12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Жол қателікті кешірмейді

Жол мұраты – жету. Алайда, осы алысты жақындатқан қара жолда соңғы жылдары қаралы оқиғалардың көбейіп кеткені рас.  Статистикалық деректер көрсеткендей, былтырғы жылдың алты айында республика бойынша 8,3 мың жол көлік оқиғасы орын алған. Соның салдарынан 1,5 мың адам көз жұмған екен. Оның 1 мыңы ер азамат болса, 433-і әйел адам. Әсіресе, жас бүлдіршіндердің мезгілсіз солуына жол апаттарының ықпалы зор. Айталық былтырғы жылдың алты айында елімізде 189 кәмелетке толмаған бала жол апатынан қаза тапқан. Сондықтан да осыншама шаңыраққа қасірет әкелген жол апаттарына тосқауыл қою, жол ережесін бұзудың алдын алу аса маңызды.

Жол көлік оқиғасына басты себеп – жүргізушілердің заң бұзуы. Жол сапасының төмендігі, көлік құралдарының техникалық ақауы, сонымен бірге, ауа райының әсері көлік апаттарының орын алуына түрткі болып жатады. Бірақ, олардың үлесі соншалықты көп емес.

Жүргізушілер жауаптылығын көтеру, жол ережесін сақтауға ықпал ету бағытында мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан шаралар көлемі ауқымды. Ең әуелі біздің елімізде жол ережесін бұзушыларға қатысты жазаны қатаңдату бойынша тетіктер заңдық тұрғыдан шешімін тапты. Қазіргі кезде жылдамдықты асыру, жүргіншілерге жол бермеу, жол қозғалысы барысында өзгелердің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін маневрлар жасағандарға қомақты айыппұл белгілеуден бастап, жүргізуші куәлігінен айыруға дейінгі жауаптылық қарастырылған.  Ал көлік тізгініне мас күйінде, есірткі мен психотроптық заттар қолданып отырғандар қамаққа алынып, жүргізуші куәлігінен айырылатыны белгілі. Бір жыл ішінде бұл әрекетті қайталап жасап, өз қателігінен сабақ алмағандардың ісі Қылмыстық кодекс шеңберінде таразыланады. Мас жүргізушінің қоғамға қатер екенін ескерсек, жауаптылықты сезінбеген жандарды бас бостандығынан айыру дұрыс шешім болары даусыз.

Жол көлік апатын тудырғандарға жаза тағайындауда соттар нақты дәлелдерге сүйенеді. Бір қуанарлығы, бүгінде қала, аудан орталықтарында бейнекамералар орнатылған. Осы камераларға қарап кімнің ереже бұзғанын анықтау оңай. Сонымен бірге, бүгінде әрбір жүргізуші өз көлігіне бейнежазу камерасын қоятыны белгілі. Мұндай камералар да жол апатының себепкерлерін анықтаудағы құқық қорғау қызметкерлері мен соттардың жұмысын айтарлықтай жеңілдететінін айта кеткеніміз жөн.

Ал енді камера қойылмаған, жол апатының қалай орын алғанын айтатын куәгерлер жоқ болған кезде құқық қорғау қызметкерлерінің апаттан кейінгі сызбасы, толтырған хаттамасы басшылыққа алынады.

Мысалы жолды бөлісе алмай көліктерімен соқтығысқандар саны былтырғы алты айда 3,2 мыңды құраған. Оқиға салдарынан аударылғандар саны – 1,2 мың. Көлікті меңгере алмай, кедергілерге соғылғандар саны – 514-ке жеткен. Осы оқиғалардың қай-қайсысында да әркім өзінің әрекеті дұрыс, екінші тараптыкі заңға қайшы деп бағалап жатады. Бұл жерде сарапшылардың жасаған түйіні маңызды рөл ойнайды. Өйткені, жол көлік оқиғаларына құқықтық баға беретін сарапшылар жүргізушілердің сөзін ғана басшылыққа алмайды, сонымен бірге, көліктердің соқтығысу салдарын, жол бедеріндегі кедергілерді, жылдамдықтың өлшемін, екі көліктің соқтығысуының физикалық заңдылығын тұтастай назарда ұстайды.

Сот – ақ пен қараны анықтайтын орын. Сондықтан жол апатына кінәлі анықтауда сот оқиға куәгерлері мен барлық дәлелдерді басшылыққа алады. Жол апаты орын алған жерге барып, дәлелдер жинаған құқық қорғаушылар мен сарапшыларды сот процесіне арнайы шақырып, қосымша сұрақтар қою арқылы ақиқатқа көз жеткізуге, апатқа нақты кінәлі кім екенін анықтауға басымдық береді.

Қызылорда облысының аумағын кесіп өтетін Қызылорда-Ақтөбе тас жолындажол көлік оқиғалары көптеп орын алады. Халықаралық маңызы бар бұл жол – бір жолақты. Бір-біріне қарсы түскен екі бағыттағы тас жолда адам

өлімі көп. Алдындағы көлікті басып озам деп қарсы бағытқа шыққан талай жүргізуші өмірден озды. Сондай-ақ, елдімекендерді басып өтетіндіктен, қараусыз қалған малдың да көлік апатын тудыратын кезі көп. Өкінішке орай, бұл жолдарда жарықтандыру  жоқтың қасы. Түнде рөлге отырғандардың қараусыз малды қағып, өз қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін кезі де аз емес. Мұндай кезде апатқа тап болғандардың өз сөзін дәлелдеуі тіпті қиын.

Сондықтан, жол апатын азайту бағытында насихат жұмыстарын әлі де күшейтіп, ескерту билбордтарын көрнекі жерге ілген жөн. «Сені үйіңде жақындарың күтіп отыр!» «Жол қателікті кешірмейді» деген сияқты ескертпелерді жол бойына жазып, қираған көліктердің қаңқасын жол штіне қойғанның да тәрбиелік маңызы бар.

Шамшиев Рысдаулет Бекманұлы,

 Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы

Конституциялық сот – Конституцияның кепілі

«Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы...

ҚазҰУ — білім мен парасаттың мекені

Еліміздегі жоғары білім беру жүйесінде өзіндік орны бар, тарихы...

ҚазҰУ — ұлттың зияткерлік тірегі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің жоғары білім беру...

«Фарабитану» көптомдығының 20-томының тұсаукесері өтеді

23 желтоқсан күні сағат 11:00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық...