Республикамызда соттың халықаралық нормаларға сәйкестендіру мақсатында алқабилер институты енгізілді. Халық өкілдері атынан қатысатын алқабилер институты адамдардың құқығы мен бостандығын және заңды мүдделерін заңсыз әрекеттерден қорғауға бағытталған жаңа үрдіс. Ал, сот әділдігін атқаруға тікелей халық өкілдерін қатыстыру бұл мелекеттік билікке бұқараның тәуелсіз араласуына жол ашады.
Алқабилер соты – бұл Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан сот реформаларының маңызды, көбіне даулы, бірақ соған қарамастан өзінің тең құқылы орнын ала-алмай отырған құқықтық институттың бірі.
Алқаби ретінде танылып, таңдалған әрбір кандидат — ол тәуелсіз, өзіне жүктелген жауапкершілікті толық сезіне алатын және азаматтық көзқарасы қалыптасқан тұлға. Заң талабына сай, әрбір алқаби өз міндеттерін адал және бейтарап атқаруға, сотта қаралған барлық дәлелдемелердің мән-жайларын назарға алуға, істі өзінің ішкі нанымы мен ар-ожданы бойынша шешуге ант береді.
Алқабилер сотының басты маңыздылығы — ол қарапайым халық өкілдерінің, өзі сияқты басқа азаматтың тағдырын шешу барысында сот төрелігін жүзеге асыруға ерекше мүмкіндік алуында. Азаматтарға шешім қабылдауға құзіреттілік беру – мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жақсаруына өз әсерін тигізеді.
Алқабилердің қатысуымен жүргізілетін сот қоғамды сот төрелігін атқаруға тікелей тартады. Заң бойынша алқабилерге қойылатын талаптарға сәйкес келетін Қазақстанның әрбір азаматы қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысуға құқылы. Бұл сот төрелігін атқару жүйесімен етене танысып, оның тетіктерін ұғынуға бірден-бір жол ашады. Ішкі сенімге бағытталған қағидамен, азаматтық ұстанымға сәйкес, алқабилердің шешімі әділ және заңды болуға тиіс.
Айта кетейік, «Алқабилер туралы» ҚР Заңының 10-бабына сәйкес алқабиге кандидаттардың тізіміне адамдар енгізілмейді:
- алқабилердiң тiзiмдерiн жасау кезiнде жиырма бес жасқа толмаған;
- өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар;
- сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдар;
- судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi;
- психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдар енгізілмейді.
Алқабиге кандидаттардың тізімдеріне азаматтарды енгiзуге шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бiр шек қоюға жол берiлмейдi.
Қоғамда халықтың сотқа деген сенімін арттыру және құқыққорғаушылардың келтірілген негізсіз күмәндарын нақты сейілту мақсатында, азаматтардың алқабилер сотына сенімдері артып, осы санаттағы қылмыстық істер сот тәжірибесінде қарқындап дамып жатса, ол барлығымыздың бірге жеткен үлкен жетістігіміз болар деп ойлаймыз.
Маңғыстау облысының қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының приставы
Б.Қ.Кушкинбай