2021 жылдың 1-шілдесінен бастап «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын жүзеге асыруда және өтініш берулермен жұмыстың сапасын көтеру мақсатында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетімен азаматтардың мемлекеттік органдарға өтініш білдіру тәртібін толық көлемде жеңілдетуге және өтініштерді қарауға бақылауды жақсартуға арналған «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі енгізілді.
Цифрландыруға жол ашатын жаңа ақпараттық жүйе: өтініштердің мемлекеттік органдардың уәкілеттілігі бойынша бөліну бағытын автоматты түрде анықтауға; мемлекеттік органдар арасында сұрау санын оңтайландыру жолымен өтінішті қарау мерзімін қысқартуға; өтінішті қараудың мерзімі мен кезеңін және барлық қаралу сатылары жөнінде өтініш берушіні ақпараттандыруға; мемлекеттік органдарға түскен барлық өтініштердің бірегей жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жеке немесе заңды тұлға өтініш беру үшін Google арқылы «Е-өтініш» теріп, Е-otinish.kz сайтына өтеді. Әрі қарай өтініш беру батырмасын басу арқылы ЭЦҚ-кілтімен кез келген мемлекеттік мекемеге өз сауалын жібере алады.
Еске сала кетейік, Әкімшілік Рәсімдік-Процестік Кодекстің 76-бабына сәйкес, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өтінішті, хабарды, ұсынысты, үн қатуды, сұрау салуды қарау мерзімі өтініш келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күнін құрайды. Сонымен қатар, «Е-Өтініш» жүйесі өтініш берушімен кері байланыс орнатуға және мемлекеттік органдар жұмысының сапасына баға беруге мүмкіндік туғызады.
Мемлекеттік органдардың берген жауаптары жүйелік талдауға ұшырайды, ол өз кезегінде олардың тарапынан көз жұму фактілерінің жолын кесуге әсер етеді және нақты салаларда өтініштерді қараудың бірегей тәжірибесін қалыптастырады. Осы жағынан алғанда бұл жүйенің азаматтарымыз үшін тиімділігі зор.
Маңғыстау облысының қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының әкімшісі
М.Жебелханова