«Табысты карьера құрып, білікті мұғалім атанып, біраз студент даярлап, ғұлама ғалым және кәдімгі гений болар еді, бірақ амал нешік бірнеше жыл ғана өмірі ғана қалды». Бұл диагноз жас Стивен Хокинге дәрігерлердің сол уақытта берген болжамы еді. Ал ол бірақ 76 жыл жасады. «Өмір бар жерде, үміт те бар» – дейді Стивен Хокинг.
Инклюзивті жандардың өмірлік жолдары, мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен сабақ әрі мотивация. 2020 жылғы мәлімет бойынша елімізде 705 мың мүгедек жан бар. Оның 56% еңбекке жарамды болса, 23,3% жұмыс атқарып жүр. Елімізде мүгедек адамдардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар іске асуда. «Елімізде мүгедек адамдардың экономикалық дербестігі және сапалы жұмыспен қамтылуы басым бағыттардың бірі». Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, Бастаушы ауылының тумасы Мұхамедрақым Мирас Ержанұлы да осындай қайтпас қайсар жандардың бірі. Мүгедектігіне қарамастан Мирас бүгінде жұмыс жасап, табыс тауып, өз ісінің маманына айналып үлгерген. Талғар қаласындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы колледжде кәсіби білім алып, бүгінде жеке сот орындаушының көмекшісі қызметін атқарып жүр. Бұл туралы өзі келесідей баяндайды.
«Оқуға түскен жылы заңға деген қызығушылығым болмады. «Алып кете алам ба, істей алмай қалам ба?» — деген сұрақ қайта-қайта мазалады. Бірақ уақыт өте келе бәрі өз қалпына келді. 3 курс оқып жүрген кезде практика уақытында Дамир Шахановпен таныстым. Кейін оқу бітірген соң, ол кісі мені жұмысқа шақырды. Енді міне, бір жарым жыл болды жеке сот орындаушы Дамир Шахановтың көмекшісі қызметіндемін.
– Жұмыс жасауда қандай қиындықтарға кезіктіңіз? Қалай шештіңіз?
– Иә, әрине, қиындықтар болды, ол таңсық емес. Бірінші кедергі ол – қорқыныш. Бастапқыда заң саласы бойынша білім алғаныммен, сот орындаушының атқаратын қызметін естіп именіп қалдым. Сосын адамдармен қарым-қатынаста қиындықтар болды. Өйткені бала кезден тұйық едім. Ал бұл қиындықтарды еңсеру ге Дамир Шаханов көп көмек етті. Бұрынғы Мирас пен бүгінгі Мирас арасындағы эволюция баспалдағында осы кісінің рөлі жоғары. Әрқашан білмеген жерімді көрсетіп, жасыған кезде қайрап отырды. Екіншіден, ұжым жақсы әсерін берді. Ұжымдағы әр адам білгенімен бөлісіп, рухани қолдау беріп отырды. Жұмысымыздағы ұран да осы. «Ұжымның күші – бірлікте».
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Бірінші, ол мойындау. Қандай да бір қателік кетсе де, тік тұрып мойындау керек. Өзімнен де, өзгеден де осыны күтемін. Екінші, адалдық. Жұмыста да, өмірде де. Егер мен біреуге адал жолмен көмек көрсетсем, ол маған шын қуаныш сыйлайды, сол мені бақытты етеді. Үшіншісі, шыншылдық.
– Денсаулығына байланысты жұмыстан тартынып жүрген жандарға қандай ақыл-кеңес бересіз?
– Не істей аласың? Не ұнайды? Не керек? Осы сұрақтарға жауап тауып, жан қалауындағы дүниелермен айналысыңыз. Сізді алдыға сүйрейтін арман мен мақсатыңыз. Өзіңізді қалай бар, солай қабылдап үйреніңіз. Тұлға болыңыз, басында менің де адамдармен қарым-қатынас жасауым қиын болды. Бірақ еңсердім, сіз де солай жасаңыз.
Нұрбол ЖЫЛЫС «Заң газеті»


