Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінде ҚАЖ ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен, ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының мамандары мен ардагерлері әдеп тақырыбында лекция-семинар ұйымдастырды.
Департаменттердің бірігуіне орай, лекция Алматы облысының қызметкерлеріне арнайы Заречный кентінде орналасқан №12 мекемеде және одан бөлек Алматы қаласында орналасқан ҚАЖ Департаментінің өзінде өткізілді.
Алматы академиясының кафедра жетекшілері қылмыстық-атқару жүйесі қызметінің беделін арттыруға, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға ықпал ететін әдеп тақырыбында өте қызықты лекция өткізді.
«Қызметтік әдеп стандарттары құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлері үшін міндетті. Офицерлік ар-намысты биік ұстау, қызметтік міндетке адал болу Қазақстан ҚАЖ қызметінің беделін көтеруге ықпал етеді. Қазір халық пен полиция арасында ашық диалог орнатуға көңіл бөлінуде. Бұл орайда, қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлеріне де жүктелетін міндет зор»,- деп атап өтті ҚАЖ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерғали Сағалбаев.
Алматы қаласында өткен семинар кезінде ҚАЖД бастығының орынбасары Әсет Жұмадиев қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің Антқа адал болуы, қоғам мен мемлекет алдындағы жеке жауапкершілігін терең ұғынудың әдепсіз мінез-құлықтың алдын алатынын тілге тиек етті.


