12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Аян МҰХАМЕТҚАЛИЕВА, Денсаулық сақтау министрлігінің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды үйлестіру департаментінің директоры: «ҚОР МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ САПАСЫН ДА, КӨЛЕМІН ДЕ АРТТЫРДЫ»

– Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Бірақ әлі де айтылатын сын көп. Соның ішінде МӘМС-ке қатысты түсінбеушілік пен реніш толастамай келеді. Мұны Мемлекет басшысы былтырғы жолдауында да айтты. Содан бері бұл мәселе қаншалықты өзгерді?

– 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі есебінен медициналық көмек алуға 16,5 млн адам немесе жалпы халықтың 83,2 пайызы құқылы. Олардың басым бөлігі жеңілдік санатына кіретін 11,7 млн адам. Қазіргі таңда 3,4 млн адамның сақтандырылған мәртебесі жоқ. Олар өз бетінше жұмыспен қамтылғандар, тұрақты табысы жоқ жұмыссыздар немесе жұмыссыздық бойынша әлеуметтік мәртебесі расталмаған азаматтар. Осындай сақтандырылмаған азаматтарға «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес денсаулық сақтаудың барлық бастапқы қызметін (МСАК, жедел медициналық көмек), әлеуметтік мәні бар және негізгі созылмалы аурулар, инфекциялар кезіндегі медициналық, паллиативтік көмекті, сондай-ақ амбулаториялық дәрімен қамтамасыз етуді көздейтін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде медициналық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, қандай да бір себеппен табысы жоқ немесе халықтың әлеуметтік осал тобына жататын адамдар үшін МӘМС жарналарын төлеуді мемлекет өз міндетіне алған. Сондықтан егер азамат жұмыссыз қалса немесе табысы болмаса, тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына жүгінуге және жұмыссыз ретінде немесе мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы ретінде өтініш беруге құқылы. Бұл жағдайда мемлекет жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шарасын жүзеге асыруға, сондай-ақ МӘМС жарнасын төлеуге кепілдік береді. Осыған байланысты, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры сақтандырылмаған азаматтарды МӘМС жүйесіне тарту мақсатында тиісті шаралар әзірледі. Соған сай 2022 жылғы 5 қыркүйектен бастап дербес төлеуші ретінде алдағы 12 айға жарна төлеп, 1 жыл бойы сақтандырылған мәртебесін алу мүмкіндігі берілетін балама тетік енгізілді. Бұрын азаматтар медициналық көмек алу үшін, өткен 12 айға жарна төлеуге міндетті еді. Сонымен қатар, алдағы 12 айға төлем жасап, 1 жыл бойы МӘМС есебінен медициналық көмек алу мүмкіндігін көптеген азамат пайдаланды. Биыл олардың саны бірнеше есеге артты. МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар, сондай-ақ жүйеге бір де бір рет төлем жасамаған немесе оны жүйесіз жүргізген дербес төлеушілердің барлығы бұл мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысады.

– Ал осы жүйе аясында көрсетіліп жатқан қызметтің сапасы жайлы не айтасыз? Байқауымызша жұртшылық тарапынан бұған қатысты базына баршылық. Көпшілігі емханалардағы қаптаған кезекке наразы.

– 2023 жылғы 1 ақпаннан бастап емханалар қызметі үшін сызықтық шкала енгізілді. Бұған емханалардағы медициналық қызметті тұтынудың бақылаусыз және негізсіз өсуі түрткі болды. Мұның басты себептерінің бірі – көлемдерді бірлесіп орындауға беру. Бүгінде осындай шартпен медициналық ұйымдардың 80 пайызы жұмыс істеуде. Мұндай медициналық ұйымдар халық үшін сапа мен аумақтық қолжетімділікті қамтамасыз ете алмайды. Осыған байланысты, медициналық қызмет көрсетушілерге қойылатын талапты қатаңдату және бірлесіп орындауға берілетін медициналық көмектің шекті көлемін белгілеу мәселесі де пысықталуда. Қазақстанда халықаралық тәжірибеге сай қызмет көлемін басқару үшін 2012 жылы стационарлық қызметтерге сызықтық шкала енгізілді. Бұл орайда медициналық қызметтің жекелеген түрі бойынша қосымша ақы төленеді. Ол балалар мен ересектердің онкологиясы, жоғары технологиялық операциялар, инфекция, босану және стационарлық жағдайда балаларға медициналық көмекке жұмсалады. Ал басым бағыттар бойынша, атап айтқанда жүкті әйелдерді бақылау, профилактикалық тексеру, онкологиялық науқастарға арналған қызметке сызықтық шкала қолданылмайды. Мемлекет басшысының 2023 жылғы 19 сәуірдегі елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмасы аясында, қордағы Денсаулық сақтау министрлігінің шашыраңқы ақпараттық жүйелерінен төлем функционалын ауыстыруды ескере отырып, шарттар жасасу және жүргізу процестерін цифрландыру, мониторинг, медициналық көмекке ақы төлеу жөніндегі «Е-Денсаулық» бірыңғай цифрлық платформасы шеңберінде «Медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесін» дамыту жобасы басталды. Оған сақтау орталығының сарапшылары мен Цифрлық үкіметті қолдау орталығының мамандары тартылды.

– МӘМС-ке бөлінген ақша қыруар. Бұл қаржыға не істелінді? Көпшілік әзірге МӘМС басында отырған бір топ қызметкердің қомақты айлық алатынынан басқа ақпараттан бейхабар. Ал, медициналық қызметтің сапасы сол баяғы қалпында сияқты.

– Қазақстанда МӘМС-ті енгізу бірінші кезекте азаматтардың әлеуметтік және экономикалық жағдайына қарамастан, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмектің жалпыға бірдей қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттігінен туындады. Денсаулық сақтауды қаржыландырудың жаңа тетігін құру және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна мен аударым жасау арқылы мемлекет, жұмыс беруші мен халық арасында қаржылық жүктемені әділ бөлу көзделді. Бұл ретте мемлекет МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан әрбір азаматқа қолжетімді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етумен қатар, халықтың әлеуметтік осал тобын, оның ішінде балалар, жүкті әйелдер, мүгедектігі бар адамдар, зейнеткерлер, жұмыссыздар және тағы басқа азаматтар тобын қорғау жауаптылығын өзіне қалдырды. Бүгінгі таңда мемлекеттік бюджеттен 15 жеңілдік санатына кіретін 11,7 млн адамға аударым жүргізіледі. МӘМС денсаулық сақтау жүйесін біртіндеп қаржыландырып, өзінің негізгі міндетінің бірін орындап отыр. 2019 жылы халықтың медициналық қызметтерге қажеттілігіне 1,3 трлн теңге бағытталды. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2010 жылы бұл көрсеткіш екі есе төмен, яғни – 562,8 млрд теңге еді. МӘМС жүйесі енгізілген 3,5 жыл ішінде қаржыландыру екі есе артты. 2021 жылы бұл көрсеткіш 1,8 трлн теңгеге, 2022 жылы 2,2 трлн теңгеге өсті. 2023 жылы медициналық көмекті қаржыландыруға 2,5 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылды. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қаржыландыру 1,3 трлн теңгеден 1,4 трлн теңгеге өсті. Бұл орайда медициналық қызметтің негізгі тұтынушысы – азаматтардың жеңілдетілген санаттарына жұмсалған шығыс – МӘМС-тің жалпы көлемінің 73,4 пайызына тең. МӘМС есебінен дәрігер қабылдаулары, зертханалық талдаулар және диагностикалық зерттеулер қолжетімділігі 7 есе артты. Мысалы, бейінді мамандардың консультациялары мен диагностикалық зерттеулер саны 20 милионнан 142 милионға дейін өсті. 3 жарым жыл ішінде қазақстандықтарға 13 млн стоматологиялық қызмет көрсетілді. Оның 11 млн-ы балаларға бағытталды. Пациенттерге медициналық оңалту қолжетімді бола түсті. 2022 жылы 253 мың адам МӘМС есебінен стационарларда медициналық оңалтудан өтті. Жоғары технологиялық медициналық көмекті қаржыландыру 3 жарым есе өсті. МӘМС енгізілгелі жоғары технологиялық медициналық көмек 4 есе көп көрсетіле бастады. Қор ауқымды жұмысты атқарады. Сол себепті ол білікті адами ресурстарды, техниканы және ақпараттық жүйелерді қажет етеді.

– Мемлекет басшысы айтқан мәселелердің бірі медициналық көмектің мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеттеріне жасанды бөлінетіндігі. ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберіндегі медициналық қызметтердің ағымдағы пакеттерін алу өте күрделі. Неге?

– Бұл мәселе бойынша нақты шаралар қолға алынды. Қор Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, ТМККК және МӘМС пакеттерін кезең-кезеңімен жетілдіру, оның ішінде халықаралық тәжірибені ескере отырып, ұсыныстарды қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде. Еске сала кетейік, Қазақстан азаматтарының ерікті медициналық сақтандыруға қатысу құқығына шектеу жоқ. Бұл құқық «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабының 5-тармағында бекітілген. Әрбір азамат тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс және МӘМС жүйесінде өз қаражаты, ұйымдардың қаражаты есебінен, сондай-ақ ерікті медициналық сақтандыру жүйесі және ҚР заңнамасына сәйкес өзге де көздер есебінен қосымша медициналық көмек ала алады.

– Қазір қаптаған медициналық орталықтан аяқ алып жүре алмайтын халге жеттік. Ішінде бірде-бір құрылғысы жоқ, әр сала мамандарын екі-үш сағатқа шақырып, ақша жасап отырған мұндай медорталықтар жұмысын кім қадағалайды? Таныс-туысының тізімін жасап, пайда тауып отырған мұндай орталықтар жалпы денсаулық саласына көлеңке түсіреді деп ойламайсыз ба?

– Денсаулық сақтау министрлігі өзінің бақылау функциялары шеңберінде, сондай-ақ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КеАҚ көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне бақылау мен мониторингті жүзеге асырады. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде медициналық көмек көрсету тәртібін, стандарттарын сақтамағаны және сапасыз қызмет көрсеткені үшін, сондай-ақ ақылы негізде ТМККК және МӘМС жүйесіне кіретін медициналық көмек көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгендігін атап өткім келеді. Қазіргі таңда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс шеңберінде қордың медициналық қызмет көрсетушілермен өзара іс-қимылын регламенттейтін Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Онда біз МСАК-тың жаңа субъектісіне кемінде 10 мың адам бекітілетін талапты қарастырдық. Өйткені, жұмыс тәжірибесі көрсетіп отырғандай, МСАК Денсаулық сақтау субъектілері халықтың саны аз болған жағдайда толық емес және кешенді емес қызметтер көрсету қаупі бар. Бұл МСАК және КДҚ қызметтерін көрсетуді қамтитын медициналық көмек көрсетудің қолжетімсіздігі мен сапасының төмендеуіне әкеп соғады. Талап алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін көптеген шағын жеке клиникалардың құрылуына байланысты енгізілуде. Адамдар неғұрлым аз болса, клиника соғұрлым аз қаражат алады. Осы тұрғыда жалақыны төлеу, ғимаратты күтіп ұстау, жабдық сатып алу, бекітілген КДҚ халқын қызметтермен қамтамасыз ету қажет. Тиісінше, шағын клиникалар алынған қаржыландыруға сәйкес келмейтін айтарлықтай шығынға ұшырайды. Сондықтан олар өз штатында бейінді маман дарды ұстай алмайды, жабдықтар сатып ала алмайды және сәйкесінше барлық тіркелгендер басқа клиникаларға бірлесіп орындауға жіберіледі. Осы жерден бірнеше проблема туындайды. Біріншісі – пациентке медициналық көмектің қолжетімділігіне кедергі жасау, тест тапсыру, кардиолог/невропатологпен кеңесу немесе рентгендік тексеруден өту, ультрадыбыстық, КТ/МРТ – мұның бәрін пациент өз емханасында ала алмайды. Екінші мәселе – бірлесіп орындаушылар мен үшінші тарап ұйымдары алдындағы кредиторлық берешектің қалыптасуы, шағын клиникалардың күрделі қаржылық жағдайы. Пациенттердің шағын базасымен аурудың алдын алу және ерте диагностикалау бойынша тиімді бағдарламаларды ұйымдастыру қиынырақ. Тиісінше, диагностиканың сапасы, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру жұмысы зардап шегеді, Сонымен қатар, профилактикалық бағдарламаларға қолжетімділік шектеледі. Тіркелген халықтың аздығынан ұйым экономикалық ауытқуға шыдамауы мүмкін. Мұның бәрі қызметкерлердің қысқаруына, бөлімшелердің жабылуына немесе тіпті, бүкіл ұйымның жабылуына әкелуі мүмкін. Бұл ретте, бұл норма әкімшілік-аумақтық бірліктегі жалғыз субъект болып табылатын МСАК субъектілеріне қолданылмайтынын, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған МСАК субъектілері үшін өтпелі кезең көзделгенін атап өткен жөн.

– Қазір дәрігерлердің біліктілігіне қатысты да айтылар сын аз емес. Соның салдарынан мүгедек болып қалып жатқан, мезгілсіз көз жұмған азаматтар да бар. Дәрігерлер қателігін, жауапсыздығын қайтсек жоямыз?

– Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында кадрлық қамтамасыз ету, соның ішінде оларды бақылау бойынша функция жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне берілген. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс нормаларына сәйкес, клиникалық практикамен айналысу денсаулық сақтау саласындағы маманның тиісті сертификаты болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Денсаулық сақтау саласындағы маман үздіксіз кәсіби даму үшін біліктілікті міндетті түрде арттыру керек. Сертификаты бар дәрігерлер мамандығы бойынша үш жылдан астам жұмыс өтілі үзілгенде уәкілетті орган аккредиттеген ұйымда біліктілігін арттырып, тағылымдамадан өткеннен және кәсіптік даярлығын бағалағаннан кейін тиісті мамандық бойынша жұмысқа жіберіледі.

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!

Айша ҚҰРМАҒАЛИ, «Заң газеті»

Елімізде қанша ұшақ 25 жылдан ұзақ пайдаланылған?

Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда жолаушы тасымалдайтын қанша ұшақтың мерзімі 20 жылдан көп екенін айтты.

Елімізде қыста мопедпен жүруге болады ма?

Қазақстан нарығында мопедтерге арналған арнайы қысқы шиналар жоқ. Бұл мопедтердің негізінен ыстық елдерде жиі қолданылуымен байланысты, сол себепті мұндай өнімге қажеттілік жоқ.

Алматыда Жаңа жыл мерекесіне орай отшашу жоспарланып жатыр ма? 

Бұл сұраққа қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі жауап берді.

Тағы бір елде TikTok бұғатталады

Албанияда келер жылдан бастап TikTok қолданылмайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына...

Алматыдағы атыстың мән-жайы айтылды

Алматыда Наурызбай ауданында 20 желтоқсанда болған атыстың мән-жайы айтылды.