Елімізде қабылданған заңдардың барлығы азаматтардың құқығы мен бостандығын сапалы қорғауға, халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 22 желтоқсанда қол қойған «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңы да азаматтарды қиындықтан шығаруды, түйткілдерін оңтайлы шешуді көздейді. Банкроттық туралы заң деген атау алған бұл құжат қазір кең қолданыста.
Жаңа заң тәжірибеге енбей тұрып-ақ сот саласы оның артықшылықтарын түсіндіріп, құқықтық негіздерін көрсету бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Жалпы, бұл заңның тұрмыстық қиын жағдайға тап болған азаматтар үшін көмегі көп. Тек соны барынша дұрыс қолдана білу керек.
Мәселен, соттан тыс банкроттық кезінде жеке тұлғаның банк, микроқаржы ұйымы, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешегі 1 600 АЕК-тен аспауы керек. Бұл қазіргі өлшеммен 5 млн 520 мың теңгені құрайды. Қарызы осы сомадан аспайтындар осы соттан тыс банкроттықты пайдалана алады. Бірақ, жеңілдік алғысы келетін жеке тұлғаның атында, не ортақ меншігі болмауы керек. Сонымен бірге 12 айдан бері төлем жасамауы тиіс. Сондай-ақ 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты кредиттік шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілуі тиіс. Соттан тыс банкроттыққа өтініш egov порталы арқылы қабылданады.
Біздің соттарға қазір заңдағы «Сот банкроттығы» бойынша істер түсуде. Жаңа заңда айқындалғандай, сот арқылы банкрот болуға өтінішті қарызы 1 600 АЕК-тен яғни 5 млн 520 мың теңгеден асқан жеке тұлғалар бере алады. Азаматтар өтінішті өзі тұратын жердегі сот органына береді. Бұл жерде де жеке тұлғаның басынша меншігі болмауы керек. Тіпті жалғыз баспанасы болған жағдайдың өзінде ол сауда-саттық кезеңінде сатылып, берешек содан ұсталады. Артылған ақша жеке тұлғаға қайтарылады.
Бүгінде Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотына банкрот деп тануды сұрап өтініш беріп жатқан жеке тұлғалар бар. Біз істі қарамас бұрын сот банкрот деп таныған жағдайда туындайтын салдарды барынша түсіндіреміз. Өйткені соттан тыс және сот банкроттығын қабылдаған жеке тұлғалар 5 жыл бойы несие де, микронесие де рәсімдей алмайды. Сонымен бірге, банкрот болуға өтініш берген азаматтардың материалдық жағдайына
3 жыл бойы арнайы мониторинг жасалады. Сондықтан, банкроттықты қарыздан құтылудың амалы деп қулық жасағандар қателеседі.
Одан гөрі азаматтарға банкрот болмай, төлем қабілетін қалпына келтіру туралы өтініш берген дұрыс. Мұндай мүмкіндікті қолданушылар толық банкрот болмайды. Бұл процестің де сот арқылы жүзеге асырылатынын еске сала кеткеніміз жөн. Ең бастысы, төлем қабылетін қалпына келтіруге өтініш жасаған жеке тұлғалар несиесі мен қарызын бес жыл ішінде бөліп төлеп, төлем қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндік алады.
Жаңа заңның салдарын түсіндіру мақсатында қазір қоғамдық қабылдаулар, дөңгелек үстелдер өткізіп, соттың арнайы сайтында толыққанды ақпарат беруге күш салынуда. Бұл азаматтарды сауатсыз қадамнан сақтайды.
Төленді Боранов,
Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы