Өзге өркениетті елдердегідей бүгінгі заман ағымы өмірімізге алқабилер сотын енгізуді талап етті. Елімізде 16 жылдан бері алқабилер жүйесі жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде аталмыш жүйе жетілдіріліп, уақыт ағымына сай толықтырылып келеді. Қазақстан Республикасының Конституциясының 75-бабының 2-бөлігінде, заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот ісін жүргізу алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылатыны көзделген. Қазір олардың қатысуымен өткізілетін соттар саны артып келеді.
Осы орайда айта кетсек, еліміздегі алқабилер соты – 2007 жылдың 1 қаңтарында енгізілді. Бұл – біздің сот жүйесін дамыту бағытында өте маңызды шара. Алқабилер соты қылмыстық процестің негізгі қағидаттарын: жарыспалық пен тараптардың теңдігі, кінәсіздік презумпциясын және басқа да қағидаттарды бекітуде маңызды рөл атқарады. Қазір алқабилер соты қараған істер бойынша 10 пайызына дейін ақтау үкімін шығарады. Ал жалпы соттарда бұл көрсеткіш 1,5-2 пайызды ғана құрайды. Бұл шын мәнінде жақсы көрсеткіш. Алқабилердің қарауына жататын істер бойынша сотқа дейінгі тергеудің сапасы әлдеқайда жоғары. Тараптар сот талқылауында белсенділік білдіреді. Алқабилердің соты – билік пен халықты жақындастыруды қамтамасыз етіп, қоғамның құқықтық деңгейі мен құқықтық мәдениетін, сондай-ақ сотқа деген сенімді арттыруға ықпал етуде маңызы зор екенін күн сайын сезініп келеміз.
Статистикаға көз салсақ 2007-2009 жылдары алқабилер өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатын қылмыстар бойынша істерді қараған. Кейін олар қатысатын істер саны көбейтіле бастады. Мұндай қадам алқабилердің қатысуымен қаралатын істердің санын арттырды.
2015 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының шеңберінде алқабилер қарайтын істер санаты кеңейтіліп, аса ауыр қылмыстар қосылып, 14-ке жетті. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 2019 жылғы 27 желтоқсандағы заң арқылы алқабилер соты қарайтын істер тағы 16 құрамға көбейтілді. Осылайша биылғы жылдың басынан бастап алқабилер 31 түрлі істі қарайтын болып, олар қатысатын істер саны еселеп артты. Жаңадан ұсынылған заң жобасы аясында алқабилердің құзыретіне тағы 13 ауыр қылмысты қарауға беру көзделген. Бұл құжат 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енбек. Демек алдағы уақытта олар қатысатын істер саны тағы көбеймек. Мұның барлығы халықтың сотқа деген сенімін арттыру, барынша адам құқығын жоғары деңгейде қорғау үшін жасалып жатқан шаралар. Атап айтқанда, Қылмыстық кодексте қарастырылған адамның дене мүшелерін заңсыз алу, азаптау, рейдерлік, медициналық қызметкердің әрекеттерінен абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу, ауыр салдарға әкелген балық пен басқа да су жануарларын заңсыз аулау секілді қылмыстар алқабилердің қатысуымен өткізіледі деп күтілуде.
Дүниежүзі бойынша АҚШ, Ресей және тағы басқа елдерде сот алқабилерінің классикалық моделіне сәйкес, алқабилер соты бір судья және он екі алқабиден құралады. Ал біздің елімізде 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарда және қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттарда алқабилердің қатысуымен сот бір судьяның және он алқабидің құрамында әрекет етеді. Осы орайда атап өтсек алқабилердің маңыздылығы Президент Жолдауында да атап өтіліп жатыр. Мәселен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Қазақстан халқына Жолдауында да алқабилер сотына баса мән беріп алқабилер сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің кеңінен қатысуына жол ашу қажеттігі айтылған. “Біз бұл саланы одан әрі дамытып, алқабилердің қарауына берілетін істердің санатын кеңейтеміз” дей келіп, бұл жаңашылдық сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өткен. Демек алқабилер жүйесінің тынысы ашыла бермек.
Алқабилер сотының ерекшелігі – ол сот төрелігін жүзеге асыруға кәсіби судьямен бірге арнайы құқықтық білімі жоқ, заңда белгіленген шектеулерден өтіп арнайы таңдап алынған қоғам өкілдерінің қатысуы. Алқабилердің қатысуымен өткен сот процестері, алқабилердің қатысуымен қаралған істер, тәжірибе көрсеткендей өте жоғары деңгейде өтеді. Өйткені, алқаби құрамындағы қарапайым адамдардың көзін жеткізу үшін мемлекеттік айыптаушы мен қорғаушының уәждері мен дәлелдері өте сауатты әрі нанымды болуы қажет.
Алқабилер қарапайым халықтың өкілі. Сондықтан, халық атынан сотқа қатысып отырғандықтан олардың жауапкершіліктері аса жоғары болу шарт.
Алқабилер соты, соттың әділ өтуіне ықпалын тигізеді, бұл жүйе халықаралық стандарттарға жақын, сотқа қатысушы тұлғалар құқықтық жағынан барынша қорғалады, сотқа деген қоғамның күмәнді көзқарасы өзгереді. Сонымен қатар, бұл жүйе сот жүйесін одан әрі жетілдіре түседі.
Қ.М.Мекемтас, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы