12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ЖЫЛАЙТЫН ҮЙ

Айым түн ортасында біреудің бебеулеп жылаған дауысынан шошып оянды. Көрпесін жайлап тартып, басын бүркеп алды да қайта тыңдады. Бір қыз ваннаның ішінде жылап отырған сияқты. Тоқтамай жылады. Барып қарауға қорықты. Көрпесін ашса, жылап отырған қыз ваннадан атып шығып бас салатындай иманы ұшты. Аяқ-қолын бүрістіріп, жиырыла түсті. Анам естісе келетін шығар деп күтті. Анасы естімеді ме, келмеді. Жылап-жылап шаршады ма, бір уақытта қыздың дауысы шықпай қалды. Енді әлгі қыз шашы жалбырап мұның бөлмесін аралап жүргендей елестеді. Жүрген дыбысы естілетіндей. Еден тықыр-тықыр ететіндей. – Анашым, анашым, қатты қорқып жатырмын. Келші, – деп жалынды. Қанша жалынса да анасы келе қоймады. Бір уақытта әлгі қыз қайта ваннаға кіріп алып жылай бастады. Бір жері қатты ауырып, шыдай алмағандай бебеулеп тұрады да, сыңси бастайды. Бір кезде қайта бебеулейді. Бүркеніп жатқан көрпенің астындағы ауа тарылып кетті ме, әлде қорыққаннан ауа жетпей қалды ма, алқына бастады. Алқынған соң бар күшімен көрпені серпіп жібермек болған. Әрі қарай есін жоғалтты. * * * – Қызым, сабақтан қаласың ғой, не жатыс бұл? – деп таңертең қызының бөлмесіне сөйлей кірген анасы шошып кетті. Көзі бақырайып, кейін шегініп арт жағындағы есікті қолымен әрең тапты да, сыртқа шығып күйеуіне қарай ойбайлай жүгірді. – Жомарт! Жомарт! – деп шыңғырған дауысынан жан түршіккендей. Әйелінің соншама айғайлағанына ашуланып кеткен күйеуі ваннада беті-қолын жуып тұрып: – Не болды соншама, сайтан көргендей! – деп дүңк етті. Әйелінің түрі шынымен де сайтан көргендей еді. Қорыққаннан көзі бақырайып, мұрны қусырылып, беті-аузы сұп-сұр боп кеткен. – Айым, Айым, – деуге ғана тілі келді. – Не болды Айымға?! – деген күйеуі әйелін бір қақты да қызының бөлмесіне қарай жүгірді. Қалай кетті, солай біреу ұстап алатындай баспалдақтан жанұшыра дүрсілдетіп түсіп келе жатқан аяқ дыбысы естілді. Дереу өз бөлмесіне кіріп: – Алло, жедел жәрдем бе? Қызым ес-түссіз жатыр. Тез келіңдер! Тез келіңдерші! Қанша уақытта келесіңдер? Мекенжайымба? Коттедж қалашығы, Мансұр 15 үй, – деді асығыс. Жанар ваннаның алдында қабырғаға сүйеніп ебіл-дебіл жылап, екінші қабаттағы қызының бөлмесі жаққа мойнын созып қарап тұрды. Жедел жәрдем шақырып бөлмесінен шыққан күйеуі: – Көзі қорқынышты болып кеткен, – деп кемсеңдеді. Жанар одан әрі дауыс шығарып жылай бастады. Сол екі арада жедел жәрдем көлігінің дауысы шықты да, Жомарт жүгіріп далаға кетті. Жанар да үйде жалғыз қалуға қорқып, соңынан жүгірді. Жомарт көліктен түскен фельдшерге: – Көзі бақырайып, аузы ашылып, талып қалған, – деп жатты. Чемоданын көтерген фельдшер есік алдында жылап тұрған Жанармен амандасты да, күйеуіне еріп ішке кіріп кетті. Бір уақытта фельдшер жалғыз шығып, бөлімше инспекторына қоңырау соғып: – Сәлеметсіз бе! Жедел жәрдемнен хабарласып тұрмын. Он жасар қыз қайтыс болған, – дей бергенде, есік аузында тұрған Жанар шошып: – Айым! Айым! Жомарт! Жомарт! – деп есікті жұлқи ашып ішке кіріп кетті. Жомарт Айымның бөлмесінің алдында бүк түсіп жылап отыр екен. – Жомарт, Айымға не болды? – деп тізесінен құшақтай алды. – Жүрегі жарылып кетіпті… Қайтыс болғанына үш-төрт сағат болған дейді. Оң жақ кеудесі қап-қара боп қанталап кеткен… Түнде бірдеңеден қатты қорыққан сияқты… – деп әр сөзін бөліп-бөліп әрең айтты. Ана байғұс өмірінің бар мәні болған жалғыз құлыншағының жан тапсырғанын естігенде, көз алды тұманданып, дүние домаланып кете берді…

…Бүгін он жасар Айымды жерледі. Жанардың алыстан келген жеңгесі мен сіңлісі Айымның жетісін өткізейік, әрі Жанарды жалғыз қалдырмайық деп қайтпай қалды. Жомарт пен Жанардың бөлмесі бірінші қабатта, Айымның бөлмесі екінші қабатта болған. Қонақтар екінші қабатқа, марқұм Айымның бөлмесіне жапсарлас бөлмеге орналасты. Түнде Жанардың жеңгесі біреудің бебеулеп жылаған дауысынан оянып кетті. Біраз тыңдап жатты. Басында «Жанар Айымның бөлмесінде жылап отыр екен» деп ойлады, бірақ Жанар тоқтаусыз «жылады». Болмаған соң қасында жатқан қызын оятып: – Жүрші, Жанарды жұбатайық. Айымның бөлмесінде жылап отыр. Бейшара-ай қайтсін енді. Бір-екі сағат болды жылап отырғанына. Шаршап қалды-ау, – деп сөйлей жүріп, қызын ертіп бөлмеден шықты. Айымның бөлмесінің есігі тарс жабық. Екеуі есікті жайлап ашып, ішке кірді. Бөлмеде адам жоқ сияқты. Қараңғыда ештеңе көрінбесе де, бөлменің бос екені сезіліп тұр. – Жанар, бұл сенбісің? – деп жеңгесі жан-жағына қарады. Ешкім жауап бермеді. Жылаған дауыс ваннаның ішінен шыққан соң сипалап жүріп ваннаның есігін ашты. Іші тас қараңғы. – Жанар, қараңғыда жылап отырғаның не? – деді. Ешкім тіл қатпады. Адам жоқ сияқты. Бірақ біреудің жылаған дауысы шығып тұрды. – Мына қызға не болған үн қатпай? – деп ваннада Жанардың жылап отырғанына сенімді болған жеңгесі есіктің қапталын сипалап жарықты жақты. Ванна бос. Ешкім жоқ. Бірақ ішінен біреудің жылаған дауысы шығады. Шошып кеткен жеңгесі артында тұрған қызына: – Жүр, ойбай, шық! – деді. Қызы да шошып кетті. Ваннаның жарығын сөндірмей екеуі бірін-бірі итеріп, бөлмеден атып шықты. Атып шықты да, басқышты тарсылдатып төмен түсіп: – Сен де естідің ғой, – деді шешесі қызына. – Иә, естідім. Әлі естіліп тұр, – деді қызы. – Біссіміллә, біссіміллә, қорқып кеткен жоқсың ба? Жүр, Жанарды оятайық. Айтайық, – деді жеңгесі. – Апа, жылап отырған кім? – деді, анасының арт жағында тұрғандықтан ештеңе көре алмаған қызы. – Айымның әруағы ма, қайдан білейін. Біреудің жылаған дауысы шығады, бірақ өзі жоқ, – деді, сол кезде қызы: – Қорқамын, – деп анасына жабыса түсті. Екеуі барып Жомарт пен Жанардың есігін қақты. Іштен: – Қазір! – деген Жомарттың дауысы шықты. Оның атып тұрып киініп жатқан дыбысы естілді. Жарықты жақпай, есік ашқан Жомарт: – Не болды, апа? – деді. – Айымның бөлмесінен біреудің жылаған дауысын естіп Жанар шығар деп барсақ, ешкім жоқ. Бірақ біреу жылап отыр. Жүрші, барып қарашы, – деді. Артына бір қараған күйеу Жанар естімесе екен деп ойлап еді, бірақ Жанар да оянып кетіп, тыңдап отыр екен. Ол да тұра жүгірді. Төртеуі Айымның бөлмесіне жақындағанда-ақ дауысты естіді. Шынымен де біреу жылап отыр. Жомарт жайлап есікті ашты. Ваннаның есігі аңқайып қалған. Жарығы жанып тұр. Дауыс сол жақтан шығады. Жомарт бөлменің жарығын жағып, қызының төсегіне қарады. Төсегі бос. Жиналған күйі тұр. Ваннаға кіруге қорықты. Бірақ қасында әйелінің жеңгесі мен қызы, Жанар тұрған соң қорыққанын білдірмеуге тырысып ваннаға қарай аяқ басты. Ванна бос. Бірақ бір қыздың бебеулеп жылаған дауысы шығады. – Мына үйді жын иектеп алған ба?! – деп артында тұрған әйелдерді итере-митере бөлмеден атып шықты… * * * – Үй таза жерге салынбаған. Бұрын қаланың шеті болды. Біреудің сүйегі жатуы мүмкін. Әруақтың мазасы кетсе осылай болады, – деді үйіне келген дін қызметкері. – Бұрын бұл жерге егін еккен. Таза жер. Орыстың моласы мына тұста. Үйдің астына екі метр терең жертөле салынған. Біреуді жерлесе, жертөле қазғанда сүйегі шығар еді, – деп Жомарт дін қызметкерімен келіспеді. – Қашан көшіп келіп едіңдер? – Әлі бір апта бола қойған жоқ. – Кіргенде құран оқытып па едіңдер? – Қаншама қонақ келіп-кетті. Құран да оқылды, – деді Жомарт. – Құран оқып үйді тазалайық, – деді дін қызметкері. – Жақсы, – деді Жомарт. Дін қызметкері бір оқығанда үш сағат отырып құран оқып үйді тазалады. Бір апта бойы үш сағаттан құран оқыса да, қызының бөлмесінен жылаған дауыс шыға берді. Бір қызығы, дауыс тек түннің орта сында, яғни сағат түнгі үштен кете шығады. Жомарт пен Жанардың да зәре-құты қалмай қорқатын болды. Ақыры болмаған соң қызының қырқын өткізгеннен кейін екеуі қыруар қаражатқа салған үйін арзан бағаға сатып көшіп кетті. Көшкенде алысқа кетпеді. Сол көшенің бас жағындағы ескілеу бір коттеджді сатып алды. * * * Үйді көруге келген адамның екі ұл, екі қызы бар екен. Қыздары егіз, Айым қатарлас. Ұлының бірі – студент, екіншісі – оқушы. Әйел, бала-шағасын түгел ертіп келіпті. Амандасып, танысқан соң: – Үйді не үшін сатайын деп жатырсыз? – деп сұрады. – Жұмыс бабымен Астанаға көшіп бара жатырмын. Сол жақтан үй алуым керек. Асығыс болғандықтан, өз бағасынан арзанға келісіп жатырмын, – деді. – Жақсы. Үйді қарап шығайық, – деді әлгі адам. Жомарт ертіп жүрді. Екінші қабаттағы Айымның бөлмесіне кіргенде: – Қызыңыздың бөлмесі ме? – деп сұрады. – Иә, әйелім екеуі Астанаға кетті. Ертерек барып мектепке орналасады. Үйді сатсам, мен де кетемін, – деді ешкім әйелі мен қызының қайда екенін сұрамаса да. – Әке, Салтанат екеуміз осы бөлмені аламыз ба? – деп сұрады егіз қыздың бірі бөлмеге қызығып. – Иә, – деді. – Онда тағы бір кереует алу керек, – деді қызы Айымның төсегіне қарап. Сол кезде үй сатып алушы: – Жиһаздарды толық қалдырамын деп жазған екенсіз, – деді. – Иә, бәрін қалдырамыз, – деген Жомарт бөлмеден тез шыққысы келді. Сатып алушы кісі ваннаның есігін ашқанда Жомарттың мазасы қашып: – Менің қазір баратын жерім бар еді, мүмкіндік болса тез-тез қарап шықсаңыздар, – деп асықтыра бастады. – Жақсы, жақсы, жалпы үй ұнады. Сендерге ұнады ма, – деді әйел, бала-шағасына. – Жақсы үй екен, – деді ұлының үлкені. – Маған да ұнады, – деді Салтанат. – Кешке тағы бір көрсек бола ма? – деп сұрады үй сатып алушы. – Кешке кештеу келемін. Ертең осындай уақытта келсеңіздер болады. – Жақсы, – деп келіскен үй сатып алушы төменге түсіп бара жатып та айналасына қарады. Үйдің бір міні жоқ. – Сізге бір сұрақ қойсам бола ма? – деді үй сатып алатын кісі. – Қойыңыз, – деді бұл сұрақ қойғанын қаламаса да. – Өзіңіз құрылысшысыз ба? – Жоқ. Құрылыстан түк хабарым жоқ. Бизнесім бар. – Жақсы, онда мен сізге задаток беріп кетейін. Ертең нотариуста кездесейік. Кешке уақыт болса сыртынан көріп кетерміз, – деді үй сатып алушы. – Жақсы, – деп бұл сатып алушыны бала-шағасымен бірге шығарып салды да, еш жаққа бармай холлдағы диванға жантая кетті. Кеш бата үйінен шығып кетті. Себебі жалғыз қонуға қорықты. Ал әйелі үйді сатқанша әке-шешемнің үйінде тұра тұрамын деп кетіп қалған еді. * * * Жомарттың сатып алған үйі өзі салдырған үйдей емес. Бұрынырақ салынғандықтан жобасы да қарапайым. Жомарт күнде жұмысқа барарда өзі салдырған үйдің алдынан өтеді. Өткен сайын үңіліп қарайды. Үйді сатқанына алты айға жуықтап қалды. Сатып алған адамдар қаннан-қаперсіз тұрып жатыр. Күнде таңертең әйелі егіз қыздарын алып кетеді. Одан кейін студент ұлы, ең соңынан үй сатып алған кісі кіші баласымен бірге шығады. «Егіз қыз болғандықтан, Айымның бөлмесінен қорықпаған шығар» деп ойлады. «Мүмкін ол бөлмені ұлына берген шығар». Хан сарайындай жарқыраған үйіне қимай қарап тұрды да, әрі қарай кетті. Қалайда олардың көшіп кетпеу сырын білгісі келді. Сөйтіп жүргенде Жаңа жыл да келді. Әйелі Жаңа жылды күткісі келмей, ертерек жатып қалды. Жомарт сыра ішіп отырды да, тез-тез киініп сыртқа шықты. Далада жапалақтап қар жауып тұр. Айнала әппақ. Коттедж қалашығы Жаңа жылды тыныш қарсы аламыз деп келісіп алғандай, бәрі жым-жырт. Көше самаладай жарық. Жомарт көп ойланбады, бірден өзі салған үйге қарай жаяу тартты. Есік алдына келгенде сәл ойланып тұрды да, қоңырауды қақты. Іштен: – Кіріңіз, – деген дауыс естілді. – Кімсіз деп сұрамайсыз ба? – деді бұл. Сонда ар жақтағы үй сатып алған кісі: – Асылжан, қалжыңдамай кіре бер, – деді. Бұл ойланып тұрды да, есікті ашып аулаға кірді. Өзі салдырған үй. Ауласы қандай кең. Бәрін талғаммен, ойластырып, өлшеп салған. Серейген-серейген туя ағаштары ақ ұлпа қардан көрпе жамылып, Жаңа жылға дейін ұйықтап алайын дегендей мүлгіп тұр. Алғаш үйге ертіп келгенде қызы қуанып, жерге төселген қып-қызыл кірпіштің үстінде әрі-бері жүгіріп еді. Жомарттың көңілі босап кетті. Аспанға қарады. Көзінен аққан ып-ыстық жасқа жапалақтап жауған қар қалықтап кеп қонды. Мұп-мұздай екен. Қызымен соңғы рет қоштасып, бетінен сүйгенде қызының беті осы қардай әппақ әрі мұздай болып еді.

Жомарт өкіріп жылап жіберді. Қонағы кешіккен соң үй сатып алған кісі пальтосын жүре киіп алдынан шықты. Асылжан деп күткені мүлдем өзге адам боп шыққанға таңғалып: – Сіз кімсіз? – деп қасына келді. Мұның өкіріп жылап тұрғанын көріп, арақ ішіп алып адасып кетті ме деп қолынан ұстап шығарып жібергісі келіп еді, бұл: – Үй қалай? Ұнады ма? – деді. Сол кезде ғана үй сатып алған кісі шырамытып: – А, бұл сіз бе? – деп білегін жібере қойды. Жомарт үйін сатқан кісінің бетіне тесіліп қарап: – Үй қалай? Ұнады ма? – деді қайталап. – Иә, бәріміз сізге ризамыз. Үй өте тамаша салынған. Жүріңіз, үйге кіріңіз, – деп Жомартты үйіне ертіп кірді. Үйіне кіре: – Сәуле, бізге кімнің қонаққа келгенін қарашы. Үйді сатқан кісі, – деп Жомарттың бетіне қарап, үстіндегі пальтосын шешуге көмектесті. Жомарт бар-жоғы екі-ақ ай тұрған үйіне қарады. Ас үйде қызы үшеуі отырып тамақ ішкендерін есіне алды. Кішкентай Айым асүйден шығатын террасаны қызық көріп, сол жақта отырып шай ішейікші деп аяқ асты бәрін террасаға көшіргені көз алдына келді. Жомарт өзін-өзі ұстай алмай қалды. Тұрған орнында тағы да өкірді. Үй сатып алған адамның әйелі шошып кетті. Қолындағы ыдысын қоя салып: – Сізге не болды? – деп қасына жүгіріп келді. Үй сатып алған кісі үстел әкеп отырғызды. Анасына көмектесіп жүрген егіз қыз аузын ашып қарап қалды. – Су әкелші, Салтанат, – деген әйелі қызы әкеліп берген бір шыны суды Жомартқа ұсынды. Жомарт суды қолымен жәй ғана итеріп: – Рақмет! Ішпеймін, – деді де жан-жағына қарап, орнынан тұрып кетуге ыңғайланды. Сәуле білегінен ұстап алып: – Кішкене отыра тұрыңыз. Мүмкін бізбен бірге шай ішерсіз. Мен қазір дайындап жіберейін, – деп үстел үстіндегі Жаңа жылға деп турап жатқан салаттарын жинастыра бастады. Жомарт келіскендей үнсіз отырып қалды. Үй сатып алған кісі де үн-түнсіз, ол Жомартты қалай жұбатарын білмей әлек. – Сөйтші, шай ішейікші, – деді. Сол уақытта есіктің қоңырауы соғылып, үй сатып алған кісі қонағын күтіп алуға кетті. Жомарт әйелге: – Үй қалай? Сіздерге ұнады ма? – деді. – Иә, қатты ұнады. Сізге қайта-қайта рақмет айтып жүрміз, – деді. Жомарт төмен қараған күйі басын изеді. Үй сатып алған кісі күтіп отырған қонағы, Асылжанды ертіп кірді. Асылжан дабырлап үйдегілермен амандасып, қыздардың маңдайынан сүйіп, қолындағы тортын үстел үстіне қойды да Жомартпен амандасып: – Асылжан, – деді. Сонда үй сатып алған кісі: – Бізге осы үйді сатқан азамат, – деп қосып қойды. – А-а-а, үйдің жобасын кім сызған? Маған қатты ұнады. Дәл осы жобамен үй салсам ба деп жүрмін, – деп мақтай жөнелді. – Осындағы бір жігіттің жобасы бойынша салынған, – деді жәй ғана. – Өзіміздің жігіттер сызған ба? Мен шетелден арнайы архитектор жалдап сызғызған шығар десем, – деп қойды. – Бұл жерге қандай үй салу керегін осы жердің адамдарынан артық ешкім білмейді, – деді Жомарт. – Үйді қай құрылыс компаниясы салды? – деді үй сатып алған кісі. – Үйді де сол жобасын сызған жігіттер салды, – деді Жомарт. – Өзіміздің жігіттер болса телефонын берші, – деді Асылжан. – Берейін. Жазып ал: 87779998899 – Аты кім? – Қуаныш. Құрылысшы Қуаныш деп жазып қой, – деді Жомарт. – Иә, құрылысшы Қуаныш деп жазып қояйын, әйтпесе таба алмай қалармын, – деген Асылжан үй салып алғандай қуанып телефонын сипап қойды. Сол кезде үй сатып алған кісінің әйелі: – Бұл үйге біз жылайтын үй деп ат қойдық, – деп сөзге араласты. Жомарт жұлып алғандай әйелге жалт қарап: – Қалай?! – деп айғайлап жіберді. Әйел шошып кетті. Үй сатып алған кісі де, қонаққа келген Асылжан да тіксініп қалды. – Неге жылайтын үй деп ат қойдыңдар? – Сіздер қанша уақыт тұрдыңыздар? – деді Асылжан сол кезде. – Бар болғаны екі ай. Екі айдан кейін жұмысым Астанаға ауысты да, көшіп кеттік, – деді Жомарт. – Былай болды, – деді үй сатып алған кісі. – Сіздің қызыңыздың бөлмесін екі қызымызға, Салтанат пен Сәнімге бергенбіз. Бірінші қонған түні таңға жуық екеуі қорқып, бөлмеде бір қыз жылап отыр деп бізге жүгіріп келді. Жаңа үй болған соң елегізді ме деп қыздарымды анасының қасына жатқызып, аластап жіберейін деп шырпымды алып бөлмесіне бара жатсам, шынымен де бір қыз сыңсып жылап отырды. Жылап отыр дегенде қызды көзіммен көрмедім, дауысын естідім. Шошып кеттім. Кәдімгідей қол-аяғым қалтырап аяқ аттап баса алмай қалдым. Сол күні үлкен ұлым жолдастарымен қыдырып үйге енді келіп жатыр еді. Басқышта тұрған мені көріп: – Әке, не істеп тұрсыз? – деп сұрады. – Қыздардың бөлмесінен біреудің жылаған дауысы шығады, – дедім үлкен ұлды ес көріп. – Салтанат пен Сәнім жылап отыр ма? – деп көзі атыздай болып кетті. – Жоқ, басқа қыз. – Қайдағы қыз? – деген ол бөлменің есігін ашып жіберіп ішке кіріп кетті. Жарықты жақты да: – Мына жақтан шығады, – деп ваннаға қарай кетті. Мен артынан еріп келемін. Маған шын, сіздерге өтірік, ваннаны ашқанда қыз одан әрі еңірей бастады. Ұлым ваннаға кіріп кетті. Ішінде жылап отырған қыз ұлымның алқымынан ала түскендей тынысым тарылып кетті. Іштен: – Әке! – деген ұлымның дауысы естілді. Өлімсіреп: – Әуу! – дедім. – Бері келіңізші, – деп күлді ұлым. Сол кезде есімді жиып: – Ә, иә, – деп жетіп бардым. Ұлым қабырғаға құлағын тосып, қолымен қағып жүр. Қолымен қақса жылаған дауыс басқаша шығады. Қақпаса басқа сарынмен ыңырсып жылайды. – Мынау не дауыс? – дедім ұлыма. – Қазір, әке, – деген ұлым ваннаның төрт қабырғасын тыңдап, тоңқылдатып қағып шықты. Ана жерде, енді, дәл қасыңда көзге көрінбейтін бір қыз жылап отырғандай зәрең ұшады. Кәдімгі адам дауысы. Ұлым қабырғаларды қағып шықты да күлімсіреп, басын шайқады. – О не? – дедім. – Қабырғасына труба салып кеткен, – деді ұлым. – Оны қайдан білдің? – дедім. – Бір жерден бітеуге болады, соны тауып алу керек. Сонда дыбыс шықпайды, – деді ұлым. – Трубаны не үшін салып кеткен? – дедім. – Кім білген? Біреуді қорқытқысы келген шығар, – деп күлді ұлым. – Далада кішкене жел тұрса жел трубаны үрлейді де адамның жылаған дауысы шығады. Негізі шатырға шығып қарау керек. Труба далаға шығып тұр. Ертең қараймыз, – деген ұлым ваннадан шықты да, қарындастарын іздеп: – Қыздар қайда? – деді. – Қыздар осы дауыстан қорқып біздің қасымызда жатыр, – дедім. – Қыздар қорықса, бөлмесін ауыстыру керек. Онда ертең мен осында көшейін, – деді. Міне, содан бері үйді жылайтын үй деп атап кеттік. Кейін жылайтын үй емес, сөйлейтін үй дейік десем де қыздар жылайтын үй деп қоймады, – деді үй сатып алған кісі. – Трубаны таптыңыздар ма? – деді Жомарт. – Иә, таптық. Бір кафельді алмалы-салмалы етіп жасап, трубаның бетін жасырып кетіпті. Трубаны тығындап тастап едік дыбыс шықпайтын болды. Жомарт бір күрсінді. – Сіздер тұрғанда бұл дыбысты қызыңыз естімеген бе? – деп сұрады әйел. – Естіген. Сол дыбыстан қорқып жүрегі жарылып өлді. Әйел шошып күйеуіне қарады. Күйеуі әйеліне қарады. Ал Жомарт әрі қарай сөйлей берді. – Үйді сол үшін саттым. Астанаға жұмыс ауыстырған жоқпын. Осы көшенің бас жағындағы коттеджде тұрамыз, – деді қасындағы адамдарға қарап. – Бұл үйді салған адамды таба аласыз ба? Әдейі істеген. Сіздерді қорқытқысы келген. Егер ұлым болмаса біз де қорқып сатып жіберер ме едік. Ұлым авиаконструктор. Ваннаның сырын бірден біліп қойды. Оны біз сияқты қарапайым адам білмейді. Қорқады. Қорыққаннан кейін үйін сатып құтылады. Қорыққаннан кішкентай қыздың жүрегі жарылып кетсе, мына үйді салған адам қылмыскер. Сотқа беру керек. Жазасын алсын, – деді әйелі тоқтай алмай. Асүйде жұмыс істеп жүрген екі қыз да қорқып анасына тығылды. – Иә, сотқа беру керек ондай оңбағанды, – деді Асылжан да. – Бере алмаймын, – деді Жомарт. – Неге?! – деп көзі бақырайып кетті әйелдің. Жомарт әйелге бір қарады да орнынан тұрып сыртқа қарай беттей берді… * * * Жомарт шығып кеткеннен кейін үй сатып алған кісі мен Асылжан да артынан шықты. Ол ішіп алған адамдай аяғын әр жерден бір басып, тәлтіректеп үйіне қарай кетіп барады екен. Екеуі қарап тұрғанда: – Үйіне бара жатыр. Сол жақта тұрамын деген, – деді үй сатып алған кісі. Сөйтіп Асылжан екеуі үйге кіріп кетті. * * * «…Көктем айы. Мынадай зәулім үйді бітіріп кіргеніне екі күн болды. Үй қандай рақат. Ауласы қандай кең. Жұмақ дерсің. Екі күннен бері қонақ ағылып жатыр. Таңертең далаға шығып, құстардың сайраған үнін тыңдап рақаттанып тұр еді, күзетші келіп: – Үйді салған құрылысшымын деп бір кісі келіп тұр, – деді. – Кіргіз, – деді бұл. Үйдің жобасын сызып, бүкіл құрылыс жұмысын басқарған құрылысшы: – …Жәке, қалған ақшамды бересіз бе? – деді жүзін төмен салып. – Саған бердім ғо, сол аз болып қалды ма? – деді бұл. – Аз болып қалды ма дегеніңіз қалай? Қалған елу пайызын бер. Қаншама жұмысшыға ақша беруім керек! – деп айғайлады. – Саған беретін ақшам жоқ! – деп бұл да қолын сермеп үйіне кіріп кетті. Ішке кіріп кетті де әйнек есіктен сыртқа қарады. Құрылысшы біраз ойланып тұрды да үйдің артына қарай кетті. Бұл жүгіріп келесі бөлменің терезесінен қарады. Құрылысшы сол маңда тұрған басқышты қабырғаға сүйіп, жоғарыға көтеріле бастады. Бұл үйді өртейін деп жатыр деп қорқып, ойбайлап үйінен атып шықты. Есік алдында тұрған күзетшілерге: – Жүгіріңдер, ана оңбаған үйді өртейін деп жатыр! – деп байбалам салды. Күзетшілер жүгіріп барды да, басқыштан түсіп келе жатқан құрылысшының екі қолынан қолтықтап ап дедектетіп есікке қарай алып кетті. Дуалдың есігін ашты да сыртқа қарай итеріп жіберді. Сол кезде бұл далаға шығып сыртынан қарады. Құрылысшы ішіп алған адамдай тәлтіректеп аяғын әр жерден бір теңселе басып кетіп барады екен… Кейін естіді сол кезде құрылысшының Айым шамалас қызы қатты ауырып, осы үйді салған ақшамды алсам емдетемін деп ойлаған екен. – Сол кезде қызым ауырып жатыр деп неге айтпадың? – деп күбірледі бұл. Енді, міне, өзінің де аяғы тәлтіректеп, әр жерден бір басып бара жатыр. Бір кезде аяғы тайып кетті де, етпетінен құлады. Қолын тіреп, тізерлеп тұрды да: – Не үшін тұрамын? Кім үшін тұрамын? – деп мамық қарды бұрқ еткізіп жата кетті. Жерде жатып мұрнын қытықтаған қарды үрледі. Үрлеп жатып күлді. Неге күлгенін өзі білмейді. Неге күлді екен? Мүмкін шарасыздықтан күлген шығар. Арада жарты сағат өткенде жол бойындағы үйлерден адамдар шығып от шашу ата бастады. Осыған қарап сағаттың 12 болғанын шамалады. Үй сатып алған кісі аула ішіне де, жол бойына да шығып от шашу атты. Екі қызы алақайлап қуанды. Екі баласы да мәз болды. Көрші үйден шыққан ысқырып атылған от шашуға қараған әйелі анадай жерде қарауытқан нәрсені байқады да, күйеуін түртіп көрсетті. Үй сатып алған кісі мен Асылжан қарауытқан нәрсеге қарай жүгіре жөнелді. Бала-шаға әкесінің артынан қарап қалды. От шашу өз-өзінен атылып жатты. Бір сәтке бәрі от шашуды ұмытып кетті. Ал үй сатып алған кісі мен Асылжан біреуді сүйретіп, иықтап көтеріп келе жатты… * * * – Алло! Телефонды бір әйел көтерді. – Алло, бұл құрылысшы Қуаныштың телефоны ма екен? – Иә. – А-а-а, Жаңа жылыңызбен! Демалыста мазалағаным үшін кешірім сұраймын. Қуанышпен сөйлесейін деп едім. Үй салғызғым келген. Коттедж қалашығындағы бір үйді салған екен. Жобасы қатты ұнады, – деді Асылжан не үшін қоңырау соққанын түсіндіріп. – Қуаныш қайтыс болды, – деді әйел жыламсырап. – Қашан?! – деп Асылжан шошып кетті. – Бүгін. – Бүгін?! Қалай?! – Терезеден секіріп кетті. – Уф! – деп терең күрсінді Асылжан. – Үйдің бе? – Салып жатқан үйінің… Телефон үзіліп кетті. Телефонның зың-зың еткен дыбысынан басы зыңылдап кеткен Асылжан: «Терезеден секіргені несі? Әлде лақтырып жіберді ме екен?..» – деп ойланып қалды.

Әдина ӘБДІБАЙҚЫЗЫ

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...