12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Бек ӘМЕТОВ, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы: ОБЛЫСТЫҚ СОТ: КЕШЕ және БҮГІН

– «Елу жылда ел жаңа» дейді қазақ. Биыл Маңғыстау облыстық соты елуінші белесіне көтерілген екен. Тарихты түгендегенде алдымен не еске түседі?

– Әйгілі испан жазушысы Мигель де Сервантестің «Тарих – біздің істеріміздің өткенінің куәсі, қазіргіміздің үлгісі мен өнегесі, ал болашағымыздың асыл қазынасы» деген тағылымы терең сөзі бар. Осы биіктен алғанда Маңғыстау облыстық сотының тарихы туралы айтар естелігіміз көп, сабақ алар, бағдар болар істеріміз де баршылық. 1973 жылы ашылған сот елу жылдың ішінде жұмысын жүйелеген, арнасын кеңіткен, беделін нығайтқан құрылымға айналды. Осы жылдар ішінде неше буын ауысты. Сот саласында өзіндік орны бар талай тұлға біздің соттың жандануына, ілгерілеуіне өлшеусіз үлес қосты. Маңғыстау облыстық сотынан тәжірибесін шыңдап, шеберлігін арттырып қызметі жоғарылаған жастар қаншама! Мұның өзі біздің соттың тура төрелік алаңы ғана емес, судьялардың біліктілігін көтерудің, кәсіби қабілетін арттырудың үлкен мектебі болып келе жатқанының нақты дәлелі. Алдымен тарихқа үңілсек, 1973 жылдың наурызында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының республикада Маңғышлақ облысын құру туралы Жарлығы шығады. Осыған орай, әкімшілік аумақтық территория үшін маңызды бір құрылым ретінде 23 наурызда Маңғышлақ облыстық сотын құру жайында Жарлық жария етіледі. Алғашқы қадамды жасау қашанда жауапты әрі қиын. Осыдан-ақ, жаңа құрылған соттың алғашқы құрамына қандай мәртебелі міндет жүктелгенін аңғару қиын емес. Енді іргесін қалаған жас ұжымның басында тұрған Мәмбетов Қуанышбай (төраға), Рудяков Василий (төраға орынбасары), Нәжмединов Шынайбек (төраға орынбасары), Көшекбаев Бодан (мүше), Қарабасова Назым (мүше), Шибакова Тамара (мүше) секілді ұстаздарымыздың еңбегін жоғары бағалап, аттарын алтын әріппен жазуымыздың да сыры осында. Жаңа құрылған соттың жабдығын түгендеп, жағдайын жасау да оңай шаруа емес. Сол тұста қызмет еткен әріптес аға-апаларымыз осындай сындарлы сәтте ешбір қиындыққа мойымай қызмет етті.

Оларды ғимараттың талапқа сай келмеуі, үстел-орындықтың жетіспеуі, көлікті былай қойғанда қағаз-қаламның жоқтығы жасыта алған жоқ. Сеніп тапсырылған істі мінсіз атқару үшін керек-жарақты өз қалталарынан алып, жұмысты кедергісіз жүргізуге барын салды. Осы әрекеттерімен де олар көпке үлгі. Ал қазір жағдай мүлде бөлек. Кешегі сот пен бүгінгі соттың жағдайы жер мен көктей. Қазіргі таңда елімізде мамандандырылған соттар құрылып, сот актілерінің сапасы артты. Бүгінгі таңда заманға сай жаңғырған сот жүйесінде судьялар мен сот қызметкерлерінің сапалы жұмыс жасауы үшін барлық жағдай жасалған. Судьялардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да айрықша көңіл бөлініп, соттар материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілді. Маңғыстау облыстық сотының құрамында 5 аудандық сот, 3 қалалық сот, Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты, тергеу соты, экономикалық сот, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот, қылмыстық істер жөніндегі сот жұмыс жасайды. 2021 жылы Маңғыстау облысының мамандандырылған әкімшілік соты ашылып, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды қарауда. Қазіргі таңда мұнда жетпіске жуық судья, екі жүзден аса маман мен қызметкер жұмыс істейді. Жарты ғасырдың еншісінде атқарылған келелі іс-шаралар, тағдыр тәлкегіне түскен талай жанның тағдырына қатысты үкім, шешімдер, құнды деректер мен мағыналы мәліметтер жатқаны анық.

– Облыстық соттың бүгінгі нәтижелері қандай? Көрсеткіштер көңілден шығып отыр ма?

– Құшағына 362 әулиені сыйғызып, бойына құт дарыған маңғаз Маңғыстауға келіп, абыройлы еңбек ету өмірімнің бір белесіндей. Осынау қасиетті өңірде дала заңының құндылығы әлі де жойыла қоймаған десем қателеспеймін. Себебі, Маңғыстаудың үш биі атанған, аузы дуалы, сөзі көпке қадірлі Есен Ермембет, Жары Мәтжан, Иса атты би-шешендердің сара жолы алдымызда сайрап, бүгінгінің зерделі заңдарымен үндесіп жатқандай. Өткенге зер салсақ, ҚР Жоғарғы Соты республика соттары арасында 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Мемлекеттік тілдегі ең үздік сот отырысы» конкурсын өткізген болатын. Нәтижесінде, конкурс комиссиясы барлық талаптарды қатаң сақтай отырып, жоғары мүмкіндікті пайдаланып, тіл тазалығына көлеңке түсірмей сот отырыстарын өткізген Маңғыстау облыстық сотын 1-орынға лайық деп тапқан. Республика судьялары арасында спорт, дене шынықтыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Батыс аймақтық спартакиадасы өткізіліп тұрады. Бұл спорттық жарыстарда да Маңғыстау облыстық соты үздіктер қатарында. Ал, енді жұмыстағы жетістіктерге келетін болсақ, «2023 жылды Маңғыстау облысының судьялары үшін сапа жылы» деп жарияладық. Өткен жыл қорытындысымен татуласу рәсімі бойынша біздің сот республика көлемінде 2-орында. 2022 жылы өңірде қылмыстық және азаматтық істер азайған. Есепті кезеңде 1757 тұлғаға қатысты 1525 қылмыстық іс аяқталған (2021 ж. – 1999 тұлғаға қатысты 1752 қылмыстық іс қаралған). Сондай-ақ, өңірде 10 тұлғаға қатысты ақтау үкімі шығарылған. 2022 жылы 11632 тұлғаға қатысты 11626 әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер аяқталған (2021 ж. – 10706 тұлғаға қатысты 10700), яғни, әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер саны 926-ға көбейген. Сондай-ақ, 12507 азаматтық іс аяқталған (2021 ж. – 13233). Өткен жылы Маңғыстау облысының соттарына барлығы 784 әкімшілік талап қою түскен (МАӘС – 745, жалпы соттарға – 39), оның ішінде, сот орындаушылар әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту, салық, жер, мемлекеттік сатып алу санатындағы даулар бойынша талап қоюлар басым. Өңір соттарында цифрландыруды дамытып, сондай-ақ, талап қоюларды қазақ тілінде жолдау туралы мемлекеттік органдарға арнайы хат жазылып, тіл мәртебесін көтеруді қолға алдық. Нәтижесінде, өңір соттарындағы мемлекеттік тіл мәселесі шешімін тауып, кіріс-шығыс құжаттарының 87 пайызы қазақ тілінде жүргізілуде.

– Маңғыстау облыстық сотының қазанында қайнап, тәжірибесін шыңдаған, мықтылығын мойындатқан әріптестер аз емес болар?

– «Көргені жақсы көш бастар» демекші, құрылғанына елу жыл толған Маңғыстау облыстық соты талай жанның бағы мен бақытының баспалдағы болды. Осы сотта бірталай әріптес-замандастарым қызметін бастап, алды Жоғарғы Сотта жемісті жұмыс жасап жүргенінің куәсі болдық. Олардың қатарында 1994–2008 жылдары Жоғарғы Соттың судьясы Назым Суханова, Жоғарғы Соттың судьясы, ҚР Жоғарғы Кеңесі Парламенті Сенатаның депутаты болған Нұрлығайым Жолдасбаева, 1998– 2000 жылдар аралығында Жоғарғы Сот судьясы болған Тұрғын Беркалиева, Парламент Мәжілісінің депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Ирак Елекеев, ҚР Әділет министрінің бірінші орынбасары болған Марат Нұрбеков бар. Сондай-ақ, Жоғарғы Соттың қазіргі судьялары Қамбар Нұрышев, Досжан Әміров, Марғұлан Бектұрғанов, Нұрсерік Шәріпов, Сәкен Абдолланың да қасиетті Маңғыстау қанатын қатайтты.

– Облыстық сот пен ардагер-судьялар арасындағы байланыс үзілмеген болар?

– «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» демекші үлкенін төрге оздырып, сый-құрметін аямаған, ардагерін ардақтап, қариясын құрметтеген халықтың ұрпағымыз. Осы орайда, саналы ғұмырын сот жүйесіне арнап, әділ төрелігімен халқына үлгі болған ардагерлер есімін ерекше құрметпен айтып өту парыз деп білемін. Қай заманда да халық шырылдап шындық пен әділдік іздеп келетін сотта қызмет істеу оңайға соқпаған. Маңғыстау облыстық сотының өсіп-өркендеуі жолында бір кісідей қызмет еткен Итемген Орынбаев, Керек Қабақов, Сәрсен Қауылтай, Қалия Ахмедова, Мағрипа Оразбаева, Марат Сабырбаев, Шаншарбек Орынбаев, Хамида Қаженова, Гүлжиһан Мырзағұлова, Бекзат Шоқанова сынды ардагер судьяларымыздың орны бөлек. Маңғыстау облыстық соты тарапынан өткізілетін әрбір іс-шараның көркі осы ардагерлеріміз десем артық болмас.

– Алдағы жоспарларға тоқталсақ…

– Замана ағымы адамдардың құқығы мен бостандығын қорғап, сот төрелігін іске асыруда алдымызға жаңа міндеттер жүктеп, тың талаптар қоя беретіні анық. Басты мақсат – халықтың сотқа деген сенімін ақтап, әділ сот билігінің салтанат құруына мүлтіксіз қызмет ету. Әкімшілік әділет институтының қолданысын кеңейту, аталған санаттағы істерді сапалы қарау, Медиация институтын дамыту, дауларды бітіммен аяқтау, Билер кеңесінің жұмысын жандандыру, сот актілерінің сапасын арттыру мәселелерінің күн тәртібінен түспесі анық. Қорыта айтсақ, біздің көздегеніміз – еліміздің сот төрелігін сапалы жүзеге асыру арқылы қоғамның сотқа деген сенімін, қолжетімділігін арттыру.

– Әңгімеңізге рақмет! Облыстық сотта еңбек еткен барлық судьялар мен сот қызметкерлерін мерейлі мерекемен «Заң газетінің» атынан құттықтаймыз!

Айнұр САТЫБАЛДЫ, «Заң газеті»

Нужно делать больше, чем тебе под силу

Я, Мұқажан Мұхамед Тоққожаұлы родился 26 июля 1994 года...

Заңды өкілінің іс әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты сот іс өндірісін тоқтатты

Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен...

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті

Қазіргі таңда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының...