12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Бақыт НҰРМҰХАНОВ, Конституциялық Сот төрағасының орынбасары: «КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ҮСТЕМДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ ҒЫЛЫМИ ЖЕТІСТІКТЕРДІ ЕСКЕРУ МАҢЫЗДЫ»

– Бақыт Маратұлы, 2022 жылы Ата Заңымызға маңызды өзгерістер енгізілді. Олар қоғам мен мемлекеттің одан әрі дамуына қалай әсер етті?

– Өткен жылы ел Президенті Қ.Тоқаевтың бастамашылығымен елімізде ауқымды конституциялық реформалар жүргізілді. Жалпы, мұндай реформалар жаңа бір даму сатысына өту кезінде алға қойылған стратегиялық мақсаттарға жету үшін қажетті бетбұрыс шараларына берік саяси-құқықтық негіздер қалап, жан-жақты түрленуге мықты серпін беру үшін жасалатыны белгілі. Халықтың тікелей қатысуымен қабылданған конституциялық түзетулер мемлекеттік билік және қоғамдық институттар қызметінің принциптерін өзгертіп, экономика, саясат, құқық салаларын қайта жаңғыртуға жұмыс жасауда. Мәселен, осы жылы Парламент Мәжілісіне және жергілікті өкілді органдарға жаңа ережелерге сәйкес сайлау өтті. Оған қатысқан саяси партиялар саны артты, енді өкілді органдарда бірмандатты округтер бойынша сайланған депутаттар да бар. Заң шығару процесі жаңғырды, ол барынша ашық және сайлаушылардың мүдделерін ескеруге бағытталды. Әкімшілік реформа жалғасып, жергілікті өзін-өзі басқару тетіктері кеңейді. Құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыратын шараларды атап өткен жөн. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесі анықталып, институционалдық, құрылымдық, кадрлық жағынан күшейтілуі адами құндылықтарды қорғауда маңызды. Мемлекеттіліктің құқықтық негіздерін, адамдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін сақтау үшін Конституциялық Соттың құрылғанына ерекше назар аударғым келеді. Осылайша екі жүз жылдан астам тарихы бар конституциялық бақылауды жүзеге асыратын Қазақстанда жаңа органның қалыптасуы отандық конституциялық әділет жүйесінің дамуында жаңа бір парақты ашты.

– Конституциялық Соттың қызметіне кіріскеніне 8 айға жуықтады. Жаңа өзгерістерден халық хабардар ма?

– Мемлекет басшысы Конституциялық Сот құру идеясын алғаш рет былтырғы жылдың наурызында өзінің халыққа жолдауында жария еткен болатын. Осы сәттен бастап қоғам бұл жаңа органға ерекше назар аударды. Конституцияға енгізілетін толықтырулар 5 маусымда өткен республикалық референдумға шығарылып, оларды халық арасында кеңінен түсіндіру мақсатында үлкен жұмыстар атқарылды. Конституциялық Сот туралы Конституциялық заңға Республика Президенті қол қойды. Конституциялық Сот іс жүзінде құрылған соң да бұл жұмыс тоқтаған емес. Бұқаралық ақпарат құралдарында, ресми сайтта, әлеуметтік желілерде түсіндіру сипатындағы материалдар орналастырылды. Судьялар және аппарат қызметкерлері конференциялар, семинарлар және басқа да кездесулерге қатысуда. Астана қаласында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктерге арналған брифинг ұйымдастырылды. Еліміздің жоғары оқу орындарында тақырыптық шаралар өткізілді. Университет студенттеріне Конституциялық Сот ғимаратында дәрістер оқылды. Бұл шаралар әлі жалғасып жатыр.

– Азаматтар Конституциялық Сотқа өтініш беруде қаншалықты белсенді?

– Өткен сегіз ай ішінде Конституциялық Сотқа азаматтардан 4 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Бұл мәселеде көш бастап тұрған Астана (580), Алматы қалаларының тұрғындары (536). Одан кейін Қостанай (313), Жамбыл (256) және Қарағанды (245) облысының тұрғындары белсенді болып тұр. Конституциялық Сот жұмысына қатысты ақпарат барлық өңірлер бойынша ресми сайтымызда үнемі жаңартылып отырады.

– Өтініш беруде азаматтар қандай қателіктерге жол береді? Олардың алдын алу үшін не жасалып жатыр?

– Келіп түскен өтініштердің сапасы әртүрлі. Заңмен бекітілген талаптар сақтала отырып, жоғары дәрежеде, тек мәселені көрсетіп қана қоймай, ол жайындағы озық шетелдік тәжірибені, халықаралық құқық қорғау органдарының шешіміне сілтемелер жасай отырып жазылған өтініштер бар. Азаматтар тарапынан жол беріліп жатқан қателіктер арасында дауланған норманы нақты көрсетпеу, проблемасын сипаттай келе, қоятын талабын анықтамау, істе дауланған норманың қолданғанын растайтын сот шешімін қосымшада бермеу, өкілінің сенімхатының болмауы немесе оның ескіруі, басқа мемлекеттік органдардың құзырына кіретін сұрақтар қою және тағы басқалар кездеседі. Әу бастан Конституциялық Сот азаматтарға өз өтініштерін сауатты және сапалы дайындауы үшін бірқатар шаралар қабылдады. Өтініштердің үлгілік нысандары әзірленіп, жарияланды. Ғимаратымызда арнайы стендтер жасалды, оларға аталған үлгілер орналастырылды. БАҚ-та сотқа жүгіну тәртібі мен ережелеріне байланысты ақпараттар жарияланып отырады. Мыңнан астам адвокат пен заң консультантының қатысуымен вебинарлар өткізілді. Оның материалдары адвокаттар алқасы мен заң консультанттары палаталарының электрондық ресурстарында жарияланды. Бұл жұмыстардың нәтижесін біз көріп отырмыз. Олар азаматтар өтінішінің сапасына оң әсерін тигізгені сезіледі.

– Конституциялық Сотқа жолданған арыз, өтініштер дегі мемлекеттік тілдің үлесі қандай?

– Осы уақытқа дейін Конституциялық Сотқа 1156 өтініш мемлекеттік тілде түсті. Сәйкесінше Конституциялық Сот аппараты алдын ала қарау барысында оларға жауапты қазақ тілінде жіберді. Конституциялық заңға сәйкес, конституциялық іс жүргізу мемлекеттік тілде жүзеге асырылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Конституциялық Соттың отырыстарында ілеспе аударма қамтамасыз етілген және оның шешімдері қазақ және орыс тілдерінде жарияланады. 

– Қандай заңдарға халықтың көңілі толмайды?

– Азаматтар бірінші кезекте күнделікті өмірде өздерінің құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын заңдарды даулайды. Олар әлеуметтік қорғау, қылмыстық жауаптылық, алдын ала тергеу, сот ісін жүргізу, мемлекеттік, әскери, құқық қорғау және басқа да қызмет түрлеріне түсуге қойылатын талаптар, мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану, жеке өміріне қол сұғылмаушылық, сыбайлас жемқорлықпен күрес және тағы басқа мәселелерге қатысты. Жалпы, өтініштерде үш конституциялық заңның, он кодекстің, жиырма заңның, Жоғарғы Соттың он төрт нормативтік қаулысының, екі Үкімет қаулысының және бес орталық мемлекеттік органның нормативтік сипаты бар бұйрықтардың ережелері дауланды.

– Конституцияға сәйкес емес деп танылған заңдар көп пе? Қандай сәйкессіздіктер анықталғанын кеңірек айтып берсеңіз?

– Халықаралық тәжірибеде конституциялық бақылау органдары заңның конституцияға сәйкестігі презумпциясын ескереді. Өйткені, кез келген заң күрделі заң шығару процесінен өтіп, көптеген мемлекеттік органдардың және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен қабылданған акт. Сондықтан ол Ата Заңның талаптарын өрескел бұзған мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін қызметтен шығарылған азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруіне мерзімсіз тыйым салған нормасы Конституцияға сәйкес келмейді деп танылды. Талдау көрсеткендей, белгілі бір кезең өткеннен кейін заң сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жаза тағайындалған, сондай-ақ, қылмыстық теріс қылық пен онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдардың мемлекеттік қызмет лауазымдарына орналасуына жол беріледі деген. Яғни, қоғамдық қауіптілік деңгейі анағұрлым жоғары құқықбұзушылықтар жасаған адамдардың жағдайы тәртіптік теріс қылықтарға жол берген азаматтардан жақсы болып шықты. Өз шешімінде Конституциялық Сот тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауаптылық шараларынан туындайтын құқықтық шектеулердің мөлшерлестігі болуы тиіс деп қаулы етті. Аталған Конституциялық Соттың шешімдері жария етілген. Олардың толық нұсқасы көпшілікке қолжетімді.

– Заң конституциялық емес деп танылған жағдайда сот шешімдері қандай тәртіппен қаралады?

– Конституциялық Сот туралы Конституциялық заңда соттардың және өзге де құқық қолдану органдарының сондай заңға немесе өзге де құқықтық актіге негізделген шешімдері орындалуға жатпайды және белгіленген тәртіппен қайта қаралуға тиіс делінген. Бұрын қабылданған сот шешімдерін қайта қарау тәртібі процестік кодекстерде реттелген. Ол істің сипатына байланысты. Айталық қылмыстық іс бойынша үкім жайлы болса, Қылмыстық процестік кодекске сәйкес (53-тарау), сот актісін шығару кезінде сот қолданған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні Конституциялық Соттың конституциялық емес деп тануы қылмыстық іс жүргiзуде жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастаудың негiзiне жатады. Айыптау үкiмiн осындай мән-жайлар бойынша сотталған адамның пайдасына қайта қарау ешқандай мерзiмдермен шектелмеген. Істі қайта қарау туралы бұндай өтінішхатты сотқа беру құқығы сотталған адамға, жәбірленушіге немесе олардың заңды өкілдері мен қорғаушыларына, сондай-ақ прокурорға тиесілі. Олар сот отырысына қатысуға құқылы. Өтінішхат қанағаттандырылса, сот үкімнің күшін жояды. Себебі, Конституциялық Сот іс-әрекеттің қылмыстық құқық бұзушылық ретінде саралануы оған байланысты болатын заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп таныған жағдайда, қылмыстық іс тоқтатылуға жатады. Азаматтық және әкімшілік істер бойынша тиісті нормалар Азаматтық процестік кодексте (55-тарау) және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте (47-тарау) қарастырылған.

– Конституциялық Сот жанынан құрамына түрлі құқықтық сала ғалымдары кірген ғылыми-консультативтік кеңес құрылған екен. Кеңес тарапынан қандай жұмыс жүргізілуде?

– Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуде ғылымның жетістіктерін жан-жақты ескеру өте маңызды. Осы мақсатта Конституциялық Сот жоғары оқу орындары және ғалымдармен тығыз қарым-қатынас орнатуға үлкен мән беруде. Сот жанынан құрылған ғылыми-консультативтік кеңеске отыз алты ғалым кірді, олардың арасында отыз екі заң ғылымдарының докторлары бар. ҒКК қазіргі заманғы конституционализм проблемалары, конституциялық заңнаманы және оның қолданылу практикасын жетілдіру, адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерінің тиімділігін арттыру, конституциялық құндылықтарды насихаттау, конституциялық заңдылық мәселелері бойынша азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар мен ұсынымдар енгізеді. Олар Конституциялық Соттың маусым айында жария етілген алғашқы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын дайындауда пайдаланылды. ҒКК кейбір мүшелері жекелеген өтініштер бойынша сараптамалық қорытындыларын берді.

– Алдымызда Конституция күні келе жатыр. Оқырмандарға тілегіңіз қандай?

– Ата Заң күні – ерекше мемлекеттік мереке. Соған орай бірінші кезекте Конституцияның мәнін, мазмұнын терең түсініп, әрі қарай іске асыру жолдарын талқылауға пайдалану керек. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шаралар өткізіліп жатыр: форумдар, кездесулер, жаңа әлеуметтік инфрақұрылымдық объектілерді ашу, мәдени, спорттық додалар және т.б. Олардың барлығы тиісті конституциялық принциптерден бастау алады. Мүмкіншілікті пайдалана отырып, оқырмандарды Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріне саулық, істеріне сәттілік, отбасыларына бақ-береке тілеймін.

– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет!

А.САТЫБАЛДЫ, «Заң газеті»

«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы

"Құқықтық тәртіп" атты жедел алдын алу шарасын өткізу мерзімінде...

Қазалы ауданында пробация есебіндегі азаматтардың балаларына жаңа жылдық сыйлықтар таратылды

Қазалы ауданында жаңа жыл мерекесі қарсаңында балаларға қуаныш сыйлау...

Қызылорда қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекемесінде

Сотталған азаматтарды өмірге деген көзқарасын өзгерту, жақсарту мақсатында мекемеде...

Как проходит модернизация досуговых центров в Алматы?

В Алматы постепенно развивается инфраструктура для молодежи города. Одним...

Алматыда жастарға арналған  демалыс орталықтар жаңғыртылуда

Алматы қаласындағы ең маңызды жастар жобаларының бірі – 100...