Ресми мәліметттерге сүйенсек, «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы заң жұмыс істегелі 3800-ге жуық адам банкрот болып танылған. Мұндай заңды қабылдауға халықтың несие жүктемесінің шамадан тыс артуы себеп болғанын айта кеткен жөн.
Заң қиындыққа тап болған азаматтардың борыштық міндеттемелерін реттейді. Халыққа банкроттықты үш түрлі жағдайда пайдалану мүмкіндігі берілді. Атап айтсақ, соттан тыс банкроттық, сотпен банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Мысалы, соттан тыс банкроттыққа айлық есептік көрсеткіштің 1600 еселенген мөлшерінен аспайтын қарыз сомасын соңғы бір жыл көлемінде төлей алмай жүрген, меншігінде ешқандай мүлкі жоқ азаматтар жүгіне алады.
Ал қарыз көлемі бұл сомадан асып кеткен борышкерлер сот банкроттығы рәсімін пайдаланады. Сот банкроттығы сотта шешіледі. Сот арқылы банкроттықта борышкердің қарыздан мүлкін сатып құтылу мүмкіндігі бар. Осы тұста ескерерлігі, сот арқылы банкроттықта борышкердің жалғыз баспанасы кепіл нысаны болса ғана қойылады. Сот арқылы банкроттық рәсімін қаржылық басқарушылар жүзеге асырады. Борыштан құтылудың үшінші түрі төлем қабілетін қалпына келтіру, онда тұрақты табысы барлар сот арқылы қарызды бес жылға дейін бөліп төлей алады.
Өтініш сотқа борышкердің тұрғылықты жері бойынша беріледі. Өтініште борышкер берешек соманы және оларды қай күні алғанын, өзінің, кредитордың мекенжайын, т.б. барлық қажетті ақпаратты көрсетуі тиіс. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз осы заңның 20-бабына сай жазылмаса, соттың кері қайтаруына негіз болады. Яғни, өтініш заңмен белгіленген тәртіпте берілу керек.
Сотта он жұмыс күні ішінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жөнінде іс қозғау туралы ұйғарым шығарылады. Ұйғарымда тиісті уәкілетті және мемлекеттік органдар мен борышкердің міндеттері көрсетіліп, оның көшірмесі борышкерге, уәкілетті органға және борышкердің тұрғылықты жері бойынша аумақтық әділет органына, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жолданады. Осының негізінде олар мүлікке құқықтарды тіркеуді жүзеге асырады.
Сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімде қаржы басқарушысының қорытындысы ескеріледі. Қаржы басқарушысы борышкердің мүліктік массасын сатуды электрондық аукцион өткізу жолымен немесе тікелей сату әдісімен жүзеге асырады. Яғни, соттың сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімі қабылданысымен қаржы басқарушысы борышкердің мүліктік массасын сату жоспарын жасайды. Бұл мерзім бес жұмыс күнінен кешіктірілмейді.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін борыш мөлшері қарыз алушыға тиесілі мүліктің құнынан аспауы керек. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі.
Аталған жеңілдіктерді пайдаланудың өзіндік салдарлары барын азаматтар ескерулері тиіс.
Айжан Устенова,
Наурызбай аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы