Елімізде ажырасу көрсеткішінің артуы 2019-2024 жылдарға арналған
отбасын дамыту және қолдау жол картасын дайындауға себеп болды. Мұнда
отбасын құрудың барлық кезеңіне қатысты мәселелер қамтылған. Мемлекет
басшысының арнайы тапсырмасымен іске қосылған жобаның мақсаты
отбасыларды қолдау, сол арқылы ажырасу деңгейін төмендету болды.
Ресми ақпараттарға сүйенсек, елімізде 2021 жылдан бері жетпіске жуық
отбасын қолдайтын арнайы орталық ашылыпты. Олардың жұмысы
нәтиіжесіз емес.
Бабаларымыз әрбір отбасының босағасы берік болуына ерекше
мүдделілік танытып, шаңырақтың шайқалмауына әрқашанда атсалысқан.
Осы жақсы үрдіс ҚР Жоғарғы Сотының тарапынан жаңғыртылып,
«Отбасылық сот» жобасы арқылы өмірге енді. Неке бұзу туралы талап
арыздарда ерлі-зайыптыларды райынан қайтарудың барлық шарасы
қарастырылады. Отбасының сақталуы ең алдымен балалардың күйзеліске,
теріс жолға түсуінің алдын алады. Соттар әрқашанда ерлі-зайыптылардың
бірлігін сақтауға, сол арқылы тірліктерін одан әрі жалғастырып кетулеріне
мүдделілік танытады.
ҚР Жоғарғы Сотының бастамасымен жүзеге асырылған «Отбасылық сот»
пилоттық жобасы аясында республикамызда татуласу орталықтары, оның
ішінде отбасылық орталықтар ашылды. Ашылып қана қоймай, олар көптеген
отбасының сақталуына үлес қосты.
Заң саласында да отбасы институтының құндылықтарын қалыптастыруға
қатысты оң өзгерістер орын алуда. Мысалы, бұрын некені бұзу, ортақ
мүлікке қатысты және алиментті өндіру туралы даулар жалпы соттарда
қаралса, қазіргі күні Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық
актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау
мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңына
сәйкес, мұндай істерді қарау құзыреті ювеналды соттарға өтті.
Бұдан әрі нақтыласақ, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық соттар кәмелеттік жасқа толмаған
балалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты барлық дауды
қарап, шешеді. Бұлардың қатарында кәмелетке толмаған балалары бар ерлі-
зайыптылар арасындағы некені бұзу, мүлікті бөлу, олардан бөлек тұратын
баламен жақын туыстарының қарым-қатынас тәртібін анықтау, өзге
адамдардан заңсыз жүрген баланы алып қою, алименттердің мөлшерін
өзгерту, мұрагерлік құқық туралы, т.б. санаттар бар. Яғни, кәмелеттік жасқа
жетпеген балалардың құқықтары мен заңды мүдделері қозағалатын
отбасылық даулар қаралады. Бұл өзгерістер өз кезегінде бір отбасындағы
барлық дауды бір істің аясында шешуге мүмкіндік беріп, балалар
құқығының жан-жақты әрі жедел қорғалуына ықпал етеді.
Отбасы жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің
бастауы, осы себепті, жанұяның береке-бірлігін сақтауға, балалардың
болашағын жарқын етуге ата-ана бірдей күш салуға тиіс. Отбасының
татулығы қоғам мен мемлекеттің тұтастығына кепілдік етеді.
Асқар Оспанбеков,
Түрксіб аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы