12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып, сол сахараның сиқырын ұғып, философиясын бойына сіңіріп өскендіктен тылсым күшке көбірек сенетін. Оның үстіне қиялшылдығы қосылып, біраз ойға шомылып қалатын әдеті бар. Бүгінгі шытырман көрген түсі де оны жіпсіз байлап, таң атпай ескі үйдің алдында біраз отырып қалды. Оны ойынан жұбайы Шамшырақтың шайға шақырған дауысы айырып, дастархан басына жайғасты. Күндегіден бірер кесе кем ішіп, ұлы Жалғасты балабақшасына апарды да редакцияға жұмысына келіп отырды. Оның бұл жұмысқа келуінің өзі қызық. Ата-анасының қасында мал бағып жүріп, редакцияға мақала жолдайды. Онысы бас редактордың сүзгісінен өтіп, газетке шығып жатады. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары кеңшарлар тарап, қырдың күйі кетіп, малшылардың абдырап қалған кезі болатын. Осындай қыстың бір күні қатынас қиындағандықтан Жұман аудан орталығына атпен келіп, редакцияға жазған мақаласын тапсырады. Содан шығып келе жатқанда ауылдағы Жасқали ағасы алдынан шығып: «Бала, сен қырда не істеп жүрсің. Ойлы жазасың. Сенің орның редакцияда ғой. Мен жолығайын. Сен қарсылық білдір ме?», дейді. Көп кешікпей сөз іске асып, бас редактор  Шексізбайдың қабылдауымен дипломсыз тілші болып қызметке кірісті де кетті. Содан он жылға жуық еңбек етіп, Бас редактор болып тағайындалғанына көп бола қойған жоқ. Жұмыс үстеліне келіп жайғасқанмен әлгі көрген түсі есіне қайта түсті. Бір шырғалаң жатқан. Полиция қолынан тартып қамағысы келе ме? Әйтеуір, шым-шытырық түсініксіз нәрсе. Бір қарауытқан жер, шығар есік таппай сенделеді. Сол сәтте құбыла жақтан бір сәуле жалт етті. Сөйтіп еді жаңағының бәрі ғайып болды. Жұман оны қалай жориын білмей: «Түс ­түлкінің боғы» дей салды.

Солақ екен арада көп уақыт өтпей Жұманның басынан бір оқиға өте шықты. Ол қалай болды дейсіз бе? Ендеше, оқыңыз. 

Бәрі Жұманның Оперзаммен танысуынан басталды. Елімізде діни ахуал ушығып тұрған кез. Жас мемлекеттің әлсіздігін, адамдардың діни сауатсыздығын пайдаланған аңқау елге арамза молдалар қаптады. Билікте бұл іске назар аударып, ауылдарға түсінік жұмыстарын жүргізе бастады. Осы тапсырма ауданға жетіп, бас имам, ішкі саясат, полиция қызметкері, тағы басқалары бар топ ауылдарды аралауға шықты.  Көктоғай ауылына келіп, түскі тамақ ішіп шығып тұрған кез болатын. Жаңадан келген болу керек бір кеспектей қара жігіт, маңдай шашында ат төбеліндей белгісі бар, терісі қалың, шымыр, көзінде от ойнаған  полиция қызметкері темекісін тартқан күйі Жұманға келіп амандасты.

–Сіз, Жұмансыз ба?–деді.

–Иә,–деді ол.

 –Сізді жақсы жазады деп айтады ғой жұрт,–деді. Мұнысы енді жақынырақ танысу үшін болса керек.

–Мұнда «бардак» екен. Бұйырса, орнына қоямын ертең,–деді темекісін сіңіре тартып, аспанға үрлеген күйі.

«Өзіңді орныңа қойып жібермесін» деген сөз Жұманның тамағына тақалғанмен ішіне тартып қалды. Бірақ, айтқан сөзі көңіліне қонып, іші жылып кетті. Өйткені, «тәртіп орнатам» деп тұр. Ол кезде біздің жақта «беспредельдің» көкесі болып жатқан еді. Опер жігіт соны көріп, ертең қалай боларын көресіз дегенді жадына салып тұрғаны болу керек. Сонымен сөз бітті.

Арада біраз уақыт жылжыды. Бір күні аудан әкімдігінің жиналысы өтіп, онда аудандық ішкі істер бөлімінің атқарған ісі тыңдалды. Баяндаманы неге екені белгісіз ішкі істер бөлімінің басшысы емес жаңағы оперативтік істер жөніндегі орынбасары жасады. Біраз нәрсені баяндай келе, бір мейрамхананың ішінен есірткі табылғанын айтты. Ол кезде оның иесіне ешкімнің тісі батпайтын еді. «Мына жігіт шынымен тәртіпке келтіретін болды ғой» деп Жұман да оны ойланбастан даулы материалды газетке жазып келіп жіберді. Мақала басылып шықты. Ой да ештеңе жоқ. Ертесіне сәскеге таман әлгі опер жігіт редакцияға келіп тұр.

–Жұмеке, сіз газетке қате жазыпсыз. Есірткі ішінде емес сыртынан табылған болатын,–деді шала саулық сұрасқан соң.

Өзің солай баяндаған жоқсың ба?–деді Жұман орнынан көтеріліп.

–Сенбесеңіз қараңыз,–деді опер сеніммен. Редакцияда баяндаманың көшірмесі бар болатын. Бірақ, онда қолы қойылмаған, мөрі басылмаған. Сонда да Жұман қызметкерін шақырып, баяндаманы алып келуді өтінеді. Сөйтсе, алдында отырған опер екі полиция қызметкерін редакцияның дәлізіне қойып кетіпті. Операция мықты. Шебер ұйымдастырылған. Олар редакция қызметкері алып келе жатқан баяндаманы жолдан күтіп алып: –Жұман ағайың айтты ма? Біз де осыған келіп тұр едік,–деп алдап ала қойыпты. Оны папкіге зып еткізіп, өздері дайындап әкелген, яғни, есірткі «ішінен» деген сөз «сыртынан» болып ауысқан баяндаманы беріп, қараңыз деп тұр. Бар болғаны екі әріп. Бірақ, сол ауысқан екі әріп біреудің тағдырымен ойнағалы тұр. Жұман оңбай алданғанын сезді. Қараған жоқ. Сонымен олар шығып кеткен соң жалма-жан аудан әкімінің жалпы бөліміне телефон соқты. Өйткені, жаңағы баяндаманың түпнұсқасы осында сақталатын. Сөйтсе ондағы бас маман Гүлден:

 –М-ә-ә, Жұмеке! Қазір полиция қызметкерлері келіп: «Бір цифрдан қате кетіпті», деп ауыстырып кетті,–деп қарап отыр. Қармаққа әбден ілінді. Жан қиналды. Ал әлгі «жабайы» мейрамхананың иесі құрығы ұзын қатын «қырам», «жоям», деп облысты дүрліктіріп жатыр. Оның үстіне анау-мынау емес әңгіме есірті болып отыр. Содан «Сасқан үйрек артымен жүзеді» деген тәртіпке қоям деген әлгі опер зәресі ұшқаннан осындай қулық-сұмдыққа  көшкен.

Сонымен Жұман қобалжулы түскі асқа келді. Ішкені ірің, жегені желім болды. Шамшыраққа тіс жарып ештеңе айтпады. Кенет тамақ ішіп бола бергені сол еді, телефоны шыр ете түсті. Көтерсе жаңағы опер екен.

–Қазір сізге бір көлік барады. Осындай жерде тұрады. Қасыңызға ешкімді ертпеңіз. Артына отырасыз,–деді де қойып тастады. Жұман сыртқа шығып, айтқан жердегі нөмірсіз көлікке келіп отырды. Рөлде өзі, жанында ауданның прокуроры бар. Ескі су тазарту қондырғысының ар жағына далалыққа келіп тұрды.

Сәлден соң опер: –Жұмеке, диктофон қоспаңыз. Сіздің өміріңізге қатты қауіп төніп тұр. Бірақ, елге қызмет етіп жүрген белгілі азаматсыз әрі отбасы асырап отырсыз. Қазір сізге бір қағаз барады, соған мұқият болыңыз,–деді. Прокурорда үн жоқ. Сөйтті де кері бұрылып жұмысқа әкеліп тастады. Сүт қайнатым уақытта соң жаңағы қағаз келіп жетті. Мәтін: «Газеттің осындай санындағы мынадай мақала ішіндегі қате полиция қызметкерінің теруінен болған» деген мағынада жазылған. Сол кездегі полиция басшысының қолы қойылып, мөрі соғылған. «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген Жұман әлгінің бірнеше көшірмесін жасап, тықпаған жері қалмады. Ертесіне аудан әкімінің қабылдау бөліміндегі хатшы қыз Жұманға телефон шалып, аудан әкімі шақырып жатқанын хабарлайды. Дереу барды. Аудан басшысы Серікқали амандықтан соң:

–Жұман, қайдағы қара күйеге қайдан жолығып жүрсің. Білесің ғой солардың жайын,–деді. Бұл да: –Шын ғой,–деп жатыр. Төсқалтада сөзінің дәлелі тұрғасын. –Сенің шындығыңды не қылсын,–деді әкім. Сол уақытта ішкі істер бөлімінің басшысы Қырымбек кіріп келді. 

Жайғасқан соң аудан әкімі: –Мынау не жағдай,–деп мән жайды сұрады. Полиция басшысы газетке қате жазылған деп  ысырды. Сол кезде Жұман жаңадан бері шығармай отырған қолхатты әкімнің алдына қойды. Ол: «Мынау қалай сонда» деп полиция басшысына қарады.  Полиция басшысы қағазды қарап: –Мынау менің қолым емес,–деп қарап отыр әкімнің алдында. қолхатта өзінің қолы мен мөрі тұр. Яғни, жалған делік. Онда дереу жалған құжат жасағаны үшін іс қозғалу керек қой. Әйтеуір «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген былықтың беті әбден ашылайын деді. Ақыры өз былықтарына өздері батты. Сонымен, әкім: –Барып иесінен кешірім сұрай салсаңдаршы,–деп шығарып салды. Бұлар жөніне кетті. Қызық болғанда ертесіне әлгі опер Жұманға телефон соғып, кешірім сұрауға бірге баруды өтінді. Шынында да кінә газеттен емес екені енді белгілі болды. Дәлел қолда тұр. Сондықтан неге кешірім сұрауға бару керек. Бірақ, Жұман жамандыққа жақсылық жасау үшін келісті. Кездескен соң опер әлгі әкім айтқан «қара күйеге» телефон соқты. Көтермеді. Бір уақытта опер ашуланып, боқтап-боқтап алды да: –Жұмеке, сіз кешіріңіз. Жүре беріңіз. Мен де кеттім. Кешірім сұрамаймыз,–деп жақсылап тұрып және бір боқтады. Содан кейін әлгі шу тып-тыныш басылып қалды.

Шынында да Жұманның оперзамға ренжуге, тіпті, үстінен шағым түсіруге қақысы бар еді. Өйткені, әкімдіктегі, редакциядағы құжатты ауыстырып, жала жауып, қылмыстық іс қозғап, жазықсыз соттап жіберуге шақ қалды. Ол олай етпеді. Өзін аямағанды аяды.

Алайда, уақыт өте келе істің ақиқаты белгілі бола бастады. Полиция жаланы Жұманға жауып, істі аудан прокуроры Ырымбекке апарады. Ол қол қойса, іс әрі қарай сотқа кетеді. Міне, осы жерде прокурор бір шикіліктің барын сезіп, істі кейін қайтарады. Әлгі оперге осымен екінші келетін болсаң: «Құрисыңдар. Кіммен байланысып тұрғандарыңды білмейсіңдер», деп есесіне қате полициядан екендігі жөнінде қолхат жаздырып, редакцияға өздерінің қолымен әкелдіріп береді. Оның үстіне жоғарыда айтқан оңаша кездесуге опермен бірге өзі келіп отыр. Мүмкін олар тағы бір шикілік жасар деп күдіктенген шығар.  Екіншіден, бұл әңгімені сол жерде прокурорға барып отырған басқа саланың адамы көріп, құлағымен естіп, біраз уақыттардан соң Жұманға айтып береді. Бұл әңгіменің анығы осылай түйінделеді.

Түсқайта Жұман жұмыстан көңілді шықты. Балабақшадан баласын алып, жолшыбай дүкеннен тәттіге тойғызды. Үйге келіп, Шамшырақтың күрең шайын қанып ішті. Әйел заты да сезгіш келеді ғой. Бір нәрсенің болғанын сезгенімен ештеңе сұрамады. Жұман көлеңке беттегі сәкіге келіп отырды да әлгі түсін енді жорыды. Сол сәуленің кім екенін білді. Ол прокурормен жете таныс болмағанмен бір кездескені есіне түсті. Сонда бала кезден әдебиетке жақын болғанын, кеңес өкіметі кезіндегі Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева туралы айтқандарын, сабақты да беспен оқығанын есіне түсірді. Оның үстіне шарбағына көгершін ұстап, солармен сырласқанды тәуір көреді екен. «Әдебиет – ардың ісі» деуші еді жазушы болмаса да жүрегіне руханият ұя салып, ардан аттамағанына іштей риза. Кейін «Мен сені құтқарып қалдым» деген пендешілікте болмаған. Адамдардың бәрі осындай болса ғой шіркін деп ойлайды іштен.

Біраз уақыт өтті. Шарбақ есігі ашық тұрған болатын. Пошташы қыз газет әкеліп жатқанын көріп, өзі барып алды. Жаңалықтарды оқыса әлгі полиция қызметкерлерінің атақ-дәрежелері өсіп, жайлы орындарға тағайындалып жатыр екен.

–Ә-й-й, «Әділетті Қазақстаным-ай»,–деп Жұман жастығына жантая кетті.  «Көрдің ғой заманның сұрқиасын. Көзіңмен көргеніңді жалған қылып тұр. Енді ешкімге сенбе» деді іштей өзіне күмбірлей сөйлеп. Иә, әлгі екі әріптің әлегі ғой, ағайын.

Жанай Амантурлин  

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...