Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің жеке құрамы Отан қорғаушылар күнін және Ұлы Жеңіске 78 жыл толу мерекелерін салтанатты түрде атап өтті. Мерекелік іс-шараға Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің басшылығы, мекеме бастықтары, жеке құрам және сала ардагерлері қатысты.
Еліміздің көк байрағы ортаға әкелініп, Әнұраны шырқалғаннан кейін, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы әділет полковнигі Руслан Уразбаев және Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сақыткерей Баймағамбетов қонақ ретінде арнайы шақыртылған тыл майдангерлері мен сала ардагерлерін және салтанатты іс-шараға жиналғандарға құттықтау сөздерін жеткізіп, Отан қорғаушылар күнімен және алдағы Жеңіс күнімен құттықтады. Бұл күні Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне жаңадан қабылданған 23 жас қызметкер Отан алдындағы борышын адал атқаруға салтанатты түрде Ант қабылдады.
Салтанатты іс- шарада қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, қол жеткізген жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен Әйтеке би аудандық пробация қызметі тобының аға инспекторы әділет аға лейтенанты Сәт Ізбасар Қанатқалиұлы мерзімінен бұрын әділет капитаны арнайы атағын алды.
Сонымен қатар, № 70 мекемесінің режим және күзет бөлімінің аға бақылаушысы Тлегенов Орын Максотұлы «Қылмыстық-атқару жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медальімен, Ақтөбе қаласының Алматы ауданы бойынша пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы әділет капитаны Кубаев Қайрат Нугметоллаұлы «Қылмыстық-атқару жүйесінің үздігі» төс белгісімен, Қазақстан Республикасы ІІМ Құрмет грамотасымен №8 мекемесі бақылаушылар қызметі бөлімінің аға бақылаушысы әділет старшинасы Шуренов Мырзатай Тобышұлы және №70 мекемесінің режим және күзет бөлімінің әділет старшинасы қазбаев Ақылбек Максотұлы, ал Қазақстан Республикасы ІІМ Алғыс хатымен №70 мекемесінің режим және күзет бөлімінің корпус бойынша аға қызметкері әділет старшинасы Жұмағазиев Ілияс Ақанұлы марапатталды.
Сондай-ақ, бірқатар қызметкерлерге Алғыс жарияланып, ҚАЖ департаменті бастығының грамотасымен марапатталды. Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы


