«Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады.
Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ, мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек», – деген еді Президент ҚасымЖомарт Тоқаев. Ол мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керектігін мәселе етіп қойды. Жоба бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, оған журналистер, сарапшылар, заңгерлер тартылғанда бұл бастамаға үміт артқандар аз болған жоқ. Алайда ашық нормативтік құқықтық актілер порталында талқылауға ұсынылған «Масс-медиа туралы» заң жобасы сол үмітті су сепкендей басты. Сәрсенбіде БАҚ туралы жаңа заңның жобасын бір жылға жуық талқылап, құзырлы органға түрлі ұсыныс-пікірлерін берген жұмыс тобы мүшелері де Алматы мен Астанада арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, үндеу жариялады.
Сіз не дейсіз?
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, «Мінбер» қорының жетекшісі: «Жұмыс тобының көңілінен шықпады»
– «Масс-медиа туралы» заң жобасы биыл ғана талқылана бастады. Оған дейін «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы » заңды талқылауды қолдағанбыз. Одан кейін ол ведомствоаралық комиссияның талқылауына жіберілді. Бірақ, өкінішке қарай жұмыс тобына қатысып жатқан 60-тан астам азаматтық қоғам өкілдерінің ойлары, ұсыныстары ескерілмеген. Сондықтан біз бүгін осы жерге келіп отырмыз. Ең басты мәселе бұл жерде журналистердің құқығының кеңеюі емес, шектелуі. Бұл заң егер осы күйінде қабылданып кететін болса цензура күшейейін деп тұр. Журналистерге ерекше мәртебе береміз дей отырып, біздің құқығымызды шектейтін сияқты. Осы заңда медиаэтиканы да заңдастыру көзделіп отыр. Егер медиаэтика заңдастырылатын болса бұл журналистердің қызметіне үлкен кедергі келтіретін болады. Өйткені, ол жерде арнайы комиссия болады дейді. Бұл комиссияда кімдер болады? Кез келген мемлекеттің тарихын алып қарасаңыздар медиаэтика заңмен қорғалмайды. Оны ұсынатын, жазатын, қабылдайтын журналистердің өзі, әрі ұсыныстың бәрі төменнен берілуі керек. Үкімет біз оны жоғарыдан тоқпақпен үйретеміз дейді. Бұл ешқандай мемлекеттің заңында, тәжірибесінде жоқ ұсыныс. Медианы реттеу журналистердің, азаматтық қоғамның өз қолында болу керек. Осы мәселелерді сіздерге жеткізу, ұсыныстарымыздың әлі ескерілмей отырғандығын айту парызымыз. Өкінішке қарай, мен әлі де журналистік ынтымақтастықты да, журналистік принципті де көре алмай отырмын.
Жұлдыз ӘБДІЛДӘ, Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі комитетінің басшысы: «Баспасөз картасы – тілшілерді алалау»
– Баспасөз картасына осы жобаға енгізілген сәттен бастап өте көп пікір айтылды. Осыдан 2 апта бұрынғы соңғы отырыста да бұл нәрсені алып тастау керек деген ұсыныс көпшілік дауыспен қабылданған. Бірақ, өкінішке қарай ашық нормативтік құқықтық актілер порталындағы жобада ол өзгеріссіз тұр екен. Онда баспасөз картасын уәкілетті органның жанындағы комиссия береді. Бұл мынандай талаптарға сай болуы керек дейді – яғни, журналистика мамандығында оқыған адамдарға 3 жыл еңбек өтілінің болуы, журналистика мамандығында оқымаған адамдарға 5 жыл еңбек өтілінің болуы. Яғни, оған дейін сіздің баспасөз картаңыз болмайды. Ал баспасөз картасы журналистерге айрықша құқықтар береді дейді. Бұл жалпы журналистерді алалау, дискриминация деп қарауға болады. Бізге баспасөз картасын жыл сайын беріп отырмақ. Демек, бір талаптарға сәйкес келмей қалған жағдайда бізге ол картаны бермей қою ықтималдығы әлдеқайда мүмкін екенін айтуға болады. Сосын, баспасөз картасынан айыру негіздерінің біріншісі – ауыр немесе аса ауыр құқықбұзушылықтар жасау дейді. Біз қандай әрекетіміз ауыр не аса ауыр құқықбұзушылыққа жататынын қалай анықтаймыз? Яғни, бұл карта журналистерді қысымда ұстауға алып келетін тетік болып отыр. Екінші – БАҚ редакциясы қабылдаған кәсіби этика нормаларын бұзу дейді. Қазір мысалы КРІ-ға байланысты, көрілімге байланысты, неше түрлі жаға ұстататын трендті жасап, кәсіби этиканы аяққа таптап отырған басылымдар, ақпарат құралдары өте көп. Ертең олар үшін ол қалыпты норма болуы мүмкін де, басқа бір жерде этика нормасын бұзу болып естептелуі мүмкін. Оның өзі біздің құқығымызды біршама шектейтінін айтуға болады. Журналистерді аккредиттеуге қатысты да солай. Аккредиттелген журналистер тегін бір іс-шараларға кіреді деген. Қазір де оған ешқандай шектеу жоқ. Тағы бір айтып кететін нәрсе баспасөз картасын алған журналистің уәкілетті орган анықтайтын өзге де құқықтары бар дейді. Бұл да түсініксіз нәрсе. Сондықтан соңғы отырыста әріптестеріміздің көпшілігі бұл картаға қарсы болған болатын. Журналистің жұмысына кедергі келтіретін нәрселер қазір бізде өте көп. Осындай заң жобасын жасап жатқан сәтті пайдаланып құқықтарымызды қорғайтын журналистерге жауап бермегені үшін жауапкершілік бар деген нәрсені қабылдауға тырысуымыз керек. Бірақ, өкінішке орай, қазір біз бұл заңмен басқа жаққа қарай кетіп барамыз. Фокусымыз да өзгеріп бара жатыр. Ведомствоаралық комиссия ұсынған жобада біз өз басымызды қорғауға мәжбүр болып отырмыз. Ол осы күйінде не сәл ғана өзгерістермен қабылданып кетуі мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Бірақ жұмыс тобында болған адам ретінде ертең бізден де сұрау болады. «Сіз де отырдыңыз ғой, неге қарсы болмадыңыз» дегенде бұл мәселені көтергенімізді, ұсыныстардың болғанын, бірақ оның қабылданбағанын айта алатын болуымыз керек. Сондықтан қайтсек те үнімізді Президентке жеткізуге тырысуымыз керек.
Думан СМАҚОВ, Factcheck.kz жетекшісі: «Сөз бостандығына қарама-қайшы заң»
– Порталдағы заң жобасы өте шикі. Тәуелсіз журналистер, сарапшылар, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің немесе ведомствоаралық комиссияның массовкасы болғандай сезінеміз. Өйткені біздің айтқан пікіріміздің басым бөлігі елеусіз қалған. Бұл заң қорыта айтқанда Президент Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатына, Жаңа Қазақстан принципіне, ашықтық прнинципіне толығымен қарсы. Сөз бостандығы, демократия ұғымдарына да қарама-қайшы заң. Шынын айту керек, бұл заң Қазақстан мәртебесін сөз бостандығы мен өзге де рейтингте көтермейді. Керісінше, 50-100 сатыға төмендетіп тастауы әбден мүмкін. Сондықтан да, журналистердің құқығын шектейтін, журналистерді алалайтын, журналистердің жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейтін, былайша айтқанда журналистерді тырп еткізбейтін қатал заңды қабылдамаған дұрыс деп санаймын. Заң жобасының нормаларына келетін болсақ өткен жұмыс тобының отырысында жұмыс тобы толығымен пресс-картаны қабылдауға қарсы болған. Бәріміз қарсы дауыс бердік те. Бірақ біздің пікіріміз далаға кеткеніне наразымыз. Заң жобасындағы дүниенің бірі ақпараттың шынайылығы жөнінде. Заңда ақпараттың шынайылығы анықталмайды. Мемлекеттік орган немесе ресми органның айтқанының бәрі рас немесе шынайы ақпарат сарынында көрсетілген. Біз бұған да қарсымыз. Бұл «БАҚ туралы» және «Телерадиохабарларын тарату туралы» екі ескі заңның қосындысының редакцияланған түрі ғана. Сондықтан біз толығымен заман талабына сай, қоғам талабына сай, жаңа Қазақстан принципіне сай, демократиялық елдің сөз бостандығы принципіне жауап беретін заңның қабылдануын талап етеміз. Менің ойымша, бұл заңның басты мақсаты журналистердің құқығын шектеу. Журналистерге мемлекет тарапынан жауапкершілікті арту. Қазіргі заңда мемлекеттің жанашырлығын көріп отырған жоқпыз. Журналистердің алдында мемлекет ештеңеге жауап бермейді. Егер қоғам болып, журналистер болып қарсы тұрмасақ, әрине, бұл жоба осы күйінде қабылданып кетуі мүмкін.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»