Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ Департаментіне қарасты №12 мекемесінде жазасын өтеп жүрген сотталғандар танымал спорт шеберлерімен кездесті.
Жаңа жыл қарсаңында ұйымдастырылған кездесуге армрестлинг спорт түрінен әлем чемпионы Данил Устинов, Михаил Нифонтов, осы спорт түрінен 5 дүркін жеңімпаз Владимир Устинов, грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дамир Кузембаев, жауынгерлік самбодан әлем чемпионы Тәнірберген Бекнұр сияқты спорт саңлақтары келіп, сотталғандарға спорттың адам өмірінде алатын маңызына, оның денсаулыққа тигізетін пайдасы жайлы әңгіме өткізді. Спортшылар дені сау адамның еңбекке деген құлшынысы да зор болатынын баса әңгімелеп, өздерінің спорттық өмірлерінен мазмұнды мысалдар келтірді.
Іс-шара қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі жағдайды сауықтырудың 2023-2025 жылдарға арналған жол картасын іске асыру аясында жүзеге асырылды.
Спортты серік етіп, мекемедегі спорттық шараларға белсене қатысатын сотталғандар грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дамир Кузембаевтың қолынан Мадақтау грамоталарын алып, қуанышқа кенелді.


