Алқабилер соты – бұл Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан сот реформаларының маңызды, көбіне даулы, бірақ соған қарамастан өзінің тең құқылы орнын ала-алмай отырған құқықтық институттың бірі.
Алқаби ретінде танылып, таңдалған әрбір кандидат — ол тәуелсіз, өзіне жүктелген жауапкершілікті толық сезіне алатын және азаматтық көзқарасы қалыптасқан тұлға. Заң талабына сай, әрбір алқаби өз міндеттерін адал және бейтарап атқаруға, сотта қаралған барлық дәлелдемелердің мән-жайларын назарға алуға, істі өзінің ішкі нанымы мен ар-ожданы бойынша шешуге ант береді.
Алқабилер сотының басты маңыздылығы — ол қарапайым халық өкілдерінің, өзі сияқты басқа азаматтың тағдырын шешу барысында сот төрелігін жүзеге асыруға ерекше мүмкіндік алуында. Азаматтарға шешім қабылдауға құзіреттілік беру – мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жақсаруына өз әсерін тигізеді.
Алқабилердің қатысуымен жүргізілетін сот қоғамды сот төрелігін атқаруға тікелей тартады. Заң бойынша алқабилерге қойылатын талаптарға сәйкес келетін Қазақстанның әрбір азаматы қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысуға құқылы. Бұл сот төрелігін атқару жүйесімен етене танысып, оның тетіктерін ұғынуға бірден-бір жол ашады. Ішкі сенімге бағытталған қағидамен, азаматтық ұстанымға сәйкес, алқабилердің шешімі әділ және заңды болуға тиіс.
Алқабидiң өз құқығы, мiндетi және iстi қарауға байланысты оған қойылатын шектеулер бар. Сот отырысындағы жалпыға ортақ талапқа бағынумен бірге, алқабилер iстi тыңдау кезiнде сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнің рұқсатынсыз iс бойынша сөйлесуге; iстi қарау барысында мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға; жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ, кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға құқылы емес. Алқабидiң өз мiндетiн дұрыс атқармауы, осы бапта көзделген шектеулердi сақтамауы Қазақстан заңында белгіленген жауаптылықта, төрағалық етушінің алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндігіне әкеп соғады.
Алқабилер соты қолданысының кеңеюі қылмыстық іс жүргізудің жалпы жағдайлары мен негізгі принциптерін сақтай отырып, мынадай мүмкіндіктерге жол ашады:
— тараптардың өз мүдделерін қорғауына себепкер болып, олардың алқабилер соты мен кәсіби судьялар алдында өз көзқарасын ашық білдіруіне мүмкіндік бере отырып, сот ісін жүргізуде жіберілетін қателіктердің жойылып, істің әділ шешім табуына ықпал етеді;
— алқабилер мен процеске қатысушылардың араласуымен іске қатысты кез келген дәйектер зерттеліп, сот залындағы зерттеу нысаны болған деректер негізінде қорытынды жасалады;
— алқабилердің сот отырысына қатысуы тараптардың құқығын қорғай отырып, қарама-қарсы тарапқа қолайлы болар шешімнің шығуына, іске қатыстылардың даулы әрекеттерінің оңтайлы шешім табуына әсер етеді;
— алқабилердің қатысуы қылмыстық іс жүргізу нысанының қатаң сақталуына жағдай жасайды, яғни, алқабилер құрамындағы кәсіби судья емес мүшелер жауапкердің кінәлі не кінәлі еместігін істің барлық мазмұнын қарау нәтижесінде байыптай отырып, шешім шығару жүйесін қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес реттейді. Ал кәсіби судьялар алқабилер сотына дейін істің мән-жайымен таныс болғандықтан, оларда қаралатын мәселе төңірегінде өз пікірі қалыптасып қояды;
— алқабилердің қатысуымен сот төрелігін жүргізу арқылы халықтың сот жүйесімен танысуына мүмкіндік туады.
Бүгінде алқабилер сотына азаматтарды таңдаудың оңтайлы жолы қарастырылып келеді. Алқабилер сотының қолданылу аясының кеңеюі әділетті сот жүйесінің биік деңгейге көтерілуіне өз септігін тигізері де сөзсіз. Осылайша, алқабилер сотының сот жүйесіндегі қолданысының кеңеюі ұлттық қылмыстық іс жүргізу құрылымының гуманистік тұрғыда өзгеруіне, демократиялануына, сондай-ақ, заң жүйесінің нығаюы мен бәсекеге қабілетті болуына әсер етеді.
Қоғамда халықтың сотқа деген сенімін арттыру және құқыққорғаушылардың келтірілген негізсіз күмәндарын нақты сейілту мақсатында, азаматтардың алқабилер сотына сенімдері артып, осы санаттағы қылмыстық істер сот тәжірибесінде қарқындап дамып жатса, ол барлығымыздың бірге жеткен үлкен жетістігіміз болар деп ойлаймыз.
Маңғыстау облысының қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының төрағасы
И.Р. Досетов