Қай кезеңде де, қай мезгілде де қоғам үшін қадірлі мамандықтар бар. Олардың өзектілігі күн өткен сайын артып, қажеттілігі сәт сайын сезіледі. Медицина қызметі осындай сұраныстағы санаулы мамандықтардың алдыңғы сапында. Дәрігер жаны қысылғанға – жәрдемші, ажалмен алысқанға – арашашы. Сөйте тұра олардың тынымсыз еңбегі мен адал қызметі аз насихатталады, тіпті кейбірі айтылмайды да.
Мәселен, психикалық ауру меңдеген, есірткі заттар, алкогольді сусындарға тәуелді науқастармен жұмыс істейтін мейіргерлердің қызметі қай жағынан алып қарасаңыз да құрмет пен қошаметке лайық. Психологиялық, эмоционалды мінез-құлқы тұрақсыз ерекше жандардың көңілін аулау тау қопарумен тең. Оларды шипасы дарып, науқас есін жиып, өзінің бастапқы қалпына оралғанша тәулік бойы күзетеді. Ащы су немесе есірткінің уына елітіп, кейде ол науқастар мейіргерлерге күш көрсетіп, түрлі ғайбат сөздер айтып та жатады. Науқастың мұндай күйіне өз туысқаны, ет-жақыны да шыдамайды. Біз бүгін айтулы қызметтегі бірнеше мейіргерлерге жолықтық. Республикалық-психикалық денсаулық орталығында еліміздің түкпір-түкпірінен ауруына ем іздеген жүйке дертіне ұшырағандар, алкоголь сусындарына және есірткі заттарына, құмар ойындарына тәуелділер емделеді. Мұнда еңбек ететін медицина қызметкерлері қандай тәртіпке бағынуы керек? Бөтен адамға есіктен кіруге рұқсат бермейтін және биік қабырғалармен қоршалған нысанда маңдай терін төгіп, ұлт саулығы үшін қызмет етіп жүрген медицина қызметкерлерімен пікірлестік. Тәуелділік, құмар ойындарынан тағдыры талқан болған жандарды есеңгіреткен ащы су, есірткі заттарының зардабы жайлы да сұрадық. Қамар САМАЛБЕКҚЫЗЫ, бас мейірбике: «Қауіпсіздік үшін қалғып кетуге қақымыз жоқ» – Психиатрия саласында 1998 жылдан бері еңбек етемін. Балалар бөлімі, ем-шара бөлімдерінде аға мейірбике болып істедім. Қазір Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында 11 жылдан бері бас мейірбикемін. Біздің орталық 1896 жылы құрылған екен. Бұрынғы көпестердің үйі болған ғимарат әлі бар. Біздің наркологиялық бөлімше сол ғимаратта орналасқан. Балалар бөлімі жайғасқан бұрынғы нысандар сол күйі сақталған. Орталықта әйелдер, ерлер клиникалық бөлімшесі, тәуелді терапиясы, психосоматикалық, жасөспірімдер мен балалар қарқынды терапиясы сынды қосалқы бөлімшелеріміз бар. Клиникалық диагностикалық және электро-физикалық зертханалар, дәріхана жұмыс істейді. Орталықта 74 маман қызмет етеді. Олардың арасында 35 жылдан бері осы орталықта табан ауыстырмай тер төгіп келе жатқан мейірбикелер бар. Ал жас мамандар тәжірибеден өтеді. Себебі, біздің орталықта емделушілермен жұмыс істеудің өзге медициналық ұйымдармен салыстырғанда тәртіп, ережесінде ерекшелік бар. Мейіргерлер психикалық кеселге шалдыққан науқастың кейде оғаш, кейде жат қылықтарын түсініп, оған көмек берудің бүге-шігесін білу керек. Әр науқаспен мұқият жұмыс істеу керек. Әр сөзіне назар аударуға міндетті. Өйткені, кейбір психикалық аурулардың суицидке баруы ықтимал. Күйзеліс, маникальды депрессивті психоз дертімен ауыратын науқастар бар. Олар күндіз ән айтып, бәріне көмектесіп жүреді. Кенеттен ұрып жіберуі, күтпеген жерден оқыс әрекетке баруы мүмкін. Олардың ойлау қабілеті жылдам. Сондықтан мейірбике әрқашан өзінің қауіпсіздігі үшін қорғануға машықтану керек. Ал күйзелісте жүргендердің керісінше, қимылы баяу, өмірге құлшынысы жоқ болуы мүмкін. Өзінің, науқастардың өмірінің қауіпсіздігі үшін 24 сағат бойы мейірбикелерге ұйықтауға болмайды. Әр науқастың мінез-құлқы, қимыл-әрекетін көзден таса қылуға рұқсат жоқ. Яғни, жұмыс кезінде ұйықтауға мейірбикелердің құқығы жоқ. Бізде барлық бөлімшелерде, дәліздерде бейнебақылау камералары орнатылған. Орталықтың өзге клиникалардан ерекшелігі мейірбикелер науқастың дәрісін, тамағын береді. Өйткені, біздің емделушілер дәріні өз бетінше ішпейді. Кейде жас мамандар жұмысқа шыдамайды. Келесі күні басқа клиниканы жағалап кетеді. Дегенмен, мейірбике мамандығын таңдаған адам ең алдымен мейірімді болуы керек. Психикалық кеселге шалдыққан жандардың жандүниесіндегі сырқатқа күн сәулесіндей шапағатын төгуі тиіс.
Махрипам ЗАХИДАМ, аға мейірбике: «Психикалық аурудан ешкім сақтандырылмаған» – Мен ерлер бөлімінде жұмыс істеймін. Біздің бөлімде 54 жастағы науқас емделіп жатыр. Күндіз көңілкүйі көтеріңкі. Бір қарағанда ешқандай оқыс мінезі жоқ, ауру-сырқаудан ада адамға ұқсайды. Мейіргердің міндеті – оның әңгімесін тыңдап, көңіл аудару. Егер ол өзін назардан тыс қалдым деп сезінетін болса, аяқ астынан айқайлап, ашуланып, жын соққандай өзгереді. Заңгер, журналист, атақты адамдар да бізде емделген. Кейбірі өздерін Құдайға теңейді. Көріпкелмін дейтін әулиелер де бар. Біз олардың әңгімесін ұйып тыңдаймыз. Біздің жұмыстың ерекшелігі жұмыс барысында шыдамдылық, сабырлық сақтау. Олар ақылға қонбайтын әңгімелерді айтады. Соған қарамастан күлмей, шын ниетпен тыңдау керек. Олар сенің мән бермей, жүрдім-бардым тыңдап, күлгеніңді сезіп қояды. Студенттер, сарбаздарды кейде жедел жәрдем көлігімен әкеледі. Олардың басым бөлігі уайым, ұйқысыздық, дегбірі қашқан, мазасыз күйде түседі. Ал әйелдер бөліміне болашақ бағдарламасымен шетелде оқыған қыздар емделуге келгенде таң қалмадық. Емтихан кезінде шетелдік студенттер де түседі. Олар үш күннен кейін дәрі-дәрмектің көмегімен есін жияды. Психикалық аурудан ешкім сақтандырылмаған. Бірнеше жыл осы орталықта жұмыс істеп, соған куә болдым. Мұндай науқастармен жұмыс істеген оңай емес. Шынар ҚҰЛЖАБЕКОВА, аға мейірбике: «Әйелдердің тәуелділіктен арылуы екіталай» – 23 жылдан бері орталықта еңбек етемін. Біздің бөлімде ерлер мен әйелдер емделеді. Олар алкоголь өнімдері мен есірткі заттарына тәуелділіктен айығу үшін шипа іздеп келеді. Біздің міндетіміз науқастардың әр қимылын тәулік бойы қатаң бақылау. Маскүнемдер де, нашақорлар да бастапқыда масаң күйде, әртүрлі жағдайда түседі. Өкінішке қарай басым бөлігі – жастар. 18 -35 жастағы жігіттер синтетикалық есірткіге үйір. Арасында героинге тәуелділері де бар. Біз олардың әрбір қимылын, психикалық жағдайын кірпік қақпай бақылап, дәрігерге толық ақпарат береміз. Есірткі заттарына құмар жандармен жұмыс істеу өте қиын.
Олардың мінезі мың құбылады, талапшыл, бойын кернеген құмарлық қоздырып, естен тандыратын есірткіні іздеп, соған қол жеткізуді көздеп түрлі айла, амалдар жасайды. Олардың түнде сүйектері сырқырайды. Ал маскүнемдік пен есірткінің құлына айналған қыз-келіншектер ішімдік ішу, есірткіні тұтыну шектелгенде айқайлап, бойын ашу кернейді. Күйеуімен көңілі жараспағандар басына түскен қиындықтардан құтылу үшін ащы су, ақ ұнтақты тұтынып, соның тұтқынына айналған. Жиырма үш жылдан бері көзімнің жеткені әйелдердің тәуелділік тұзағынан құтылуы екіталай. Өйткені, олар бірнеше мәрте осы орталыққа емделуге келеді. Біздің орталықта еңбек етуге бел буған мейірбикелерге боянуға, әдемі әшекей заттарды тағып келуге және ашық түсті киім киюге, шашты жайып, тырнақты бояп жүруге болмайды. Фатима ТҰРДАҚЫНҚЫЗЫ, аға мейірбике: «Жылы жүз, ашық қабақпен қарсы аламыз» – Орталықта 25 жылдан бері жұмыс істеймін. Қаншама қиыншылықтарға қарамастан осы орталықта тапжылмай еңбек етуіме ұжымның қолдауы қатты көмектесті. Психиатриялық орталықта психологиялық демеу беретін көптеген тренинг, тағы басқа науқастармен қарым-қатынас орнатудың әдістерін меңгердік. Науқас бізге келгенде жылы жүз, ашық қабақпен қарсы аламыз. Ол қандай күйде болсын, жан-дүниесіндегі мазасыз, дегбірсіз күйден арылуға көмектесіп, тыныштандыруға тырысамыз. Тіпті, оған көнбейтін болса, дәрісін беріп, кейде дәрігерді шақырамыз. Кейде науқас ешкімге бой бермей, ашуға булыққан кезде де дөрекілік танытуға болмайды. Себебі, науқас есін жиғаннан кейін әр сөзіңді, қимылыңды есіңе салады. Қазір Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында 160-қа жуық науқас емделіп жатыр. Еліміздің білікті дәрігерлері, өз кәсібіне адал мейіргерлер талай жанның бойын билеген тәуелділік пен психологиялық кеселден айықтыру үшін күндіз-түні медициналық көмек көрсетіп жатыр.
Жазира БЕГАЛЫ,
Республикалық психикалық денсаулық ғылымипрактикалық
орталықтың баспасөз хатшысы