12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҰЛТ ҰЯТЫНЫҢ ҰСТЫНЫ НЕМЕСЕ «АБЫСЫН-АЖЫН БАЙҚАУЫ» ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ

«Абысын тату болса ас көп». Халқымыздың осынау даналығының астарында отбасының берекесін арттырып, ағайын арасындағы ынтымақты нығайтудағы, әулет бақытын баянды етудегі абысындардың өзара татулығы мен сыйластығының теңдесіз маңызы жатыр. Ас адамның арқауы дегендей, ас – тірі болып, ұрпақ жалғастыруға, оның келешегі үшін іргелі іс атқаруға күш беретін ең бірінші қажеттілік. Абысынның татулығы ұлтты сақтайтын , өсіп-өндіретін, ұлттық дәстүрді алға жылжытатын құдіретті күш.

Абысындар мейірімнің, ізгіліктің жарығын сеуіп, бір-бірін қолдады, ағайынның сыйластығына дәнекер болды. Олар қазіргі тілмен айтқанда, бір-біріне елші де, адвокат та, психолог та, тіпті гинеколог та еді. Ата-анаға келін, іні мен қайын сіңліге жеңге болудың тағылымын бірі-бірінен сіңіріп, бірі-біріне үйрете жүріп, бүкіл әулеттің ақылшы, данагөй анасына айналды. Сол арқылы ұлттың көшін түзеді. Өкінішке қарай, ғасырлар бойы елдің бірлігін сақтап, тірлігін алға жылжытқан осынау тәлімі терең институттың бүгінде орны ойсырап тұр. Абысындар арасындағы сыйластық, оларды біріктірген ортақ құндылықтар заманның илеуінде кеткендей. Мұның зардабы бүгінде қазақ отбасына тиіп отыр. Ажырасу, ұлдан ұят, қыздан қылықтың кетуі, үлкенге құрмет, кішіге ізеттің азаюы, қатыгездіктің етек алып, ағайын араздығының ушығуының бір себебі абысын-ажын институтының әлсіреуінде десек артық айтқандық болмас. Өйткені, абысын-ажын институты ұлт ұятының ұстыны ибалы қыздан, дана анаға айналудың берік іргетасы еді. Қуаныштысы сол, бүгінде «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық аналар бірлестігі ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында игілікті істер атқарып, ұлтымызға тірек болған институттардың жандануына ықпал етіп жатыр. Ұлт жанашыры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат комиссиясының мүшесі Айнұр Жүгінісова басқаратын қоғамдық ұйым осыдан екі жыл бұрын ұлттың болашағын тәрбиелеу, ұлттық тәрбие мен құндылықтарымызды насихаттай отырып, әжелер, аналар, келіндер, қыздар мектебін қалыптастыру мақсатында қүрылған болатын. Осы ниет игі шараларға жалғасып жатыр. Соның бір мысалы жуырда Алматыда өткен «Абысын-ажын» байқауы. Осыдан бір жыл бұрын Алматыда «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің филиалы құрылған болатын. Бұл бірлестік бір жылдан бері ұлттық дәстүр төңірегіне аналарды біріктіріп, өнегелі істерге ұйытқы болуда. Отбасында асыл жар, аяулы ана, ибалы келін, ақылшы ененің, сыйлы абысынның үлгісі болған Ләйлә Дәулет ханымның осындай елге қажет шараның басынан табылып жүргені қуантады. Өйткені, өмірі өнегеге толы жан ғана артына адам ертіп, көш бастай алады. Соның бір айғағы осы Алматы облысындағы аналар қауымының басын қосқан абысын-ажын конкурсы болды.

Байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сол күні «Алатау» дәстүрлі өнер театрында ине шаншыр орын болмағанын көзіміз көрді. Байқауды тікесінен тік тұрып тамашалағандар көп. Ақ кимешекті аналар көрермен залының сәні мен мәніне айналды. Байқаудың өн бойында аналардың адамзат өміріндегі құдіретті миссиясы айшықталып жатты. Жүргізушілердің «Мен аналардың барлығы жердегі тәңір дер едім. Өйткені, адамзатты жарататын да, ұлтын көбейтетін де, ұрпақты жалғастыратын да, еркекті ер ететін де – ана. Бір сөзбен айтқанда, дүниенің тірегі – ана, махаббаттың асыл нұры – ана» деген жүрекжарды лебізі кешке келген жас келіннен абыз әжеге дейінгі аналар қауымының жүрегіне ізгілік нұрын ғана сеппей, жауапкершілік жүгін ұқтырғаны анық еді. «Қызда оттай ыстық мейір бар», «Қызда қырық періште бар», «Қыздың қабағында құт бар», «Қыз қырық істің қисынын біледі», «Қыз өссе – елдің көркі…», «Қыз – ұлттың тұмары, ары, иесі, киесі!» «Қыз өсірген қызыққа кенеледі», дейтін інжу-маржан ойлар, толғамдар, лала лебіздерді алғаш естіп, халқымыздың қыз баласына деген махаббатына елжіредік. Байқау қыз баланың оң жақтағы ғұмырының салтанатын көрсетуден басталды. Оның мәні қазақтың қыз бала қонақ, болашақ елдің анасы деп ерекше әлпештеп, қылығын, болмысын қалыптастырған ерекше үрдісін жаңғыртты. Одан соң абысын-ажындар өзара сайысқа шақырылды. Байқауға Алматы облысындағы ауыл-аймақтардан сегіз команда келіпті. Жүргізушілердің сайыс басталмас бұрын абысынның қазақ этномәдениетіндегі рөліне тоқталғаны көрермендер үшін жақсы мағлұмат болғандай. В.В.Радлов сөздігінде: «Абы» қойбол тілінде біздегі «әйел» сөзінің орнына қолданылады,– деп жазылыпты. Ал Л.3.Будагов сөздігінде: «Абысын» тұлғасына жақын «епчи» сөзін ұшыратып, «әйел» мағынасын беретіндігі айтылған. Қалай десек те абысынның түп төркіні – шаңырақтың діңгегі әйел екені айтылып тұр. Ал қазақ қоғамында абысын тұтас әулет ынтымағының тұтқасы. Осы орайда жүргізушілердің «Әр шаңыраққа түскен келін өзінен үлкен қайнылары мен қайын інілерінің зайыбына абысын болатындықтан, саналы, сезімтал, көреген, ақылды адам болғаны ләзім. Терең таным иесі ғана шаңырақтың құтын қашырмай, несібесін көгертеді. Ұлттық қадір-қасиетімізді сақтай білген абысындарды көріп жүрміз, олар тонның ішкі бауындай тату. Бірі білмегенді бірі біліп, үй шаруасындағы көзге көрінбейтін шаруаларды бір-біріне үйретіп атқарып жатады. Өз міндетін абыройлы атқарған абысындардың арқасында ағайын арасында татулық болатынына күмән жоқ» деген сөздері абысындар санасын түртіп, «мен өзі қандай абысынмын» деп бір ойлантып өткені сөзсіз. Байқауда абысын-ажындар өзін таныстырып, дәстүрлі ән-би орындаудан, ұлттық тағам әзірлеуден, қолөнер бұйымын жасаудан, кимешекпен сән үлгісін көрсетуден сайысқа түсіп, бақ сынады. Мұның бәрі абысындардың өзара бәсекесі ғана емес, халқымыздың бірлігін, тірлігін дәріптеген, ұлттық өнерін, тәрбие құндылықтарын асқақтатқан, кейінгі буынға насихаттап, жарнамалаған, сол арқылы халқымыздың ұлылығын паш еткен тағылымы зор мектеп еді. Бұл сайыстан әр көрермен көп нәрсені көкірегіне түйіп, жандүниесінде ұлтына деген ерекше құрмет, махаббат оянып кеткені хақ. Өйткені, көрсетілген дүниелердің бәрі сондай жанды, әсерлі, мазмұнды болды. Бұл байқаудан енді босаға аттап, жаңа ортаның салтына бейімделуге ұмтылған жас абысынды да, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, ақыл-парасатымен айналасына үлгі болған қарт абысынды да көрдік.

Күлдірді, ойландырды, қуантты, сілкінтті. Мұның сыртында осы конкурсқа дайындаламыз деп жүріп заманның желі, бәлкім адамдардың ниетінен бір-бірін көптен көрмей кеткен, байланысы үзіліп қалған, сыйластығына кірбің түскен абысын-ажындардың бір-бірімен тілдесіп, дайындықтарда бас қосып, сол арқылы ынтымағына жол салғанына еш шүбәміз жоқ. Сондықтан конкурс өз мақсатына еселеп жетті деп есептейміз. Өйткені, әулеттің бақыты бірлікте, астың көптігі абысынның татулығында. Байқауда жүлдесіз команда болмады. Десе де, бәйгенің аты бәйге. Конкурстың бас жүлдесі – «Байбота баба» келіндерінің «Алтын жүрек» командасына, 1-орын – «Қажы Баба» келіндерінің «Тату абысындар» командасына, 2-орын – «Жамбыл ата» келіндерінің «Дара келіндер» командасына, 3-орын – «Сатан ата» келіндерінің «Жұлдыз» командасына бұйырды. Өзге командалар түрлі номинацияларды өзара бөлісті. Олардың әрқайсысына ақшалай сыйлық берілді. Ерекша атап айтатыны байқауға . «Жомарт жүрек» жыл меценаты, қоғам қайраткері Айнұр Жұмаш демеушілік жасады. Осылайша, бұл байқау ұлттық бірліктің, татулықтың, ынтымақтың мерекесіне айналды. Жақсы дәстүр жалғасын тапса дейміз.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

Мемлекет басшылары Тоқаев пен қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысының атына Құрбан айт мерекесіне орай келіп түскен құттықтау жеделхаттары.

Елімізде әкімдерге жаңа өкілеттіктер беріледі

Қазақстанда "ерікті" және "өзін-өзі қорғауды қалыптастыру" ұғымдары енгізіліп жатыр.

Болгария президенті Қазақстанға ресми сапармен келеді

8-9 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Болгария президенті Румен Радев елімізге ресми сапармен келеді.

Құрбан айт мерекесі 2025: демалыс күндері қалай белгіленді?

Маусымда Қазақстанда мұсылмандардың маңызды мерекелерінің бірі - Құрбан айт атап өтіледі.