«Тіршілік тоқтамайды, жаһандық үдерістер
мен ел ішіндегі қоғамдық дамудың
қарқыны күн өткен сайын артып келеді»
ҚР Президентінің Қазақстан халқының жолдауынан
Жаңа Қазақстанның жаңа бастамалары еліміздің әрбір азаматы үшін маңызды. Елдің бүгіні мен ертеңі үшін игі бастамалардың бағытын анықтап, жол көрсетіп берген «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбындағы Қазақстан Республикасының президенті Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы. Жолдауда басымдық беріліп, негізгі деп көрсетілген бес бағыт әрбір азаматтың өмірінде орны бар мәселелерді дөп басқан десек қателеспейміз. Олар: Жаңа экономикалық саясат. Нақты секторды дамыту. Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция. Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту. Заң және тәртіп. Көріп отырғанымыздай жолдауда еліміздің әрбір азаматының өмірін әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан дамытуға арналған бағыттардың барлығы қамтылған.
Шекаралар ашылып, шет елдермен байланысу мәселесі дұрыс жолға қойылған біздің еліміз қазіргі таңда әлемнің кез келген елінен келген азаматтарына білім алу мен жұмыс жасау бағыттары бойынша жақсы жағдайлар жасап отыр. Соның бір дәлелі – соңғы жылдары көрші елдерден білім іздеу жолында Қазақстанды таңдап келіп жатқан студенттер қатарының көбеюі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шетел филологиясы мамандығында қандас түркімен елінен келген студенттер білім алуда. Қазақ еліне білім іздеп келген туыс елдің азаматтары биылғы жылы екінші курсқа аяқ басты. Осы студенттермен жетінші қыркүйек күні ел президентінің жолдауына арналған «Ел игілігі – білімді жастар» тақырыбында тәрбие сағаты өтті. Тәрбие сағатының мақсаты — шетелдік студенттерді жолдау мазмұнында берілген қазақ елінің стратегиялық дамуға негізделген жоспарлары мен ел азаматтарының өздерін дамыту бағыттарымен таныстыру. Тәрбие сағатының қонағы ретінде университетіміздің Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы меңгерушісінің ғылыми істер және халықаралық қатынастар бойынша орынбасары филология ғылымдарының кандидаты Акимбекова Гүлзира ханым қатысып, студенттермен ой бөлісті. Гүлзира ханым президент жолдауындағы басты, басым бағыттардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, олардың қазақ елінде тұрып білім алып жатқан әрбір азаматтың әлеуеті үшін маңызды екенін баса айтып өтті. Сонымен қатар, елдерінен арнайы келіп білім алып жатқан жастарға Қазақстанның білім жүйесіндегі барлық мүмкіндіктерді оңтайлы пайдаланып, ертең елдеріне немесе әлемнің кез келген жерінде жүргенде Қазақстаннан алған білімдерін мақтанышпен көрсете алатын мықты маман болуға шақырды. Тәрбие сағатының соңына қарай топ эдвайзері Байелі Әсел ханым алдын ала жолдау мәтінімен танысып келгенстуденттеріне жолдау туралы қосымша сұрақтар қойып, қызықты жауаптар алды.
Жолдау еліміздің басты даму бағыттары мен басымдықтарын қамтиды. Жолдауда көтерілген әлеуметтік-экономикалық мәселелер әрқашанда негізгі сұрақтардың бірі болып табылатыны сөзсіз, сондықтан да азаматтардың әл-ауқаты мен әлеуетін арттыруға және ел экономикасын дамытуға септігін тигізеді деп сенеміз.
Байелі Ә.Ж., Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
Шетел филологиясы және аударма ісі
кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к.,


