Жаңа Қазақстанның өркендеп, өсуіне, өркениетті елдермен тең тұруына үлес қосу азаматтық парыз. Ол үшін бүгінгі қоғамды жаулаған індеттің бірі сыбайлас жемқорлықтан арылу басты талап болып саналады. Негізі сыбайласқан жемқорлық өте қауіпті әрі жағымсыз әлеуметтік көріністердің бірі болып табылады. Бірінші кезекте заң талабы бұзылады. Заңнама толық орындалмаған соң ел экономикасы құлдырайды.Еліміздің әлемдік қоғамдастық алдындағы беделін төмендетеді.Сөйтіп, шетелдік инвестиция тартуға басты кедергілердің біріне айналады.
БАҚ құралдарынан көріп, естіп, оқып жүргеніміздей сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар қылмыстарда қоғамға қауіпті де ауыр әрекеттердің бірі — пара алу болып табылады. Өзге адамдар есебінен байу ар алдында — арамдық, заң алдында — қылмыс болып есептелетінін білген дұрыс. Білумен шектелмей осынау теріс қылықтың жолын кесу парыз екенін де санаңда сақтаған жөн.Негізі сыбайлас жемқорлық мемлекеттік билік органдарындағы қауіптілігі және мемлекеттік қызметшілердің шешім қабылдауда беделін түсіретіндігі, өкілеттілігі мен қатаң құқықтық есеп беруде,қадағалаудың жоқтығын айқындайтындығы, биліктің монополияға айналуына әкеліп соқтыратындығын көрсетеді. Сондықтан уақыт талабына сай жоғары маңызға ие болып, мемлекеттік қызметшінің күнделікті пайдаланатын оқу құралына айналған Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы ең пәрменді заңдардың бірі болып табылады.
Заңның ең басты құндылығы — азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіптен сақтауға, сондай-ақ жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, тыю және ашу жолында мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл заң талабы. Заңнаманы орындауға сот жүйесі, құқық қорғау органдары, жалпы қазақстандықтар міндетті. Сол міндетті кімнің қалай орындап жүргені жариялылыққа жарқын жол ашылған өмірде айқын көрінуде. Барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар өз құзыреттері шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізіп жүргені де әлеуметтік желілерде тізіліп шығатыны да жасырын емес. Өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтау, алдын-алу және сол қылмысқа кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, салық, кеден және шекаралық қызмет, қаржы және әскери полициясы органдарымен жүзеге асырылып, соңғы нүктесі сотта қойылады. Қарапайым халықтың жадында жүретін мағлұмат — сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы ауызша хабарламалар мен жазбаша арыздар қылмыстың жасалу орны мен уақытына қарамастан құқық қорғау органдарында тәулік бойы қабылданады.Алайда, сыбайлас жемқорлықпен күресу мәселесі тек құқық қорғау органдары қызметкерлерімен шешіле салатын проблема еместігін де көпшілік білгені жөн.Сондықтан, бұл жағдайға әрбір азаматтың саналы көзқараспен баға беріп, кез келген заңсыздық, құқық бұзушылық әрекеттерді тиісті орындарға жасырмай хабарлап, оған мезгілінде заңды тұрде тойтарыс берілуіне септігін тигізуі қалыпты қажеттілікке айналуы тиіс.Сонда ғана біз бүгінгі қоғамды жаулаған індеттен арыла аламыз.
Нұрсұлтан Әбдіқадыров,
Алакөл ауданының №2 аудандық сотының судьясы,
Жетісу облысы


