Гендерлік теңдік адам құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады. Өйткені аталмыш ұғымның басты мақсаты ер мен әйелдің құқығының тең болып, қоғамда тұрақтылық, тепе теңдік орнатуды көздейді. Дүниежүзі халқының жартысын әйел заты құрағанымен, көп жағдайда әртүрлі салада ер мен әйелге тең құқықта қарай бермейді. Өйткені әлі күнге дейін гендерлік теңдікке қол жеткізу, әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін арттыру әлемдік мәселе болып тұр.
Еліміздің Ата заңы адамды жынысына қарап кемсітуге тыйым салады. Соңғы жылдары осы бағытта бірқатар стратегиялар мен заңдар қабылданды. Атап айтсақ, 2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының гендерлік теңдігі стратегиясы әзірленіп, 2009 жылы Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заң қабылданды. Бұған қоса 2016 жылы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы жарияланды. Гендерлік тепе-теңдік пен адам капиталын дамытуға, отбасы құндылығын нығайтуға бағытталған осындай бастамалар жиі жүзеге асырылып жатқанымен, әлі де болса қоғамда аталған мәселе шешімін таппай отырғаны рас. Көптеген қызметтерде ер адамның үлесі басым. Әйелдерге қызметтік баспалдақпен көтерілу де оңай болмай жатады.
Дегенмен бүгінгі күні отбасын асырау міндетін әйелдер де мойнына алып, жауапкершілік жүгін ерлермен теңдей көтеріп жүргендер де бар. Бірақ қашаннан шаңырақтағы жылылықтың ұйытқысы болып келген әйел затының үй ішіндегі орны лайықты бағаланбай, кемсітуге тап келетін жағдайлар да кездеседі. Соңғы кездері елімізде тұрмыстық зорлық зомбылық оқиғаларының көбейіп кетуі соның айғағы. Сондықтан күйеуінен теперіш көріп жүрген әйелдің қоғамдағы теңдігінен бұрын отбасында мендігін қалыптастыруды жиі насихаттаған дұрыс секілді. Жоғарыда аталған 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының негізгі мақсатының бірі – осы әйелдің мәртебесін көтеру арқылы отбасы құндылығын арттыру болып табылады.
Адам капиталын дамытуға ерекше мән беріп отырған елімізде әйел теңдігі мәселесі маңызды болып тұр. Шаңырақтың ұйытқысы саналатын, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп, айналасын үйлестіріп, жарастырып отырған әйелдердің құқығын қорғау уақыт талабы болып отыр. Алыс-жақын ағайынды, көрші-қолаңды тату ету арқылы қоғамның ынтымағын сақтауда, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде әйелдің ерекше орнын білу – қазақта бұрыннан бар идеология. Тек осы бір тепе теңдікті жаңғырта білсек болғаны.
Қалима Дуанбекова, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы