ЗАҢНЫҢ АУДАРМАСЫНА АТҮСТІ ҚАРАМАҒАН АБЗАЛ немесе мемлекеттік награда қалай мемлекеттік «әшекейге» айналды?

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің қазақ тіліндегі түсіндірме мәтіні ақсап тұр. Сайттан Әділет министрлігі мен Заңнама және құқықтық ақпарат институты әзірлеген нормативтік құқықтық актілердің ақпараттық-құқықтық жүйесіндегі олқылықтарды көріп, басымызды шайқадық. Заңның қазақ тілінде жазылған нұсқасын жиі қолданбайды екен деп қазақ тілін дәл бұлайша қорлауға бола ма?!

Кодекс түсіндірме мәтінін мұқият қарап шықтық. Басылымда 2019 жылғы 1 қаңтарға дейінгі заңнама негізге алынған. Яғни, мұндағы біз қате деп тапқан аудармалар 3 жыл бойы жұрт назарына ұсынылды деген сөз. Бұған дейінгі заңдар мәтінінің сауатты тәржімаланғанына күдікпен қарап, сын, ескертпе айтатынбыз. Бірақ жабулы қазан жабулы күйінде қалып, олқылықтардың орны толмағанына тағы да налып отырмыз. Оқырманға түсінікті болуы үшін басылымға аз-кем тоқталған жөн. Бұл – практикада кездесетін дәстүрлі еңбек қатарына жатады. Бұрын Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстерінің түсініктемесі (комментарий) жарияланған болатын. Бұл да сол бағытта жазылған еңбек. Көптен күткен қомақты еңбектің (мыңнан астам бетті құрайды) жарық көруіне қуансақ та, танысқан кезде көңіліміз су сепкендей басылды. Сөзімізді фактімен дәлелдеген дұрыс шығар. Түсіндірме мәтінінде 816 рет «қылмыстың…» деген термин жеке баптарды түсіндіруге қолданылған. «Қылмыстық» емес! Орысша мәтінде «правонарушение» деп көрсетілген. Сонда авторлар Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасы (ҚР ӘҚБтК) бойынша қандай да болмасын іс-әрекеттiң әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылатынын және сол үшін әкiмшiлiк жауаптылық көзделгенін, жеке тұлғаның құқыққа қарсы, кiнәлi (қасақана немесе абайсызда жасаған) әрекетi не әрекетсiздiгi немесе заңды тұлғаның құқыққа қарсы әрекетi не әрекетсiздiгi әкiмшiлiк құқық бұзушылық деп танылатынын неге қаперге алмаған? Неге «қылмыс» терминін басқа мазмұнда қолданған? Иә, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтың айырмашылығын ашу үшін келтірілген зиян мөлшеріне қарай «қылмыс» деп қолдану негізді болсын-ақ, ал басқа жерлерде нақты әкімшілік құқық бұзушылықты «қылмыс» деп тану, атау бұл өрескел қателік. Авторлық ұжымның осы ғылыми-практикалық түсініктемені жазуда қазақ және орыс тілді мәтіні мазмұнының ішкі бірлігі сақталған және авторлардың қазақстандық ғылымға қосқан ұжымдық үлесін танытатын жұмыс деп айтуы тіптен негізсіз. Мысалы, 73-бап. Отбасы қатынастары саласындағы заңсыз әрекеттер. Бұл қылмыстың мәні – ерлі-зайыптылар; бұрынғы ерлі-зайыптылар; бірге тұратын адамдар; жақын туыстар; ортақ баласы бар балалар (балалар). 73-2-бап. Соққылар. Бұл қылмыстың субъективті жағы кінәлілікке тікелей ниет түрінде көрінеді. 74-бап. Қазақстан азаматтығын алуға кедергi жасау. Қылмыстың субъектілері азаматтық алуға уәкілеттік берілген немесе Қазақстан азаматтығын алу рәсіміне қатысатын лауазымды адамдар бола алады. 75-бап.

Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық. Субъективтік жағынан бұл қылмыс кінәнің қасақана жасалуымен сипатталуы мүмкін. (Орысша мәтінде «С субъективной стороны данное правонарушение характеризуется умышленной формой вины»). «Қаралған әкімшілік құқық бұзушылықтың объективтік жағын білдіру нысаны ретінде шағымданудан бас тартуға «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы заңның 7-бабына сәйкес қатаң тыйым салынады». (Отказ в приеме обращения, как форма выражения объективной стороны рассматриваемого административного правонарушения категорически запрещен в соответствии со ст. 7 Закон РК «О порядке рассмотрения обращений физических и юридических лиц» от 12 января 2007 года). Дұрысы: «Өтiнiштi қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады» емес пе?! Ал «…шағымданудан бас тартуға…» дегеніміз тұлғаның еркіне бағытталған сияқты. Осы тәрізді қателіктер кез келген бапты ашып қалсаңыз көзге бірден түседі. Айта кету керек, мемлекеттік наградаларды заңсыз таққаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қолданудың сот практикасы өте күрделі. Негізгі ҚР ӘҚБтК-тегі 674бап былайша аталады: «Мемлекеттiк наградаларды заңсыз тағып жүру». Міне, осы бап Түсініктемеде басқаша аталып тұр: «674-бап. Мемлекеттік әшекейлерді заңсыз тағу». Мемлекеттік награда мемлекеттік әшекейге айналған. Ең сорақысы әлі алда екен. Қазақша мәтінінде: Қорытындының өзі осы санаттағы қылмыстардың толық кешігуінен көрінеді. Көбінесе бұл құқық бұзушылықтар жасанды кідіріске ие, олар табиғиға қарағанда, құқықбұзушылық анықталғанымен, бірақ еш жерде хабарланбайтындығымен сипатталады, өйткені әр түрлі себептермен әрекетті ашқан адам оны заңсыз деп санамайды (құқықтық сауатсыздығына байланысты). Құқық бұзушылықтардың осы санатына қатысты кідірістерге қоғамда қалыптасқан табиғи құрмет қана емес, сонымен бірге Ресейдің құрметі, белдеулер мен формадағы адамдар алдындағы құрмет пен сыпайылық та әсер етеді. Әрбір полиция қызметкері ордендермен, медальдармен, мемлекеттік марапаттардың заңдылығын растайтын құжаттармен ілулі тұрған қарт кісімен тексеруге батылы жете бермейді. Орысша мәтінде: «Сам самой напрашивается вывод о тотальной латентности данной категории правонарушений. Чаще всего эти правонарушения имеют искусственную латентность, которая, в отличие от естественной, характеризуется тем, что правонарушение обнаруживается, но о нем никуда не сообщается, т. к. по разным причинам лицо, обнаружившее деяние, не считает его противоправным (в силу юридической безграмотности, фактического неосознания деяния и т.д.). Серьезное влияние на латентность, применительно к данной категории правонарушений, оказывает не только сложившееся в обществе естественное уважение к ветеранам Великой Отечественной войны и прочих боевых действий, но и укоренившееся в России чинопочитание, трепет и робость перед людьми в лампасах и погонах. Не каждый полицейский отважится проверить у седого старика, обвешанного орденами и медалями, документы, подтверждающие факт законности государственных наград». Қаралып жатқан қылмыстың 2-бөлігінің объективтік жағы іс-қимылмен сипатталады. Өйткені мемлекеттік атақтарға ұқсас атау немесе сыртқы ұқсастық белгілерін заңсыз орнату немесе жасау тек белсенді әрекеттер арқылы ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Сонымен, объективті жағы – қылмыскер: орысша мәтінде «Объективная сторона части 2 рассматриваемого правонарушения характеризуется действием, так как незаконное учреждение или изготовление знаков, имеющих схожее название или внешнее сходство с государственными наградами может быть совершено только путем активных действий. Так, объективная сторона состоит в том, что виновный». Сонымен қазақшасы жас балаға пышақ ұстатқандай ебедейсіз дүниеге ұқсайтын көптеген заң актілерінің орысша мәтінінің қазақша мәтіндік көрініс тапқан ғылыми-трактикалық түсініктемедегі бірнешеуі ғана бұл. Түсіндірме мәтінінде 11 рет «Өнер бойынша» деп бірнеше бапта жазылғанын байқаймыз. Ол қай өнерді білдіреді екен? Өнер – көркем образдар жүйесі арқылы адамның дүниетанымын, ішкі сезімін, жан дүниесіндегі құбылыстарды бейнелейтін қоғамдық сана мен адам танымының формасы. Сайттағы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Институт жайлы айдарында «шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны қойылған мақсатты іске асыру үшін мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады: ғылыми қызметті баспаханамен қамтамасыз етуді жүзеге асыру, «Қазақстан Республикасы Заңнама институтының Жаршысы» ғылыми-құқықтық журналын, ғылыми зерттеулер қорытындылары бойынша баспа өнімін және үлестірме материалдарды, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер нәтижелері бойынша талдамалық есептерді, ғылыми-практикалық түсіндірмелерді, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен дөңгелек үстелдер материалдарының жинақтарын, монографияларды, оқу құралдарын шығару және дайындау (тираждау)» делінген. Яғни, осы ғылыми-практикалық түсіндірмеге жауапты заңды тұлға ретінде Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институты мекемесін айқындауға болады. Аударма жасау үшін мемлекет қазынасынан қанша қаражат бөлінген, институттың Ғылыми кеңесінде Түсініктеменің қазақ тіліндегі мәтіні талқыланып, Әділет министрлігінің ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесіне жариялануға ұсыным берілген хаттамалардың сапалық деңгейі қандай деген заңды сұрақтар туындайды. Сапасыз аударма ма, әлде жазба ма. Оған жол берген азаматтардың қазақ тілінің қажеттілігін сезінбейтіні, оны артық жүк деп қарап, қол бұлғай салғандары өкінішті-ақ. «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» құру жолында ұлт мүддесін биік қойып, қазақ тіліне қырын қарайтын, осындай сорақы аудармамен айналысатын мамандарды жауапкершілікке тартатын уақыт жетті. Бұл мәселені көтергенімізді кейбіреулер «ұлтшылдық» деп қабылдары анық. Бірақ, ақиқаты осы! Қазақ тілінің заң тілі, ғылым тілі ретіндегі атқарып отырған қазіргі жай-күйінің анық көрінісі осындай. Көбінесе орыс тілінің аудармасы сипатында ғана қалып отыр. Қазіргі қоғам қазақша ойлап, қазақша дұрыс сөйлеп, сауатты жазу үрдісін меңгерген заңгерлерге зәру. Сан көп, сапа жоқ. Осы тұйықтан шығар жол қайсы, қордаланып қалған бұл мәселелердің шешімін қалай тапқаны дұрыс? Бізді алаңдатып отырған – аударма мәселесі. Аударма – бір тілде бейнеленген мазмұнды екінші бір тілге әрі дәл, әрі толық қайталай бейнелейтін тілдік қимыл. Бұл ретте, аударма технологиясын меңгеру ісіне атүсті қарамаған абзал. Ойымызды тұжырымдай келгенде, заң құжаттарының тілін сөз еткенде, ең әуелі қаншама уақыт бедерінде қалыптасып, тұрақталған орыс тіліндегі нысандарға жүгініп, ондағы дайын түрін пайдаланамыз. Заң мәтіндерімен айналысатын бөлім-мекеме топтарындағы төлтума тілдің табиғаты мен құнарын білетін аудармашыларға бір тілден екінші тілге тәржімалау технологиясын жетік меңгеру – бірден бір шарт. Осы орайда құжат мәтіндерін орыс тілінен қазақ тіліне аудару тәжірибесі мынадай теориялық ережелерді есте ұстауды керек етеді: орыс және қазақ тілдерін лингвоаудармалық және стилистикалық тұрғыдан салыстыра білу; ресми іс қағаздар мәтіндерін орыс тілінен қазақ тіліне аударуға тән тілдік заңдылықтарды сақтау; күрделі стилистикалық құрылымдарды, яғни құрмалас сөйлемдерді, біртұтас үзіктерді аударудың тиімді, оңтайлы жолдарын іздестіру; белгілі бір сөздің қазақ тілінде баламасы жоқ, сондықтан оны сол күйінде қолдануды талап ететін жағдайларды анықтау; тілдің лексикалық және грамматикалық (яғни, мағыналық және өзара байланыстыра алу дейік) ерекшелігін ескеріп, орыс тілінен қазақ тіліне қысқарған сөздерді аудару тәсілін үйрену. Осы жәйттар қаперге алынса, заң тіліндегі сәйкессіздіктерге орын берілмес еді.

М.ҚЫЗЫЛОВ, запастағы полиция генерал-майоры, з.ғ.к., професссор, Е.СЕРІМОВ, запастағы полиция полковнигі, з.ғ.к. ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ

Методы разные, а результат один

В АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ ЗАФИКСИРОВАНЫ НОВЫЕ СЛУЧАИ ТЕЛЕФОННОГО И ИНТЕРНЕТМОШЕННИЧЕСТВА,...

Когда домбра – часть жизни 

ИМЯ ЮНОГО ДОМБРИСТА ИЗ КОКШЕТАУ АБЫЛАЙХАНА САМАТА ИЗВЕСТНО ДАЛЕКО...

Современные немецкие технологии 

В ЗЕРЕНДИНСКОМ РАЙОНЕ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ БЛИЗИТСЯ К ЗАВЕРШЕНИЮ СТРОИТЕЛЬСТВО...

Используя трудовые ресурсы

ИЗУЧАЯ СФЕРУ ТРУДА И ЗАНЯТОСТИ, ОДНА ИЗ ПЛАТФОРМ ДЛЯ...

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ ҰЛЫС КҮНІН ТОЙЛАДЫ

Бүгін Абай университеті Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін...