Қоғам болған соң даудың орын алуы заңдылық. Алайда, дау ел ішіне іріткі салады, тыныштықты кетіреді, азаматтар арасындағы татулыққа сына түсіреді. Татулығынан ажыраған елде бірлік болмайды, бірлігі жоқ халықтың тірлігі де алға баспайтыны түсінікті.
Міне сондықтан да дана бабаларымыз «Өнбес дауды өспес бала қуады», «Дау қуған бәлеге жолығады» деп ұрпағының өзін даукестіктен тыйып тәрбиелеген. Мұндай батыл қағида қазақтың ежелгі заңдарының да іргетасына айналғанын аңғармау мүмкін емес. Ел тарихында алтын әріппен жазылған Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның Жеті жарғысы секілді құқықтық құжаттарда бабаларымыздың дауды бейбіт шешуге тырысқанын, кез келген дауды ортақ келісіммен реттеуге күш салғанын байқауға болады.
Қазақтың қанында бар бітімгершілікті соңғы жылдары дамытуға, тереңдетуге мән беріліп жатқаны мәлім. Оның заңдық тетігі 2011 жылы «Медиация туралы» заңның қабылдануымен өзектес. Бұл заң дауласқан тараптарды ортақ бітімге келтіруді, өзара татуластыруды көздейді.
Десек те, уақытты үнемдеуге, жүйкені сақтауға, артық қаржы жұмсамауға, айналаңдағы азаматтармен сыйластықты сақтауға көмектесетін медиацияның қанатын кеңге жая алмай отырғанын мойындауымыз керек. Медиацияны дамыту бойынша отандық сот тарапынан ауқымды істер атқарылды. Соттар түрлі жобаларды қолға алды, медиаторлардың танылуына ықпал етті, медиацияның маңызын түсіндіретін шаралар өткізіп, жаңа институттың жандануына көмектесу үшін насихат жұмыстарының да басында жүрді. Алайда, мұндай белсенділік адвокаттар тарапынан байқалмайды. Медиативтік келісімге келтіруде адвокаттардың мүмкіндігі мол. Соған қарамастан кей жағдайда тараптардың өкілдері істі татуласу арқылы аяқтауға мүдделілік танытпайды. Ал азаматтар өзін қорғайтын адвокаттар мен заңгерлерге сенеді. Сондықтан медиация туралы заңның қолданыс аясын кеңейту олардың да кәсіби міндеті. Өкінішке қарай, іс жүзінде олай болмай отыр. Егер татуластырушы судьялар мен медиаторлардан бөлек, дауды медиация тәртібімен аяқтау үшін адвокаттар мен заңгерлер де белсенділік танытып, өздеріне сенім білдіріп отырған жандарға жоғарыда аталған заңның артықшылықтарын тиісті деңгейде түсіндірсе, ортақ келісімге келіп, партисипативтік рәсіммен реттелетін даулар саны қазіргіден әлдеқайда көп болар еді. Себебі, сенім білдірушілер өздерінің өкілдеріне, яғни, адвокат немесе заңгерге көбірек сенім артады. Соған орай адвокаттар мен заңгерлердің тараптарды татуластыруға барынша үлес қосқандары абзал. Егер судьялар мен медиаторлар, адвокаттар және заңгерлер медиацияны насихаттауға, сол арқылы заң талаптарының жүзеге асуына бір кісідей атсалысса, дау азайып, тараптардың бірлігі де артары анық.
Е.Манапов,
Алматы қаласы
Медеу аудандық сотының судьясы