Жертөле ішінен беймәлім дауыс естіліп еді, аула маңындағы қандендер шәуілдеп, маңайды азан-қазан қылды. Дөңгелек, қоралана отыратын жер үстелге оң шынтағымен сүйеніп, шыңқай шымнан соғылған салқын тамда буы көкке шапшыған ою-өрнекті қоңыр кеседен шәйін ықылассыз сораптаған, ойлы жанарын біресе түскиіздегі тоғыз өрім қамшыға, біресе балдағының бойындай ғана терезеге қадап, сол қолымен аппақ қудай сақалын тарамдаған, қым-қуыт, аласапыран ойға шомған қария көз жасының кесесіне мөлт етіп тамғанын байқаған жоқ. Осынау байлаусыз, алғаусыз жалған дүниені кім үшін, не үшін кешкенін іштей байыптай алса да, көңілі байыз таппады. Өне бойы көрген қорлықтан қалшылдап, әжім торлаған бір уыс денесінен шыбын жаны шықпай, қу тірліктен базына кешіп, әлі де болса жарық дүниеде дәм-тұзы таусылмағанына лағнет жаудырғандай қабағы салыңқы тартып, тұнжырап отырды. Атжақты, шүңірек көзді, жазық маңдайлы, бірер жылдың ішінде басындағы түбітке ұқсас шашына ақ қырау қонып, жуан ернін жымқырып, шоқша сақалына бойлаған мөлдір тамшыларды елеместен терең күрсінген. Қария қарсы алдында шәй құйып отырған кемпіріне барлай қарады. – Ит өмір-ай! – деді шал терең күрсініп. Кемпірі кемсеңдеп қоя берді. Ой үстінде көзінен сорғалаған өкініш жасын кимешегінің етегіне сүртті. Тамағын қырнап, жөткірініп алған қария: – Жаратқанға не жазып ек. Біреудің ала жібін аттадық па? – деді кейістік танытып. – Соны айтсаңшы, – деді кемпір. Өмірдің енді не мәні қалды? Бектасым табылып, аман-есен ортамызға қосылса екен. Тамшының түсіндей терезеден бесіннің шуақты күні қос мұңлықты жұбатардай күлімсіреп, үй ішіне етене сығалайды. Қос қабатты әйнектен ақшам жамырап, кешкі іңірге дейін көңілін аулайды. Шал-кемпірдің солғын тартқан, әжімделе бүріскен, тарамыс-тарамыс денесін жылытып, жұбатып әлек. Қызыл іңір бой көрсетіп, қап-қара түннің ызғарлы ысқырығын бәсеңдетіп, жылуды ұстап тұратын жұқалтаң әйнектердің ар жағынан көзге қораш қора менмұндалайды. «Бектасым осы қораны шыр айналып, жүгіріп жүрер еді. Қазір аузы-мұрны жабық қораның маңайына қой-ешкі де жоламайды, құдды ит-құс жүрген сияқты» деп налыған кемпір кесесін төңкеріп қойды. Осыдан екіүш ай бұрын… тү-у, ұмыта бастады ма, әлде алжасып бара ма, жарты жыл бұрын Бектасым балалармен қуаласпақ ойнаған қораның көлеңкесіне қой-ешкі үймелеп, жер бауырлап жата кететін. Қораға төне түскен балауса шыбықтардың жапырағы мен қабығын кертіп жеп, екі аяғын көтеріп, шұбар сақалын сапситып қойып, мойнын соза бір топ ешкі осы маңды айналсоқтап жүруші еді. Қазір қораның үстіне шығып алып, жел соқса құтырып, шуылдайтын талдың жапырағын жеу арман болған. Қария бетін сипап, аузын жыбырлатып, «Е, Жаратқан, біздерге сабыр бере гөр! Тіріге – иман, өліге – береке бер! Асқа адалдық, басқа амандық. Бектасымды ортамызға аман-есен оралта гөр» деп жалбарынады. Кемпір қос кесені жиыстырып болған соң ауру меңдеген аяғын ауырсынғандай шоқаңдай сырғып, от гүрілдеп жатқан пештің түбінен сая тапты. Пеш алдындағы шомбал тегенеден алып, томардай қара қиды ошаққа сүңгітіп еді, көгілжім жалын жұтып жіберіп, лезде тұтана бастады, жағымды, көк түтін иісі танауын қытықтағандай. Бұл кезде іңір соңынан ерген қараңғылықты қашырғандай, мосқал пештің үстіндегі шойын плитаның саңылауынан жылу шашып, әр тұстан жылт еткен қызыл сәуле шашырады. Қараңғылық құшағына алған бөлме ішінде қос қарияның көлеңкесі пайда болды. – Бектасым қазір жанымызда шауып жүрер ме еді? – деген кемпір бес жасар немересінің маңдайынан құмарта сүйіп, мейірлене иіскеп, айызы қанғанша өбіп, бауырына басқан күндерді есіне алды. – Е-е, несін айтасың, жүрегіміз қанжылап қалды ғой, – деді қария белі құрысып, еңсе тіктеуге күш-қайраты күн санап кеміп бара жатқанына налығандай. – Кемпір-ау, жарық жақсаңшы. Екеуімізді қара басып, қараңғылық түскенін де білмей қалыппыз ғой. Өрістен қой келген шығар, сиыр да мөңірейді ғой. Кейуана өзінің де, шалының да іске алғысыз болып қалғанына кейістік білдіргендей: – Көршіміз аман болсын, солар-ақ қамай салады ғой. Өзің күнде малдың алдынан шығып жүргендей несіне уайымдайсың? Онысы несі ей? – деді. Кемпір бүкірейген белін оң қолымен ұстап, күшене екі-үш қадам жасап, электр шамының түймесін нұқып қалды. Қараңғылық құшағына енген үйдегі ескі жиһаз жарқырап сала берді. Тек алақотан отыратын дөңгелек үстелдің астында, көне сандықтың жақтауы мен сырлы серванттың іргесі, темір бас төсектің қалтарысындағы қараңғылық қашып үлгермепті. Терезеден сыртқа атқыған созыла түскен сәуле мақпал түннің қара бояуын еңсеріп тастапты. – Ойе-буй, қара басып неғып отырмын. Қазір Бекжаным мен келін шырақ жұмыстан қарындары ашып келеді ғой. Қой, түсте жасаған кеспені жылытып жіберейін, – деп кемпір қара қазанды пеш үстіне ерттеген. Күндіз шалы екеуі жарытып тамақ та ішпеді. Бесінде сарайға барып, қазан түбіне екі-үш қабырға мен жұдырықтай жұмыр етті турап, кеспеге қосқан. Осы сәтте шиқ етіп есік ашылды. – Тү-у, дастарқан жайып қойыпсыз ғой, апа. Несіне әуре болдыңыз. – Үйде омалып отыра бергеннен не табам, келін шырақ. – Дастарқан жайған екенсіздер, бізді тоспай-ақ, тамақ іше бермедіңіздер ме? – деді Ақмарал келіні ыңғайсызданып. – Бектастан хабар бар ма? – деді ұлы. Қария күрсінді. Кемпір кимешегіне сүрініп кете жаздап, ауру аяғы ауырсынғандай, сылтып басып, қара қазанды араластыра бастады. – Е, немеремізді ойлап тамағымыздан ас өтпей қалды ғой? – деді кемпір әлденеге көңілі нілдей бұзылып. – Біздің үйге қонақ та келмейтін болды ғой. Бектасым шауып жүргенде осы аулада балалар шуласып, есті алушы еді. Е, оған зар болып қалдық қой, қайтейік. Баласыз үй – мазар екен. Түнеукүні есік алдында отырсам, ағайымның үлкен ұлы өтіп барады екен. Келіп амандасуға да жарамады, – деді қария. Кейіген күйі әжім соқпақ салған саусақтарын жуып, төрге өтіп, жастыққа жантая жайғасты. Бір қолына асадал шәйнек, екінші қолына ішінде құмшекер шөккен ыдысты ұстап, кемпір тапал үстелдің үстіне қоя бастады. Іле-шала пеш үстінде бұрқ-сарқ етіп қайнаған, ашуы көкке шапшыған шәугімді үстел үстіндегі жалпақ тақтайға қойып, сабырға шақырды. Сырлы сервант пен тайпақ үстел арасында өзі қайырған сары майды тәрелкеге салып, үлпілдеп табаға піскен, иісі мұрын жаратын ақ нанды турап жүріп алды. Кеше Сыбанбайдың асынан әкелген сүр ет пен қызыл бауырсақ, шалының қолдан жасап берген келісінде түйілген дәмді жент, майы айырылған құрт – бәрі-бәрі көзді арбап, сілекейді шұбыртты. Бұл кезде баласы мен келіні киімін ауыстырып, ас үйге кіріп еді. Кенет қос қария бұлардың соңынан ере келетін Бектасын ойлап, ұнжырғасы түсіп кетті. – Апа, сіз отыра берсеңізші! Шайды өзім құям ғой, – деді келін қипақтап, енесі жайнатып қойған дастарқанға қарап ұялғаннан. Кемпірдің өне-бойы шымырлап, сылқ етіп орындыққа отыра кетті. Қарысып қалған тарамыс қолдарын жазып, білегін, буындарын уқалап, үһіледі. Тоңазытқыштың үстінде төртбұрыш кішкене рамкаға салынған Бектасының суретін көріп, көңілі босап сала берді. Енді кемпір ғана емес, шалының, ұлы мен келінінің де асқа тәбеті тартпады. Бектас жайлы әңгіме қозғалса болғаны үй ішін көңілсіздік билейтін. – Бектасым, Бектасым-ау! Құлыным-ау! – деп кемпір келінінен еш қымсынбастан еңіреп сала берген. Ұлы зор денесін түгел сілкінте, солқылдап жылап жіберді. Үйдегілердің жүйкесі әбден тозғаны сонша, көз жасына жиі ерік беретін болған. – Қарғам-ау! Құлыным-ай! Қайда кеттің екен? Жер жұтты ма, өзенге ағып кеттің бе? Шалдың аппақ сақалына ақ тамшылар бойлады. Кемпірдің етегіне жас тамды. Келін күйеуінің иығына басын төсеп, жасқа шыланған жанарын жасырды. Қора сыртындағы ит тағы үрді. Үй ішіндегілер маңайды әлем-тапырақ қылып, үдей түскен өксігін көпке дейін тоқтата алмады. * * * Бектас жоғалған күні ана жүрегі әлдебір жамандықты сезгендей жұмыстан ерте оралып еді. Есіктен кіре сала ас үйде ұршық үйіріп отырған енесіне қарап: – Мама, Бектас қайда? – деді жанұшыра. – Ойбай, көтек, не болып қалды? Жаңа ғана үйдің ауласында ойнап жүр еді ғой, – деді кемпір ұршығын диванға тастай сала орнынан атып тұрды. Аяғын сылтып басатынын ұмытып кеткен. Ақмарал сыртқа шығып дауыстады. – Бектас, Бектас қайдасың? Үн жоқ. Ене мен келін үйдің ауласын, көмір қора, мал қораның қуыс-қуысын іздесе де таба алмады. – Балалармен ойнап кеткен шығар, – деді кемпір өзін де, келінін де сабырға жеңдіріп. – Мама, жүрегім бір жамандықты сезеді. Бектас, бір бәлеге ұшырап қалмаса екен. – Қой, тәйт әрі! Жаман ырым шақырма. Немерем ойнап жүрген шығар. Ойын баласы ғой. Қайда кетеді дейсің? – Апа, балалармен кетсе сұранып кетер еді ғой. – Ұмытып кеткен шығар, – деді кемпір жүзіне түскен күннің сәулесін оң қолымен көлегейлеп, – Бектас– ау, Бектас, қайдасың жүгірмек. Үйдің ауласындағы түнді күзеткен ит те ұйқысырап жатыр еді, адамдардың айғайына басын сәл көтеріп, қайта бойкүйездік танытып, жата кетті. Осы кезде балдағы қалтырап шал да келіп жаткен. Шарбақты жағалай, ағаш қақпадан кірген бойда: – Әй, не боп қалды? Неге сонша айғайлайсыңдар? – Бектас… Бектас жоғалып кетті, – деді келін. – Жоғалғаны несі? Әй, кемпір, сен қайда қарап отырдың? – Жаңа ғана жанымда жүрген, бала ғой. Зымырап бір орында тұрмайды. Шал мен кемпір көрші-қолаңды аралап кетті. Ақмарал да ауылды түгел шарлап, аяғынан таусылған. Ана жүрегі бір жамандық сезгендей дүрсілдей жөнелді. Баласын көрген, естіген бір адам болсайшы. Бектас ұшты-күйлі жоқ. Бекжанға хабар жеткен. Жұмысынан алып-ұшып жеткен Бекжан атқа мініп, ауыл маңындағы жыңғыл-жықпылды, өзен бойын ұзақ кезген. Бірақ таба алмаған. Ауылдықтар да суыт хабарды естіп, «Е, байқұс бала қайда жүр екен? Біреу алып кетті дейтіндей ауылға келген бөтен ешкім жоқ. Суға ағып кетпесе игі» десті жанашарлық танытып. Бекжанның көршісі Гетман да жасыл түсті мотоцикліне мініп, талай жерді шарлап шыққан. Қара түн маң даланы құшағына алып, көз байланды. Бұдан әрі іздеу қиынға соғарын білген, әрі ауқаттанып алмақ болып Бекжан өзімен бірге қоярда-қоймай Гетманды үйге ілестіре кірген. Қарияның сәл дақ түскен жанарының жиегі қызарып кетіпті. Көзінің жасын етегімен сүртіп қойып, кемпір шоқаңдай секіріп, газ плитаның үстіндегі шәугімге қол созды. – Гетман, төрлет айналайын! Кешке дейін сабылып тамағың құрғап кеткен шығар, – деген кемпір оюлы кесені ұсынған. Алдына қып-қызыл бауырсақ пен жеті шелпекті үйген. Қария жеті нанға құран бағыштаған. – Ала ғой, айналайын! – деді қария. – Қырықтың бірі қыдыр деген. Гетман үндемеді. Ойға батқан күйі күрең шай мен екі-үш қызыл бауырсақты сүйсіне жеп қойды. Бекжан әбден шаршаған, әлде уайым мен күйзелістен болар, асқа тәбеті тартпады. – Байқұс балам қайда жүр екен? Бір нәрсеге ұшырап қалмаса екен, – деп ана іштей Жаратқанға сиынды. – Мына жеті қараңғы түнде немерем ауылдан адасып, шошынып қалатын болды-ау! Ит-құсқа кезікпесе екен, – деді кемпір кемсеңдеп. – Жә, жамандық шақырмаңдар! Бір қайырымы болар. Үмітімізді үзбейік, – деді қария ойлы жанарымен үй ішіндегілерді тегіс шолып. Бұл кезде бәрі тегіс ас ішіп болған еді. «Басқа амандық, асқа адалдық бер, Алла!». Қария әжім басқан бетімен қоса шоқша сақалын сипады. – Қой, Бектас ойнап жүріп шөп үстінде ұйықтап қалған шығар, барып қора жақты көріп келейін, – деп Бекжан орнынан түрегелді. Гетман да ере шыққан. – Жарайды, мен үйге барайын, – деді Гетман. – Жақсы. Көрші, жақсылығың құдайдан қайтсын, – деді Бекжан. * * * Аспан түстес өзен бала жоғалғалы бір апта аққан. Жылап аққан. Жұрт та жас жеткіншекті өлдіге қимай, жан азабын жүрегіне жерлеген. Ауыл маңындағы өркеш-өркеш таулар мұңға батып, сар дала ойға шомды. Бекжан жамбасына темір төсек батып, ұзақ ойланған. «Егер балам суға ағып кетсе, ендігі мүрдесі табылар еді. Балқаштың балықшыларының ауына ілінбей ме? Әлде байқұс балам орман-тоғайға адасып, ит-құсқа жем болды ма екен? Мүмкін емес, әр тал-бұта, жыңғыл, шеңгелдің арасын қалдырмай шарлап шықтым ғой. Тым құрыса сүйегін…». Ананың да жүрегі қан жылап, ойы сан-саққа жүгірген. «Баламның тірі екенін жүрегім сезеді. Бай емеспіз, баланы біреу алып кетіп, бопсалап ақша талап ететіндей. Мүмкін, баласы жоқ біреу ұрлап алған шығар. Ауылға бөтен көлік келген жоқ, атпен ұрлап кеткен болды ғой. Иә, иә, біреуге бала керек болған шығар. Бірақ кім? Кімнің босағасында жүр екен балам?». Қария мен кемпірден де ес кеткен. Тапа-тал түсте жалғыз немереден айырылу оңай ма? Екеуі теңізге батқан кемедей күн санап шөгіп бара жатты. Шағын ауылда жұрт бір-бірін жақсы танитын. Кейбірі туыс-жекжат болып кеткен. Ауылы аралас, қойы қоралас жататын тамыр-таныстардан да көңілге медеу боларлық бір белгі шықпады. – Шал-ау, кімнен күдіктенеміз? Ауылымыз ауыл емес, бір атаның баласындай болып кеткен жоқ па? – деді кемпір шарасыз. – Оның рас, кемпір. Туыстығымыз, көршілігіміз көпке өнеге. Тіпті, мынау өркені өскір Гетманның өзі жақсы туыстай болып кетті емес пе? – Е, ауылымызға кезінде көшіп келген ниеті түзу, ақ көңіл ағайын мұнда көп қой. Әлгі сұм соғыс біткен соң ағылды ғой, жарықтық. Қос қарттың есіне қиын-қыстау кезең көлбеңдеді. * * * Елуінші жылдың басында Жетісу жеріне теміржол арқылы жүздері ақшыл сары, еуропалық нәсілді, бойшаң, кең иықты жұрт жеткен. Түсі сұрқай вагондардан топ-тобымен түсе бастаған, жұпыны киінген, арқаларында дорбасы, қолдарында шабаданы бар бейтаныс адамдарға қазақтар еріксіз таңдана, көз алмай қарап қалған еді. Кішкентай балалар үрпиісе шешелерінің артына тығылып, сығалап қояды. Ауыл басшысы әр үйге бір-бір отбасын аманаттаған. Тәртіп қатаң, партия айтты, бітті! Жат жұртты бауырыңдай құшағына алуың қажет. Бірақ қазақ халқы қамшы салдырмай-ақ келген қонақтарға жеті шелпегін ұсынып, ерекше ықылас танытқан. Қонақтар таң қалысып, таңдай қақты. Жергілікті жұрттың көптен бері ескі досын көрмегендей сағына төс қағыстырып, жайдары жүзімен іші-бауырына кіріп бара жатқаны, тілін түсінбесе де, тілегі бір екенін келген қонақтар анық ұққан. Қазақтардың қас-қабағын аңдаған. – Жолдастар! Сонау Еуропадан сіздерден демеу, сүйеу сұрап, ақкөңіл, еңбекқор халық келіп отыр. Барлығымыз жағдай түзелгенше қарайласып, қамқорлыққа алайық.
Бұлар да өзіміз сияқты момын халық. Партия үкімі бәрімізге ортақ, – деді атқамінердің бірі. Жатжұрттықтар қазақтар қалай қабылдар екен деп жаутаңдай қарады. Сол кезде өзіне құшақ жая, күлімсірей қарсы алған халықты көргенде елжіреп кеткен. Көздеріне көлкілдеп жас келген. Қуаныш жасы. – Қош келдіңіздер! Сіздерге құшағымыз әрқашан ашық. Қадамдарың құтты болсын! – дескен қазақтар. Сонау шалғайдан темір вагонға сығылысып келгенде кең пейіл, жұмақ жердің тұрғындарына тап боларын еш ойламапты. Қазақтар баспанасынан орын беріп, бір үзім нанын бөліскенде кейбір меймандардың ет жүрегі елжірей түскен. * * * Ауылға ақшам жамырап түскен. Күн ұясына батып, қызыл шапақ шартарапқа тарыдай шашырап кетпейінше ауылға жетуді ойлаған малшы қой-ешкіні қасқыр шапқандай дүркіретіп, дүрліктіріп әкелді. Ауылға жете бере қозысы есіне түскен қой, маңыраған ақсақалды ешкі дауысы құлақ тұндырып, жұрт қақпадан көшеге қарай ағылды. Әркім өз малын отардан бөліп әкетіп, қораға қарай аяңдағанша ымырт үйірілді. Әдеттегідей жоғалған малды іздеу басталған. Ел-жұрт көршілерінің қорасына кіріп кеткен қой-ешкісін іздеп келіп, «Е, осында екен ғой» десіп, малының аман-есен екеніне көз жеткен соң кері бұрылып жүре беретін. Ешкім екі кештің ортасында өз қорасына малын жетектеп апармайды. «Қайда кетер дейсің? Таңертең қайта өріске барады ғой» деп өзін сабырға шақырады. Бұл өзі ауылдың айнымас заңындай болып кеткен. Малы адасып кеткен соң он жасар Сырым да үй-үйді аралауға шыққан. Гетманның үйіне де келіп жетті. Шарбақтары түп-түзу, үйдің сырты түгел сырланған, есіктің алды тап-таза, алма ағаштары көлегейлеп тұрған әсем қақпадан дауыстаған. – Гетман аға, бөтен мал жоқ па? Ешқандай жауап болмаған. – Гетман аға! Гет-ман а-ға! – деп дауысын созыңқырады бала. «Үлкен кісі естімей қалды ма?» деген оймен Сырым қақпа ішіне кірген. Маңайда үрген ит көрінбеді. «Несіне қорқам, қолымда таяғым бар емес пе?,– деп ойлады ол, – әрі ауылдың шәңкілдеуік қандендері болмаса, жалқау төбеттері басын көтергенімен, орнынан тапжылмай, ұйқысырап жатады. Сырым сырты торкөз сымтемірмен қоршалған қораның ар жағындағы қойешкілерге көз салған. Іле-шала жүзі жылып сала берген. Бұлардың екі ешкісі осында түнеп қалсын деді. Баланың көңілі жайланып, кері бұрылды. Сырты жұмыртқадай ұзыншақ сарайдың алдынан өтіп бара жатыр еді, құлағына бір бейтаныс дауыс келді. Жел соққан соң сарайдың есігі ашылып қалыпты. Атам «Күн батарда далаға шықпаңдар, жын-шайтан өріп жүреді» деуші еді, құлағыма естілген шығар деп ойлаған. – Ыр-ррр, ыр-ррр! Бала жалт қарады. Беймәлім дауыс тұп-тура сарайдың ішіндегі, жан-жағы цементпен құйылған, қақпағы ашық, терең жертөледен шығып жатыр екен. Сырым оқыс дауысқа таңданып: «Гетман аға түлкі, не қасқырдың балаларын асырап жүр ме? Көрейінші, не асырап жүргенін?» деп балалық қызығушылықпен табалдырықтан ілгері аттаған. Өзіне тақаған адам иісін сезді ме, жертөле түбінен қорқынышты дауыс қайта сыртқа естілді. – Ыр-ррр, ыр-ррр! Бала қолындағы таяғын мықтап қыса түскен. Бұл кезде дала қара жамылып бара жатыр еді. Көз байланар сәт те таяп қалған. Есіктен жертөле ішіне әлсіз, көмескі сәуле бойлайды. Сырым жертөленің төрт бұрышты ауызына бір қадамдай қалғанда кілт тоқтап қалған. Жүрегі дүрсілдей жөнелді. Сонда да қызығушылығы жеңіп, таяғын алға оздырып, басын төмен салбыратып, жертөле ішіне қарады. – Ыр-ррр, ыр-ррр! Уау-уау! Кенет жертөле ішіндегі бейтаныс бір құбыжық жоғары қарай шапшып, тұра ұмтылды. – Мама! Ойбай! Кет әкең! – Сырымның құлын дауысы естілген. Бала бүкіл денесімен кері серпілді. Денесіне қарақұрт өрмелегендей жиіркеніп, тітіркеніп кетті. Жүрегі кеудесіне сыймай атқақтады. Артына бұрылып қарамастан үйіне қарай жүгіре жөнелді. Сырым жүрегі алып-ұшқан бойда үйіне алқынып жеткен. Шәй сораптап отырған Ержан әкесі үйге жүгіріп кірген баласын жақтырмай, дауыс көтерген. – Әй, не болды?! Мал табылды ма? – деді. Ентігін баса алмай отырған бала әрең тіл қатты. – Гетман… Гетман аға… – Не болды? – деді әкесі кесені асығыс дастарқан үстіне қоя салып. Шәй құйып отырған шешесі де оқыс қараған. Екі кештің ортасында көрші қайғылы жағдайға ұшырып қалған шығар деген оймен шошына. – Гетманға не болды? – деді Дәния шешесі сұраулы жүзбен. – Ағаны көргем жоқ. Ешкілер сол үйдің қорасында екен. – Онда неге үйге алып-ұшып келдің? Не боп қалды? – Гетман ағаның үйінде… Жоқ, жертөлесінде… – Білмеймін. Бірдеңе бар. Ырылдайды. Түрі сұмдық қорқынышты. – Қасқыр, түлкінің балалары шығар. – Жоқ, басқа бірдеңе. Маған тұра атылғанда қолдарын көрдім. Тура адамдікіне ұқсайды. – Сен не деп сандырақтап кеттің? Адамы несі, маймылды да шұңқырға қамап ұстамайды. Көзіне жын көрінгеннен сау ма? Сен сатқақ, біреудің жертөлесінде нең бар?! Осы кезде есік ашылып, Сырымның атасы Сарқытбай кірген. – Е, менің немерем не бүлдіріп қойды? Дауыстарың далаға шығып жатыр ғой, түге. – Мына баланы ұшықтамаса болмайды. Шұңқырдан адамға ұқсас бір құбыжық көрдім дей ме? – деді әкесі. – Тфә-тфә, – деді атасы немересінің басынан сипап, бауырына басты. Сырымның бойын әлі қалшыл билеп тұрған еді. Бес-алты қадам аттады да, темір төсекке жата кетті. Өзін сабырға жеңдіргісі келді. Бірақ жас жүрегі дүрсілдей соғып, еркіне бағынбай барады. Денесі қалш-қалш етеді. Жаңа көрген сұмдық ойынан еш кетер емес. Әке-шешесі асқа шақырып еді, тәбеті тартпады. Атасының ескі күртешесін жамылып ұйықтап кетті. Таңертең өріске ағылған жұрт Сырымның көргенін сөз еткен. – Өзі қайда? Не көргенін баланың өзінен сұрайық та? – десті күмәнді ойға шырмалған жұрт. – Бала шошынып, ауырып қалды. Бүгін сабаққа да бармады, – деді Ержан. – Сонда не көріпті? – Түр-тұлғасы адамға ұқсайтын бірдеңе дейді. Ырылдайды екен. Бұл әңгіме бүкіл ауыл жұртының құлағына жетті. – Ойбай, адамы несі?! Бекжанның баласы болып жүрмесін, – десті халық. Жұрт жиылып, өзара күбірлескен. Ақыры бір байламға келіп, Гетманның үйіне бет алған. Бұл кезде күн найза бойы көтеріліп қалып еді. Көшеден ентелей кірген шақырусыз қонақтарды көргенде күншуақта шылым шегіп отырған Гетман орнынан өре түрегеліп, алдынан әбжылан шыққандай абдырап қалған. Жұбайы Галя бақилық болғалы үйіне мұнша қонақ келіп көрген емес. Бекжанның туысы Фазыл бастаған топ селсоқ амандасқан соң келген шаруасын айтқан. Жандарында милиция өкілі бар. – Жертөлеңізді көрсетіңіз, – деді құқық қорғау иесі. – Не… Не іздеп жүрсіздер? – деп сандырақтады Гетман. Жұртты ілгері жібермеуге тырысқан. Фазыл алға өршелене басып, сарайдың алдына келген. – Аш есікті! – деп зекіді. – Ашылмайды бұл есік. Кілтін жоғалтып алғам. Сендерге не керек? Менің үйіме неге рұқсатсыз кіріп, дауыс көтересіңдер?! Мен сотқа шағымданам, – деді сасып, не істерін білмей абдырап. Өне бойы дірілдеп кеткені дауысынан анық байқалған. – Міне, мілисаны ертіп келдік қой, осыған арыз-шағымыңды айта бер, – деді жұрт. – Гетман, сенің жертөлеңнен балалар бір күдіктіні көрдік деп отыр. Егер ештеңе жоқ болса, несіне қорқасың? Ішінде ештеңе жоқ екенін көрсет, – деді милиция. – Айттым ғой, кілті жоғалып қалған деп! – Сен үйіңде біреуді жасырып отырған шығарсың. Мүмкін, түрмеден қашқан қылмыскер шығар. Кәні, есікті аш! – деді құқық қорғау өкілі. – Есікті бұзыңдар! – деді Фазыл. Жұрт алға ұмтылды. Милиция аузын ашып үлгермеді. Ашуға булыққан жұрт құлыпты жерде жатқан шомбал таспен бір пергенде құлыптың аузы аңқиып сала берді. Гетманның жүзі сұп-сұр болып кетті. Фазыл есікті жұлқи ашып, ішке енген. Осыны күткендей жігіттердің бірі жертөле ішіне сіріңке жақты. – Ыр-ррр, Ыр-ррр! – О, әкең! – Фазыл мысықша кері серпіліп, есік аузында кірерге тесік таппай тұрған Гетманның бет-жүзін ауыр соққысымен салып өтті. Анау ұшып түсті. Сірә, мұндай соққы алам деп ойламаса керек, жерден атып тұрып, қаша жөнелді. Соңынан милиция қуа жөнелген. Жертөле ішіне мол жарық түсті. Жігіттердің біреуі төменге саты сырғытып, Фазыл ішке еніп, балаға жақындай берді. Аяқ астында үймеленіп қалған, иісі мұрын жарған иттің нәжісіне мән берген жоқ. – Ыр-рр, ыр-ррр! Уау! Уауф! – Бектас, қорықпа! Бұл мен ғой… ағаң… Фазылмын. Таныдың ба? Жарты жылға жуық жертөле ішінде күшіктермен бірге тамақ ішіп, дәрет сындырып, итше үріп үйренген, жабайы болып кеткен бала санасының түкпірінде бір жылы, жағымды дауыс жаңғырған. Иесін танитын ит секілді, төрттағандап жүрген бала бұл дауысты қайдан, қашан естідім дегендей елігіп, жалт бұрылды. Таныс бейнені көріп, тіл қатты: – Ыр-ррр! Уау, уауф! – Байқұс бауырым-ай! Сені мұндай күйге жеткізген адам емес, нағыз хайуан екен. Хайуаннан садаға кеткір, Гетман! – деп Фазыл бір сыбап алды. – Кел, келе ғой! Қорықпа! Саған тиіспеймін! Фазыл балаға күлімсірей қарап, қос қолын жақындата түсті. Көптен бері адамдармен араласпаған бала қорыққан иттей үрпиісіп, аянышты көздері мөлдірей, бұрышқа тығыла түсті. Өзіне тақап қалған қолды тістеп алмақ болған баланы Фазыл шап беріп, құшақтай алды. Іле-шала үстінен жағымсыз иіс мүңкіп сала берген. Қақпанға түскен қасқырдай аласұрған бала жұлқынып, өзін қатты қысқан құшақтан ажырағысы келген. Адам денесінен тараған жылылық бойын баураған. Фазыл баланы сыртқа алып шыққанда жұрттың бәрі жағасын ұстаған. Бектас сүп-сүйкімді, торсық шекелі бала емес, шашы жалбырап кеткен, тырнағы сояудай, үстіне жүн шыға бастаған, жабайы адамнан аумай қалған. Көзін күн сәулесі қарыған бала мазасызданып, жұлқына береді. «Астағфиралла!» дескен жұрт. «Жауыз-ай, кіп-кішкентай баланы қараңғы шұңқырға иттермен бірге қамап, азаптағанын қарашы! Осындайлар қалай жер басып жүр екен? Мұндайлардың көзін құрту керек. Гетман қайда? Ол жауызды үрім-бұтағы, қандастарымен бірге ауылдан аластау керек! Бүкіл ауыл жауға қарсы шапқандай өре түрегелген. Сұмдықты естіген үлкен-кіші жағасын ұстаған. Бұл хабар баласын жоғалтып, жоқтап отырған әкешешеге, шал-кемпірге де ауыр тиген. Әуелі сенбеген. Үй іші тегіс есін жия алмай, есеңгіреп қалған. – Не дейт! Сен не айтып тұрғаныңды білесің бе? – деді Бекжан. Қара бұлттай түнеріп, екі беті ашудан бозарып сала берген. – Өз қолыммен ұстап алдым сілімтікті! Милициямен барып, жертөледен тауып алдым бауырымды! – деді Фазыл. – Оңбаған! Көрші болмай, көрге кіргір! Оңдырмаймын, өз қолыммен жайратам! – деді Бекжан қаны басына шауып. – Немерем! Немерем қайда? – деп жанұшыра айғайлады қос қария. – Қорықпаңыздар! Немерелеріңізді алып келдім. Фазыл ауыз үйден шашы жалбырап, үсті-басынан қолаңсы иіс мүңкіген қарадомалақ баланы көтеріп кірді. – Құлыным! Ботақаным! Келдің бе, әйтеуір! – деген ана баласын қапсыра құшақтай алды. Көзінен жас ыршып шыққан. – Қарғам-ау! Ботақаным-ау! Айналайын, сені де көретін күн бар екен-ау! Кел, келе ғой, – деп қос қария еміреніп, құшағын жайды. – Ырр-ырр! – Иттермен өскен бала айбат шегіп, анасының құшағында бұлқынды. – Бектас, мен ғой… мен.. анаңмын ғой. Танымай қалдың ба? Құлағының түбіне ертеректе естіген жағымды, майда дауыс келді. Дереу тынши қалған. – О, тоба! Мына қарғыс атқыр, немеремді ит қылып жіберіпті ғой, – деп кейіді қос қария. От маздаған жылы үй баланың ұйқысын келтірген. Арада сүт пісірім уақыт өткенде баланы суға түсіріп, шашын алды. Үстіне таза киім кигізді. Бірақ бала көпке дейін ит құсап үруін қоймады. – Сенің не жазығың бар еді. Сорлап қалдық қой. Сорлатты ғой, қайырымсыздар! Қазір жанымда итше үрмей, апа деп еркелеп отырар ма еді? Құдай-ау! Қайтейін енді! –деді кемпір. Көз жасы қарияның ақ сақалынан домалап тамшылап тұрды. Үй ішіндегілердің бәрі боздап сала берді. * * * …Сол күні ауыл ортасынан қолына кісен салынып, милиция жетектеген Гетманды жұрт ала көзімен ұзатып салды. Ауыл тегіс ашуға булығып, кімге соқтығарын білмей, аласұрды. – Жиырма төрт сағат ішінде көшіп кетпесеңдер, түгел бауыздаймыз, – десті. Момын халықтың қолдарына балта, аша, тіпті кейбірі мылтық ұстап, дүр етіп көтерілгенін көрген Гетманның қандастары тегіс көшуге асығып, еріксіз жүктерін буа бастады. – Гетман, құдайы көрші едік, баламды сонша неге қорладың? – деді қария өкпелі күйде. Тісі-тісіне тимей дірілдеп, қолындағы балдағы қалтырай берді. Бекжан тістеніп, алға ұмтылған. Күн астында тотыққан жүзінен ашудан түтіге түскен. Жанындағы екі ағайыны қос қолынан ұстап, ілгері жібермей қойды. Қолдары қарысып қалса да, алға өршелене түсті. – Гетман! Хайуан! – деді Бекжан. Қылмыскер мойын бұрған. – Жауыз! Менің баламда не әкеңнің құны бар?! – Сен менің итімді өлтірдің. Балаң итімнің орнына ит болды, – деді Гетман шімірікпестен. – Сен нағыз ит екенсің. Иттен садаға кеткір! *** Бекжанның есіне көктемдегі оқиға түскен. Баласы көшеде ойнап жүргенде Гетманның иті баланы қауып алған. Басқа балалар да итке таланды. Бекжан көршісіне «Итіңді байла, итің қабаған, балаларды жазым етер» деп талай ескерткен. Ең соңғы рет аяғына сойдақ тісін батырып, кірш етіп тістегенде баланың бақырған ащы дауысы маңайға жайылған. Бекжан дастарқан үстінде шәй ішіп отырған кесесін қоя салып, сыртқа атып шыққан. Сол кезде баласының аяғын оңдырмай тістеп жатқан итті көзі шалды. Бар пәрменімен жүгіріп келіп, ажыратпақ болғанынан нәтиже жоқ. Ит өзіне өршелене, арсылдай ұмтылды. Қолымен қағып жібергенде қайта секірді. Амалы қалмаған бұл өршеленген итке жуан жұдырығын сілтеп, ауыр соққымен қарсы алған. Ит қаңқ етіп, қайта арсылдай жөнелді. Бірақ қайта секіруге батылы бармады. Бекжан денесімен баласын қорғай берді. Қараса, баласының аяғынан қан саулап тұр екен. Иттің өткір тістері сан етіне кіріп, қатты жарақаттапты. Бектасты көтеріп, үйге кірді. Баласының күйін көрген ана байқұс шошып кеткен. Дереу шалбарын шешіп, аяғын дәкемен таңа бастады. Бұл кезде Бекжан қолына қос ауыз мылтығын алып, далаға қайта шыққан. «Құтырған ит! Көрсетем мен саған! – деп өзіне қарай айбат шеккен итті маңдайдан көздеп, атып жібергенде ит жантәсілім етті. …Бұл кезде қолына кісен салынған Гетманды милиция көлігіне отырғызып жатқан еді. Бекжанның есіне хакім Абайдың «Күшік асырап ит еттім…» деген өлең жолдары еріксіз орала кетті. Көз алдында Гетманның сұлбасы қабаған итке ұқсап кеткен.
Асхат ӨМІРБАЕВ