12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

«ЕГЕУҚҰЙРЫҚ АУЛАУШЫ»

1992 жылдың қаңтары. Шығыс Сібірдегі Лена өзенінің бойында орналасқанымен, ешбір географиялық картада жоқ «Көкжиек – 48» әскери қалашығының «Мұрағаттар бөлімінде» түнде болған өрт тез сөндірілгенмен, біраз маңызды құжаттарды аман алып қалудың сәті түспеді. Қалашықтың ғылыми қызметкерлерінің арасында «Бұл өртті академик Александр Василков өз еңбектерін қалашықтың коменданты, полковник Михайл Тряпкинге бергісі келмегендіктен ұйымдастырыпты» деген әңгімелер де айтылып та жатты. Бұл әңгіменің шығуына, полковниктің құпия құжаттарды шетелге қымбат бағаға сатқысы келіп жүргенін қалашықтың әрбір тұрғыны жақсы білетіндігі себеп еді. Алайда, жергілікті «КГБ»-ның басшысы оның туған қайынағасы болғандықтан Тряпкиннің бұл әрекетіне ешкім қарсы келе алмайтын. Бұл кезде Мәскеудің Сібірдің бір бұрышындағы әскери қалашықтағы қылмыстарға назар аударудан гөрі басқа өзекті проблемалары жетерлік еді…

Бүгінгі күн. Қазақстанның оңтүстігі. Шағын Шуақты қаласындағы «Шуақты таңы» газетінің журналисі Сабырханов Жомарт Үмітбекұлына досы телефонмен хабарласып, өз баласының кешеден бері хабарсыз кеткенін айтып, соны табуға көмектесуін сұрады.

Тау етегінде орналасқан Шуақтыда шағын кен орындары бар болғанымен жұмыс орындары аз болатын. Сондықтан «артық адамдар» жұмыс іздеп, жан-жаққа кетсе, қалада жұмыссыз жүрген жастар амалсыз түрлі қылмыстарға баратын. Жомарттың досының мектеп бітіргеннен қылмыстық жолға түсіп кеткен баласы да  сондай бұзықтардың бірі болатын. Соны жақсы білетін журналист ол туралы бірден полицияға хабарласып еді, олар оның «Супер Гранд» ресторанында қаладағы атақты үш байдың бірі – Омардың баласын екі оққағарымен атып өлтіріп, кейін пистолетпен өзін атқанын айтты.

Шуақтының үш байы – Нұрлан, Омар мен Ерлан қаладағы кіріс түсіруі мүмкін-ау деген барлық саланы өзара теңдей бөліп алған алпауыттар еді. Заңды бизнестерден бөлек криминалды салаға да билігі жүретін оларды жұрт сырттай «Три гада!» деп атайтын. Бұған себеп – олар бұл салаға 1990 жылдары қылмыс әлемінде «бригадирлік» жасап, қаншама саудагердің бизнестерін өз аттарына құйтырқы жолдармен аударып алып жүріп келген еді. Осы жолда мықты таныстар тауып биіктерге көтеріліп үлкен авторитетке ие болған сол алпауыттарға әлгі жас жігіт сияқтылар бір ауыз сөз айту түгілі, тіке қарауға да шамасы жетпейтін. Сол себепті бұл қылмыстық оқиға қаланы біраз дүрліктірді. Баласынан айырылған Нұрлан дәу бұл жайға екі серігінің қатысы бар деп күдіктенсе, жас жігіттің достары сол үшін өзіміз зардап шегеміз-ау деп қорқып жатты. Жомарттың бұл оқиғада таңғалдырғаны, досының баласының тек төбелеске жақын болғанымен оның кәсіби адам өлтіргіш секілді қалайша қас-қағым сәтте бір оққағардың қаруын тартып алып, оны естен талдырып, өзіне қару кезенген екі оққағарды бірден атып тастап, дәудің баласын «Бұл сенің жазаң!» деп кәсіби адам өлтіргіштер секілді алдымен оның жүрегінен, сосын қақ шекесінен атуы болды. Шаруасын бітіріп болған соң, осы оқиғадан абдырап қалған жұрттың көзінше пистолетті өз шекесіне тақап, жымиып тұрып өзін атыпты.

Қалалық полицияның үздік тергеушілері мен қылмыс әлемінің тіміскілері де қанша жерден тергеу жүргізсе де жігіттің не үшін бұл іске барғанын түсіне алмады. Қайтыс болған баланың әкесі Нұрланға екі серігі жолығып, өздерінің осы іске еш қатыстары жоқтарын мәлімдеп бұл жерде басқа біреулердің барын, соларды тауып жазасын бермей тыншымайтындарына ант ішісті.

Содан Шуақты тыныштала бергенде келесі аптада дәл сол күні қалалық колледжде бір топ студент сабақ үстінде белгісіз газдан уланды. Қаланың төтенше қызметі жаппай соның салдарын жойып, әбіржіп жатқандарында әлеуметтік желіде сол студенттердің түрлері әбіржіп, жүректері айнып, ал кейбірінің іштері өтіп қиналып жатқандары туралы бейнеролик жарияланды. Көпшілік соларға жан ашушылық білдіріп, жанашырлық білдірсе, арасында өкінішке орай оларды мазақ еткен комменттер де кездесіп жатты…

Ал үшінші аптаның нақты сол күнінде «Три гаданың» екіншісі Омардың ұлы бір жезөкшенің қолынан қайтыс болды. Қаладағы таңдаулылар жиналатын кешкі ресторанда екі қыздың қасында тамақ ішіп отырған жас жігітке жиырмаға енді толған ап-арық ғана денелі «жеңіл жүрісті» шапшаң қимылмен шабуыл жасап, соның қолындағы асханалық пышақты жұлып алып, ананың тамағын осып жіберіпті. Жігіттің төрт оққағары естерін жиғанша, бикеш оларды да қолындағы пышағымен қас-қағым сәтте жайратып салыпты. Содан кейін жаны қиналып, екі дүние ортасында аласұрып отырған жігітке «Бұл сенің жазаң!» депті де, өз басын қабырғаға қатты соғып, бірден жан тапсырыпты. Бұл жайлы жігіттің қасында отырған қыздар шошына отырып айтып беріпті.

Үш оқиғаның аптаның дәл бір күні болғанынан кейін, бұл оқиғалардың бәрі өзара байланысты екенін кез-келген адамға түсінікті болды. Полиция да, қылмыс әлемі де соның себебін іздей отырып, осыдан екі айдай уақыт бұрын дәл сол күні «Три гаданың» бірге көңіл көтергенді жақсы көретін балалары, бір студент қызды зорлағаны туралы полицияға арыз түсенін анықтады. Отбасында тек әкесі мен өгей шешесі ғана бар сол қыздың айтқандары шұғыл жүргізілген экспертизаның нәтижесінде расталмағандықтан оны мазақ етушілер пайда болыпты. Тіпті бірге оқитын курстастары, әлеуметтік желіге оны қорлаушы бейнероликте салыпты. Соны көрген кейбір жастар қызды қолдаудың орнына қайта мазақ етуді күшейтіпті. Содан осындай жағдайларға шыдай алмаған қыз «психушкаға» тап болса, жолдың шетінде мас болып келе жатқан әкесін белгісіз көлік қағып кетіпті. Ал қыздың өгей шешесі күйеуін жерлеп болған күннің ертесіне-ақ, шетелге кетіп қалыпты. Сол себепті бұл оқиғаға ол отбасының қатысы жоқ, тек бір күштер сол оқиғаны пайдаланып, «Три гаданы» жойып, қалада өз билігін орнатпақ екен деген болжам жасалды.

 Осы жайларды назарға алған үшінші бай – Ерлан бәрі реттелгенше, сақтық ретінде өз баласын қаладан тысқары жердегі құпия орынға жасырып тастады. Оны одан да алысқа жіберуге қасындағы екі серіктесінен қорықты. Олар сол жағдайда өз балаларының өлімін анық осыдан көрер еді.

Осы атышулы қылмыстарға қызығушылығы оянған Жомарт  журналисттік зерттеу жүргізуге бел буды. Редакторы оның бұл ойымен келіскенімен, бұл жерде көп қуатты күштер араласқандықтан, барынша сақ қимылдап, ешкімге сенбеуге кеңес берді. Жомарт бұл іске зорланған қыздың туыстарының қатысы бар деп шамалап, осы бағытта  зерттеу жүргізе бастады. Алдымен қыздың оқу орнына барып, оның курстастарымен сұхбат жүргізді. Құрбыларымен қатар, күндестерімен, ұстаздарымен және олармен  көршілес тұрған адамдармен сөйлесіп, қыздың ешкімге зияны жоқ, ақкөңіл қыз болғанын білді. Анасы ол бастауыш сыныпта оқып жүргенде қайтыс болып кеткенде, әкесінен гөрі қалаға жақын жердегі «Айқын» деген ауылда тұратын нағашы атасына жақын болып кетіпті. Жуас міңезді әкесі, жаңа үйленген әйелінің айтқанынан шыға алмай қызының тәрбиесіне мән бере алмапты. Ал ақшаға жақын әрі долы мінезді өгей шешесіне бұл қыздың  бар-жоғы бәрібір екен. Қыз зорланған кезде өгей шешесі кінәлілер жақтан қомақты ақшаны алып, қыздың арызын кері қайтартып алыпты. Қарсылық білдірген күйеуінің жер-жебіріне жетіп ұрсып, оны үйден қуып жіберіпті. Содан еркек күйіктен араққа салынып, көрінген жерде қонып жүріпті. Кейіннен оны белгісіз көлік қағып кетсе, оның жаназасынан кейін әйелі шетелге кетіп қалыпты. Алайда ол әйелдің бар құжаттары мен қымбат заттары үйінен шыққанын естіген Жомарт бұл жерде бір сырдың барын сезді.

Осы жайларды ой сарабынан өткізген Жомарт алдымен оның бір пайдасы тиіп қалар деп, қыздың нағашы атасы Аралбекті тауып алуды ойлады. Алайда, оны да бір айдан бері көршілері көрмепті. Жақсы араласатын бір көршісі оның Шуақтының бір шетіндегі компьютерлік техникаларды жөндеу шеберханасының мекен-жайын берді. Сол жерге келіп, шеберхананы айналсоқтап жүргенде Жомарттың нашар киімді бір шалдың өзінен «нанға ақша сұрағаны» ғана есінде қалыпты, бір кезде көзін ашса бір тар бөлмеде креслода отыр екен. Төбеде бір қуатты шам жанып тұрған бөлменің терезелері мен есігін көре алмады. Қол-аяғы бос болғанмен, ол денесін қозғалта алмады, тіпті басын жан-жағына әрең бұрып отырды. Бір кезде қасына әлгі шал келіп, «Алаңдама, жарты сағаттай уақыттан кейін бәрі қалпына келеді. Сәл шыдай тұр» деп жымиды. «Мен саған бәрін де айтып беремін, ақыры сол үшін осы жерге келген жоқсың ба?», деп жымиды.  Ол өзі іздеп жүрген қыздың нағашы атасы екен.

«Саған бүгінгі жағдайлардың себебін білу үшін, өз өмірімнен біраз дерек айтуым керек. Мен әке-шешесі жоқ тұл жетіммін. Әйтеуір ұлтымның қазақ екенін білемін. Бірақ орыс тілді мектепте оқып, білім ордасын «Қызыл аттестатқа» бітірдім. Содан тіке сол кездегі «бас қаламыз» Мәскеуге жол тарттым. 1980 жылдардың соңында мен Мәскеудегі ақпараттық технологиялық бағыттағы жоғары оқу орнын үздік бітіріп шыққан соң, еш қиындықсыз КСРО Қорғаныс Министрлігіне қарасты ғылыми-зерттеу институттарының біріне жұмысқа тұрдым. Бастығым – адам миының мүмкіндіктерін зерттеу бағытында жұмыстарымен әлемге танымал, өз ісіне адал берілген және қызметкерлерінен де соны қатаң талап ететін академик Александр Василков деген адам еді. Бірақ академиктің бір жаман әдеті – ол өз қарамағындағылардың жетістігін еш қысылмастан иеленіп кететін. Бұл қылығын «Менің шебер басшылығым болмаса, оған дұрыс бағыт көрсетпесем, мұндай жетістікке жетпейтін еді, демек ол тек менің тапсырмамды орындады, сондықтан ол менің жетістігім!» деп ақтайтын. Сонда да одан біраз өзіндік тәсілдерді үйренген адамдар, ол туралы жақсы пікірлер айтатын.

Бірде гипнозерлер мен экстрасенстердің мүмкіндіктері көрсетілген бейнежазбаларды көрген бастығымның басына ғажайып бір ой келіпті. Адамның өмір бойы көргені мен естігендері және сезім мүшелері арқылы қабылдаған ақпараттары оның миының бір түкпірінде сақталып тұратыны белгілі. Егер де соның ішіндегі нақты бір жағдайға қатысты қажеттісін оятып, соны дер кезінде қолдантатын болса онда ғажайып мүмкіндіктерге қол жеткізуге болатын еді. Мысалы, «оқ дәрінің иісін сезбеген» жас сарбазға жау тылында диверсиялық ұрыс жүргізу тәсілдері мен әскери жекпе-жек өнері тәсілдері туралы 1 сағаттық бейнефильмді бір-ақ рет көрсетіп, соның миына соларды қажет кезінде қолдануды бұйырса, жау тылына тасталған сол сарбаз қарсыласқа тісқаққан кәсіби сарбаздар секілді орасан шығын келтірер еді. Академик бұл бағытта экстрасенстердің мүмкіндіктерін көбірек пайдаланып, солардан «Дұрыс бағыт беруші» адамдар жасап шығаруды ойластырды. Оның идеясының дұрыстығын кейіннен атақты экстрасенстер – Кашпировский мен Чумак дәлелдеп берді деп ойлаймын. Ал оларға қосымша бірде бір экстрасенс теледидар арқылы, ойша бұзылған сағаттарды «жұмыс істеткені» де көрсетілген еді. Сол кезде бірнеше адам «бұзылып тұрған қол сағаттарының қалай істеп кеткенін» айтып таң қалған болатын.

Сонымен академик сол идеясымен Қорғаныс министрлігіне барғанда, оларға – соғыс уақытында ойша бұйрықпен қолына ешқашан қару ұстап көрмеген адамдардан аз ғана уақыт ішінде ұшақтар мен танктерді шебер басқаратын әскер жасап шығара алатын, ал жаралыларға ойша бұйрықпен «өзін-өзі сендіру арқылы» сол жауынгердің денесін еш дәрісіз-ақ өзін-өзі емдететін, жау әскеріне олар тікелей бейнебайланыстың көмегімен арнайы бұйрықпен олардың өздерін өлтіруге немесе қаруларын тастатуға бұйрық бере алатын «әскери экстрасенстер» туралы идея бірден ұнап, ол жақтағылар өз келісімдерін берді. Содан көп ұзамай сол бағыттағы жұмыстар «Таңғы шық» деген құпия атаумен, Шығыс Сібірдегі  «Көкжиек – 48» деген әскери қалашықта жүргізіле бастады. Сыртқы әлеммен тек Лена өзені мен әуе жолы арқылы ғана байланысатын ол қалашақ Берия заманында салынғандықтан, өзімізді сол жерде тура Сталин дәуірде жүргендей сезінетінбіз. Біздің сол жердегі басты қарсыласымыз қалашықтың басшысы, полковник Михайл Тряпкин болды. Басынан-ақ институт қызметкерлері мен жергілікті әскерилер арасында өзара кикілжің болғанымен екі жақ ашық ерегіске бармай ортақ бағытта жұмыс атқардық.

Енді теория бойынша бәрі тамаша болғанмен, шынайы өмірде жағдай басқаша болатыны белгілі емес пе? Қаншама зерттеулер  мен жұмыстар жүргізіліп, біраз жетістіктерге қол жеткізілгенмен академик армандағандай нәтиже жүзеге аспай жатты. Миға  берілген бұйрықтар мен оның әсер ету уақыты қысқа мерзімнен аспады. Оны одан әрі жетілдіру үшін әлі біраз уақыт керек еді, алайда сол кезде КСРО таратылып кетіп, дүрбелең дәуір басталды. Қалашықтың коменданты соны пайдаланып, біздің жұмысымызды америкалықтарға қымбат бағаға сатпақ та болды. Оған жол бермеу үшін академик өзінің сенімді адамы маған, құпия құжаттар сақталған бөлмеге өрт қоюға бұйрық берді. Ол кезде мен «барлық ақпараттарды сараптауға жауапты маман» болғандықтан, маңызды құжаттардың электронды көшірмесін  алып қалып, тек қағаз нұсқаларын өртеп жібердім. Сөйтіп жүргенде комендантымыздың қайыңағасы жоғары жаққа жақпай қалып, қамауға алынды. Содан полковник өзіне тықыр таянғанын біліп, өз адамдарымен академкті қинап, еш құны жоқ ақпараттарды ғана алыпты. Олар академиктен «Басқа ақпараттар қайда, кімдер маңызды табыстарға қол жеткізді?» деп сұрағанда ол бәрін өзім аштым, қызметкерлерім «өңкей миғұла!» деген сөзінен таңбапты (Бір жағынан ойлап қарасам академик осылайша өз қызметкерлерінің, соның ішінде менің де өмірімді сақтап қалған екен. Әйтпесе, ол менде құжаттардың көшірмесі болуы мүмкін екенін сезгені анық еді).  Оның көзін жойған соң Тряпкин бізбен жұмысы да болмай шетелге қашып кетті. Кейін естуімше ол апарған мәліметтерді аз ақшаға ғана сата алғанмен, оның да қызығын көре алмапты, біреулер өлтіріп кетіпті. Ал өзіме келсем, мен әйелім мен қызымды ертіп елге оралдым. 1990 жылдардың ортасында кәсіпкерлікпен айналысып, елге шетелден компьютерлер әкеліп сатумен айналыстым. Алайда, алаяқтарға алданып, біреулерге қомақты ақша қарыз болып қалдым. Содан қиын күндер басталды… Қарыз берушілерден әр жерге қашып жүріп, осы Шуақты қаласына жақын маңға көшіп келдік. Жаңа жерде қуанышты күндер бастала ма деп үміттеніп жүргенде, әйелімді бір байдың баласы көлікпен қағып өлтірді. Әкесі оны сотталудан аман алып қалғаны аздай, бар кінәні әйеліме аударып, оның өзін әдейі көліктің астына түсті етіп көрсетті… Арадан бірнеше жыл  өтіп, өз-өзіме әрең келіп, компьютер жөндейтін шағын шеберхана ашып, жағдайым реттелгендей болды. Қызым өзі ұнатқан жігітке тұрмысқа шықты, немерем өмірге келгенде өзімді өмірде менен бақытты адам жоқтай сезіндім. Алайда қызым  екінші баласын туарда қайтыс болып кеткен соң, баяғы күндерім қайта басталғандай күйге ендім. Күйеу баламның екінші әйелі шатақ мінезді, дүниеге жақын адам болып шықты. Ол немеремді күңдей жұмсайтын, күйеубалам оның айтқанын шыға алмайтындықтан, әйеліне қарсы ешнәрсе дей алмайтын. Кейде қаржылық жағынан қысылғандарында мен жәрдем беріп тұрғандықтан, сол әйел ақша таусылғанша немереме жылы қабақ танытып жүретін. Сондай тәрбие көргеніне қарамастан немерем әжесі мен туған шешесі секілді ақкөңіл, жұртқа мейірімді адам болып өсті. Өзі таңдаған оқуға да түсті. Алайда, қасындағы құрбы-құрдастары қатыгез болып шықты. Олар оны сәті түскен сайын мазақ етуге тырысады екен. Бірде қаланың бетке ұстар үш байының балдары баратын ресторанға алдап апарып, оны солардың ойыншығы етіпті… Өгей шешесі сол балдардың әке-шешелерінен қомақты ақша алып, немерем мен күйеу баламның арыздарын кері алдыртыпты. Күйеубалам өз әлсіздігіне намыстанып, көшеде арақ ішіп кетсе, немерем жұрттың мазағына шыдай алмай ауруханаға түсіп қалды.  Күйеубалам қызының намысын таптаған ең басты зорлықшының әкесі Ерлан деген байдан есеп сұрайтынын ашу үстінде әйеліне айтып қойыпты. Міне, оның ең басты қателігі сол болыпты. Дүниеқоңыз әйел бір жағдай болса содан алған ақшаны кері қайтаруды талап етеді деп қорқып, Ерлан байға соны айтыпты. Байдың адамдары күйеубаламды көліктерімен қағып кетсе, оның полициядағы таныстары бұл істі әдеттегідей «ашылмайтын істердің» қатарына жатқыздыра салыпты.

Мен ол кезде Қытайдан жаңа компьютерлерге қажетті қосалқы бөлшектер іздеп тауып, енді елге келіп едім. Болған жағдайдың бәрін білген соң, жауыздарды жеке өзім жазалауға бел будым. Бірінші кезекте күйеубаламның өліміне және немеремнің «психушкаға» түсуіне себепкер болған әйелдің көзін жоюды ойластырдым. Киллер жалдағанмен, одан 100 пайыз нәтиже күтуге болмайды, енді қандай әдіс бар деп отырғанда академик Василковтың қарауында жұмыс істеген кездерім есіме түсіп кетті. Пайдасы тиюі мүмкін деген маңызды құжаттардың электронды көшірмелері менде әлі де сақтаулы еді. Солардың ішінде маған керек 2 әдіс туралы деректер бар болатын. Біріншісі – академик ғажайып мүмкіндіктерге ие экстрасенстер егер де жау жаққа өтіп кетсе немесе мемлекетке қарсы әрекеттерге бармастары үшін олардың саналарына құпия «өзін-өзі жойғыштарды» ойластырған еді. Нақты бір бейнекөрініс көрген немесе әртүрлі сөздерден құралған дыбыстық команданы естіген сондай «қондырғысы бар» экстрасенс өз-өзін бірден өлтіретін. Негізі ол бір қондырғы не механикалық зат емес, ол санамыздың терең түкпіріндегі «өз-өзінді өлтір!» деген психологиялық команда еді. Ал ол тек жоғарыдай тәсілдермен іске қосылатын. Екіншісі – академиктің командасы ойлап тапқан адамды бірден «суперсолдатқа» айналдыратын әдіс еді. Бұл тәсілдердің қуаты әрі кетсе 2-ақ күнге жететін. Ал ол мерзім мен үшін толығымен жететіндіктен, жоспарыма бірден кірістім.

Қысқасы академиктің сол «өзін-өзі жойғыш механизмін» ана жауыз әйелге қолдануды ойладым. Күйеубаламның жаназасы өткен күннің кешінде соның үйіне бардым. Әйелден басқа адамдардың бәрінің кеткенін күтіп, үйге қараңғылықта кірдім. Қолымдағы бүріккіш құтыда адамды тез естен талдырғыш сұйықтық бар еді. Кезінде мектепте химия пәнін жақсы оқитындықтан мұғалімдер «сенен екінші Менделеев шығады» деп мақтап отыратын. Сол себепті ол сұйықты қолдан жасау маған қиындық тудырмады. Әйел мені көңіл айтуға келді деп ойлап, өтірік қайғы жұтушы адам бола қалып, зарлай бастағанда оның бетіне сұйықтықты бүркіп жіберіп, бірден есінен талдырдым. Біраз уақыттан соң, ол әлі есін жия алмай жатқанда аузына адамды еркінен айырушы таблетканы салып жіберіп, оған «бомж» әйел секілді киінуге және өз-өзіне қол жұмсауды бұйырдым. Дәрі әсерінде тұрған ол бұйрығымды мүлтіксіз орындап, үйінен зомби секілді шығып, өздігінен бір көліктің астына түсті. Одан кейін ол туралы ешнәрсе естіген жоқпын. (Жомарт сол кезде ғана ана әйелдің не себепті іс-түссіз жоқ болып кеткенін түсінді. Шамасы оны «моргте» қаңғыбас адам деп есептеп, жан-жақты тексеру жүргізуге ерініп бірден жер қойнына тапсыра салған сияқты).

Сол жайдан кейін бойымда алғашында қорқыныш сезімі пайда болғанмен, көп ұзамай өзіме деген қанағаттанушылық пайда болып, немеремнің жағдайына қатысты бар басқалардан да осылай кек алуды ойлап, тез іске кірістім. Жауларым туралы қажетті ақпараттарды ғаламтордан оп-оңай тауып алдым. Өзімді сол сәттен «қоғамның егеуқұйрықтарын аулаушы» секілді сезініп кеттім.

Негізі ана бұзық баланың өзі маған килікті, әйтпесе оны пайдалану ойымда да жоқ еді. Кешке жақын ол шеберханама келіп, ақша талап ете бастағанда, шалт қимылмен естен талдырғыш сұйықтықты шашып есінен талдырдым.  Оның Нұрлан байдың баласымен жақсы қатынаста екендігін біліп, оны нағыз киллер секілді өлтіруді бұйырдым. Ертесіне түрімді өзгертіп ресторанда тамақтанып отырып, мен жоспарлағандай қанды қырғынды өз көзіммен көрдім. Содан кейін немеремнің курстастарынан кек алуды ойластырдым. Колледжге электрик ретінде кіріп барып, курстастары оқитын аудиоторияның желдеткіш жұйесіне адамның жүрегін айнытып, іш айдатқыш сұйықтығы бар қондырғы мен бүкіл аудиторияны еркін түсіретін миникамера орнатып кеттім. Уақыты келгенде қондырғыны қашықтықтан тұрып іске қостым. Содан кейінгі дүрбелеңді тікелей әлеуметтік желіге салып жібердім. Ал, құтқару қызметі студенттер тамақтан уланды деп ойлап сол бағыттағы тексеру жүргізді. Сол себепті арадан екі күн өткен соң-ақ еш қиындықсыз оқу ордасына кіріп, өз қылмысымның ізін оп-оңай жойып жібердім. Енді жас жезөкшеге келер болсам, оны көшеде тұрған жерінен еш қиындықсыз қақпаныма түсті. Әлі жап-жас та болса көпшілікке жаман міңездерімен танылып үлгерген ол сондай-ақ кезінде немеремді тура жолдан тайдырмақ та болыпты. Сол себепті одан жендет жасағаныма өкінбеймін.

Әрине сен ойлап отырған шығарсың мұның бәрін неге айтып отыр деп? Мен сенің бұның бәрін газетінде жариялағаныңды қалаймын. Ал егер оны істемесең онда миындағы «жасырын бомба» жарылады. Таңдау өзіңде».

Жомарт Аралбек шалдың айтқандарын ой елегінен өткізді. Ол мұндай адамдарды талай мәрте көрген. Өмірде бірнеше мәрте әділетсіздікке душар болған олар жан-жағыларынан тек жамандық күтіп тұратын болады. Өздерінің аянышты өмірлерін қайта-қайта айтып, жұрттың өздеріне деген аяныштарын тудыруға тырысады. Ондайларға қанша жерден жақсылық жасасаң да, олардың түсінігінде бұл бір есеппен жасалып жатқан дүние ретінде қабылданады. Сол себепті олар жұрттың бәріне сенімсіздікпен қарап, тек өздерініңкін ғана дұрыс санайды, ал өзі бір қателік жіберсе бар кінәні басқаға аударып, өздерін түрлі әдіспен ақтап алады. Сонымен қатар, жұрттың көзінше «имандылық», «сауап», «жақсылық жасау» туралы сөздерді көп айтқанмен,  ал жеке ортада адамдардың бәрін шетінен жамандап шығады. Сол себепті ол бұл шалдың кейбір сөздеріне сенбеді, сонда да тағы шынымен де миыма «мина» қойып қойған шығар деп күдіктенді.

Өз-өзіне келген Жомартты Аралбек еш қарсылықсыз жіберіп, бүгін кеше ерекше жаңалық болатынын айтып, осы естіп-білгенінің бәрін газетіне жазуы керектігін, сол арқылы жауыздықтың қалай жазаланатынын жұрт көрсін-деп жымиды. Журналист кешке анық бір жамандықтың орын алатынын сезді…

Осыдан бір сағаттай бұрын Нұрлан байдың жеке нөміріне бір бейнежазба келген еді. Онда серіктесі Ерланның Әсет есімді оң қолы «Өздерінің бастықтарының бұйрығымен екі серіктесінің балаларын өлтіргендерін, сол арқылы бастығы оларды басқа «қылмыс әлемінің серкелеріне» қабілетсіз ретінде көрсетіп, қаланы жалғыз билегісі келгенін айтты. Сол қылмыстары үшін өзінің қатты өкінетінін, сөзінің соңында Ерлан байға сенбейтінін, бәрі біткен соң, өзін өлтірте ме деген қауіптенетінін, егер Нұрлан оны одан қорғайтын болса, онда бәрін көпшіліктің алдында айтатынын жеткізіпті. Нұрлан бұл жазбада айтылғандардың растығын тексеру үшін, хабарламаның соңында көрсетілген үйге өз адамдарын жіберді. Адамдары сол жерге барғанда ол жерден киімінің алдыңғы жағы қан-қан бір адам шығып келе жатты. Қолында пышағы мен пистолетін ол алға қарай кезене бергенде, аналар оны бірден атып тастады. Бір жамандықты сезгендей ішке кірген олар, бөлмеден тілі кесілген Әсет пен екі адамның өлігін көріп, өздерінің кешіккендерін түсінді. Бұл айғақтар Ерлан байға «көр қазуға» толығымен жетер еді. Сол себепті Нұрлан мен Омар басқа да авторитеттердің ризалығын тез алып, Ерлан байға қандай жаза қолдануды ойластыра бастады. Бірақ олар өздерінің Аралбек шалдың түзген жоспары бойынша қимылдап жатқанын білмеді. Ол бір күн бұрын Әсеттің сенімді адамын қақпанына түсіріп, оған Әсеттің «мойындауын» жаздыртып, оны Нұрлан байға жібергізіп, кейіннен оны өлтіруге бұйырған еді. Ол бұл тапсырмаларды санасыз түрде орындап сыртқа шығып келе жатқанда оған Нұрлан байдың адамдары жолығып қалып еді.

Екі серіктес іске қызу кірісіп жатқан кезде, белгісіз нөмірден бір әйел Ерланға хабарласып, Нұрлан мен Омардың оған жалған айып тағып, оны және баласын өлтіруді ойластырып жатқанын айтып, телефонды өшіре салды. Ерланның ішкі бір түйсігі бұл мәліметтің растығын айтып тұрғандықтан ол уақытты бос жібермей алдымен өзі шабуылдауды ойлады. Ал оның бұл жоспарын Омар мен Нұрлан байлар өз жансыздары арқылы біліп қойып, оның жоспарын жүзеге асырмай тастады.

Аралбек шал айтқандай бұл хабар сол күні қараңғы түспей-ақ, шағын қаланы дүр сілкіндірді. Қала тұрғындары «ұлымен бірге лайықты жазасын алған» Ерланға тиесілі бизнесті енді екі серігі бөліп алатынын сөз етіп жатқанда, Жомарт қандай қадам жасарын білмей біраз басын қатырып отыр еді. Ақырында өзін «полиция, сот әрі жендет» санайтын адамның  айтқанын істемеуге бел буды. Сонда да сақтық ретінде осы оқиғаны газетке әбден өзгертіп, оны тура бір алыстағы АҚШ-тың бір штатында орын алған «мафиоздық есеп айрысу» әңгімесі секілді ретінде беруді ойлады. Сондағы Аралбек шалдың кейіпкерін психологиялық емханадан қашып шығып, өзінің ойдан құралған отбасы үшін кек қайтарушы ретінде көрсетті. Осы детектив әңгімені оқыған редакторы, бірнәрсені сұрағысы келіп оқталып тұрды да, кейіннен  оны жариялатуға өз рұқсатын берді.

Сол әңгіме газетке шыққан күні таңертеңнен Жомарт іштей өз өліміне дайындалып жүрді. Түске жақын кездейсоқ қалалық ішкі істер бөлімінен келген өткен тәуліктегі қылмыстық ақпараттарды қарап отырып, селт ете қалды. Онда кеше түнде өзінің компьютерлік  шеберханасынан жанында А. есімді азаматтың өлі денесі табылғаны жазылыпты. Сол оқиғаға қатысты сұралған азаматтар  сол маңнан бір топ есірткіқұмар жастың қашып бара жатқанын көріпті. Полициядағы танысына хабарласқан Жомарт қайтыс болған адамның дәл өзі ойлағандай Аралбек екенін және шынында да оны нашақорлар ақшасы үшін пышақтап өлтіргенін білді. Сол сәтте журналистің бойында сол адамға деген аянышты сезім мен қатар өзінің қауіп-қатерден құтылғанына деген қуаныш сезімі арпалысып жатты…

 Қалмұрат ДӘУЛЕТБАЕВ

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...