12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Анар ФАЗЫЛЖАН, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры: «ТІЛСІЗ — ҒЫЛЫМ ДА, БІЛІМ ДЕ, ТАРИХ ТА, ӘДЕБИЕТ ТЕ ЖОҚ»

– Қоғамда ғылыми-зерттеу институттары елдің дамуына үлес қоса алмай отыр деген сын көп айтылады. Бұл қаншалықты негізді деп ойлайсыз?

– Сіз өте жақсы сұрақ қойдыңыз. Қоғамдық гуманитарлық салаға, соның ішінде тіл білімі, тарих, әдебиет, археология, шығыстану бағытында еңбектеніп жүрген ғалымдарға жаратылыстанушылар зерттеулеріңіздің маңызы жоғары емес, неге сіздерге сонша қаражат төленуі керек деген әңгіме айтқанын естіп қалатынмын. Әрине,бұл бірді-екілі болған жайт. Дегенмен, осылай ойлайтындар бар дегенді білдіреді. Бұл гуманитарлық ғылымдардың мәнін, қоғамға беретін пайдасын түсінбеуден туған пікір. Мен гуманитарлық ғылымдар ішінде тілтаным үшін жауап берейін. Қазір жаһандану заманы дейміз ғой. Жаһандану дегеніміз – мәдени және экономикалық құрмаласу. Біз интеграцияны құрмаласу деп алып жүрміз. Мұндай құрмаласу кезінде ұлттық мәдениеттер жаһандық бірегейлікке қарсы оппозиция құрады. Өйткені жаһандық бірегейлік адамзаттың барлығынан бір ғана сана иелерін, тұтынушылық қана санасы бар тобырды құруға әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Сондықтан кез келген ұлт өз рухани дүниесін, салт-санаcын сақтап қалу үшін осы үдерістерге қарсы жұмылады. Бұл үдерістер посткеңестік елдерде ғана емес, барлық жерде жүріп жатыр. Мемлекетті құрып отырған ұлттың ерекшелігін, дәстүрін, салтын, дүниетанымын, тілін, дінін, ділін сақтап қалуға күш жұмсалып жатыр. Гуманитарлық ғылымдар осы құндылықтарды зерттеп, реттеп, жүйелеп, қоғамның рухани бағдарын анықтап, қоғамдық ахлақтық саламаттығын сақтап отыруға бағытталған. Ахлақтық (ахлақ – мораль) саламаттық деген не? Бұл қоғамның рухани саламаттығының өзегі. Қоғам рухани тұрғыдан саламатты болмаса, онда ол түбінде құриды, өйткені тұтынушылық санамен ғана өмір сүретін қоғам ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата алмайды. Ол қоғамдағы адам түптің түбінде өмірге не үшін келгенін түсіне алмай қалады. Адамның дүние туралы танымын да, сол сияқты ахлағын да қалыптастыратын ұлттың ғасырлар бойы жинақтап, ұрпақтан-ұрпаққа модернизациялап жеткізіп отырған құндылықтар жүйесі. Олар стеоритиптер мен өзін ұстау нормалары арқылы қалыпқа салынады, ғасырлар бойы ұмытылмай, әр ұрпақ санасында бұларды жаңғыртатын әмбебеп құрал – тіл ғана. Бұлардың бәрі түгел тілде сақталады. Тілсіз кез келген ұлтта ғылым да, білім де, тарих та, әдебиет те жоқ. Жаратылыстану ғылымдарының ешбір саласы тілсіз дамымайды. Қазіргі кезде қазақ тіл білімін жүйелі дамытуға жауап беретін әлемдегі жалғыз ғылыми мекеме – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты. Мұндағы зерттеушілер тілді, онда болып жатқан құбылыстарды тіркеуге, жүйелеуге, стандарттауға, нормалауға, қоғамның өзгерісіне қарай тілдегі трансформацияларды анықтауға, жаңа тенденцияларды байқауға және оның бағытын дұрыс жаққа қарай бұрып отыруға бар кәсіби күшін жұмсайды, соған маманданған.

– Ғылым мен технология қарыштап дамып жатқан уақытта өз тілінің ұлттық корпусын жасап, оны түрлендіре бастаған мемлекеттердің әлемде аты озып тұр. Бұл бағыттағы жұмыстар бізде қалай жүріп жатыр?

– Бізде де Қазақ тілінің ұлттық корпусы деген электрондық ресурс бар. Ол 31 млн-нан астам сөз қолданыстан тұратын қазақ тілінің 5 негізгі стилі бойынша жүйелі түрде жинақталған мәтіндердің ақылды базасынан тұрады. Неге ақылды? Өйткені сіз корпустың ресурсына кіріп, өзіңізді қызықтырған кез келген сөзді іздесеңіз, сол сөз қолданылған бүкіл контекстер тізіліп шыға келеді. Ол контекст кімнің қолданысында екенін білгіңіз келсе, құжаттың атауы тұрған жерді басасыз. Сөйтіп, бұл сөз қолданылған мәтін кімге тиесілі, ол қай жылы жазылған, мәтінде қай тарихи кезеңдегі оқиға сипатталған, шығарманың авторы, стилі, жанры, таралым типі сияқты көптеген энциклопедиялық мәлімет аласыз. Ал контекст ішінде өзіңіз іздеген сөзді тінтуірмен бассаңыз, ол сөздің дәл осы мән-мәтін ішінде қандай грамматикалық формада, оған қандай жалғау, жұрнақ жалғанып тұрғаны, сөз қандай тіл дыбыстарынан құралғаны, сөзде қанша және қандай буындар бар екені туралы тілтанымдық ақпарат ала аласыз. Ұлттық корпустың беретін ақпараты алуан түрлі. Сол ақпараттардың типіне қарай корпуста бірнеше ішкорпус болады. Енді біз тарихи мәтіндер ішкорпусын әзірлеп жатырмыз. Бұл ішкорпус қазақ тілінің тарихы, тамыры өте терең екенін дәлелдейтін, әрі тіліміздің тарихи кезеңдердегі көріністерінен кез келген ізденушіге қолжетімді жан-жақты ақпарат беретін болады. Қазақ тілі тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мемлекеттік тіл болған тіл емес, оның тарихы терең. Ол Қазақ хандығы құрылған кезде де мемлекеттік тіл болған. Алтын орда дәуірінде де түркі тілдері өзіне бағынышты елдердің ресми қатынас тілі болған. Тілімізде бұлардың белгісі сақталып қалғаны рас, осындай үдерістерді тану, түсіну үшін біз тарихи мәтіндер ішкорпусын жасап жатырмыз. Сол сияқты қазақ сөзі мен сөйлемінің бірнеше тілдегі аудармасын талдап, көрсетіп беретін паралель ішкорпусты әзірлеуді де бастадық. Ішкорпустардың көлемін жылдан-жылға ұлғайта бермекпіз. Базадағы деректер көп болған сайын, жасанды интелект қазақы санамен, қазақша сөйлейтін болады. Қазіргі таңда диалектологиялық ішкорпус та жасалып жатыр. Диалект сөздерді терсеңіз қай өңірде қолданылатыны туралы, оның мәтін ішінде қандай формада тұрғанын талдап береді.

– Қазақ тілінің орфоэпиясының бұзылып бара жатқанына жазуды кінәлайтындар да бар. Бұл туралы не айтасыз?

-Жазба тіл ауызша сөз негізінде қалыптасты, ауызша тіл бастапқы жүйе, алайда, жазба сөз бен ауызша сөз өзара ерекшеленіп, адамзат тілінде бір-бірінен айырмаланып алғаны қашан?! Бұл бағытта да қарапайым тұтынушы мен зерттеушіге де пайдалы ақпарат беретін ауызша сөз ішкорпусын жасап жатырмыз. Өйткені, жазылған мәтінді жазылған күйінде дыбыстауға құмар болып кеттік. Алайда оған жазудың еш кінәсі жоқ. Жазудың мақсаты ауыздан шыққан дыбыстардың бәрін таңбалау емес, ақпаратты неғұрлым тез, ықшам кодтармен беру. Ал ауызша сөз нормасының бұзылуына соқтырған нәрсе, қазақ тілі оқулықтарындағы тілдің тек жазба формамен берілуі деп түсінемін. Қазіргі заманда барлық дамыған қоғамдардағыдай қазақта да жазу миллиондардың игілігі, үлкен индустрия. Ол беделді әлеуметтік топтың ғана ғана емес, кез келген қоғам мүшесінің сол қоғамға араласуының құралына, қарапайым дүниеге айналды. Сондықтан да жазудың мақсаты ресми қатынастарды реттеу, дәл қазір осы жердегі және бұдан кейінгі тарихи кезеңдерге ақпаратты жеткізу, көзбе-көз тілдесімдегі екеуара ортаға ғана емес, барынша үлкен аудиторияға қызмет ету әрі неғұрлым аз таңбамен көп ақпаратты өте оңай, жеңіл жеткізу, сол себепті жазудың мақсатына ауыздан шыққан барлық дыбысты таңбалау жатпайды. Ал ауызша сөздің мақсаты әдетте бейресми қатынасқа, екеуара көзбе-көз коммуникацияға қызмет ету, әрине, ауызша тілдесімде ресми қатынасқа, үлкен аудиторияға арнала алады, қазіргі техникалық құрылғылардың көмегімен алдағы тарихи кезеңдерге де жеткізіле алады, бірақ оның мақсаты осы сәттік коммуникацияға қызмет ету, сондықтан ауызша сөзде әр тілдің дыбыстау заңдылығы, ырғағы, әуені, сазы сақталуы негізгі шарт болады. Оны сақтап, мағынаға нұқсан келтірмей құлаққа жағымды түрде жеткізу керек. Сонымен, бүгінгі заманда дамыған деген кез келген тіл екі формада өмір сүреді. Ауызша және жазба. Бір өкініштісі қазақ тілінің бүгінгі оқулықтарында әлі сол тілдің тек жазба формасы ғана үйретіледі, яғни сөздердің жазылуы мынау, дыбысталуы мынау, интонациясы былай деп ауызша тіл нормасы мен заңдылығы қоса үйретілмей келеді. Біздің оқулықтарда интонация, орфоэпия, сөздің дыбысталуы, дыбыстың жасалымы, айтылмы, сөз сазы, әуені, ырғағы деген терминдер мүлде жоқ, сондықтан осы мәселені шешуге сеп болсын деп Қазақ тілі ұлттық корпусының (qazcorpus.kz) Ауызша тіл мәтіндері корпусын жасап жатырмыз. Осы жақында бастапқы нұсқасын қолжетімді қылып интернетке қосамыз. Бұл қазақ мәтіндерін ауызша сөз нормасына сәйкес дұрыс дыбыстауға үйретеді, соның үлгілерін көрсетеді.

– Қазір тіл деген кезде ең алдымен жарнама еске түседі.

– Оныңыз рас. Жарнама мәтін ­ дерінің ішкорпусына қатысты да бір жобамыз бар. Қазір жарнама деген өмірдің бағдарына айналды ғой. Жарнама тұтынушылық нормаларымызды ғана емес, құндылықтар жүйесін үйрететін дүние боп алды. Әрине, ол кейбір шын құндылықты құнсыздандырып жіберді, ол да бар. Мәселен, сарапшылар қисық жарнаманың кесірінен қазіргі тұтынушылық қоғамда базалық құндылықтар құны құлдырап бара жатқанына назар аударып отыр: «сұлулық» қолданатын опа-далаптың, шашбояудың, сусабынның сапасымен, «денсаулық» дәрі-дәрмек пен биологиялық қоспаның, ал «абырой-бедел» қолсағат пен кәстөмнің құнымен өлшеніп, девальвацияға ұшырап барады. Сондықтан қисық жарнаманың кесірі көп-ақ. Сондай-ақ, қазір жарнама тілді үйренудің де мықты құралы болып алды. Баланың тілі жарнаманың сөзін, сөйлемдерін айтумен шығатын болды. Егер жарнамамыз қисайған күйі бұлай кете берсе, қазақ баласының тілін, санасын өзгертіп, басқаша тәрбиелеп шығатын болады. Бұған қатты уайымдағандықтан, біз осы жобаны ұсындық. Бұл жобада біз қолымыздан келгенше Алматы визуалды, аудиалды кеңістігіндегі ауызша, жазба түрдегі жарнамаларды жинап, сәтті-сәтсіз деп екі топқа бөлеміз. Олардың негізінде жарнама мәтіндерінің корпусы жасалады. Сәтті жарнама ұлттық базаға сүйенетін, құндылықтарды құнсыздандырмайтын, тілі шұбарланбаған таза жарнама. Жарнама мәтіндерінің ішкорпусынан бір сөзді іздесеңіз, оны қолданған бүкіл жарнама конкордансы (тізбегі) шыға келеді. Мәтіндегі әр сөзге тауа беріледі. осы мәтіндік база бойынша жобаның аяққы жылында IT-қосымша жасалады. Ол жарнама жасаушыларға қолғабыс болады. Мысалы, сіз сүт өнімін жарнамалағыңыз келсе, қосымшаға кіріп керек өнім атын жазасыз. Егер ол қымыз болса, қосымша демде ол туралы қазақ тілінде оң семантикасы бар сөздер, сөз тіркестері, тұрақты тіркестер, мақал-мателдер, терминдік тіркестер, авторлық сөзқолданыстар, т.б. қажетті тілдік ақпараттың бәрін шығарып береді; сарықымыз, балқымыз, дөнен қымыз, құнан қымыз, бесті қымыз, сіргемөлдіретер, қымызмұрындық, сіргежияр, қымыз дертке дауа, емге шипа, саумал ішкен жасарады,саумал, қымызды отырып ішеді, қымыз көптің асы, қымыз бітті демейді, қымыз байыды дейді, қымыз сапыру, қымызды көнекке сауады, сабада сақтайды, күбіде піседі, қымызды сүрлейді, күбіні ешкінің майымен майлап, аршаның түтінімен ыстайды, т.б. Жарнама жасаушылар қазақтың ұлттық дүниетанымын білдіретін сөздер қорын, сөзсаптам ерекшелігін білмейді, сондықтан тікелей орыс тілінен, не ағылшын тілінен аударып ұсынады. Бұл қазақтілді тұтынушының алдында тауардың беделін өсірмейді. Мысалы, жигули сырасын жарнамасына орыстың баласына қазақтың ақсақалы киетін айырқалпағы бар шапанын кигізген фотосурет арқылы жарнамалапты. Шапан мен сыра қалай үйлеседі?! Сыра қазақтың атасынан қалған асы ма еді?!

– «Ғылым туралы» заң бойынша институттың бағдарламалық нысананы қаржыландырудан бөлек, гранттар арқылы,жеке шығармашылық топтар арқылы жүргізіп жатқан зерттеулері де бар шығар?

– Сондай гранттың бірі дәстүрлі сөзсаптам үлгілері бойынша ұтып алынды. Оның жетекшісі профессор Құралай Күдеринова. Бұл жоба жемісті аяқталды, өнімдерінің қазіргі қоғамға беретін пайдасы мол. Қазақ тілі калькаланып барады. Бір өкініштісі, сол кальканың ішіндегі қазақ тіліне пайдалысы мен пайдасызы да болатынын ажырата алмай жатырмыз. Калькасыз дамитын тіл кемде-кем. Мұны кейбір сарапшылар түсінбей, калька біткеннің бәрімен күресіп әуре боп жүр. Олардың ішінде анау да қате, мынау да қате деп, калька емес төл форма қандай деген сұраққа жауап бере алмай жүргендері де болғаны қынжылтады. Осы сұраққа жауап беретіндей жоба керек болды. Айтып отырған гранттық зерттеуде дәстүрлі сөзсаптам сақталып қалған тілдік орталардан сөз саптауы ұлттық үрдістен айнымаған тіл иелмендерінің сөз үлгілері, ақын-жазушылар шығармалары мәтіндері молынан жинақталды. Бұл грант аясында мамандарымыз кезінде үркін көшпен Гималай асып барып, Түркияға орныққан қазақ ата-әжелеріміздің, ауылдық жерде отырған қала мәдениетіне етене құрмаласып кетпеген аузы дуалы үлкен ақсақалдардың сөзін жазып алды, оларды талдады. Сөйтіп, дәстүрлі сөзсаптам үлгілерін анықтады, яғни тұрақты тіркес, грамматикалық мағынаны жеткізудің әртүрлі формалары мен оралымдарын, дәстүрлі сөзқолданыстар мен лексикалық бірліктерді жинап, жүйеледі. Сөйтіп шағын бейнероликтер түсірді, өйткені қазіргі қоғам визуалды ақпаратты жақсы сіңіреді. Дәстүрлі сөзсаптам үлгісімен жазылған деген жазба мәтіндер ақын-жазушыларымыз, блогерлер мен журналистердің, керек десеңіз әлеуметтік желідегі пост авторларынан да жиналды, дәстүрлі сөзсаптамның жазба үлгілерінің мәтіндер жинағы шықты. Гранттық жоба аясында қазақ тілінің тарихи фонетикасы да зерттеліп жатыр. Бұл зерттеудің жетекшісі Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Зейнеп апай Базарбаева. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің тарихы бойынша ғылыми танымның маңызы өте зор. Тілтанушылар кез келген тілдің дыбыстық жүйесі өзгерістерге баяу ұшырайды деген пікір айтады. Ол шынында да солай. Бірақ бұрын «50 жылда ел жаңа, 100 жылда қазан» дейтін. Қазір 50 жылда қазан шығар. Сондықтан біз өмір сүріп отырған заманда кез келген үдеріс өте тез жүретінін ескерсек, тілдің дыбыстық қабатында да өзгерістер айқын көрінетін кез келіп қалды. Бір жағынан, осыны көрсету үшін, екінші жағынан, қазіргі дыбыстық жүйедегі кейбір дыбыстық құбылыстардың сырын түсіну үшін мамандарымыз тарихи фонетика мәселесімен айналысып жатыр.

– Институтқа директор болып келгеннен кейін терминология бөлімін орталық етіп қайта құрғаныңызды білеміз. Қазір онда қандай жұмыстар жасалды?

– Терминологиялық орталық деп құрып, оған жас мамандарды тарттық. Бірақ оны біз ойлағандай беделді, Қазақстандағы терминологиялық қызметті реттейтін орталыққа айналдыру үшін әлі де көп еңбек керек. Терминологиялық орталығымыз елдегі термин шығармашылығы үдерісін толықтай ұлттық арнаға бұруда беделді рөл ойнай алмай жатыр. Оны мойындаймыз. Мұның объективті себептері бар. Біздің орталықтың негізгі мақсаты – терминдерді ғылыми объектісі ретінде қарау және зерттеу. Одан кейінгі миссиясы сол зерттеулер негізінде Қазақстандағы терминологиялық қызметке әсер ету. Енді осы әсер ету жағына көп күш салуымыз керек. Ал зерттеулер жүріп жатыр. Тағы бір жағы бар: терминологияны біріздендіру, Қазақстандағы терминологиялық қызметті реттеу Тіл білімі институтының құзырындағы мәселе емес. Бұл тіл саясатының құзырындағы мәселе. «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001–2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», «Қазақстандағы Тіл саясатын іске асырудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» және жаңадан ұсынылып жатқан «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының» барлығында терминологиялық қызметті үйлестіруге қаражат Тіл саясаты комитетіне бөлінеді. Тіл комитеті терминологиялық қызметті реттеуде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының еңбектеріне әрқашан сүйеніп, оның зерттеулеріне табан тірейді. Бірақ осы жерде бір мәселе бар. Термин тек лингвист қана жасайтын дүние емес. Сәтті терминді линвист жалғыз жасай алмайды, сала маманы жасайды, насихаттайды, қолданысқа енгізеді. Лингвист сала маманы жасаған термин тілдің жүйесі мен нормасына сәйкесе ме, сәйкеспей ме деген сұраққа жауап іздейді. Сәйкеспесе,өз пікірін білдіріп, термин жасаудың үлгілерін, жолдарын ұсынады. Тіл маманы өз саласындағы лингвистикалық терминді, сосын кейбір жалпы терминдерді бір өзі жасай алады. Мысалы, құрмаласу сөзін профессор Нұргелді Уәли интеграцияның баламасы ретінде ұсынды. Оған терминдік мән берді. Сол сияқты әлеует деген сөздің ғылыми айналымға еніп кетуіне себепші болды. Айтылым, естілім, тыңдалым, жасалым деген лингвистикалық терминдердің ғылыми айналымға енуіне себепші болған профессор Әлімхан Жүнісбек. Ал ақпараттық технологиялар, химия, техника, жаратылыстану салаларындағы терминдерді тек сол сала мамандары ғана сәтті жасай алады. Біздің осыған байланысты көптен бері айтып жүрген бір ұсынысымыз бар. Бір өкініштісі, қанша жыл болды айтып жүрміз, оған әлі жауапты мекеме мен мамандар ден қоймады…

– Термин жасайтын мамандарды оған итермелейтін белгілі бір алғышарттар жасау керек шығар?

– Дұрыс айтасыз. ЕуроОдақтың логистикамен айналысатын мамандары белгілі бір мерзімде жиналып, конференция өткізеді екен. Сол жерде мынадай жаңа құбылыстар, жаңа заттар пайда болды, енді оны қалай атаймыз деп ұсыныс беріп, конференция соңында бекітіп алады. Ал Ресейде Кәсіпорынның терминологиялық қызметті жүргізу жөніндегі стандарты деп аталатын құжат бар. Егер өндіріс орнының директоры болып келсеңіз, сіздің қолыңызға зауыттың жарғысы мен лауазымдық нұсқаулықтан бөлек, жаңағы құжатты ұстатады. Онда жаңа бір тауарды немесе технологияны атау үшін, тіл ресурстары мен терминдердің қандай үлгілері бар, бәрі жазылып тұрады. Сосын мамандарды шақырып алып, жаңа нысанға атау беру бойынша ұсыныс жасайсыз. Сіз оған бағынбай, оны өзге тілде немесе орыс тілінің заңдылығына қайшы атап қоя алмайсыз, себебі жаңағы стандартты құжат бар. Біз де осылай мамандарды өз саласы бойынша қазақ тілінде атау жасауға итермелей аламыз. Бір өкініштісі, бізде қазір терминологиялық қызметті реттеу басқаша жүзеге асады. Әуелі Терминологиялық комиссия құрылады. Оның құрамына әр сала бойынша қазақша білетін, қазақша сөйлейтін мамандарды шақырады. Ішінде мықты мамандар да болады. Бірақ кейбір салада қазақша ойлайтын мықты маман табу қиын. Сосын оған тіл мамандарын кіргізіп қоя салады. Биыл біз тіл саясатының іс-шаралар жоспары бойынша Х қаражатқа Х терминді бекітуіміз керек дейді. Сосын жиналысқа шақырып әлгі терминдердің тізімін береді. Оның бір жағында орысшасы, бір жағында қазақшасы жазылып тұрады. Ол затты сіз өмірі көрмегенсіз, білмейсіз. Сол жерде әркім өз пікірін айта бастайды. Жоспарды орындау керек болған соң, талас-тартыс болса да, соңында бәрі бір мәмілеге келеді. Содан кейін оны бекітілген терминдер деген жинаққа шығарып, газетте жариялайды. Өндірісте жүретін мамандар «Ана тілі» газетін, терминологиялық бюллетендерді оқи ма? Жоқ. Өндіріс басшысының қолында қазақшалауға міндеттейтін терминологиялық стандарт болса, оны жасайтын еді. Бұл жалғыз менің ғана емес, Институттағы Терминологиялық орталық мамандарының да идеясы. Олар алдыңғы жылы аяқталған жобада терминологиялық қызметті басқарудың Англия, Ресей, Қытайдағы стандарттарын зерттеді. Көбінде сала мамандарын жасауға итермелейтін нормативтер екен. Ал сала мамандары жасаған термин өміршең болады.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Елімізде қанша ұшақ 25 жылдан ұзақ пайдаланылған?

Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда жолаушы тасымалдайтын қанша ұшақтың мерзімі 20 жылдан көп екенін айтты.

Елімізде қыста мопедпен жүруге болады ма?

Қазақстан нарығында мопедтерге арналған арнайы қысқы шиналар жоқ. Бұл мопедтердің негізінен ыстық елдерде жиі қолданылуымен байланысты, сол себепті мұндай өнімге қажеттілік жоқ.

Алматыда Жаңа жыл мерекесіне орай отшашу жоспарланып жатыр ма? 

Бұл сұраққа қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі жауап берді.

Тағы бір елде TikTok бұғатталады

Албанияда келер жылдан бастап TikTok қолданылмайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына...

Алматыдағы атыстың мән-жайы айтылды

Алматыда Наурызбай ауданында 20 желтоқсанда болған атыстың мән-жайы айтылды.