Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» заңының 4-бабында: «Мемлекеттік тіл мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі деп жазылған». Осы Заңда көрсетілген талаптар өз мәнінде жүзеге асырылып, қазақ тілінің мәртебесі тиісті деңгейге көтерілуде.
Қазақ тілін зерттеген лингвист-ғалымдардың қазақтардың сөзге шешен келетіндігі, тілдерінің бай екендігі жөніндегі пікірлері талайдан бері айтылып дәлелденіп келеді. Мәселен, ғалым П.М. Мелиоранский: «Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза, әрі бай тілге жатады. Қазақтар шешен әрі әдемі сөйлеудің үлкен шебері… Қазақтардың ауыз әдебиеті аса бай, әрі жан-жақты» деген екен.
«Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. «Ұлттың сақталуына да, жоғауына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы ‑ тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық.
Еліміздің тәуелсіз мемлекет болып егемендік алуы, тілі мен психологиясына оның өз мәнінде дамуына мүмкіндік берді. Бүгінгі күні мемлекеттік тілді қоғам өмірінің барлық саласына тереңдете енгізу мәселесі үлкен маңыз алып отыр. Соңғы кезде мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге, оның өркен жайып дамуына ықпал ететін басты-басты қадамдар жасалуда.
Әрбір мемлекеттік органның міндеті — мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту және мемлекеттік тілдің саяси имиджін арттыру болып табылатындықтан бұл мәселеге ат үсті қарауға болмайды. Қазіргі кезде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырамын дегендерге мүмкіндік те молынан жасалған.
Мемлекеттік тілдің дұрыс қолданылуы заңмен белгіленіп, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша азаматтардың құқықтары сақтала отырып, сот ісін жүргізу тілін айқындауға мүмкіндік берілген.
Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану, сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылады.
Сот, істі сот талқылауына дайындау сатысында талап қоюшының немесе арыз берушінің талап қою арызы берілген тілді жеткілікті дәрежеде білетіндігін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетіндігін анықтауға тиіс. Сот талап қоюшыдан, арыз берушіден тиісті жазбаша өтінішхат түскен жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді ұйғарым шығарады. Тараптардың тең құқықтылығы қағидатын ескере отырып, сот осы мәселе бойынша жауапкердің де пікірін анықтауға міндетті.
Іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысатын адамдарға сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа да тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен айғақтар беру, өтінішхаттар беру, шағымдар жасау, сот актілеріне дау айту, іс материалдарымен танысу, сөз сөйлеу, Кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметтерін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі.
Ал, бұл тұрғыда сот отырысына қатысатын аудармашы маманның құқықтық білімі жоғары, арнайы лицензиясы болуы керек. Орыс тілін немесе басқа да тілді білетін азаматтардың бәрі бірдей аудармашы бола алмайды. Өйткені, ол жерде адамның тағдыры, өмірі, мүддесі қорғалады. Аудармашы сөзді дәлме-дәл аударып берер, бірақ, ол адам құқығын қаншалықты сақтай алады. Яғни, заң терминін білмейтін азамат сотта аудармашы бола алмауы мүмкін.
Мәселен, орыс тілін түсіну бір бөлек, заңды тұрғыдан құқығыңды қорғау дегенің бір бөлек. Сондықтан азаматтар қай тілді жетік біледі, өз құқығын қай тілде еркін сөйлеп, қорғай алады, талап-арызды сол тілде жазғаны дұрыс. Әсіресе өз ұлтымыздың азаматтары өз ана тілінде құқығын қорғаудан қашпауы керек деп ойлаймын.
Заманның технологиялық-инновациялық кезеңінде елімізге шетелдік инвесторлардың көптеп келуі сот материалдарын жаңа бағытқа өзгертті. Қоғамның бет-бейнесіне байланысты жаңа терминдер қолданысқа енді. Терминдерді қазақ тіліне аудару, тілге икемдеп енгізу қазақ тілінің сөздік қорын молайтты. Алайда, қазақ тілінде шығып жатқан сөздіктердің бәрін бірдей сот тіліне қолдана алмайсың. Қазақ тілінің қасиеті сол, сөзді байыптап, жүйелеп қолданбаса, ауыспалы мағынада тұрып, екі ұшты ойды білдіріп кетуі мүмкін. Сондықтан әр адам ой-пікірін тек өз ана тілінде ғана еркін жеткізе алады деген ойдамын.
Мемлекеттік тіл — сол елдің халқын біріктіретін, ортақ істерге жұмылдыратын, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден-бір құрал. Мемлекеттік тіл — мемлекеттің бет-бейнесі, туы, Елтаңбасы, Әнұраны сияқты рәмізі болып табылады. Ол ‑ азаматтық патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншіліктің негізі бола отырып, ел азаматтарын біріктіретін күш.
Жоғарыда аталған «Тіл туралы» заңымызда, «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру ‑ Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп көрсетілген. Алайда, мемлекеттік тілді меңгеру, мемлекеттік тілде сөйлеу, ол тек парыз болып қалмас үшін, аталған заңнамадағы жауапкершілікті күшейтсе нұр үстіне нұр болар еді.
Айдын Байназаров,
Атырау облысы
Қызылқоға аудандық сотының төрағасы