12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Алтын тіс

Қараңғы түнде ауыл жанындағы зиратты қараңдаған екі сұлба айналсоқтап жүріп алды. Бейіттің белгісіндей бүгілген айдың әлсіз сәулесі жерді жарылқай алмады. Бүгін ғана жерленген қабірдің майда топырағы қайта аршылып жатқанын жұлдыздар сыбырлап айтып жатқандай. Түннің майда қоңыр желі тіксінгендей кенет ұйытқи соғып, азғындардың бет-аузына топырақ шашып, маңайды әлемтапырақ қылды. Борпылдаған бос топыраққа тиген қос қуыс күрек дамыл табар емес. Қара қолдылар жарты сағат өтпей шұңқырды үңгіп тастап, ақымға дейін жеткен. Екі жігіт кебінге оралған мәйітті бермен суырып алды да, қолшамды бетіне төндірді. Өліктің қарысып қалған жағын істік темірмен айырып, аузына үңілді.

— Тфу, — деп еңгезердей қара жігіт етігімен мәйітті бір тепті.– Мынаның аузында бір де бір алтын тіс жоқ қой!

— Босқа арамтер болғанымызды қарашы! — деді екіншісі күйініп.  – Босқа келдік пе, ана біреуін қазайық.

— Өй, жарымаған неме екен! Мен бүгін бүкіл моланы қопарсам да, алтын алмай ешқайда кетпеймін! — деді шойын қара ашуланып. Пайда таппай, қаны басына шапқаны қаныпезердің дірілдеген дауысынан анық аңғарылған. 

  Арық ешкінің сирағындай сидиген тарамыс қолдары шал қимылдап, ілмиген тексіз мәйітті қайта ақымға салмастан бетін топырақпен көме бастады. Сол түні екеуі топырағы кеуіп үлгермеген жаңа бейітті қазып, сексен жылдан астам жарық дүниеде сайран алған кемпірдің алтын тістерін түгел қағып алды да, қабірді жарым-жартылай көміп, тайып тұрды. 

  Таң атқанда жаңа өлікке қоршау тұрғызбақ болған Қали мен бауырлары топырағы сыртқа шашыраған төмпешіктің орын көріп, таң қалысты. Жанындағы зиратқа да зауал келгенін байқаған жігіттер дабырласып кетті.

— О, сұмдық-ай! Мына мазарларға не көрінген?

— Ит-құс қазып тастаған ба?

— Жоға, көрмейсің бе? Мына жерде төмпешіктің үстінде адам аяғының іздері жатыр!

  Жігіттер ақылдасып, полицияға хабар берген. Ауылдық округтің учаскелік полицейі көп күттірмеді. «Nexia» қызметтік көлігімен мәңгілік мекенге ұшып жеткен.

— Мәйіт жатқан топырақты басқанымыз жоқ. Сізді күттік, — деді Қали ұнжығасы түсіп. 

— Бұларың жөн болыпты, — деді құқық қорғау органының өкілі көліктен түсе салысымен жердің бетімен тегістеліп кеткен төмпешіктің орнына көз жүгіртті. Кеше ғана Қалидың шешесі Бибіжанға топырақ салғаны есіне түсті. Бір қауым ел зар еңіреп, сексеннің екеуіне келген марқұмды жерлеген. Одан әрірек жатқан, өмір бойы шопан болған қария төмпешігінің топырағы кеуіп үлгермеген еді. Бұл екі жауыз түнде денесін теуіп қорлаған, алтын тісі жоқ Сейдахмет ақсақалға бұйырған орын болатын.   

  Жүзін топырақ жапқан мәйіттерді біреулердің түнде келіп қазғаны белгілі болды. Кебін киіп, жамбасын жерге тигізген аруақтардың қорлануы елдің ашу-ызасын келтірді. Бұл сұмдық жағдай Алғабас ауылының ішінде желдей гулеп, талайдың жағасын ұстатты. Илеуі бұзылып, жан-жаққа жүгіріп аласұрған құмырсқалардай безек қақты.

— О, тоба! Басқа дүние құрып қалғандай аруақты қорлағаны несі?! Заман не боп барады өзі?!

— Бұрын есерсоқтар аруақты қорлап қоршауын ұрлап, темірге өткізіп жіберуші еді, енді аруаққа да қол тигізгенді көрдік.

— Ойбай, ютубтан адамның дене мүшесін кесіп алып, қара базарда сатады дегенді естуші едік, әлгі найсаптардан бәрін күтуге болады.

— Шал мен кемпірде қайбір жақсы ағза бар дейсің. Бірақ  Құдайдан қорықпаған пенде небір арсыздыққа барады, — деп гуілдесті ауыл тұрғындары. Бұл хабарды естіген Сейдахмет ақсақалдың немересі, ауылдың бұзақысы, төбелеске бір иығын тығып жүретін Темірбектің өзі «Өй, әкең! Менің әулетімді қорлағандар қолыма түсе тістерің үгітіп, өлтірем! деп қаны басына шапты. 

   Құқық қорғау органының өкілі мән-жайды білу үшін эксгумация жасау керек деп шешті. 

— Қабірді қайта қазып, тексеру жүргіземіз. Мәйітке медициналық сараптама қорытындысын жасау үшін соттың шешімі керек,  — деді полиция өкілі.

— Өй, Серікжан, біз соттың шешімін күтіп отыра алмаймыз. Мәйітті ұрлап кетсе қайтеміз? – деп Қали өре түрегелді. Елуді еңсерген ердің қабағы түксиіп, жолындағысын жайпап жіберердей жұлқынды.

— Тәртіп солай. Қылмыстық-процессуалды кодекстің 28 бабында эксгумация жайлы айтылған.

— Ойбай, Қали–ау! Мәйітті қайта қазып алғанды қай атаңнан көрдің? Мұндай іске үрке қарайтынымыз рас. Өлген адам өлді, мәйітті мазалағаннан не ұтамыз? – деді Қалтай. 

— Бауырым, тоқтай тұршы, кеше жерлеген шешеміздің ақымда жатқанына кім кепіл?! Бұл істің соңынан жетпей, жаным жай таппас.

— Жарайды, өзің біл! – деп інісі оңай келісе кетті. 

— Әй, Серікжан, сонда біздің рұқсатымыз жетпей ме? Бәріміз не жағдай болғанын тезірек білгіміз келеді, — деді Қали қызбаланып.

— Әрине, соттың санкциясы туыстарына таныстырылады. Ағалар, түсініңдер, осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалады, — деді полицей. 

— Айтқанынды түсіндім. Бірақ бұл кісі өлімінің себебіне қатысты болып отырған жоқ. Қайта мәйіт «жапа шегіп» отыр. Сонда қалай болар екен?

— Бәрін тексермей, бірнәрсе деу қиын. Меңінше, қылмыскер екеу. Дәнікен немелер басқа ауылдарға да қырғидай тиюі мүмкін. Адамдарға айтып қоюымыз керек, егер түнде зират жақта күдікті біреулер жүрген болса, дереу бізге хабар берсін.

  Ауыл тұрғындары мақұл дегендей басын изеді. Көп ұзамай, қос мәйіт қайта қазылып алынды. Медициналық сараптама жасаған дәрігерлер кемпірдің тістері жұлынған, қос  мәйіттің  ағзалары бүлінбеген деген қорытынды жасаған.

— Иттер-ай! Тонайтын дүкен, үй аз болғандай енді өлікке де қол сала бастады, — деп жұрт жағасын үстады.

— Е, алтынның буы адамды не істетпейді?

— Қылмыскерлер қашанғы сайрандап жүре берсін, бір күн болмаса, бір күні ұсталады.

— Солардың өзін қойшы, зауалы ұрпағына тарайтынын сезбейді-ай, бәтшағарлар! – деп гуілдескен жұрт құран оқытып, мәйіттерді қайта көмген. Бұл оқиға көпке дейін ауыл адамдарының аузынан түспей, көптің үрейін ұшырған.

***

   Күннің қызыл кірпігі жер түбіне жасырынып, маужыраған сәтте қала төріндегі тіс емханасының шамдары шырт ұйқыдан оянды. Сүттей жарқыраған бөлмеде жалғыз өзі протез жасап жатқан тіс шебері ауыз қуысынан өлшеп алған қалыпты әрі-бері төңкере қарады. Жасанды тістің одырайған жерін егелеп, сәнін келтірді. «Мінекей, бұл жасанды тіс кішкене саңылаудан сұп-суық желді ішке өткізбейтін болды. Осы адамдар қызық, алтынан бағалы табиғи тісіне еш күтім жасамайды. Бәрі бүлініп, біткен соң ғана зар қақсайды. Бәріне өздері кінәлі. Асылдан айрылған соң амал жоқ, бармақ шайнайды. Бірақ бәрі кеш, тым кеш. Осылайша, адамның денесінде жалған дүние пайда болады.  Жасанды тістен талай жасанды сөз шығады-ау. Бұл бәтшағар әлі талай шындықтың алдында көпіре сөйлейтін болады. Ас үйден бастап, сонау биік мінберлерден мақтана маңғазданады. Табиғи болмысы бүлінбеген бұқараға орындалмас уәдені үйіп-төгіп, мезі етіп, мазақ қылады. Мейлі ғой, жасанды тіс жат болса да, жақсы жерге орналасады. Сөйтіп, жалғандық адам бойын жайлай бастайды» деп ойлап үлгерді. Жасандылыққа сүбелі үлес қосып жатқанын ойлап, жымысқы жымиды.     

     Асқарбек күнде гипстеу, қалыптау, полимеризациялау, металл құюмен шұғылданып, бірер жылда астына су жаңа көлік, қала төрінен үш бөлмелі үй сатып алған. Бөлме ішінен дизинфекция мен күйген қағаздай сезілген, егелген тіс ұнтақтарының иісі мүңкиді. Қалампыргүл майынан жасалған эвгенол иісі қорқынышы басым пациенттердің қолқасын қапса, тіс шебері үшін осынау өткір иіс үйреншікті жұпарға айналған. Ол аздай, күндіз стоматолог жасаған акрилді полимер, эфир иісі ауа жайылып, мидай араласып кеткен.

  Түннің бояу қоюлана түскен сәтте ішке сау етіп екі адам кіріп келді. Тіс технигі бейсауыт жүрген адамдарға көз қырын салды да, кәнігі әдісінен жаңылмай, электр егеуді айналдыра берген.

— Кеш жарық! Бауырым, бизнес қалай?

Тіс шебері тыңдап тұрмын дегендей басын изеді.

— Мынауыңды дырылдатпай тоқтата тұр! Саған жақсы бір ұсыныспен келдік.

Протезді кеміріп ызылдаған егеудің үні өшіп, бөлме іші барақат тапты.

— Айта беріңдер. Маған ұсынатын материалдарың бар ма?

— Бар болғандай қандай! Алтын! Саф алтын! – деп кеңкілдеп күлді шойын қара.

— Қане, көрейік! – деді жасы қырыққа жуықтаған техник. «Көріп тұрсыңдар ғой, уақыт тапшы, түнде де жұмыс істеуге де тура келеді» дегендей, зергерлік жұмыстарды жасайтын, тот баспайтын болат үстелдің үстіндегі протездерді мәпелеп сипап өтті. Шойын қара көп күттірместен төс қалтасынан беті буылатын шағын целлофан ішінен моншақтай бір уыс алтын тістерді шебердің алақанына үйе берді.

— Өй, мынауың!.. – жөпелдемеде аузына сөз түспей, техник табиғи тістерін ақсита ашып қалды.

— Қымсынбай қабылдай бер!

— Соншама тісті қайдан алғансыңдар?! Тіс қабылдайтын орталық ашып алғансыңдар ма, түге!? – деп ортопед дәрігердің жүзі құп-қу болып кетті.  

— Көп сөзді қайтесің! Жақсы тауар. Қайта тіс жасап әуре болмайсың. Сұраған адамға дәл келгенін дереу салып бере саласың, — деп дарақылана күлді шойын қара. Тіс  технигі мұнша олжадан қанша пайда табатынын ойша есептеп кетті. Жекеменшік емханаға келетін клеттердің қарасы үзілген емес. Кейде солардың жасанды тістерін жасаймын деп түнді таңға жалғап жұмыс істейді.

— Нарықта алтынның бағасы ұшып тұр, — деді ілмиген, қушыкеш арық жігіт әкелген тауарының құнын арттырғысы келіп.

— Жігіттер,  келіссеңдер,  жарты құнымен алайын, келіспесеңдер, мен сендерді көрген жоқпын, танымаймын, — деді Асқарбек бірден іске көшіп.

— Әй, осылардың сараңын-ай! Саф алтын әкелсең де, бағасын түсіруге құмар. Жарайды, қане есептеп көрші.

  Тіс технигі ылдам-жылдам  алтынды таразыға тартып, калькулятордың бетіне бағасын шығарып берген.

— Болады, — деді шойын қара ұсынған ақшаны қомсынса да көніп. – Бізге ақша қазір керек.

 Асқарбек темір сейфті ашып, ішінен бір бума ақшаны алып шықты. 

— Мынау жартысы, қалғанын ертең аларсыңдар, — деді Асқарбек. – Ертең маған бір-екі клиент протездің ақшасын алып келу керек.

— Жақсы, — деді шойын қара. – Ертең кешке қайта келеміз. Ақша дайын болсын! – деп, көлікке отырып, зулай жөнелді. 

* * *

  Шағын тоғай ішіндегі көлікте отырған екеу зират жаққа әлсін-әлсін көз тастап қояды. Кеш түсіп, көз байлануға айналды. Сәлден соң айнала түн құшағына еніп, құлақ түбіне шегірткенің шырылы естілді. Маңайда көлшік бары жақын маңнан құрбақалардың жарыса бақылдаған дауысынан білінеді. Із кесушілердің осылай омалып отырғандарына бүгін үшінші күн.

— Қайсар аға, бұл істі учаскелік полицейлерге тапсырмадық па? Біздің міндетіміз – ұсталған күдіктілердің кінәсін дәлелдеу емес пе?

— Учаскелік полицейдің жұмысы толып жатыр. Қарамағында қаншама ауыл бар, солардың арасында шапқылап жүреді. Қорадан ұрланған малды таба алмай жүргенде адам іздеп, бәрі басын бәйгеге тіге бермес. Қылмыскерлердің қаруы болуы мүмкін. Оның үстіне қылмыскерлер ауыл полициясын жақсы таниды. Бастық та «істі тездетіп ашыңдар» деп талап қойып отыр. 

— Қылмыскерлер бұл зиратқа келеді деп ойласыз ба? – деді Жігер шыдамы таусылып.

— Маңайдағы ауылдарда зираттар қазылды. Қылмыскерлер әзірге ол жаққа жоламайды. Сондықтан ерте ме, кеш пе, әйтеуір бұл бейіттерге бас сұғары анық, — деді із кесуші Қайсар.

— Иә, жорамалыңыз дұрыс. Қылмыскерлердің жуық арада келетінін қайдан білеміз?

— Оңай жолмен тапқан ақшада береке бола ма? Бір аптаға жетер-жетпес, ақшалары таусылады, сонда қайта көр қаза бастайды. Түн ортасына ауып қалған. Кенет зират жақтан қолшам ұстаған екеудің сұлбасы көрінді.

— Қайсар аға, ананы қараңыз, —  деді Жігер жұлқылап оята бастады.  Мызғып кеткен із кесуші тез есін жиып, көліктің терезесіне үңілді.

— Мынау сол қылмыскерлер ғой.  Жүріңіз, ұстамаймыз ба? – деді Жігер ұзақ күтуден жалығып, іске бірден көшкенді қалаған.

— Тоқтай тұр! Әлі ерте! –деді Қайсар.  – Үркітіп аламыз.

  Әлгі екеу жан-жағына қарап, ешкімнің жоқ екеніне көз жеткізген соң қолдарына күрек алып, жер қаза бастады. Көр қазып жатқан Аян есімді ілмиген арық жігіт. Шойын қара қолшам жарығын қабір бетіне түсіріп тұр. Сәлден соң  екеуі ауысып, Сапар күрек ұстап, шұңқырға түсті. Арада сүт пісірім уақыт өткенде Қайсар тапаншасын сайлап, серігіне ымдап көліктен шығамыз деп белгі берді. Құрбақаның дауысы адам аяғынын тықырып білдірместен адымдауға жарап-ақ тұр. Жер қазып жатқан екеуіне таяқ тастам жер жақындап қалды.

— Бұл – полиция! Қане, қолдарыңды көтеріңдер! – деп Қайсар бар даусымен айғайлап жіберді.

    Ту сыртына шыққан оқыс дауыстан шошып қалған арықтау келген көр қазушы қолындағы жарық шамын құқық қорғау органдарына қарай жарқырата лақтырып жіберіп, қаша жөнелді.

— Тоқта! Атам!

   Қаскөй алды-алтына қарамай қаша жөнелді. Қайсар аспанға қарата шүріппені басып қалды. Тарс етіп атылған пистолет оғы маңайды жаңғыртып, ауыл иттерін абалатты. Арық неме сонша жүйрік болар ма, бұлар қолшам жарығын қосқанша шеңгел-жыңғылдың арасына зып беріп, зым-зия жоғалды. Бұл сәтте шойын қара тырбаңдап шұңқырдан шыққанша екеуі жанына келіп кеткен. Білегіне кісен салып, көлік артына қамады. Түн ортасы ауғанда бөлімшеге әкеліп, темір торға қамап тастады.

                                                                       * * *

   Темір торлы есік шиқылдай ашылғанда қолына қалам, қағазы бар тергеуші Қайсар мен Жігер ішке енді. Қол-аяғы кісендеулі отырған шойын қара басын көтерді. Түні бойы қараңғы әрі сыз қапаста түнеп, тоңазыған денесі қалтырап отырды. Темір үстел тарс етіп папкіні қоя салған тергеуші бірден іске көшіп:

— Археолог, қалың қалай? Біздің камералар көрден кеңдеу екенін байқаған шығарсың. Жер қазып шаршадың ғой, жақсы тыныққан боларсың? – деді мысқылдай.

— Жаман емес, — деді шойын қара езуінде әжуа аралас кекесінмен.

 — Азамат Сапар Қараболатов, жасаған қылмыстарыңды айта бер, тыңдап тұрмын.

— Мен ешқандай қылмыс жасаған жоқпын!

Бұл жауапқа тергеуші мырс етіп жымиды.

— Қылмыскерлердің бәрі сүттен ақ, судан тазасың-ай! Ұмытып қалдың ба, кеше түнде сені қылмыс үстінде құрықтадық. Аруақты қорлап, оның жеке мүлкін иемденуге қандай құқың бар?

— Сендердің ешқандай дәлелдерің жоқ, мен бар болғаны көр қазып, ақша тауып жүрген жанмын.

    Тергеуші Қайсар ымдап көмекшісіне белгі берді. Жігер бейнакамераны қосқанда түнде қабір қазып жатқан шойын қараның сұлбасы анық көрінді.

— Көрді күндізді қойып, түнде де қазатын болғансыңдар ма?! Ал, енді мынаған дейсің?! Кемпірдің алтын тістерін қағып алмақ болдыңдар ғой. Қане, қылмысыңды мойында!

— Қандай қылмыс?! Күндіз кемпірді жерлегенде ұялы телефоным қабірде қалып қойыпты. Күндіз қазсақ жұрт дұрыс түсінбей қалуы мүмкін.

— Сен өйтіп өтірік көлгірсіме! Қылмысыңды мойындасаң, жазаң жеңілдейді. Телефоныңды қабір қазып жатқан кезде әдейі тастап кеттің.

    Тергеушінің бұл сұрағына шойын қара мырс етіп күлді:

—  Шеге қағылған табытқа қалай тастап кетемін? Сенбесендер, куәгер шақыртып, табытты ашып көрейік.

— Сыбайласың неге қашып кетті?

— Аянды айтасыз ба? Ол өзі сужүрек жігіт. Полиция деген соң қабірді қайта ашқан бәле болады деп қашқан болуы керек.

— Көреміз, — деді тергеуші. – Осының бәрін қылмыстарыңды жасыру үшін жасадыңдар!

— Маған телефон керек. Адвокатқа қоңырау шаламын, — деген шойын қара көп ұзамай босап шығатына сенімді болып. Ішінен «Өлген адам өлді. Енді оған алтынның қажеті қанша? Құмға көміліп жатқанша, жұртқа пайдасы тигені жақсы» деп ойлады.

— Қарай гөр! – деді тергеуші мырс етіп күліп. — Бір ғана аруақты қорлағандай найсаптың айтып тұрғанын қарашы! – деді қаны басына шауып.  Бірақ сабырлы қалпынан жаңылмай, күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамап тастаған.

   Ертеңінде тергеуші куәгерлерді шақыртып, Сапардың қолына кісен салып, қазылған қабірге әкелген. Шойын қара орыс кемпірді көмгенде телефоны байқаусыз табыттың ішіне түсіп кеткенін қайталап айтты. Тергеуші телефон нөміріне хабарласып еді, үн болмады. Ағаш табытты ашқанда шаштары ағарып кеткен кемпірдің жанынан құнды смартфон табылды. Кемпірдің жалғыз ұлы Степан екі қазақтың қабірді қазып шешесін жерлегенін, оғаш нәрсе байқамағанын айтты.

    Полиция бөліміне келген Қайсарды 102 шұғыл телефонын бақылап отыратын кезекші бөгеп, «Сені бастық шақырып жатыр?» деді. Шойын қараны қайта камераға қамаған соң екінші қабатқа көтеріліп, сырлы есікті қағып, ішке кірген.

— Іс қалай болып жатыр? – деді подполковник Жантөрин.

— Күдіктінің ісін прокуратураға жіберетіндей айғақ болмай жатыр. Қайта кеше түнде қазылған көрден күдіктінің телефоны шығып, Сапар куәгерлердің көзінше өзінің кінәсіз екенін дәлелдемек болды.

— Қылмыскерлер күндіз көмген табытты қайта ашарын білген, алда-жалда қауіп төнсе, телефон қалып қойды деп өздерін ақтап шығатын амал іздеген болуы керек.

— Біз оларды құрықтағанда табыттын ішінде телефон қалғанын білмедік.

— Иә, сәл күте тұрғандарыңда олар табытты ашып, кемпірдің алтын тістерін қағып, қалталарын салып алар еді, — деді полковник Ералы қабақ шытып. – Қазіргі қылмыскерлер айланың неше түрін табады. 

— Дәніккен немелер қайда барады, бәрібір қолға түсіреміз, — деді полиция өкілі қателікті жуып-шайып.

— Дұрыс айтасың,  — деді полковник. – Осы іске қатысты тіс емханасынан бір адам хабарласты. Күдіктіге кепіл қаржы құятынын, тездетіп босатып жіберуімді сұрады. Айғақ жоқ болса, оны бостып жібер, бірақ көзден таса қылма!

— Түсіндім, басеке!

— Жақсы, боссын! Жаңалық болса, дереу хабарлас.

  Қайсар бастығының кабинетінен екіойлы болып шығып бара жатты. «Шойын қараны кімдер қорғап отыр? Бұрын сотталған, қолында байлығы жоқ адам кімдерге қажет бола қалды?».

***

      Кезінде бөтен жылқыларын ұрлап, үш жыл темір торға тоғытылған Сапар бостандыққа шыққанда өзіне лайықты жұмыс таба алмай сенделіп жүрді. Көбіне біреулерге жалданып жұмыс істеп, бірер күнге жетер ішер асы мен темекісін айыратын. Көбіне бар тапқанын ішімдікке жұмсап жіберуші еді. Сол кезде көр қазушы Аянмен танысқаны бар. Көп ұзамай екеуі бірге көр қазып, табысты теңдей бөлісетін болды. Жасы отызға тақаған, ішімдікке әуес жігіт отбасын құрмаған екен. Екеуі ішіп отырып, ертеңінде бас жазар ештеңе болмаған соң:

 — Өй, әкең! Бағана көмген байшыкештің аузы ақсиып, алтын тістері көрініп жатты. Соны қағып алғанда ғой, қазір ортаға бір жартыны бөліп алып ішіп, мына азаптан құтылар едік,  –десін.

 Кенет шойын қараның басына бір жымысқы ой сап ете түсті.

— А-а, бірақ пойыз әлі кеткен жоқ, — деді марғау мысықша көздері ашып жұмып.

— Не? Қайта қазғың келіп тұр ма?

— Бас жазғың келмей ме?!

— Өлейін деп тұрмын, әкең! Бас жазбасақ, жүріп кетерміз. Барып күректерді алып келейін, — деген Аян. Содан бері мәйітті жылы орнынан суырып, бар байлығын сыпырып алатын болды. 

    Тергеуші қолында айғақ болмаған соң амалсыз Сапарды босатуға тура келді. Бірақ күдіктінің соңынан аңдуға көшкен. Шойын қара әккі екен, жасы үлкен бір әйелдің қолына кіріп алып, үйден шыға қоймады. Азық-түлікке де әйелін жібереді. Ол бұған Аян келіп жолығар деген, бірақ үміті ақталмады. Телефоны тыңдалатынын сезе ме, әлдекіммен тілдессе де, ашылып сөйлеспейді. Жауабы сараң, сұрағы қысқа. Осы бір аңдумен өткен сүреңсіз күндер мысық пен тышқанның ойынына айналып кеткен.

* * *

   Таң ала кеуімде ой сан-саққа жүгірген тергеуші ұйықтап жата алмай, көлігімен аудандық полиция бөліміне қарай тартты. Жұмыс бөлмесіне кіріп, орындыққа жайғасқаны сол еді, ұялы телефоны безілдеп қоя берсін.

— Қайсар аға, қалыңыз қалай? Ерте мазалап қояған жоқпын ба?

— Бәрі дұрыс. Жұмыста отырмын. Тыныштық па?

— Аянды таптық.

— Қай Аян?

— Көр қазушы. Әлгі Сапар Қараболатовтың серіктесі.

— Жақсы болған екен. 

— Жақсы жаңалық емес. Күдіктіні түнде біреу өлтіріп кетіпті. Біз қазір қаланың шетіндегі өзен бойындамыз.

 Қайсар телефонды сол қолына ауыстырып, оң қолмен ылдам-жылдам адресті жазып жатты.  

— Қазір жетем.

   Тергеуші алып-ұшып қылмыс орнына келген. Полиция өкілдері өлікті суретке түсіріп, айналаны лентамен қоршап қойыпты.

— Күдікті қалай жан тапсырған?

— Меніңше, біреу кек алғанға ұқсайды, — деді Жігер. – Біреу алдыңғы сау тістерін қағып алыпты.  Байқұс, жаны қиналып өлгенге ұқсайды.

— Сау тістерін дейсің бе?

— Иә, алқашқа алтын тіс қайдан болсын.

— Өмір-ай десеңші, аруақтың алтын тісін қағып алып еді, енді өзі өмірден тіссіз өтіп барады. Дегенмен, сенің жорамалың ақылға қонымды. Аянды өлтірген қорланған мәйіттің бірінің туыстары болуы мүмкін, — деді тергеуші. — Мәйіттің осында жатқанын кім хабарлады?

— Жолдың бойында кетіп бара жатқан бейтаныс бір адам.

— Ол адам қайда?

— Білмейміз. Біз келгенше, кетіп үлгерген екен. Шамасы, полиция сұрақтың астына алып, мазалайды деп ойласа керек.

  — Жігіттер, мынаны қараңдар! – деді полиция өкілдерінің бірі. Жақын маңда жигулидің жанында қорылдап ұйықтап жатқан Алғабас ауылының бұзақысы, Сейдахмет ақсақалдың немересі көрінді. Құқық қорғау органдары күдіктінің қолына темір кісен салды. Мастығы тарқамаған Темірбек не боп жатқанын түсіне алмай, ақшиған көздері алақ-жұлақ етті. Айықтырғышта жатып есін жиған. 

  Тергеуші қарсы алдындағы үстелге басын сүйеп отырған Темірбектке сұқтана:

— Азамат Аян Шынайтпасовты не үшін өлтірдің?!

— Кімді?

— Ұмытып қалдың ба? Сенің Сейдахмет атаңның көрін түнде қазған жігіттің бірі.

— Мен ешкімді өлтіргем жоқ.

— Қане, есіне түсір!

   Қос қолымен басын ұстаған Темірбектің көз алдында бір-екі күн бұрын болған оқиға келген. Тергеушіге болған жағдайды тегіс баяндаған.

    Ауылдасы Қали аудандық полиция бөліміне барғанда көр қазған жігіттің бірі ұсталғаны жайлы хабарды естіген. «Е, Құдай бар екен!» деді іштей. Анасын қорлаған айуанның бет-жүзін көргісі келді. Кешігіп қалған екен, қабағын шытып, санын бір соқты. Полиция бөлімінде қызмет істейтін танысы бірер күн бұрын тергеуші мен полиция өкілдері қол-аяғына кісен салынған күдіктіні қылмыс орнына, орыс кемпірдің зиратына апарғанын құлаққағыс қылған еді. Табытта қалып қойған телефонды алмақ болған екеудің ісіне кемпірдің баласы Степан кешіріммен қарап, ешқандай кінә артпайтынын қағазға түсіріп берген. Қылмыс дәлелденбей, күдіктінің бостандыққа шығып кеткені Қалидың қарадай ашуын келтірді. Іштей «Көр қазушының туыстары пара беріп, қылмыскер тұзақтан құтылып кетті» деп ойлады. Жүзі түтігіп, қалың қастары жиырылып, тісін шықырлатты. Өзін қоярға жер таппай, әлгі орыс жігітімен жүздескісі келді. Бірақ көпқабатты үйдің пәтерін қаққанмен, іштен ешкім шыға қоймады. Көршілері кешелі бері Степанды көрмегенін айтқан. Қали амалы құрып, ауылға тартты. Қаладан келген сәтте-ақ жағдайды ағайынға жеткізген. Жылт еткен жаңалық елде жылдам тарап, Темірбектің құлағына да тиді… Кімге ұрынарын білмей жүрген қызба жігіт Қалиға келіп, қоярда-қоямай Степанның мекенжайын сұрап алды. Ертеңінде орыс жігіті тұратын пәтердің кіре берісінде алдында тұрды. Ұйқылы-ояу есікті ашқан Степан есінеп, бейтаныс жігітке:

— Саған не керек? – десін. Темірбек бір шөлмек арақты шығарып:

— Әңгіме бар, рұқсат болса ішке кіріп айтайын, — деді. Басы сынып тұрған орыс басын изеп, жол берді. Таныса келе екеуі бір жартыны бөліп іше бастады. Степан қызып қалғанда Аянмен қалай кезіккенін, бақиға аттанған анасына шұңқыр қазып бергенін баяндаған. Темірбек Аянды іздеп жүргенін, маңызды шаруасы бар екенін айтқан. Степан жер қазатын адам іздегенде бір танысы Аянның телефон нөмірін бергенін есіне алды. Темірбектің қолқалаумен көр қазушының нөмірін тауып, қоңыраулата жөнелді. Сол түнгі оқиғадан кейін Аянды қорқыныш билеп, бой тасалып қалып еді. Жалдамалы ескі лашықта ащы суға бөгіп, жұрт көзіне көріне қоймады. Бірер күннен соң Сапар телефон шалғанда қорқақтап, бөлмеде әрі-бері жүріп, жауап беруге жүрегі дауаламаған. Сапардың бостандықта шыққанын өз құлағымен естігенде ғана еркін тыныстай бастады. Кеше ішкен арақтың уыты бойын қалтыратып бара жатты. Степанның қоңырау шалғанын көріп, телефон түймесін басты.

— Алло, Аян, бұл сен бе? – деді Степан. 

— Иә, мен, — деді ол даусы қарлығып.

— Біз жігіттермен бас жазып отырмыз. Бізге қосылғың келмей ме? Саған клиент тауып қойдым. 

— Рас па?  

— Үйді білесің ғой. Сені күтеміз, — деп Степан телефонын сөндіре салды. Аян барар, бармасын білмей, біраз ойға батты. «Сапар бостандықта жүрсе, бәрі дұрыс болғаны ғой. Полиция ұстап алып мазаламас» деген оймен тамағын жібітуге жолға жаяулатып шықты. Көпқабатты үйдің екінші қабатына көтеріліп, таныс нөмірлі пәтердің есігін ашқанда мұрнына темекінің иісі келіп, Степан мен бірі бейтаныс жігіттің бір жартыны ортаға алып, ішіп отырғанын көрді. Ақаңды көргенде көзі жайнап, жұтынып қалды.

— Ә, келдің бе? Отыр, қане тартып жібер! – деп Степан қырлы стақанға мелдектете арақ құйды. Аян басы сынып тұр еді, дем алмастан мөлдір стақанды аузына апарып, бір-ақ төңкергенде маңдайынан тер бұрқ ете қалды. Көзін қысып, тұздалған қиярды бір иіскеп, ортан белінен бір тістеді. Бейтаныс жігіт қойнынан екінші шөлмекті шығарды. Темірбек өзі көп ішпей, ырымын жасап отырды. «Сен неге ішпей отырсың?» деген Степанға: «Өзім әкелген арақты өзім тауысып ішіп қойсам ұят емес пе?» деп кеңкілдеп күлді. Гу-гу әңгіме қызып, Аянның бірнеше стақанды төңкеріп тастады. Жарытып ас ішпеген шалақұрсақ байқұс жарты сағат өтпей масайып, екі жүзі бал-бұл жанып шыға келді. Тілі күрмеліп:

— Жер қазу керек дейсің бе?  Қашан қазу керек?

— Ертең, — деді Темірбек көз ойнақшып.  – Кел, тартып жібер, қазір қазатын жерді көрсетемін.

   Екеуі сыртқа шығып шылым шекті. Темірбек ескі жигулиін оталдырып, өзен жағасына қарай тартқан.

— Келдік, міне осы жерді қазасың, – деді Темірбек.

— Осы жер ме? Бұл маңда бейіт көрінбейді ғой, -деді Аян көздері алақ-жұлақ етіп, бір орнында теңселіп тұрды.

— Болмаса, болады. Немене, көмілген көрді ғана қазушы ма едің?

   Мастығы тарқамаған Аян түк түсінбей, бетіне бажырая қарды. Сол-ақ екен, құлақ шекеден ауыр соққы тиіп, жанары найзағайдай жарқ етті. Өзі әрең аяқта тұрған Аян кескен теректей сұлап түсті. Басын көтеріп, орнынан тұрмақшы болып еді, қабырғасына қақырыта тиген тепкіден ынқ етіп, аунап түсті. Бет-аузы қан-жоса болған Аян азуын ашып, жалынғандай қолын көкке созды. 

— Ағатай… Қойшы… Не істеп қойдым…

— Әкең… Көрсетем саған аруақты қорлағанды. Атамның аруағын қорлап, алтын тісі болса қағып алмақ болдың ғой.

— Кеш… кешір… Менде кінә жоқ…

— Тіс жұлған қалай екен? Саған тіс жұлған қалай болатынын көрсетейін! — деп көлігінің артын ашып, кілт-сайман салатын футлярдан тістеуік алмақ болды. Кенет ту сыртынан тиген ауыр соққыдан есеңгіреп, талып түсті. Есін жиғанда қолына кісен салып жатқан полиция қызметкерін көрді.

— Мен Аянды өлтіргем жоқ, — деді Темірбек. Бұрынғыдай емес, жүні жығылып қалыпты.

— Көліктен тістеуік алып, тістерін жұлып алмақ болдың ғой.

— – Жай… Қорқытып… Атамның аруағын қорлағаны үшін сабап, сазайын бергім келді. Аянды өлтірем деген ой болған жоқ.

— Бірақ мас болған соң абайсызда өлтіріп қойдың, солай ма?

— Жоқ, өлтірген мен емес.

— Сонда кім өлтірді?

— Білмеймін. Меңіше, менің ту сыртымнан соққан адам.

— Сені соққанына сенімдісің бе? Мүмкін, өзің ішіп алған соң шалынып, құлап қалған шығарсың?

— Мен ішсем де мас емес едім. Есімді білемін. Басымнан біреу соққан анық. Таяқ па, темір ме, оңбай тиді білем, талып қалыппын. Ай, шүйдем дуылдап барады, — деп желке шашын ұстап еді, жылымшы қан қолына жағылды. Қызыл қанды көрген Темірбектің өңі бұзылып кетті.  

— Аянды өлтірмек болған басқа адам екенін қайдан білесің?

—  Ол бар кінәні маған жаппақ болып әдейі тірі қалдырды. Әйтпесе, мені де өлтіріп кетер еді.

— Қарай гөр! – деді тергеуші мырс етіп. – Мүмкін, Степан шығар? Оның да анасының көрі қазылды ғой.

— Білмеймін. Аянды мен өлтірген жоқпын!

— Жәбірленушіні сабағаның үшін де жауапқа тартыласың! – деген тергеуші сырт бұрылып, темір есікті жапты.

   Бұл іске қатысы бар Степаннан тездетіп жауап алу үшін Қайсар мен Жігер көлікке мініп, қала орталығындағы көпқабатты үйге қарай жүйткіді. Есікті қаққанда іштен мас Степан көрінді. Көздері шүңірейіп, жағы суалып кетіпті. Бірнеше күн бойы ішімдік ішкені көзге ұрып тұрды.

— Степан Орлов, киініңіз, бөлімшеге барамыз, — деді Қайсар.

— Неге? Не үшін? – деді Степан түк түсінбей, шақыртусыз қонақтарға жақтырмай қарады. 

— Сізге қояр сұрағымыз бар.

— Осы жерде қоя беріңіздер. Анамнан айрылдым. Менде үлкен трагедия, сол үшін ішемін. Ешкімнің мазасын алып жатқаным жоқ.  

— Есіңізді жиғызбасақ, біздің сұрақтарымызға дұрыс жауап беру алмассыз, — деген екеуі қисалаңдаған орысты көлікке отырғызып, айықтырғышқа жапқан.

    Бірер сағаттан кейін есін жиған Степан темір есік шиқылдай ашылып, ішке кірге тергеушіге:

— Мына жер көрден суық екен, — деді өне бойы тоңазып қалғанына ренжігендей.

— Степан, сіз Темірбекті қашанан бері білесіз?

— Ол кім?

— Міне, мына жігіт, — деді тергеуші фотосуретті көрсетіп.

— Ә, мына жігіт пе? Таңертең маған келген. Бірге іштік. Көр қазушыны сұрады.

— Содан кейін не болды?

— Содан… Ол тығыз шаруам бар қоймаған соң Аянға телефон шалып, шақырып алдық. Үшеуіміз бірге тағы бір жарты іштік. Сосын екеуі сыртқа шығып, кетіп қалды. Содан кейін екеуін көргенім жоқ.

— Соқ өтірікті! Сен Аянды өлтіріп, Темірбекті ұрып талдырып, бар кінәні соған жаппақ болдың! – деді тергеуші сенге көшіп.

  Степанның көзі атыздай болып кетті.

— Аян?! Ол өлді ме? Кім өлтірді? Неге өлтірді?

— Сен өйтіп мүләйімсіме! Олардың қай жаққа кеткенін сен ғана білдің? Анаңды қорлаған Аянды өлтіріп, өш алғың келді. Солай ма?!

— Өтірік! Өтірік! – деп дауыстап жіберді Степан орнынан атып тұрды. – Мен ешкімді өлтіргем жоқ. Сенбесеңдер, көршілерімнен сұраңдар. Мынаңдай мас күйімде қалай көлік жүргізе алам? Мен өлсем де арақ ішіп, көлікке отырмаймын. Жүргізуші куәлігімнен айрылғым келмейді.

— Куәлік тұрмақ, бас бостандығынан айрылуың мүмкін, одан да жасырмай бәрін айтып бер!

— Менің бар білетінім осы! – деп Степан сылқ етіп орнына отыра кетті.

     Аянның киім-кешегін тексеру барысында төсқалтасынан тіс жасау шебері Асқарбектің визиткасы табылған. Қылмыскер Аянның шынымен жантәсілім болғанын тексерейін деді ме, әлде қинап өлтіргісі келді ме, алдыңғы бірнеше тісін жұлып алған. Тергеуші сау тістерді тәжірибелі маман жұлғанын байқады. Темекі ысынан сарғайып кеткен тістер ортан белінен сынып қалмай, түбірімен қопарыла жұлынғаны ойға батырып тастады. Аруақты қорлағаны үшін күдіктінің бірі адам өлтіре салды деуге сену қиын. Өлген адамның кегі үшін біреудің қанын арқалау кімге қажет? Егер Темірбек тісті кәдімгі тістеуікпен жұлатын болса, күрек тістері морт сынып кетері анық. Тергеуші бұл іске үшінші бір адам араласқанын білді. Визиткаға көз жүгіртіп, түстен кейін мекен-жай жазылған тіс емханасына қарай тартты.

    Бұл кезде целофаннан жасалған көкшіл халат пен бас киім, резеңке қолғап киген Асқарбек клиенттің ауыз қуысынан қалып-өлшем алып жатқан. Гипстен мүсін құйып, оны орталық окклюзия жағдайында үйлестіріп, окклюдаторға бекітуді жоспарлап еді. Сырттан келген бейтаныс адамдарға кіреберіс бөлмеде клиенттерді тіркеп, есеп-қисап айырысып отыратын жас қыз Айша:

— Сәлеметсіздер ме!  Күте тұрыңыздар, дәрігерлер бос емес,  — деді. Кезек күтіп отырған қала тұрғындары баса көктеп төрге өтіп бара жатқан бұларға тесіле қарады.

— Біз тіс емдетуге келген жоқпыз, — деді Қайсар полиция куәлігін көрсетіп.

— Ол кісіні қазір шақырып беремін, тіс қалыбын жасап алсын, — деді жас қыз.

   Тіс шебері жұмысын аяқтап болған соң Асқарбек құқық қорғау өкілдерін тіс жасайтын жеке бөлмеге бастап жүрді. Тіс жасаушы шебер тыңдап тұрмын дегендей басын изеді.

— Асқарбек, сізге қояр біргеше сұрағымыз бар еді,  — деді тергеуші.

— Тыңдап тұрмын.

— Бүгін таңертең қайда болдыңыз?

— Қайда болушы едім. Азанан жұмыстамын. Бала-шаға бағу керек.

— Жұмысқа нақты қай уақытта келгеніңізді айтсаңыз? Біреу-міреу көрді ме?

— Жұмысқа сегізге он минут қалғанда келдім. Мен емханаға кіргенде тіс дәрігерінің көмекшісі Самал шкафтарды сүртіп жүр екен.

— Содан ешқайда барған жоқсыз ба?

— Ешқайда шыққан жоқпын. Біз түскі асты да осы жерге алдыртып ішеміз. Мұны неге сұрап жатырсыздар?

— Жұмыс болған соң фактілерді анықтап жатырмыз. Сіз Аян Шынайтпасовты танисыз ба?

— Ондай адамды білмеймін.

— Мүмкін мына суреттегі жігіттің түрі таныс шығар? Аян деген осы жігіт.

 — Жоқ, танымаймын. Жайша сұрадыңыздар ма? – деді Асқарбек көңіліне күдік алып.

— Білесіз бе, бүгін Аянның мәйітін таптық.

— А-а, не… Мына жігіт қайтыс болды ма? Иманды болсын! – деді тіс шеберінің түсі бұзылып.

— Өз өлімімен өлсе бірсәрі, біреу оны әдейі өлтіргенге ұқсайды. Бір қызығы, мәйіттін қалтасынан алтын тіс пен сіздің визиткаңызды тауып алдық.

— Түсінбедім. Менің визиткам оның қалтасында қайдан жүр? Мен суреттегі жігітке визиткамды берген жоқ едім, — деді тіс шебері аң-таң болып. 

— Есіңізге түсіріңізші, бәлкім, басқа біреуге берген шығарсыз?

— Визитканы телефон нөмірімді сұраған клиеттерге, онда да көңілім қалаған адамдарға ғана ұсынатынмын. Мүмкін, тіс салдырған клиеттерімнің бірі берген шығар.

— Ал, алтын тіс жайлы не айтасыз?

— Қайдан білейін. Суреттегі жігіт алтын тіс салдырған жоқ. Мен тісін салып берген клиенттерімді білемін. Олардың аты-жөнін журналға тіркеп қоямыз.

— Бұл жігіт көр қазушы болып жұмыс жасаған. Мәйіттерге көр қазып қана қоймай, алтын тістерін қағып алумен де айналысты деген күдігіміз бар.

— А, солай ма? – деп Асқарбек аузын ашып қалды.

— Айтыңызшы, контрабандалық жолмен алтынды қалай өткізуге болады деп ойлайсыз?

— Тіпті, білмеймін. Бұл өзі бір ақылға симайтын дүние екен. Рұқсат болса, мен жұмысымды жасайын, клиенттерім күтіп қалды, — деді Асқарбек.

— Әрине, сұрақ туындап жатса, қайта келерміз, — деді Қайсар. Асқарбек полиция өкілдері кеткен соң қоймада қалып қойған тістерді тезірек балқытуды ойлап бара жатты.

    Тазалықшы Самал тіс шеберінің таңертең сегізге таман келгенін, клиеттердің көптігінен ешқайда шықпағанын растап берді. Тіс емханасында бейнекамера орнатылмаған екен, тек таңертең ішке кірерде, кешке темір есікті жабарда дабыл түймесін басып, жекеменшік күзет бөлімшесіне телефон соғады.   

  Полиция өкілдері көзілдірік киіп, ақ тістерін ақсита, күлімсіреп қарсы алған тіс емханасының басшысы Марданға да сауал қойған. Кабинеті жұмыртқадай аппақ, мұнтаздай таза екен.

— Сіздің қарамағыңызда істейтін Асқарбек жайлы не айтасыз?

— Ой, өзі сондай бір ақкөңіл жігіт. Еңбекқор, тыным таппайды. Жақында жаңа көлік сатып алып, тез үйреніп алды. Жайша жүрсіздер ме, әлде Асқарбек жол ережесін бұзып қойды ма?  — деді Мардан.

— Тіс салдырсақ па деп едік. Клиенттер ол жігіттің салған тістері түспейді, жақсы салады деп мақтап жатыр екен.

— Ой, ол жағын қатырады. Сол жігіттің арқасында емханадан клиент үзілмейді, — деді Мардан мақтанып. – Айтпақшы, сіздерге сусын, шәй ұсынуды ұмытып барады екем, не ішесіздер? Самал, бері келе қойшы.

— Рақмет! Әуре болмаңыз, біз жүрейік. Келесі жолы ішерміз. Ақыры емханаға келген соң сізге амандасып кетейік деп едік.

— Пейіліңізге рақмет! – деді тіс емханасының басшысы.

Сыртқа шыққан соң Қайсар көмекшісіне:

— Байқадың ба? Асқарбек алтын тіс жайлы айтқанда өңі бұзылып кетті. Тіс шебері бізден бірнәрсені жасырып отыр, — деді.

   Қайсар тіс емханасына қарама-қарсы дүкеннің сыртында бейнетіркегішке көзі түсті. Дүкен иесіне түсіндіріп, қылмыстық істі ашу үшін хаттама толтырып жазбаларды көшіріп алған. Бейнекамера түсірген әр күнгі бейнежазба компьютерге сақталады екен. «Мұның бәрін қарап шығу үшін талай уақыт керек» деп ойлады. Қиын істе бір қайыр боларын біледі. Көмекшісі Жігер екеуі жалықпай, таңнан кешке дейін таспаны қарай берді. Ақыры тапқан секілді. Осыдан бір апта бұрын, кешқұрым Аян мен Сапар тіс емханасына кіріп бара жатқанын көрді. Бұл тергеушіні ойға батырды.

— Қайсар аға, тіс шебері бізге Аянды білмеймін деп өтірік айтты. Ол бір нәрсені жасырып отыр, — деді Жігер.

— Менің ойымша, көр қазушылар алтын тістерді балқытып, болмаса бүтіндей тіс шеберіне әкелген. Қазір нарықта алтынның құны жоғары. Сапасы жақсы алтынды сатып алу да талай қаражат керек. Оңай ақша тапқысы келген адам екеуі әкелген алтынды арзанға алып, қайта тіс жасауы мүмкін, — деді тергеуші.

— Олай болса, рұқсат алып, тіс емханасын тінпейміз бе? – деді Жігер.

— Ол алтындар ендігі біреудің аузында жүрген шығар. Қалай ойлайсың, алтын тістердің Аянның өліміне қандай қатысы бар?

— Бәлкім, Аян мен Сапар тіс шеберінен көп мөлшерде ақша алып, алтын әкеп беремін деп алдап кеткен шығар. Сосын өш алмақ болған.

— Кесіп айту қиын, — деді тергеуші.  – Қарыз ақшаға бола адам өлтіре салғанды да көрдік. Меніңше, тіс шебері олардың қайта алтын әкелеріне сенген сияқты. Сапар абақтыға қамалғанда бастық тіс емханасынан біреу телефон соқты деген. Ол адам Асқарбек болуы мүмкін. Қорланған аруақтардың ағайын-туыстарын да естен шығармаған жөн.   

— Сонда Аянды өлтірген басқа біреу демексіз бе?     

    Тергеуші басын изеді. Жол бойына орнатылған бейнекамера таспасын қарау керек деп шешті.

***

   Жүйіткіп келе жатқан «Mazdа» көлігі әрі-бері теңселе бастады. Қала сыртына шыққан жеңіл көлік ішіндегі шопыр рөлге бола алмай, жолдың шетіне ығысып, төменге құлдилай жөнелді. Еңіспен зулаған көлік қалың жыңғылды қағып-соғып, аударылып кете жаздап, адамның құшағындай қарағашқа соғылып, тарс еткен дауыс естілді. Көліктің алды қатты майысып, мотордың өні өшті. Қауіпсіздік белдігі адамның басын рөлге қатты соғып алудан сақтаған. Апат кезінде жүргізушіні ауыр соққы алудан қорғап қалатын қауіпсіздік жастығы іске қосылып, дін аман қалған. Көлік апатына ұшыраған адам қатты соққыдан есеңгіреп, дел-сал күйде жатты.  Сыртынан  аңдып келе жатқан шетелдік көлік жол жиегіне тоқтады. Көліктен түскен адам жан-жағына бір қарады да, жол апатына ұшыраған мәшинеге қарай жақындады. Сәлден кейін жүргізушінің жанұшыра шыңғырған дауысы естіліп, кілт үзілді. Қылмыскер ісін аяқтаған соң дереу жүріп кетті. 

   Көп ұзамай жол-көлік апаты орын алған жерге адамдар жиналып, жедел жәрдем мен полицияны шақырған. Криминалистер де бөгелмей жеткен. Қайсар мен Жігер аузынан қан ағып, жантәсілім қылған Сапардың мүрдесі екенін жазбай таныды.

    Полиция өкілдері қолына резеңке қолғап киіп, айғақ зат ретінде табылған стоматологиялық тіс жұлатын тістеуікті целлофанға салып, Қайсар мен көмекшісіне көрсетті.

— Кешігіп қалдық! – деді Қайсар өкініп. – Қылмыскер енді ұзап кеткен болар.  

    Криминалистер мәйітті суретке түсіріп, көліктен саусақ іздерін алды. Ұялы телефоны, жеке құжаты тіркеуге алынды. Жол жиегіне тоқтаған көліктің табан ізі суретке түсірілді. Бір сағаттан соң мәйітті ұзынша целлофан қапқа салып, зеңбілмен көтеріп, көлікке тиеді. «Саусақ іздері қалмаған шығар» деп ойлады Жігер. Қылмыстың бояу қалыңдап, терең иірімге тартып бара жатқанын сезді. «Аяннан кек алмақ болған қылмыскер Сапардың тістерін құрылысқа қолданылатын тістеуікпен емес, стоматологиялық тістеуікпен жұлған. Демек, екеуін өлтірген бір адам» деп ойлады тергеуші.  

— Жүр, жұмысқа барайық. Алда шешімі қиын жұмыс күтіп тұр, — деді Қайсар.

— Иә, бұл шынында сұмдық қылмыс болды, — деді Жігер басын шайқап.

   Қайсар нағыз қылмыскердің әлі бостандықта жүргенін, қолға түсіру үшін жоспар құру қажет екенін түйсінді. Ішкі түйсігі Аяннан өш алған қылмыскер, Сапарды да сан соқтыратынын сезіп еді. Бірақ тепсе темір үзетін, анау-мынау жігіттерінді алып ұратын шойын қараға бір адамның әлі келе қоймас деп ойлады. Сонда қылмыскер зіңгіттей жігітті қалай қақпанына түсірді? Бәлкім, ас-су бергенде ішіне адамды естен тандыратын дәрі қосып берді ме? Сөйтіп,  көлікті басқара алмай апатқа ұшырауын әдейі ұйымдастырды ма? Сұрақ көп, жұмбақтың шешімі қиын. Тергеуші айғақ заттарды жинағанда ғана іс алға басарын байыптаған. 

— Қыздар, сот-медициналық сараптаманы тездететіп жасап берсеңіздер, — деді полиция майоры, тергеуші Қайсар. Көп ұзамай лабораториядан жақсы жаңалық жетті. Сараптама қорытындысын жасаған мамандар стоматологиялық тістеуіктегі саусақ іздері Сапарға емес, өзге біреуге тиесілі екені анықтады. Қайсар күдік келтірген тіс емханасының қызметкері Асқарбектің саусақ іздерімен сәйкес болып, күдікті қамауға алынған. Алакөлеңке камерада тергеуші Қайсар папкіні ашып, күдіктіні жауапқа тарта бастаған:

— Асқарбек Есболұлы, көр қазушы Сапарды не үшін өлтірдіңіз?

— Мен ешкімді өлтіргенім жоқ.

— Өткенде сізден суретін көрсетіп «Аянды танисыз ба?» деп сұрағанда өтірік айттыңыз. Міне, мына бейнежазбада Аян мен Сапардың кеш батқанда тіс емханасына кіріп, шыққаны анықталып отыр. Тіс жасайтын сізден басқа ешкім жұмыстан кеш қайтпайды.

— Иә, сіз кеткен соң есіме түсті. Олар маған тіс жасауға қажетті материал алып келген. 

— Қандай материал?

— Алтын.

— Қайдай алтын?

— Кәлімгі  алтын. Ресейлік, Түркиядан әкелген сынамалар. 

— Тағы өтірік айта бастадың ба? – деді тергеуші сізден сенге көшіп. — Саған алқа, сақина әкелмеген болар. Зауыттық өнім болса, ломбардқа өткізе салар еді.  Шынынды айт, алтын тіс әкелді ғой?!

  Асқарбек үндемей қалды.

— Контрбандалық жолмен келген алтынмен пайда тапқанын үшін жауапқа тартыласың. Ол аз болса, қасақана адам өлтіргенің үшін он шақты жыл тағы арқалайсың.

— Сапарды не үшін өлтіруім керек?

— Аян мен Сапар саған көп ақша қарыз болған. Сен олардың әкелген алтын тістерінен адамдарға жаңа тіс жасап, мол пайда таптың. Жақында көлік сатып алдың. Ақшаға құныққан сен оларға сеніп, қарызға көп ақша бердің. Олар алтын әкелмей тайып тұрғанда өш алмақ болдың.     

— Бұл енді сіздің ойлап тапқаныңыз,- деді Асқарбек шыдай алмай. – Алтын қабылдасам, ешкімді мәжбүрлегенім жоқ. Олар өздері келді. Танымайтын адамға көп ақша бере салатындай ақымақ емес шығармын?

— Сен олай ақтала берме! Сәуірдің 6-сы күні сен қайда болдың?   

—  Өзен жағасына барып балық ауладым. Жұмыстан кейде қажисың, сосын бір армансыз дем алғым келді.

— Дәлелің бар ма? Сені көрген адамдар бар ма?

— Тал-теректің арасынан мені кім көрсін? Балықшыларды көргенім жоқ.

— Демек, алибиің жоқ. Сенің Сапар өлген уақытта баулық аулап отырғаныңды ешкім дәлелдеп бере алмайды. Сапар көлік апатына ұшырады. Қылмыскер стоматологиялық тістеуікпен Сапардың тісін жұлып алған. Қылмыс орнында табылған стаматологиялық тістеуіктегі саусақ іздері сенің саусақ іздерін бірдей болып шықты. Сау тістерді өз ісінің шебері жұлған. Енді өтірік айтып, жалтара алмайсың!

— Менің саусақ іздерім дейсіз бе?! – деп Асқарбек ойға батты. — Егер мен тіс жұлып жүрген тістеуік болса, саусақ іздері қалатыны рас. Кейде қолымыз терлей берген соң резеңке қолғапты шешіп тастаймыз. Мүмкін, екеуі емханаға келгенде маған байқатпай ұрлап кеткен шығар. 

— Сонда Сапар өзін өлтіру үшін тістеуікті ұрлап кетті демексің бе?  — деді тергеушінің жүзінде кекесін күлкі үйірілді. – Әлде, көрдегі мәйіттің тісін жұлуға оңай болсын деп өзің берген шығарсың?!

— Алтын қабылдағаным рас. Бірақ адам өлтіргенім жоқ. Мойындамаймын!

— Бекер! – деді тергеуші орнынан тұруға ыңғайланды.  – Өзің мойындасаң, жазаң жеңілдейді. Сені қамауға осы айғақтар да жеткілікті. 

  Камера есігі жабылғанда Асқарбек пайда үшін заңсыз жолмен пайда тапқанына өкінді.

                                                                 ***

    Қайсар тіс емханасы шеберінің қолына кісен салып бара жатқанда Мардан алдынан шыққан.

— Уайымдама, көп кешікпей бостандыққа шығасың, — деп Асқарбекті жұбатып қойды. – Әйелің мен қызыңа өзім қарайласып тұрамын.

— Емханаға мол табыс әкеп жүрген қызметкеріңізді әкетіп барамыз, сіздерге қиын болды-ау!  — деді тергеуші сынай қарап.

— Иә, Асқарбекке үйреніп қалып едік, қолы алтын мұдай жігіттің енді қайдан табамыз? – деп Мардан кейістік білдіргендей болды.   

    Күдікті ретінде құрықталған Асқарбек уақытша ұстау изоляторында күн санап жатты. Сапардың азғасына сот-медициналық сараптама жасаған мамандар қанның құрамынан адамды естен тандырар «Барбитал» сынды препарат тапқан. Жүргізушінің көлікті басқара алмай, жол апатына ұшырауына дәрі себепкер болған деген қорытындыға келген. Бұл айғақ Қайсарды ойландырып тастады. «Көлікті тізгіндеген кезде Сапар жүйкені тыныштандыратын дәрі қабылдамасы анық. Сонда дәрі инъекция арқылы ішке енгізілген болғаны ғой. Мұны Сапар білмеген. Бұл қитұрқы әрекетке Сапарды өлтіргісі келген қылмыскер жасағаны анық. Бірақ шойын қараға күштеп ине салуға бір адамның әлі жетпейді. Иә, қылмыскер дәріні алдап енгізген».

    Қайсар дереу көлігін оталдырып, тіс емханасына қарай тартты. Кіреберіс бөлмеде клиенттерді тіркеп, дәрігерлер босаған кезде бронь қойып отыратын, орамал таққан жас қыз тергеушіні көріп, жүрексініп қалды. Өткенде Асқарбектің қолына кісен салып, апара жатқаны есінен кетер емес. Қайсар басын изеп амандасты.      

— Сәлеметсіз бе? Дәрігерлер сағат тоғызға таман келеді. Бастық бүгін келмеймін деп айтқан. 

— Сіздер клиенттерді тіркеп отыратын журналды көрсем деймін.

— Біз компьютердегі базаға және журналға келген клиенттерді тіркеп қоямыз. Сізге кім керек еді?

— Сапар Қараболатов деген кісі тіс емдетуге келді ме?

— Қазір қарап көрейін. — деді Айша журналға көз жүгіртті.  — Иә, міне, ол кісі бір апта бұрын тісін емдеткен екен.

    Қайсар көзін бақырайып, журналға тесіле қарады.

— Тісін кім емдеген?

— Ол кісі бір-ақ рет келіпті. Тісін тазалаған соң стоматолог мышяк қойған. Бірақ пломба салдыруға келмепті. Қай стоматолог емдегенін айта алмаймын.

— Қалайша?

— Бізде үш стоматолог бар. Қайсысы бос болса, сол тісті емдей береді.

Қайсар ұялы телефонын ашып, Сапардың фотосуретін көрсетті.

— Міне, мына жігіт есіңізде ме?

— Иә, есімде қалыпты. Осында келіп шу шығарған. Ол кісіні кезекке қояйын деп едім, көнбеді. Кезек күтіп отырған клиенттер даурығып сөйлей бастады. Ол кісі тісім қатты ауырып тұр деп стоматология бөлмесіне кіріп кетті. Сосын тісін емдетіп бір-ақ шықты.

— Сапардың тісін қай стоматолог емдегенін есіңізге түсірсеңіз.

— Ол кісіні тоқтатпақ болып ішке кірдім. Бірінші креслода жұмыс жасайтын стоматолог Рауан клиенттің тісіне укол салып жатыр екен. Негізі сол кісі укол салумен айналысады. Екінші кленттің аузын Айдын деген стоматолог рентгенге түсірмек болған. Мардан аға бір клиенттің тісін жұлып жатты.  

— Мына кісіні кезекке қояйын,– деп едім, бастығымыз бізге бір қарады да,  «Күте тұрыңыз» деп айтты. 

— Қазір, міне болып қалдым, мен тісін қарап берейін, — деді Рауан. Бірақ Мардан аға «Өзім қабылдаймын» деп тісін жұлып берген клиенттің тісін марганцовка қосылған сумен шайқатты да, кезексіз кірген кісі креслоға отырғызып жатты.

— Мына суреттегі кісіні ме?

— Иә, — деді Айша қара көздері тергеушінің тесіле қараған жанарынан тайдырып әкетті. Мұны тіс дәрігерлері Рауан мен Айдын, санитар Самал да растады.

 Тергеуші сұрақ қойғанда жас қыз қипақтап отырды.

— Самал, сіз стоматологтер сұраған дәрі-дәрмекті, қажетті құралдарын әперіп тұрасыз. Мардан Таңатов клиентке бөтен бір дәрі еккенін байқамадыңыз ба?

— Біз науқастың ауыз қуысын жансыздандыру үшін көбіне «Ледокаин» қолданамыз. Бөтен дәрі байқағаным жоқ.

— Шкафты ашып өзі дәрі алды ма, әлде дәріні сіз әкеп бердіңіз бе?

— Дәріні мен әкеп бердім.

— Сол уақытта ешқандай бөлмеге барған жоқ па?

— Бөлмеге ме? А-а, иә, ол кісі өзінің кабинетіне кіріп, қайта қайтып келді.

— Түсінікті. Тісін емдеткен адам кеткен соң стоматологтардың біреуі сыртқа шықты ма?

— Мардан аға «Тығыз шаруам бар, түстен кейін болмаймын» деп кетіп қалды. Қалғандары кешке дейін жұмыс жасады.

— Асқарбек ше?

— Ол кісі өз бөлмесінде жұмыс жасайды. Бірақ сол күні бастық босатты деп, көлігіне мініп жүріп кетті.  

   Тергеуші ойланып қалды. «Мардан тіс шеберін неге жұмыстан жібере салды? Әлде бір жоспары болды ма?».  

— Тазалық жұмыстарын күнде жасап тұрасыздар ма? Қоқысты қайда төгесіздер? – деді жас қызға. 

— Иә, күн сайын тазалық жұмысын жүргіземіз. Клиенттерге сервис керек. Қоқыстарды контейнерге төгеміз. Толған кезде жекеменшік қоқыс тасушылардыі шақыртамыз. 

— Жақсы, басқа сұрағым жоқ, – деді тергеуші. Қайсар сыртқа шыққанда толып қалған контейнерге көзі түсті. Қайта ішке кірді де, Самалға: «Осы жолы қоқысты өзіміздің есебімізден шығарып берейік» деді. Сөйтіп, таныс көлікті шақыртып, медициналық қалдықтар төгілген қоқысты сыртқа, ашық алаңға төктірді. Резеңке қолғап киіп, адамға әсер ететін дәрінің құтысын іздеді. Қоқысты ақтарып жүріп бір мөлдір құтыны тауып алып, целлофанға салған. Дәрігерлер бұл адамды терең ұйқыға жіберетін дәрі екенін айқындап берді. Есіне күдіктінің көлігі сап ете түсті. Трассологиялық сараптама қорытындысында көлік апаты орын алған жерге келген көліктің дөңгелек іздері Асқарбектің «Lexus» көлігімен сәйкес келетіні анықталған. Марданның көлігінің іздерін алуды қалай ойламаған? Күдігі алдамапты, емхана басшысы да дәл сондай көлікті тізгіндеп жүр екен.

   Арада бірер күн өткен. Қайсар бастығымен ақылдасып, дәлелдер мен дәйектерді алға тартып, тіс емханасының басшысын қамауға алмақ болды. Дереу күдікті деген анықтама дайындады. Тіс емханасының басшысы жұмыс орнында екен, тергеуші мен полицейлерді көргенде көңіліне секем алған жоқ.

— Өткен жолы дәм татпай кетіп едіңіздер, бүгін шәй ішерсіздер, — деді жайбарақат.

— Астың жөні бола қоймас.  Қайта бізге ұзақ күн қонақ боласыз. Мардан Таңатов, сізді кісі өлтірді деген күдікпен қамауға  аламыз, — деді тергеуші. Полиция өкілдері  қабағы түсіп кеткен Марданның қолына кісен салды. Алдымен қызметкер, соңынан бастықтары қамауға алынғанын көрген емхана ұжымы үрейісіп қалып еді. Мардан дереу уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аудандық полиция бөлімінде ол «Қорғаушы келмейінше, ешқандай сұрақтарыңызға жауап бермеймін» деп қасарысты. Мемлекеттік қорғаушыдан бас тартты. Ақыры айыпкер өзі танитын бір қорғаушыны шақыртқан.

— Алдымен сіздерді мынадай маңызды айғақпен таныстырып қояйын, — деді тергеуші Қайсар. Уақытша тергеу изоляторына түнеп шыққан Марданның ұнжығасы түсіп кеткенін байқады.

— Мынау куәгерлердің жауап алу хаттамасы, — деді тергеуші. — Сараптама қорытындысымен танысып шығыңыз, — деді адвокатқа қарап. Қорғаушы жазылған құжаттарға көз жүгіртті де:

— Мұны нақты дәлел деуге әлі ерте. Тәуелсіз сараптама жасатамыз, — деп күшейді қағаздарды тергеушіге қайта ысырып. – Емхана қызметкерлері менің қорғауымдағы айыпкердің Сапардың тісін емдегенін растағанымен, бөтен дәрі еккенін дәлелдеп бере алмайды. Жәбірленші бұл препаратты басқа жерден де қабылдауы мүмкін.

— Айыпкерге құжатты таныстырмайсыз ба?

— Құжатта, — деді қорғаушы айыпкерге қарап. — Сіздің алдыңызға келген клиентке ұйқы келтіретін дәрі егіп, содан жәбірленуші көлікті басқара алмай, жол апатына үшырағаны айтылған. Сіз еш абыржымаңыз, қойылған сұрақтарға ойланып жауап беріңіз, — деп қорғаушы Марданды жігерлендіріп қойды. Бұл әрекетке тергеуші миығынан күліп:

— Тіс емханасы контейнерінен табылған құтының сыртында Мардан Таңатовтың саусақ іздері екені анықталып отыр. Яғни, қасақана адам өлтіру үшін пайдаланған.

— Өтірік! – деп Мардан. — Мен бұл дәріні ұйықтай алмаған кезде қабылдайтынмын.

— Ол аздай көлік апатынан есеңгіреп жатқан Сапардың тісін тістеуікпен жұлып, қинап өлтіргенсіз.

— Мен ешкімді өлтіргем жоқ! – деп дауыстап жіберді  айыпкер. Жүйкесі сыр беріп,  орнынан атып, қайта отырды. 

— Бізді алдай алмайсыз. Оқиға орын алған күні сіз көлігіңізбен Сапардың соңынан ере шыққаныңыз көшедегі бейнетаспаға жазылып қалған. Көлік апатқа ұшырағанда сіз жол жиегіне тоқтап, адамды өлтірмек әрекетіңізді жалғастырдыңыз.

Тергеші камераны қосты:

— Міне, бейнетаспаға қараңыз, сіз тіс емханасынан шыққан бойда Сапардың көлігінен бір елі қалмағансыз.

— Клиентіме қысым жасамай сұрақ қоюыңызды өтінемін, — деді қорғаушы.

— Жақсы, айтыңызшы, Аян мен Сапарды не үшін өлтірмек болдыңыз?

— Оларды танымаймын. Не үшін өлтіруім керек? Ол жерден Асқарбектің саусақ ізі бар тістеуік табылды ғой. Сол үшін оны қамадыңыздар емес пе? Мені бұл іске неге араластырып отырсыз?

— Мәселе сонда. Сіз Аян мен Сапарды өлтіріп, бар кінәні Асқарбекке жаппақ болдыңыз, солай ма?

— Ешкімді өлтірген жоқпын дедім ғой.

— Ендеше Асқарбекке неге өшігіп жүрсіз?

— Асқарбекпен неге қастасуым керек? Ол менің қол астымда істейтін жігіт.

— Шындықты әдейі айтпай тұрсыз, ескертіп қояйын, өтірік жауабын үшін жазаңыз ауырлай түседі. 

— Мен бар шындықты айттым.

— Ал мынаған не дейсіз? Танысып қойыңыз, бұл — трассологиялық сараптама қорытындысы.  Бұл қылмыс болған жерге көлік доңғалақтарының іздерін зерттеу кезінде салыстыру үшін үлгі ретінде алынған сенің көлігімен сәйкес келетіні анықталған.

— Мұндай шинасы бар көлік толып жатыр. Асқарбекте де бар.

— Дұрыс айтасыз, — деді тергеуші – Сен осының бәрін Асқарбек істегенге келтіріп жасадың. Аянды аңдып жүріп өлтіріп, тіс технигіне жапқың келді. Күдік тудыру үшін Аянның төс қалтасына әріптесіннің визиткасын салып кеттіңіз. Асқарбектің сол күні жұмыстан бір елі ешқайда шықпағаны оны қатерден құтқарды. Бұл жоспарыңыз іске аспаған соң Сапарды нысанаға алдыңыз. Оны өлтіретін күні Асқарбекті әдейі босатып, демалыс бердіңіз. Саған сонша табыс әкелген жігітке неше сонша шүйліктіңіз? Ұнамаса, жұмыстан қуып жібермедіңіз бе?

— Ол өз жұмысын жақсы атқарады.  Неге жұмыстан шығаруым керек?

— Лаура! – деді тергеуші айыпкерге тесіле қарап қалды. Лаураның атын естігенде күдікті бар құпиясы ашылып қалғандай, елең етті. – Бар гәп әйелде! Иә, сіз оны әлі ұмыта алмай жүрсіз. Лаураның сізді емес, Асқарбекті таңдап күйеуге шығып кеткеніне қатты өкіндіңіз. Асқарбек қала ортасына үй алса, сіз де жарысып үй алдыңыз. Жаңа көлік мінсе, сіз де дәл сондай көлікті таңдадыңыз. Асқарбек заңсыз, өлген адамдардың алтын тісін қабылдап жүргенін біліп қойдыңыз да, бұл қылмысын өз мақсатыңызға пайдаланғыңыз келді. Аян мен Сапарды аңдып жүріп, қинап өлтірдіңіз. Сөйтіп, Асқарбекті өмір бойы түрмеге отырғызып, қарсыласыңыздың көзін құртып, қиялдағы сұлу аруыңызға қол жеткізгіңіз келді. Әйелінің басын айналдырып алдыңыз. Асқарбекті тұтқындаған кейін біз оның әйеліне жолығуға бара жатқанда сіздің бөтен үйден шығып бар жатқаныңызды көрдік.

— Жалған! — деді Мардан дауысы дір-дір етіп.

— Міне, қараңыз! – деді тергеуші Марданның көздері күлімдеп, Лаураны құшақтап тұрған суреттерін алдына жайып салды. Құдды екеуі бақытты жандар секілді. Күдіктінің көзі алақтап, күйгелектеніп кетті. Сабыры сарқылып, аласұрған көңілі байыз таппады. 

— Ол аз болса, — деді тергеуші. – Сапардың тісін жұлған кезде қаны шашырап, жейдеңізге тиген. Қан сіздің қауіпсіздік белдігіне жұғып қалғанын анықтадық. Дәлеліміз тастай, құтылып кетем деп ойламаңыз. 

— Жетер! – деді дауыстап, жылап жіберді Мардан.  – Мойындаймын! Бәрін мойындаймын!  Осының бәрін махаббатым үшін істедім.

— Қылмысыңды мойындағының дұрыс болды, — деді Қайсар алдындағы қағаздарды жинақтап. – Жазаңыз аз да болса жеңілдейді.

   Қорғаушы терең күрсініп, орнынан қиналып тұрды. «Бәрін өзің мойындадың, менің енді аса қажетім жоқ шығар. Сотта саған берілетін мерзімді қысқартуды сұрағаннан басқа бітіретін ештеңем жоқ» дегендей, камерадан шығып кетті. Тергеуші айдауылдарға «Күдіктіні камерасына алып кетіңдер» деп бұйырды. Айыпкер ісі толық пысықталып, үш айдан соң прокуратураға жолданды. Екі том болатын істі судья жіті қараған. Сот отырысында судья айыпталушының бұрын сотталмағаны, екі баласы барын, кінәсін өзі мойындағанын ескеріп, екі жылын шегерген. «Таңатов Мардан ҚР Қылмыстық Кодексінің 99 бабы, 1-тармағына  сәйкес, он үш жылға бас бостандығынан айрылсын» деген сот үкім шығарған. Аянды ұрып-соққан Темірбек те, алтын тіс қабылдаған Асқарбек те тиісті жазасын алған.

    Қала ортасындағы тіс емханасы көп ұзамай жабылып, қызметкерлер басқа жұмысқа ауысып кетті. Жаздың жайдары күнінде қала көшелерінде серуен құрған адамдар қарасы көрінді. Алтын тістері күнге шағылыса жарқырап, Асқарбектің клиенттері алшаң басып келе жатты.

Асхат Өмірбаев

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...