Мамандық – қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек. Қазіргі таңда мамандықтың түрі көп. Таңдау жасау оңай емес. Үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жас ұланның алдында мыңдаған мамандықтан өзіне лайықты біреуін таңдау міндеті тұрады.
Әрбір адам өзін-өзі дамыта алу үшін білім алып, сол біліміне сай мамандыққа машықтану қажет. Қандай жұмыс болса да, оған жауапкершілікпен қарау керек және оны құрметтей білу қажет. Әр істің өзіндік қиындығы мен қызығы болады.
Елімізде соңғы жылдары техникалық және кәсіптік білім беруге ерекше ден қойылуда. Қазіргі күні жастарға кәсіптік білім беру, оларды жұмысшы мамандықтарына даярлау, мамандарды қайта оқыту арқылы қоғамға қажетті мамандарды дер кезінде даярлап үлгеру және олардың біліктілігін көтеру — мемлекетіміздің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі болып отыр. Шын мәнінде бұл мәселе өте өзекті. Өйткені, ел экономикасының қуаты өндіріс орындарын білікті жұмысшылармен жеткілікті қамтамасыз етуге тікелей тәуелді екені сөзсіз.
Қазіргі ғылыми-техникалық прогресс уақытында бұл негізгі өмір талабы болып табылады. Тәжірибелік кәсіби бейімделудің қазіргі таңдағы жағдайы, оның ауқымын кеңейту қажеттілігінде ғана емес, сонымен қатар оқушылардың өзін-өзі кәсіптік және жеке анықтауда көмек көрсету деңгейін сапалы көтерумен де сипатталады.
Адамзат тарихындағы әрбір ғасыр адам өмірінің түрлі салаларында жаңа мүмкіндіктермен және жаңалықтармен ерекшеленді. Бұл жаңа технологиялардың қарқынды дамуына, жаһандық компьютерлендіруге, маңызды медициналық жаңалықтарға байланысты. Ғылыми және техникалық жетістіктер әлемнің бейнесін түбегейлі өзгертеді, олар өркениет деңгейіне, өмірлік тәртіпке және жеке тұлғаның құндылықтарына әсер етеді.
Сондықтан, еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру бағытына барынша мән беріліп, оның қолжетімді болуына, қоғам сұранысындағы мамандықтарды дөп басып, сапалы, білікті маман даярлау ісіне үлкен көңіл бөлінуде.
Бүгінгі маман қандай болуы қажет? Бұл сұрақ көптен бері жастар арасында кеңінен талқыланып келеді. Нағыз маман – өз ісін жетік білетін және өз мамандығына байланысты жан-жақты дамыған адам болуы керек. Міне, сонда ғана ол өзіне және өзін қоршаған адамдарға қуаныш әкеледі. Ал, мамандық таңдау ісінде ата-аналардың ролі қандай? Өз баласына болашақта лайықты азамат болуына мүмкіндік жасайтын сапалы білім беру әр ата-ананың арманы екені даусыз. Олардың міндеті – жастарға бағыт-бағдар беріп, балаларының ойларын біліп, тиісті ақыл-кеңесін айту. Мамандық таңдау кей жағдайда баланың жанұялық жағдайына, денсаулығына байланысты да болады. Ата-аналар балаларының болашақ мамандығы жөнінде ертерек ойлағаны жөн. Ертерек ойланып, белгілі бір мамандыққа баланы жастай баулыса, ол баланың еңбекке көзқарасын қалыптастырып, бейімділігін арттырады. Егер ата-ана мен баланың, мұғалім мен оқушының болашақ мамандығы туралы пікірлері үйлессе, онда мамандық таңдаушы қателеспеген болар еді. Еліміз егемендік алғаннан кейін тұрақты экономикалық дамуды көздеп, еңбек қатынасына бәсекеге қабілеттілікті арттыру мәселесін бірінші кезекке қоюда. Бүгінгі таңда нәтижеге бағытталған білім беру, тұлғаның қабілеті мен бейімділіктеріне сай қалыптасуына негізделеді.
Негізі мемлекетіміз 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы аясында техникалық және кәсіптік білім беру ісіне белсене кірісті. Одан бергі уақытта бұл сала барынша жетілдіріліп, кәсіптік білім беру ісінің жекелеген мәселелері шешілуде. Жалпы, еңбек нарығындағы жұмыссыздық мәселесін шешу, жас білім алушының жаңа технологияны меңгере отырып, еңбек нарығында сұранысқа ие бола алатындай жұмыс күшін қалыптастыруда кәсіптік білім берудің маңызы жоғары. Осы орайда кәсіптік білім беруде олардың халыққа қолайлы жергілікті жерлерден, аудандардан, шағын қалалардан ашылуы өте тиімді болып отыр. Үлкен қалаға барып оқуға мүмкіндігі жоқ жастар жақын жерден білім алып, кәсіби түрде білікті маманға айналып өзінің өскен өлкесінің кәдесіне жарап отырса несі жаман?!
Кәсіптік техникалық білім беру ісін жетілдіру үшін түрлі қадамдар жасалуда. Мәселен, кадрларды дайындаудың мамандандырылған жүйесін жасауда ғылыми техникалық прогресстің қазіргі деңгейін ескере отырып, білім беру саласына қойылатын жоғары халықаралық талаптарды да қанағаттандыру мақсатында елімізде кәсіптік-техникалық білім беру саласына жаңа жүйе – дуальды оқыту әдісі енгізілді. Осыған орай, қазіргі қоғамға ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, оның ішінде, дуальдау оқыту жүйесін ендіру осы салада нақты біліктілігі мен мамандығы бар кадрларға деген сұранысты арттырады деп күтілген болатын. Дуальды оқыту жүйесі арқылы, білім беру мен кәсіпорын арасында тығыз байланыстың орнауына да үлкен септігін тигізді. Әсіресе, оқыту жүйесінің тиімділігі жан-жақты талқыланып, Білім және ғылым министрлігі шетелдердің тәжірибелерін зерттей келе, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне тиімділігін тез дәлелдеді. Нәтиже жаман емес. Қазіргі таңда білім мен тәжірибені қатар ұштастырған мамандар үлкен сұранысқа ие болуда.
Жалпы, дуальды жүйенің негізгі, артықшылығы – болашақ жас маманның оқу орны мен өндірісте қатар оқуы. Сонымен қатар, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішін жоғарылату мақсаты болған еді. Бүгінде осы жүйенің арқасында дуальды жүйе бойынша білім алған колледж түлегі жұмыссыз қалмайтынына сенім артып келеді. Саладағы жақсы маман дайындауға деген талпыныс өз нәтижесін беруде. Сондықтан кәсіптік білім берудің болашағы зор деп сеніммен айта аламыз!
Нұрғалиев Мейірбек Бактыбекұлы, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі Маңғыстау облысы Департаментінің Соттардың инфрақұрылымын дамыту бөлімінің басшысы