшіріп тастаған сияқты. Айқайлайын десем, дауысым шықпайды, өшіп қалған. Бастырық кеудеге аттай ерттеп, мініп алатын, жаман түс көріп, бастырылығып, оянайын десем де ояна алмай жатқандағыдай бір дәрменсіздік.

Мұнан әрмен шыдай алар емеспін. Жылайын десем көз жасым кеуіп қалыпты. Кенет… о, құдай, о, құдай, барсың ғой, құдайым менің дертті санамды айқындап, асыл сәулесін төгіп жібергенде ғайыптан ес кірді.

Көзімді ашсам, көргенім төрт қабырға. Кәдімгі өмір, мына жарық дүниедегі төрт қабырғаны көрдім. О, құдай! Сөйтсем, реанимацияда жатырмын. Осы күйде құлазып жатып не істеп қойғанымды біртіндеп түсіне бастадым. Өзімнің адам айтқысыз жаман қылығыммен ең жақын адамдарыма қиянат қылғанымды түсінгенде жаным өлердей күйзелді. Бірақ сол айыпты терең сезінгеніме, өкінгеніме сонша қуанып та жатырмын. Құдай маған тағы бір мүмкіндік беріп, аман алып қалғанын біліп қатты қуандым. Әрі сол бір сұрқай әлемге қайта түсуден ғаламат шошып жатқанымды анық білемін. Өйткені, егер онда қайтіп барсам, сол сұрқай һәм сұм дүниеде мәңгі қалып қоярымды да анық түсіндім, мұндай жойқын күнәнің кешірімі болмасын әлдебір түйсікпен ұғындым.

Жадыма тыз етіп бала кезімде ауылда өзім көрген бір көрініс айқын оралды. Біздің үйдің сырт жағындағы көршінің дәу бұқасы. Бұқа мал қорада байлаулы тұрғанда мүйізінің түбін шпагат жіп қажап, қанды жараға шыбын қонып, басына құрт түскен. Үй иесі алыс жолға кеткенде әйелі бірақ білген. Енді ол малды сойып алу үшін үй иесін күту керек. Әйелі сорлаған малды бақшаның ішіне шығарды. Дәу бұқа, төрт аяғын бүгіп, үйелеп жатып, сәт сайын мойнын артына қайырып, басын бұра береді, дамылсыз қозғай береді. Өйткені құрттар жыбырлап, миын жеп дертті өлгенше қоздырып, жанын шыдатпай әкетіп бара жатыр. Айналма деген мал ауруының қандай боларын сонда көрдім. Терезеден қараған сайын ірі қараның сұрапыл халін көріп, көрші кісі тезірек келіп, пышаққа іліндіріп, ажал арқылы мына азаптан құтқарса екен деп тіледім. Басқа жол жоқ болатын. Көрші түнде оралған екен. Ертесінде бұқа орнында болмады, көрші сойып етін елге сатып жіберді. Ажал нағыз құтқарушы болатын.

Өлім алып қара құстай көгімді торлап алған мәнсіз дағдарыстан, жан төзгісіз депресиядан құтқаратындай көрінген ессіз ой мені де ана жерге дедектетіп, жетектеп алып келген сияқтанды. Бірақ мұным түбірімен қате таңдау екені кештеу болсын білінді. Сондықтан кері шығар жолды білмей аласұрып кеттім. Сұр әлемде болған тілмен айтқысыз құлазу мезеттің ассоциациясы осыған ұқсас болатын.

Палатаға кірген ақ халатты кезекші дәрігер жігіт менің суицид жасауға әрекет еткенімді, бірақ соңғы сәтте гаражға велосипед алуға кірген көрші кісі асылып тұрған жерімнен арқанды қиып жіберіп, босатып алғанын айтты. Мен оның кіші ұлына велосипедімді рұқсатсыз ала беруге келіскенмін. Гараждың есігінде құлып тұрмағанын көріп, велосипед алуға кірген сияқты. Расында оны маған ғайыптан бір құдайдан басқа кім жіберсін! Бір құдай аман алып қалды.

Сұрқай мекеннің не екенін енді білдім. Құдайым-ай, өз-өзіне қол жұмсайтын адамдар  оның не екенін алдын-ала сәл ғана сезіп қалса, оған ешқашан бармас еді ғой! Ол жер сұмдық, сорақы, тозақы ауыр күй, жан төзгісіз ауыр кеп, оны сөзбен жеткізу қиын. Мені жарық дүниеге кері оралтқанына мың шүкір. Өзін-өзі өлтіру арқылы проблемалардан, қиыншылықтардан және өзіңнен өзің қашып құтыла алмайсың! Бұрынғыдан бетер халің жаман болады. Өйткені адам өзінің физикалық денесінің арқасында (нейрондар, ағзадағы химиялық реакциялар) ауру және ауырсынуды, мұңды аластап, қайғы-қасіретті жұмсартуға, сосын одан мүлдем арылуға әбден болады, сосын проблемаларды қайта қарастырып, қайта шешіп алуға әбден болады. Бәрі де сонда қалпына келеді. Ал адамның физикалық денесінсіз мұндай ғажап мүмкіндік жоқ! Тығырықтан шығар жол әрдайым бар! Адамдар суицидтен аулақ болыңдаршы!».

«Мұны кім жазған?».

«Студенттік дәрістен».

«Бекарыстың ба?».

«Иә».

«Өз қолымен жазылған ба?».

«Психология пәнінен».

«Қабылан, ертең сабақтан соң үйге соға кет».

«Апатай, жақсы».

      Сол түні ойым онға бөлініп, ұйықтай алмағанымды айтпай-ақ қояйын. Қабылан түс ауа рюкзагын асынып, мектептен қайтқанда соқты. Оның ең жақсы көретін асы – қызыл балықты қуырып жатқамын. Бала кроссовкасын мен костюмін шешіп, осы үйге келгенде кие қоятын футболкасын киіп,  қолын жуып, лып етіп дастарқан басына отыра қалды. Ең дәмді асты алдына қоярымды біледі. Ол аухаттанып болғанша қиын тақырыпты қозғамадым. Өйткені аспен бірге адам негативті жұтып қояды.

           –Апатай, өте дәмді, қолыңа дерт бермесін,– деді ол орындықтан тұрып жатып. Менің ара-тұра түрік сериалдарын көретінімді біледі.

   Дастарқанның бетіне орамал жаба салдым, себебі, ежелден тамақты қараусыз, ашық қалдырмайтын дағдым бар. Ал ыдыс-аяқты жуып жатуға мұрша қайда, кешегі ауыр мәтіннің шығу тегі туралы көбірек білгім келіп барады.

–Апатай, сенбі күні кешкілік мен ресторанға баратын болдым, – деп күле хабарлады Қабылан.

–Қайдағы ресторан?

–«Модельяни», Бекарыс істейтін жерге.

–Бектай шақырды ма? – дедім таңданғаннан аузым ашылып.

–Жоға. Бекарыс мені ресторанға шақырып қайтсін.

–Сонда не үшін барасың? Оны аңдуға ма?

–Құланның қасуына, мылтықтың басуы, – деді Қабылан өзінің көп оқитынын көрсетіп. –Әрине, негізгі мақсат Бекарысты бақылау ғой. Әйтпесе келіспес едім.

–Мамаң біле ме?

–Жоқ. Сол күні айтамын.

–Ресторанға бару туралы ой басыңа қашан келді?

–Бір қыз шақырды.

–Сені ме?

–Иә.

–Ол неғылған қыз?

–Колледжде оқиды. Маған солай ұсыныс айтты. Мені қонақ қылмақшы, бір жобаға қатыстырамын дейді.

–О, тоба! Қазір бәрінің орны ауысып кеткен бе? Қыздар ұлдарға ұсыныс айтатын болған ба?

–Апатай, қыздар қазір белсендірек. Қаласа бір сөзге бола ұлдарды ұрып-соғып кететін бұзақы қыздарды да көрдім.

–О, тоба, құлақ естігенді көз көреді деген.

    Қабылан кешегі әңгімені тарс ұмытып кеткен сияқтанды. Оның жан айқайына толы, өмірге наразы мән-мағынасы он алты жасар баланың уыздай психикасына қалай әсер еткенін ойлап, жатарда ұйықтай алмай күйзелгендіктен, оның жүзіне барлай қарап отырмын. Байқаймын, түк әсер етпеген сияқты. Бұған қуанбасам, ренжіген жоқпын. Демек, бұл баланың қорғаныш қуаты анық.

–Қабылан, шыныңды айтшы, кешегі жібергеніңді жаттап алдың ба? Тезірек улы қоқыс сияқты лақтырып, жадыңнан өшіріп таста.

–Бір оқығанды ұмытпайтынымды білесің ғой, апатай. Оның маған түк зияны тимейды.

–Бектайдың лекциясынан оқыдым дедің. Ол оны қайдан алыпты?

–Әуелі қазіргі заманғы өзекті тақырыптарға мұғалім эссе жазып келіңдер деп тапсырды. Сенде көшіріп ала қоятын тақырып бар ма деп сұрадым. Ол болса, мен оған көрсетпей ақ таңнан ұрлап оқып алған текстті маған мә, мынау жарап қалар деп қолыма ұстата салды.

   Бұған қайран қалғандықтан не дерге сөз таппай қалдым. Күдік атаулы сейіліп сала бергендей қуандым.

–Сен одан бұл қайдан шыққан текст екенін анықтап сұраған жоқсың ба?

–Сұрадым. Ол идеяны интернеттен көшіріп алғанын, бірақ өзі кеңейтіп, талдап жазғанын айтты. Себебі оқытушы доцент студенттерге суицид тақырыбына эссе жазып келуді тапсырған. Бекарыс жоғары баға алыпты.

–Уһ!

    Демек,  суицид туралы сыр ағыту, жан дауыс монолог Бекарыстың өз ойлары емес, бар болғаны берілген тапсырманы мүлтіксіз орындау болып шықты, бірақ қалай десе де зілді тақырып. Қазіргі қоғамды көзсіз үрейлендіретін өзекті проблеманың бірі екенін жасыру мүмкін емес.Құдай он екіде гүлі ашылмаған жас балаларды мұндай кесапаттан сақтай ғөр!

      Қабылан үйіне кеткенде оның да ер жетіп қалғанын, жас қыздар көз салатын реңді, ақылды екенін ойладым, ол бізге бала көрінгенмен, өз қатарына тартымды. Оны ресторанға шақырған жасөспірім қыз кім болды?

                                                       Татиуровка

Гүлшат ғылыми конференцияға Көкшетауға кеткен кезде орын алған уақиғаларды бірден естімей қалдым. Себебі сіңлім дер кезінде білмеген соң, олардан бірнеше квартал алшақтау тұратындықтан әрі Қабыланға сенгендіктен жағдайды сәл кешірек біліп қалдым. Көкшетаудан сіңлім хабарласып, екі ұлдың да телефоны көтермей жатқанына алаң болып, мен жолға енді шықтым, сен дереу такси алып үйге баршы, балалар қайда, соны білші дегенде барып құстай ұштым.

Сіңлімнің пәтеріне келіп, қоңырауын безектетіп, бес минут басып тұрдым. Тым-тырыс. Соңғы кезде біртүрлі түстер көрген едім. Жүрегім аузыма тығылды. Со замат есіктің алдына отыра қалып, ал еңіреп жылайын. Дауысым арғы-бергі қабатта естіліп, баспалдақпен көтеріліп келе жатқан біреудің жүгіре жөнелгені білінді. Елең ете түстім, себебі біздің Қабылан өмірі лифтімен жүрмейтін еді. Қандай жоғары қабат болса да жаяу көтерілемін деп айтқан. Өздері үшінші қабатта тұрады.

Келесі сәтте Қабыланды көргенде орнымнан екі ұмтылып, буынымды баса алсамшы.

–Апатай, не болды? – деді Қабылан мені орнымнан тұрғызып жатып. –Неге жылап отырсың?

–Қарғам-ау, қайда жүрсің? Анаң сені сұрап хабарласты. Бекарыс қайда?

–Элементарно, Ватсон, – деп жымиды Қабылан. –Әуелі күшікті тойдыр, сосын бәрін айтып беремін. Бекарыс бір пәлеге ұрына жаздаған сияқты.

Мұнысы әрі мені жұбатқаны, әрі өзін әйгілі персонаж – детектив ағылшынға теңегені. Оның үстіне біздің Қабыланның өзін үшінші жақтан атайтын бір қызық әдеті бар, әзілдесе немесе қуланса ол өзін күшік деп атайтын. Ол күшік атаулыны өте жақсы көретін, ол үшін дүниеде күшіктен сүйкімді ештеңе жоқ.

   Ол пәтердің темір есігін қос кілтпен ашып, мені алға оздырды.

–Апатай, тоңазытқышта қатырылған тұшпара бар, суға қайнатсаң болды.

Сіңлімнің асқа келгенде өте ұсынықты екенін білемін. Бір жұмаға жететін асты жеті түрлі етіп сенбі күндері даярлап қоймаса оның көңілі көншімейді. Оның екеуі ет, екеуі тартылған еттен, екеуі балық, біреуі овощтан дайындалады. Жазда жеміс-жидекті мұздатып қойып, витамин деп қыста балаларының аузына тосып отырады. Мен оған қарадай сүйсінемін. Себебі өз басым қайнатып тосап жасауға да уақыт таппай, бал тұрғанда артық қимылдап қайтемін, менікі тек бал деп күліп қоямын. Сондықтан жаз ауғанда сіңлім маған бірнеше банка құлпынай, қарақат, таңқурай, абрикостан тосап қайнатып береді.

Дайынға дайын болудың артықшылығы бар, әрине, бірақ алмақтың да салмағы бар. Мен оған түйреуіштің түр-түрін сатып әперуге дағдыландым. Сіңлім түйреуіштен коллекция жинайды. Оған қымбаты болсын, арзаны болсын, тек ерекше көздің жауын алатын түйреуіш әкеп сыйласам болғаны алақанына салып, біраз уақыт көз алмай қызықтап, жас балаша мәз-мәйрам болып шаттанып, шалықтап кетеді.

Екеуміз қолдан түйілген дәмді тұшпара сорпасын, сусынға компот ішкен соң ас бөлмеден ауысып, залға жайғастық. Қабылан диванға жантайып жатып, біраз минут көз шырымын алғысы келгендей болды. Сіңліме есіктен кіре сала  оң хабар жазып үлгергемін.

Бір қарасам, Қабылан жатқан бойда ұйықтап кетіпті. Ұйқысын бұзуға қимай, сіңлім жолдан оралғанша сол үйде күтіп отырдым. Түн ауа Бекарыс келді. Көзінің алды ісінген, ат жағы суалып, көзі шүңірейіп, өңі бозарып жүдеп кетіпті. Бауырымның мына кейпін көргенде беймезгіл уақытта тергеп-тексеріп, мазасын алудың бекер екенін ұғып, бетінен сүйдім де, такси шақырып үйіме оралдым.

Оның сол қолының білегінде татуировка пайда болғанын байқап қалып едім. Бірақ теріге салынған сурет біріңғай қоңыр түсті сияқты көрінген.

                                         Официант

«Модельяни» ресторанының қожайын әйелі өз кабинетінен қымбат заттары ұрланғанын, ал күдікті ретінде даяшы болып істейтін студент  Бекарысты көрсетіп, полицияға арыз жазған. Мен көзін көрмей, сырттай жек көріп, Кесіртке деп атаған бай әйелдің есімі Адина болып шықты.

«Албасты басқыр! Менің бауырыма қара пәле болып кезіккен екенсің, сұр жылан! Құдай қаласа, уды қайтарар у бар!».

Ертесінде Бекарысты жұмыс орнынан полиция бөлімшесіне алып кетіпті. Бекарыстың рюкзагінің сыртқы қалтасынан шыққан гауһар тасты ақ алтын жүзіктен оның саусақ таңбасы анықталған.

Апалы-сіңлілі екеуміз Бекарыстың алыстағы ата-анасынан бұл оқиғаны жасырып, түйіні шешілгенше айтпай қоя тұруды шештік. Олардың басқа қалада тұратыны өз алдына, үлкен ағамыз үш жыл бұрын инсульт алып, ковидтен әлсіреп, әзер шыққан болатын.

Гүлшат сенбі, жексенбі күндері Бекарыстың үйге қонбағанын айтқанда мұны неге жоруды білмей, шиеленіскен жұмбақ мезет туғанын сезіп, күйікті ойлар бұлтартпай меңдей бастады. Маған бірден айтқысы келмеген, әрине, сүйінші сұрайтын нәрсе емес.

Бірақ әрекетсіз қарап отырудан сақтасын. Дереу ішкі істер министрлігінде істейтін құда жігіт Ерсұлтанды іске қостық. Оның берген ақпараты апалы-сіңлілі екеумізді шалқасынан түсіре жаздады. Бекарысты ешқандай полиция бөлімшесінде қамап қоймаған. Полицияға ешкім арыз жазбаған. Ұрлық фактісі бойынша қамауға алынбаған.

Сол кеште Қабылан ұзақ уақытқа жоғалып кетті және оның телефоны өшірулі болды.

Гүлшат менің айтқаныма көнбей, құмалақшы әйелге кетіп қалды. Өз басым сәуегей, балгерлерге сене бермеймін, қазір ол бизнес. Сіңлім өте білімді, бірақ ата-бабаларымызда жауырыншы, құмалақшылар болғаны шындық, құмалақ дәл түседі дейді. Сіңлім жоқта Бекарыстың киімдері мен заттарын ақтарып, мұқият қарай бастадым. Түк қалдырмай, аударып-төңкеріп, қағаздарын ашып қарадым. Күдік тудырарлық еш айғақ жоқ. Паспорты жолсапарға арналған үлкен көк рюкзактың ішкі қалтасынан қолыма ілікті. Көк паспортты ашып қарағанда өз көзіме өзім сенбедім. Соңғы екі күнде Бекарыстың қайда болғаны белгілі болды. Санкт-Петербургке барып қайтқан. Паспорттың ішінде барып-қайту билеттердің түбіртектері жатыр. 11-13. 07. 2023. Ұшып-қонуда мөр соғылған белгі тұр.

Біз осы қалай аз білеміз. Біз білеміз деп жүрген балаларымыз, таныстарымыз нендей тірлікпен айналысады?  Әйткенмен, Бекарыстың  жаман істерге қатысы жоқ екенін ішкі дауыс білдірді. Жүрегім қорықпайды. Жүрек алдамайды. Интуиция. Шексіз кеңістікті көре алатын, бәрін білетін рухани көз.

Гүлшат келген соң паспортты алып көрсеттім.

–Біз бала, бала дейміз, балаларымыздың жат қылығы сыртта сияқты. Бұған не айтасың?

Сіңлім құмалақшы әйел оған бәрі жақсы болады, бауырың бір кедергілерден өтуі тиіс, ұзамай жақсылық хабар аласыңдар деп жұбатып жібергенін айтты. «Жақсы сөз жарым ырыс», соған иланып, құмалақшы әйелге қанша төледің деп айтудан тартынып қоя салдым.

Бекарыстың қайда жүргенін білмей, басымыз әбден қатты. Полиция бөлімінде болмай шыққаны, қалта телефоны сұлқ қалып, жер жұтқандай жоқ болып кетуі екінші күнге созылғанда алаңдап, есіміз шықты.

Түнгі сағат 10-да сыртқы есіктің қоңырауы соғылғанда ойымнан шықпай отырған Бекарыс келіп қалғандай әсер етті. Жылдам қимылдап, есікті ашсам, Қабылан қасына бір қызды ертіп келіпті. Мектеп қабырғасынан кеше шыққан, еліктің лағындай әдемі қыз. Джинси шалбар, сары жейденің сыртынан капюшоны бар солғын жасыл желбегей киген, аяғында мокасин. Басын капюшонмен бүркеніп, маңдайын жауып алыпты. Рингке шығатын боксшы сияқты. Бірақ жасөспірім ұлдардың стилімен киінгенімен қыз балаға тән нәзік балғындығына селкеу түсіп тұрған жоқ.

–Кеш жарық, – деп лып етіп амандасты бейтаныс қыз.

–Апатай, абыржыма, қорықпа, – деді Қабылан.

–Жоғары шығыңдар, балалар.

     Екеуі кіріп, аяқ киімін шешкен соң қонақ бөлмеге озды. Мен қыздың түр-тұлғасынан жастыққа тән уылжыған әдемілікті көрдім. Сол қолына латынь әріптері тізілген қайыс білезік таққан екен, оның асты шимай, былғанған тәрізді көрініп кетті. Қайран қалып қадала қарадым, оның қолында да қоңыр бояумен салынған татиуровка бар екен. Бекарысты соңғы көргенімде дәл осындай қоңыр татиуровка білегін орай салынған. Екі сурет бір қолдан шыққан ба, қалай?

–Атың кім? –деп сұрадым қыздан.

–Пати.

–Патима, – деп айқындай түсті Қабылан, оның есімін тосырқай қабылдағанымды сезе қойып. –Пати Бекарыспен бірге жұмыс істейді. Официантардың көбі студент.

–Иә, Пати, сен бірдеңе білетін сияқтысың.

–Апатай, Патиды сол үшін ертіп келдім, – деді Қабылан.

–Бәрі де стейктен басталды, – деп бастады Пати сөзін, креслоға басын шалқалай отырып.

Өзі расымен көркем қыз екен. Оның сөзін қыбыр етпей, бөлмей тыңдадым.

–Наурыздың алдында ресторанға біреу келді. Отызға жетпеген жігіт, крутой екені жүрісінен білінді. Ол 200 грамм вискиге тапсырыс берді, сосын тағы 200 грамм алдырды. Ештеңе араластырмай, вискиді тамағына құя салады. Мен оның үстеліне қызмет еткен жоқпын, бірақ ары-бері өткен сайын көз қиығыммен қарап жүрдім.

–Неге? – дедім түсінбей шамданып. – Ол несімен ерекшеленді?

–Ешкімді адам санап отырған жоқ. Оттығын тұтатып, жүз доллар купюраны, он мың теңгені біздің көзімізше жағып жіберді. Ақшаға от қояды да жерге лақтырып қалады. Фейерберк сияқты. От ұшырып ойнап отыр.

–Мейманасы асқан біреу болды ғой, – дедім мен. – Кинода ғой мафиоза ақша өртейтін.

–Менің кішкентай інім бар, бірде әке-шешем оны үйде жалғыз тастап кете алмай, өздерімен бірге көк базарға ертіп апарыпты. Бір сәт қана қарамай қалса керек, еріп келе жатқан төрт жасар інім жоқ болып шыққанда анам бақырып жылап жіберген. Екеуі алақтап, екі жаққа жүгіріп іздейді. Бір жақсысы, көп кешікпей, біреу «Мынау кімнің баласы?» деп айқайлап тұр екен. Дауыс шыққан тұсқа папам тез жетіп барса, інім жылап тұр. Сөйтсе, шампунь құйып қойғандай жалт-жұлт ететін түрлі-түсті шариктер шығаратын ойыншықты інім үрлегенде аузынан ұшқан дөңгелектердің соңынан ілесіп кете берген ғой. Сосын әке-шешесінің қасында емес екенін көріп жылаған. Маған әлгінің купюраларды отқа жағып, көбелек құсатып ұшырып жатқаны көзіммен көрмесем де сол оқиғаны есіме салды.

– Баланың тірлігі ме, әлде байлығын көрсету ме, оны қайдан білейік. Мұның біздің Бекарысқа қандай қатысы бар?

–Сосын ол форельдің кесек етін грильде қақтап әкелуге, стейкке тапсырыс берді. Оның үстеліне Бекарыс қызмет көрсетіп жүрген болатын. Стейк дайын болғанда оны ұзынша тақтайға салып алып бара жатты.

–Сосын? – дедім мен оның сөзін естігенше сабырым қалмай, тыпыршып.

–Залға кіре бере Бекарыс қолындағы тақтайды құлатып алды.

–Ол не, көріп қойды ма?

–Жоқ. Бекарыс үш кесек стейкті қайтадан тақтайға тізіп салып, ала жөнелді.

–Онысы несі? Лақтырып тастау керек қой!

–Кешкі сағат 8-ден асқан кез. Күн жарқылдап тұрған. Найзағайдың жарқылы өте әдемі. Мен телефонға сол сәтті түсіріп алмаққа биік терезе алдында бөгелдім. Бекарыстың стейкті құлатқан сәтіне тура келген соң… Мен сол сәтті видеоға түсіріп алдым…

    Патидың дауысы енді бәсеңдеп, күмілжіп шықты. Бар пәле сенен де бар екен-ау деп жаман көзіммен тесіле қарап қалғанымды ол байқады. Біртүрлі қозғалақтап кетті.

–Сосын?

–Мен оның артынан жылдам жарыса кірдім де, Бекарыс оның үстеліне тақтайшаны қояр сәтте аңдамай қалған болып қолын қағып жібердім. Стейк екінші мәрте жерде шашылып қалды.

–?

   Қабылан бұл қыздың әңгімесін естіп алған сияқты, жайбарақат тыңдап отыр.

–Анау орнынан атып тұрды. Маған ол Бекарысты ұрып жіберетін сияқты сезілді. Көзінде сол баяғы менсінбеушілік. Қалтасынан он мың теңгені суырып алып, Бекарыстың қолына ұстатты. «Мә, курьер шақыр, итіңе беріп жібер» деп мысқылдай күлді. Ол мені кісі екен демей, менің бұл іске қатысым жоқ сияқты елемеген түр танытты. Бекарыс кешірім сұраған жоқ, ақшаны үстелдің үстіне тастай салды. Жүзі қуарып кетті. Мен балық кесектерін жерден тез жинап алып, «Оның иті жоқ, менің мысығым бар» деп дауыстадым. У-шу музыкамен өзге адамдар не болғанын аса аңғармай қалды.

    Қабырғадағы сағат тілі 10:27 минутты көрсетіп тұр. Пати сағатқа бір қарап, Қабыланға көзімен белгі берді. Ол енді асыққан түр танытты.

–Қарағым, стейктен не басталды?

 –Бекарыстың тапсырыс берілген тамақты құлатып алғанын, менің оны видеоға түсіргенімді Адина, администратор әйел байқап қалыпты. Мен жерге түскен стейкті майлық қағазға орап ала жөнелгенімде бір минут өтпей Адина мені өз кабинетіне шақыртты.

Жаңбыр құйып өткен соң сырттан дымқыл иіс сезілді. Терезені айқара ашып шылым тартып тұр екен. Түрі біртүрлі бұзылып кеткен. Бірдеңеден тайсалып қорыққан сияқты, әрі ашулы, әрі үрейлі кейіп бар. Мені көргенде қолындағы сигаретасын күлсалғышқа қатты мыжып-мыжып, өшіріп тастады. Сені де таптап жіберемін деген сияқты сес көрсеткен сияқты. Маникюр саусақтары екі есе ұзарған. Ол үн-түнсіз қасыма жетіп келді де, қалтамнан айфонды жұлып кеп алды… кәне, видеоны аш деп бұйырды.

      Пати тамағы кеберсігендей су жұтты. Менен көзін тайдырып әкетті.

–Сосын видеоны өзіне жіберткізді. Маған енді бара бер дегендей иек қақты.

      Бірер секунд үнсіздік орнады.

–Пати жазғы сессия тапсырып жүр, уақыт тығыз, біз кеттік, – деді Қабылан орнынан көтеріліп.

–Такси шақыртпайсың ба?

–Патидің ауди машинасы бар, ол мені апарып тастап, ары қарай кетеді, – деді Қабылан.

–Ата-анамның қалауымен несиеге алдым, – деді Пати. – Папам түнде таксилетіп жүргеніме қарсы.

    «Қазіргі жастар қызық, ауди мінеді, айфон ұстайды, ата-аналары асырайды, сонда қайталанбас студенттік жылдарды кітапханада өткізуге, алтын уақытын ақша табуға бекер шығындамай, өзі таңдаған мамандығы бойынша терең білім алуға не бөгет?!» деп түсінбей ойладым.

–Қазіргі заманда қаржылық еркіндік өте маңызды, – деді Қабылан менің ойымды оқып қойғандай. – Ақша культ болған уақыт, материалистік бәсекеге төтеп беру оңай емес.

      Оның әулиелік қасиеті барына күмәнім жоқ. Әлде сұңғыла психолог, қас-қабағыңды танып қояды, сірә. Ол бірде маған қазіргі қазақтардың сөз қоры өте жұтаң және белгілі бір қасаң идиомалардың жиынтығынан тұрады, жарнамалар біртекті қоғамды ұлғайта түседі, жасанды интеллект адамның ойлау қабілетін тықсырып, тұтынушылық масылдығын асқындыра береді деп пәлсапа айтты. 

       Есіктен шығып бара жатқан екеуіне үнсіз қарап тұрып қалыппын. Қазіргі жастар бізден бір бөлек, ойлау жүйесі де, мінез-құлықтары да. Тым еркін әрі өмірге бейім.

–Негізі стейк біздің көршінің қара мысығына бұйырды. Менде мысық жоқ, – деді Пати артына бұрылып, баспалдақпен лақтай секіріп түсіп бара жатып.

    Ол мен есікті тез жаба қоймай, олардың соңынан қарап қалғанымды көрді.      Бекарысқа лайық әп-әдемі қыз, әлде екеуінің арасында бағанағы айтқан оқиғадан бөлек бір байланыс бар ма екен, әйтпесе Қабылан оны үйге ертіп келмейді ғой. Қалай болғанда да өзгеше бір жылылық барын байқамау мүмкін емес.

       Қабылан ешқашан лифт пайдаланбайды, жетінші қабаттан төменге жаяу түсуге мына қызды қалай тез көндіре қойған. Жастарға бәрі оңай. Тегі келерде жаяу көтеріліп шыққан болды. Ол қызды біздің болашақ келін, Бектайдың қалыңдығы деп ұйғардым.

                                                        Түйреуіш

    Бекарыс үшінші күні таң ата үйге оралған. Сіңлім ашық сөйлесуге ниеттенген екен, ол шаршап келген бойы терезенің пердесін жауып жатып қалған. Гүлшат жұмыстан оралғанда сілесі қата ұйықтап жатқан соң оятуға қимаған. Күн еңкейгенде төсектен тұрып, жуынып, ресторанға бармақшы болғанда Гүлшат оған «Мына жерден тезірек кет, сен үшін құзғындар ұясы болып шықпасын» деп жағдайды сезгенін білдіріп, қауіп айтса, мен жұмыстан кетуді шештім, бір заттарын тапсыруым керек, әпке, алаңдама деп үйден шығып кетеді.

     Түнгі сағат 2-де беймезгіл безектеген қоңыраудан оянып кеттім. Бекарысты біреулер соққыға жығып, пышақтап тастағанын сіңлімнен естідім. Бауыр немесе жүрек тұсынан болмаса екен деп құдайға жалбарындым. Гүлшат оны алып кеткен жедел жәрдемнің қай емханаға апарғанын тез біліпті, дереу сіңлімнің үйіне жеттім, сол жерден екі апасы артынан қуа бардық. Түнгі кезекші бізді палатаға кіргізбей жіберді. Бекарысты жедел ота жасауға алып кеткенін айтты. Сыртқы шынылы вестюбильде екеуден екеу шоқиып, кезекші медбибіден бір сөз естуге зар болып күтіп отырғанда емхананың ауласынан жеңіл машинаның оталған дауысын естіп, басымды көтеріп қарадым.

      Аула жап-жарық. Аппақ қардай су жаңа ауди машинаның есігін ашып, рөліне отыра берген жан көзіме оттай басылды. Дәлірегі, оны білетін сияқтымын, сырт жағынан таныс бейне тәрізді көрінді. Бойы ортадан жоғары. Капюшон киген жұқа кеудешесі сан тұсын тұтас жауып тұр, ақсұр шалбарын жабыстырып киген. Қарындаш деп аталатын бұтпен бұт тыртысқан жіп-жіңішке модель екенін тұрмыс құрып, бір-бір үй болып кеткен қыздарымнан білемін.

     Ауди жүріп кеткенде оның Пати екені басыма сарт ете түсті. Пати! Ол қыз мұнда қайдан жүр?! Бекарыстың пышақталуына бұл қыздың қатысы бар ма?   

           Сол түнді ұйқысыз өткіздік. Құдайдан беймәзгіл қазадан қаға көр, төніп келген қатерді сейілте ғөр деп тілсіз сыйынумен, ата-анасына қарабет болып қалмасақ екен, жас өскіннің өмірін сақтай ғөр деумен таң атырдық.

           Соңғы күндер апалы-сіңлі екеумізге оңай тимеді. Бекарыстың ата-анасынан болған жайды жасыра тұруды жөн көрдік. Сәтті жасалған отадан кейін баланың беті бері қарай бастады. Пышақ қабырға тұстан тиген.

           Бұл күндері жайдары жүретін Қабылан сөзден сап тыйылды. Бірақ бірдеңені ол білетін сияқты. Сабырлы.

Айналшақтап сол үйден шықпауға айналдым. Қабыланның смартфонды қолына жиі ұстайтынын аңдадым.  Бұрын мұндайы жоқ болатын. Кітаптан бас алмай оқып, арасында спорт секциясына жүгіріп барып келетін.

   Бектай емханадан шыққан соң төрт бөлмелі пәтеріме алайын, ол оңалғанша мен күтейін деп сіңлімді көндіріп қойдым. Әу баста олардың үш бөлмелі пәтерінен менікі кең болса да, Бекарыс студент болғалы Қабыланмен бірге тұрсын, екі ұл бір-бірін сүйемелдеп өседі деп сіңлім өз үйіне тұрғызып қойғанда қарсы болмадым. 

–Апатай, мамамның әдемі түйреуіш жинайтын хоббиі қандай жақсы болды, – деді Қабылан екеуміз оңаша қалғанда. – Бекарыстың тірі қалуына оның шынымен оң әсері тиді.

–Ол саған соңғы барғанда не айтты? Соны айтшы, – дедім мен әуелі Бекарыстың жарақат алуының сырын білуге ұмтылып.

–Бекарыс бұрын да көп сөйлемейтін. «Құбыжықпен ұзақ айқассаң, онда өзің де біртіндеп құбыжыққа айнала бастайсың» деді. Сосын үнсіз жатып алды.

–Ол сонда кінәлі ме? Өзін құбыжық сезіне ме?

           Дауысым өте құмығып шықты. Ет жақын туысыңның айыбын немесе жамандығын мойындай қою қиын.

–Апатай, Бекарыс философия факультетінде оқитынын ұмытпа. Бұл бар болғаны Ницшеден цитата.

–Ана әйелді сотқа бердік, – дедім мен. –Бектай аман-есен шықсын, ісім сол болсын. Ол әйел кім өзі? Неғылған жан? Неліктен Бектайға кезеніп пышақ ұрды, не үшін өшігіп қастық қылды? Біз неге әлі көп нәрсені білмейміз?

–Адина өзін элита санайтын асқақ әйел. Оқиға былай болған. Адина сол түні Бекарысты түнгі клубқа ертіп апарған. Ренжіме, апатай, жабық клуб…– деді Қабылан маған көзінің астымен қулана қарап.

–Немене?

–Қазір көп адамдар өздерін таңдаулы санайды. Элита болып көрінуге әсіресе төменнен көтерілген, тез байып алған, психопаттар, күншілдер, садизмге бейімі барлар, өздерін қораш санайтынын жасыруға тырысатындар ұмтылады.  

–Қарғам-ау, осының бәрін сен қайдан білесің осы? Бесіктен белің шықпай жатып…

–Адина Барбикор стилінде киініп келіп, Бекарыстан да солай киінуді талап еткен.

–Ол не тағы?

–«Барби» атты фильмде қуыршақ бейнені ойнаған Марго Робби сияқты кіл алқызыл түсті киінуді, гламур стильді солай атайды. Европа мен Америкада барбикор сәнге айналды, шоу бизнес өкілдері қызғылт түсті киініп шыға келді. Пугачеваға дейін…Адина алқызыл шалбар, пиджак, туфли киіп шыққан. Міне, көр, – деді Қабылан смартфоннан фотосуретті ашып көрсетіп.

       Өткенде жүзін көрейін деп аңдып барғанда кезікпей мысымды құртқан Адинаны фотосуреттен көремін деп ойламаған едім. Гүлшаттың білуінше, ол мейрамханаға соңғы уақытта сирек келетін болыпты. Оңайшылықпен көзге көрінбейтін біреу көрінеді. Фотода әжептәуір көрікті әйел сияқты, бірақ кеудесі торсиып тұрғаны сүйкімсіз. Қасы татуаж, кірпігі жасанды, ерні торсиған, көзі мен мұрны табиғи әдемі.

     Қабылан бірнеше фотоны айналдырып көрсете бастады. Адина мен Бекарыс қатар түскен фотосуреттер. Бекарыстың алқызыл пиджак киген суретін көргенде алқымыма өксік тіреліп, біртүрлі ашу буып, күйініп кеттім. Япырмау, мына баланың ойында не бар?

–Бұл суреттерді сен кімнен алдың? – дегенде дауысым ызғарлы шықты.

       Қабыланның жер қозғалса қозғалмайтын сырбаз мінезі әкесіне тартқан. Ол да өте сабырлы жігіт, табыскер, көрнекті азамат, еңбекқор, үлкен ғалым. Ассистент болып жүрген қыз…он бес жас кіші болса да сіңлімнің құдай қосқан күйеуіне жабысып алып… қыз туып, ұл туып, ақыры отбасын бұзып, бөліп әкетті.

Әкесі жылына екі рет Алматыдан ұшып келіп тұрады. Гүлшат айрылысқан соң тренингтерге барғыштап кеткен. Егер күйеуі қайтып оралса, ұрыс-керіссіз тып-тыныш қабыл аларын айтты. Қызық болғанда ол күйеуін түк айыптамайды, жұлдызы өте жоғары, харизмасы керемет, қыздар көзімше жабыса беретін деп аспандатып қояды. Мен ыза болып, сонда сен не, ай қарап тұрасың ба, жаның жоқ па, қызғанбайсың ба десем, адам факторы деп күледі. Бұл тұқым ерте үйленеді, тұңғыш баламыз оның он тоғыз жасында туды, ертең Арыстан үйленем деп жатса таң қалмаймын, тұқымына тартады дейтіні тағы бар. Мен оған сенің ұлдарың солай болса, менің қыздарым асықпай тұрмысқа шықты, ештеңеден құр қалған жоқ деп салыстырып қоямын.

–Пати түсірді, – деді Қабылан жайынша.

–Сен ертіп келген қыз ба?

–Иә.

–Ол Бекарыстың қызы ма?

–Жоқ. Ол менікі.

    Ал керек болса. Қабылан шын айтып отыр ма деп сенбей көзіне қарадым. Өтірік айтпайтынын білемін.

–Сен өткенде ресторанға колледжде оқитын қызбен бардың емес пе? Ол қыз қайда? – деп сұрадым таң қалып.

–Ол Айдана, блогер.

–Қалай тез айнып кетуге болады?

–Біріншіден, мен Айдана жоба ұсынамын деген соң келістім, екіншіден, Бекарыс үшін екенін білесің. Біздің үстелге Пати қызмет істеді. Ол маған бір көргеннен ұнады.

–Керемет. Үш жас айырмашылық есеп емес пе?

–Махаббат жасқа қарамайды.

–Сонда не, Патиден бірден нөмірін сұрап ала қойдың ба?

–Жоқ.

–Сонда қалай? 

–Құбылыстардың себепті байланысы немесе болатын нәрселердің тізбегі соған бастады. Бір сөзбен айтсам, Бекарыс жолы болғыш жігіт.

–Айтқаның келсін. Бектай пәле-жаладан аман болсын. Бірақ мән-жайды түк түсінсем бұйырмасын. Орағыта бермей, тез айтшы. Анау албасты әйелді, Патиді, Бекарысты, үшеуін не байланыстырады?

–Адина бизнес-вумен, эксклюзив сән театрын ашуға қаржы салған. Ол Бекарыстан модель жасауды ойлаған. Модель-андрогин.

–?

–Подиумға шығып, жаңа үлгілерді көрсеткенде біресе әйел киімін, біресе ер киімін ауысып киіп шығуды талап еткен. Модель-андрогин деп соны атайды.

–Шетелдік трендке еліктеу ме?

–Патидің білуінше, стейкке қатысты әшкерелеуші видеоны алған соң Адина шантаж жасап, Бекарысты уысында ұстаған. Бизнесіме ақау келтірдің, менікі vip-персон қабылдайтын беделді мейрамхана, әлгіндей теріс ісің үшін үлкен айыппұл төлейсің деп ақы талап еткен.

–Сонымен? Бопсаға көніп, бізге жақ ашпай, жасырып жүргеннен не тапты?!  Ай мен күннің аманында өліп қала жаздаған жоқ па!

– Адина ресторанға мүлде келмей кеткен. Бекарысты жиі шақырып алып, әрнеге жұмсай беретін болған. Сән театрын ашамын, модель болу үшін актерлік шеберлік үйренесің деп жеке дәріс алуды міндеттеп, «fashion week» байқауына қатысуға жоба бастаған. Бекарыс тігін ательесіне барып жаңа киім үлгісін өлшей беруден қажып кеткен. Ол аяқ астынан Адинаның көмекшісі болып шыға келген, қожайын әйел қасынан шығармауға тырысқан сияқты.

–Санкт-Петербургке не үшін барған?

–Оны қайдан біліп қойдың?

–Паспортын ашып көрдім.

–Адина мәжбүрлеген. Ладога көліне бір топ ерлер мен әйелдер тыр жалаңаш барып, жабайы жағалауда суға түскен. Миллионер блогер өзін-өзі дамыту курсын нудизм арқылы бастауды үндеген.

           Көзім жасқа шыланып кеткенін байқап, Қабылан үнсіз қалды.

–Апатай, уайымдай бермеші. Бәрі артта қалды ғой.

–Менің бір әке, бір шешеден туған ағамның баласы, біздің әулет үміт күтіп отырған жас өзінен жасы әлдеқайда үлкен бір албасты әйелмен шатасып, оның айтқанынан шықпайтын ез болғаны ма?

–Ол менде үйірлік түйсік жоқ деп көлге түсуден бас тартқан. Кетісу содан басталған. Адина тату салонға ертіп барғанда онымен жұп татиуровка салғызудан бас тартқан. Мұны ол маған өзі айтты.

–Адам өз денесін инемен шимайлап, теріні өшпестей етіп бүлдіргенде не берекет табады?

–Мақсат меншіктеп алуға ұқсайды. Малға таңба басқандай. Символ. Тотем. Қорған. Магия. Тұмар. Қасиетті параллеизм. Денеге салынған бейнелеу өнері Полинезия халықтарынан шыққан. Тату қос сөз: «сурет» қосу «рух» дегенді білдіреді.

–Бектайдың білегіндегі қоңыр татуировканы Патиден де көрдім. Мұны сыры неде?

–Ол екі жұмада кетіп қалатын қынамен салынған сурет. Бірге жұмыс істейтін суретші студентке оқуын төлеу үшін ақша керек болып, көмек ретінде официанттардың көбі соған уақытша салдырған.

–Тым құрыса бір жақсы нәрсе естідім.

–Бекарыстың Таити аралының «татау» дәстүрі туралы не айтқанын естісең ғой. Шынында «тату» емес, «татау» деген сөз. Экология техногенді өнеркәсіп, табиғи қорларды ессіз қанаудан бұзылды, жер бетінде таза аймақ мүлдем азайып барады. Космос пен адам бір текті жаратылыс, табиғатқа түскен дақтар тату арқылы микрокосм болып саналатын адам денесінде бедерленіп, барған сайын ұлғайып көрініс беріп жатыр деп болжады. Сондықтан адам тәнін кіршік шалдырмауға, бекер былғамауға тырысса, онда Жер планетасы тірі ағза ретінде өзін-өзі тазартып, былғаныштан, қара дақ түскеннен арыла бастайды.

     Қабыланның смартфонына хабар түсті. Ол ашып қарап, жымың ете қалды.

–Пати келеді. Тіпті жақсы. Оқиғаның қалай болғанын оның өз аузынан естисің. Оны сол үшін шақырып алдым. Бұл істің нағыз қаһарманы Пати.

      Сіңлім ғылыми конференцияға Анкараға ұшып кеткен. Өзін екі баламен тастап кеткен күйеуімен бірге барады және оны тізімге қосқан соның өзі.  Қабылан оңаша қалғанда мына қыз келгіштеп жүргеннен сау ма деген ой келе қалды. Қазіргі жастардың дүниеге көзқарасы, танымы бөлек.

    Ол құр қол келмепті. Үшеуміз итальян балмұздағын үнсіз жеп болдық.  

–Адина стейк оқиғасынан кейін ресторанға келмей кетті. Меніңше, біреуден бой тасалау тәрізді. Тек сол кеште ресторанға келіп, кабинетіне Бекарысты шақырып алды, екеуі он минут сөйлескен, дәлірегі, ұрысты, ұрыс-керістің шет жағасын естіп қалдым, – деді Пати. – Маған Бекарысқа қатысты жағдайды көріп-біліп жүр деп Қабылан ескерткен.

–Пати болмаса…– деп күбірледі Қабылан риза дауыспен.

–Сол кезде курьер киім ілгіште сырт жабынымен костюм және бір қорап әкеп беріп кетті. Адина алдырды. Ресторанда кісі аз болатын. Соны пайдаланып, бақыладым. Ұзамай екеуі кабинеттен шықты. Бекарыс қызғылт пиджак киіп шықты. «Соңғы рет болсын!» деген сөзі анық естілді. Адина Hermes сөмкесін ұстаған, курьер әкелген қорапты ала шықты.

– Hermes бренді? – деп мен әдейі қайталап сұрадым, Патидің фирмалық белгілерге мән бергеніне қарап.

–Крокодил терісінен тігілген. Бекарыс қабағы ашылмай, еркінен тыс еріп бара жатты. Адина оған қорапты ұстата қоймақ болып еді, қолын қағып жіберді. Маған оны күштеп ертіп бара жатқандай көрінді. Сосын соңдарынан ердім. Интуиция. Адинаның джипі әуежай жаққа жөнелді. Жарты сағат өткенде олар жабық гей клубтың алдына келіп тоқтады.

–Гей клуб?!

–Апатай, мен бағана жабық клуб деп айтқанда түсінбедің, – деп қыстырып қойды Қабылан. –Толерантты қоғамның нышаны.

–Джип тоқтап тұрғалы бес минут өтті. Екеуі сыртқа  шығар емес. Бір кезде джиптің есігі ашылды, сыртқа бір затты лақтырды. Екі бөлек ұшып кетті. Қарасам биік өкше қызыл туфли, су жаңа, 41 размер сияқты.

–Ана әйелдің аяғы үлкен бе? – деп мырс еттім, бірақ оны кім киюі керек екенін аңдап қойдым.

–Бекарыс джиптен атып түсіп, үстіндегі қызғылт костюмін шешіп, оны джиптің төбесіне лақтырды. «Иди к черту, дура!» деп айқайлады. Адина рөлден атып шықты. Қолында пышақ. Мен де жылдам атып шықтым. Со мезет Subaru Forester жақын кеп тоқтады. Адина өршелене ұмтылып, Бекарысқа пышақ сілтеп жүр. «Көмектесіңдер!» деп айқайладым.

–Бекарыс қаша жөнелуді ар санапты, – деді Қабылан. –Өзі айтты.

     Бетіне қарасам, тістеніп алыпты. Көзінде от. Ашу-ызадан түтіккен түрін алғаш көрдім.

–Келіп жеткен Адинаның кісілері емес пе? – деп секемдене сұрадым. – Арттарынан қуа келген жоқ па.

–Мен де бастапқыда солай ойладым. Рөлде отырған адамның түрі таныс екенін көргенде зәрем қалмады. Бірден таныдым. Ресторанда жүз долларды, он мың теңгені оттықпен жағып жіберетін біреу.Адинаның сыбайласы, екеуі жабылып Бекарысты құртады деп жылап жібердім. Мүмкін оған жерге түскен стейкті бермек болды деп Адина айтып қойса ше. Соны кек көріп, өш алса не істеймін. Ол болса машинадан шықпай, әйел екілене пышақ сілтеген сайын ыршып түскен Бекарыс екеуінің қимылдарын біраз бақылап отырды.

       Әйел корриданың қара бұқасына айналып кеткендей, Бекарыс джиптің төбесіне өзі лақтыра салған қызғылт костюмді жұлып алып, пышақтан қорғанып жүр. Адинаның пышағы денеге тигенде ана жігіт көлігінен шығып, тұра ұмтылғанын көрдім. Қан бұрқ етті. Бекарыс ауырсынып, бел тұсын қолымен басып бір секунд тұрып қалды. Жерге құлап түсетін сияқты теңселіп кетті.

–Бектай күреске бармай кетті…ақша табамын деп бекер тастап кетті…– дедім өкініп.

–«Аға, көмектесші, өлтірді ғой!» деп бақырдым. Қолыма тас алайын деп қарасам айнала тап-тақыр. Адина жынданып кеткен сияқты, көзі аларып, пышағын жалақтатып, секіріп жүр. Ол жүрек тұсты көздеп сілтей бергенде пышағы жерге ұшып кетті. Купюра өртейтін ер адам пышақты теуіп жібергенін көргенде…керемет енді. Оқиға нәбәрі үш минутта болып өтті. 

–Бекарысты ажалдан алып қалған сол адам, – деді Қабылан. – Адинаның психоневрологиялық тіркеуде екені анықталды, ол кісі өлтірсе де сотталмас еді.

–Ол Адинаға таяп кеп, қолын бұрап, артына қайырып жіберді. Адинаның көзінен жас шығып кетті. Бірақ бақырған жоқ. Екеуі бірін-бірі бұрыннан білетін сияқты. Адинаға ақшаны үш күнде қайтарасың дегенін анық естідім. Қожайын әйел неліктен үш ай жұмысқа келмей қойғаны түсінікті болды.

     Артынша Адина джипке мініп жөнелді. Анадай жерде биік өкше қызыл туфли жатыр, қызғылт пиджак дөңгелектің астында қалды. Бекарысты құтқарған жігіт жараны таңуға машинасынан медициналық дәке әкеп берді. Ләм-мим деместен ол да жөнелді.

–Адина Бекарысқа модель-андрогин болуды осы клубтан бастайсың, әйелдің биік өкше туфлиін киіп шығасың деп қыстаған. Ұрыс-керістен соң айтқанына көнбегені үшін Бекарысты жазаламақ болған, – деді Қабылан. – Адина өгей шешесінің қымбат пәтерін құжаттарын ұрлап алып сатып жіберген.

–Адинаның адвокаты оның өгей шешесі Гүлниса ханым артынан арызын қайтып алғанын айтты. Бұл жолы да оған түк болмайды. Жұмыста естідім, – деді Пати.

– Сайтаннан аумайды. Отқа салсаң жанбайды, суға салсаң батпайды. Өгей шеше…Гүлниса, сирек кездесетін есімді бұрын естіген сияқтымын, – дедім мен ойыма әлденені түсіруге тырысып. – Сирек есім…

      Патидің қалта телефоны шылдырлады.

–Мамам үйге қайт деп жатыр,– деді Пати. –Жұмыста емес екенімді біледі.

     Қабылан Патимен бірге сыртқа шығып кетті.

–Адина макияж, костюм, шаш үлгісі арқылы шебер образ жасаған соң модель сырттай ғана емес, іштей өзгереді деп санаған көрінеді, – деді Қабылан Патиді шығарып салып келгесін.

–Айтпақшы, бұл оқиғаға түйреуіштің қатысы қанша? –деп сұрадым, кенеттен ой ағыны түйреуішке әкеп тірегесін.

    Қабылан рахаттана күліп жіберді.

–Мамам қыста бір түйреуіштің фотосуретін маған көрсетті. Астарын, сабағын ағаштан істеген, бір шоқ қызыл жидек, страздармен өрнектеген. Расымен әдемі. Мамам баспочтаға барса, түскі үзіліске тап келіп, уақыт өткізу үшін жақын маңдағы бір киім дүкеніне кіріпті. Қараса, кілең қымбат бағалы киімдер. Бір қара көйлек ілулі тұрыпты.

–Гүлшат қара түсті киім кимейді ғой. Юбка болмаса.

–Иә. 52 өлшемді қара көйлектің жағасына қадалған қызыл түйреуішті көргенде қатты қызыққан. Сатушыдан мына түйреуіш бөлек сатыла ма деп сұрапты.

     Мен шыдамай күліп жібердім. Гүлшаттың сол мезеттегі көзі оттай жанып кеткен кейпі көз алдыма келе қалды.

–Сатушы әйел мамама түйреуіш сатылмайды, міне, біреуін ұрлап кетті деп екінші қара көйлекті көрсетіпті. Оның жағасында әшекейі жоқ болған соң матасы жақсы болса да күзгі дала сияқты құлазып көрінді дейді. Мамам қызыл түйреуішті айналсоқтап, қарай берген. Телефонға түсіріп алыпты, ала алмай кеткен өкініші ішіне сыймаған соң маған көрсетті. Түйреуішіне бола қара көйлекті сатып алсам, киімді біреуге сыйға тартсам қайтеді деп те ойлаған. Көйлектің бағасы жартылай арзандатылған, соның өзі қымбат екен. 

–Біреуге қара нәрсе сыйлауға болмайды. Ырымшыл қазақ басқаша түсінеді.

–Сол түйреуіш ойымда жүрді. Кейде бутиктерге соны іздеп кіретін болдым. Мамамды қуантқым келді. Сөйтіп жүргенде…

–Көктен іздегенің жерден табылды ма? – дедім мен әлі де түйреуіштің соншалық маңызды рөл атқарғанына миым жетпей.

–Айданамен ресторанға барғаннан кейін үш күн өткенде «Керуен» сауда орталығынан Патиді көріп қалдым. Интернет арқылы тапсырыс берген кітаптарды сатып алуға кіргемін. Оның даяшы қыз екенін білемін. Бірақ әдеп сақтап артық сөйлеспей кеткемін. Ол да мені көргенде бөгеліп қалды.

–Сенің Бектайдың інісі екеніңді білмейді, әрине.

–Бекарыс онда біздің үстелге жолаған жоқ. Менімен сөйлескен жоқ, басқалар туыс екенімізді қайдан білсін. Көзіме оттай басылды. Мына қыз кеудесіне мамам соншалық қызығып, қолы жетпей қалған қызыл жидек түйреуішті тағып алыпты. Бірақ ол мені елеменсіп, жылдам бұрылып кетті. Басыма бір идея келе қалды. Ізінен қалмай қатарласа жүрдім де, «Сен мына түйреуішті ұрлап алдың ғой!» деп дауыстап айттым. Ол маған жалт қарады. Көзінен қатты таң қалғаны әрі ұялып кеткені көрінді.

–Оның түйреуішті ұрлап алғанын қайдан білдің?

–Интуиция. Менің ардақты анашым ешқашан ұрлық қылмағанын, адал өмір сүретінін туған әпкесі болғандықтан бес саусақтай білесің. Мамам менен ештеңе жасырмайды, әлгі түйреуішті алғаш көргенде ерекше қызығып,  қара көйлектің жағасынан сатушыға білдіртпей ағытып алғысы келгенін мойындады. Өйткені көздің жауын алатын түйреуіштің киімді өте сәнді қылып тұратын бір бөлшегі, күшті аксессуар екенін, оның сатылмайтынын сатушы әйелден сұрамай тұрып-ақ білген. Берсе қолынан, бермесе жолынан. Ұрлап әкету туралы идея содан шыққан. Қас қағым сәтте туды дейді. Әлбетте солай жасамайтынын білсе де бұл ой мамамды кәдімгідей баурап әкеткен, сайтан азғырғандай, көре сала бірден солай ойлаған. Маған айтып алғасын, ойша күнә жасадым деп Каспи-голд арқылы жәрдем сұрайтын нөмердің біріне садақа деп екі мың теңге жіберді.

–Пати түйреуішті ұрлап алмаған болып шығуы мүмкін ғой, – деп уәж айттым.

     Оның періштедей таза болғанын жаным қалады. Біздің тұқымға келін болуы әбден мүмкін ғой.

–Апатай, мен деталь атаулыны қалт жібермеймін, оның үстіне түйсік. Айтқанымдай шықты.

–Ол қыз бірден ұрлығын мойындай салды ма?

–Ол жұлып алғандай, «Мен түйреуіштің ақысы деп дүкенге жеті мың теңге тастап кеттім. Сатушы көретін, бірақ камерадан таса жерге қалдырдым» деді. Өйткені түйреуіш сатылмайтынын білген. Негізінде анасына деп алған. Оның анасы алуан түрлі түйреуішті ауыстырып жиі тағады екен. Біздің Гүлшат сияқты жылтыраққа әуес.

 Қабыланның кейде өз анасын атымен атап қоятын еркін мінезі бар. Бұл оның анасының затқұмарлығын мысқылдағаны емес, үш күннен бері  іссапарда жүрген соң сағынғанын білдіреді.

–Сол күні екеуміз жоғарыдағы кинозалға кірдік. Пати маған Бекарысты байқастап жүруге келісті. Оның түбі, көріп тұрсың, біздің әулет үшін жақсылыққа айналды.

–Құдайдың құдіретін қарай ғөр. Құдай құтқарамын десе қиюын табады екен. Бектайдың ертең жазылып шығатыны қандай жақсы.

      Үйге таксилетіп келе жатқанда түнгі қаланың жарқ-жұрқ еткен неон оттарынан сырты сұлу, сыры жұмбақ қым-қуат өмірде не болмайды деп ойладым.

«Адинаның адвокаты оның өгей шешесі Гүлниса ханым арызын қайтып алды» деген сөз жадымнан шықпай қойды. Гүлниса деген есімді Ұлданадан естігенім еске түсті. Ол аттас біреу ме, әлде сол әйел ме, о жағы беймәлім. Ұлдананың басынан өткен жайт жиырма жыл бұрын болса, Гүлнисаның жас мөлшері Адинаның өгей шешесі деуге әбден келетін сияқты.

АЙГҮЛ КЕМЕЛБАЕВА      

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...