Озбырлығымен отанымызды бұратана еткен одақ тарап егеменді ел атанғалы жалмауыздай жабысқан «сыбайлас жемқорлық» деген айықпас дерт пайда болды. Бүгінгі информация дәуірі дүрілдеп тұрған кезеңда бұл ауруда ұят та, ар-ождан да қалмады. Одақ кезінде жасырын жасалатын жемқорлық елімізге ентелеп кіріп өз орнын ортамыздан ойып алды.
Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мақсатында елімізде «Қылмыстық кодекске», «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға және басқа да заңдық нормативтерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр. Олар мүмкіндігінше өз нәтижесін беруде. Қазақстан Республикасының Жемқорлыққа қарсы стратегиясына сәйкес барлық ұйымдарда арнайы жоспар құрылып, түрлі шаралар жүргізілуде. Бұл жүргізіліп отырған шаралар мемлекетіміздің жемқорлыққа қарсы саясатының орындалуына өз үлесін тигізіп келеді. Бүгінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның әр облыста департаменттері бар. Аш кенедей жабысқан бұл дертпен күресті тек заң қызметкерлері ғана жүзеге асырады деп бойымызды аулақ салмай, бірлесе күресу баршамыз үшін маңызды іс екенін айта кеткеніміз жөн деп санаймыз. Сыбайлас жемқорлық — ұлтымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің халықаралық беделіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына елеулі нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Жемқорлықпен күрес кез келген қоғам үшін әрқашан өзекті мәселе. Ал онымен күрестің тиімділігін арттыру кез келген мемлекеттің болашағы үшін стратегиялық мәнге ие. Әсіресе, бұл серпінді дамып келе жатқан және бәсекеге қабілетті әлем елдерінің қатарына кіруді мақсат етіп отырған біздің еліміз үшін бұл өте маңызды әрекет екені бәрімізге белгілі. Еліміздің әр бір мекемесі осы індетті інгендей қайқаңдатпай аяғына тұсау салатын кез әлде қашан кеп қойды. Егер еліміздің заңдарына келсек азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын лауазымды және басқа да адамдардың, сондай-ақ оларға теңестiрiлген адамдардың тиiмдi қызметiн қамтамасыз етуге бағытталған және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң негiзгi принциптерiн айқындап, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерiн, сондай-ақ жауаптылықтың пайда болу жағдайларын белгiлейтінін көреміз, сол сияқты демократиялық негiздердi, мемлекеттi басқарудағы жариялылық пен бақылауды кеңейтуге халықтың мемлекет пен оның құрылымдарына деген сенiмін нығайтуға, бiлiктi мамандарды мемлекеттiк қызметке кiруге ынталандыруға, мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын адамдардың риясыз адалдығы үшiн жағдайлар жасауға да бағытталғанын байқаймыз. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар үшiн заң негiзiнде мемлекеттiк мiндеттер атқаруға уәкiлеттi адамдар мен оларға теңестiрiлген адамдар жауапты болады. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттi адамдарға:
мәслихаттардың депутаттары; Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңына сәйкес барлық мемлекеттiк қызметшiлер жатады. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттi адамдарға: жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайланған адамдар; заң бойынша белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасының Парламентi мен мәслихаттардың депутаттығына кандидаттар ретiнде тiркелген азаматтар, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару сайланбалы органдарының мүшелері де кіреді.
Әр ата-ана өз баласының денсаулығына қалай қараса, бұл індеттен де балаларын алшақ ұстауға тәрбиелеулері қажет-ақ. Жасөспірім ұл-қыздарымыз мектеп қабырғасында жүріп-ақ жемқорлықтың дәм-тұзын сезбей жүрген жоқ. Жоғарғы оқу орындары да бұл дерттен кенде қалып жүрмегені ақиқат. Құрметті оқырмандар, соңымыздан сор болып қалмай жүрген осы пәлекетті қалайда жою үшін сіз болып, біз болып бірлесе күресуіміз қажет. Қорыта айтқанда, қоғам үшін қауіпті дерт — сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу, оның алдын алу — барша қазақстандықтардың міндеті мен талабы. Олай болса Қазақстанның әрбір азаматы қоғамның жанашыры болып, жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуімізді күшейте түскеніміз абзал. Сонда ғана сыбайлас жемқорлықтан тазарып қалатынымыз сөзсіз.
Жаппарбек Дәулет Дарханұлы, Түркістан облысы кәмелетке толмағандардың
істері жөніндегі мамандандарылған ауданаралық
сотының аға сот приставы


